БЕС ЖЫЛДЫҚ БЕЗБЕН
БЕС ЖЫЛДЫҚ БЕЗБЕН
Қазақстанды билеп-төстеген бес жылда, қазіргі деректер бойынша, 110.000 адамды «халық жауы» деп тұтқындатып, оның 25 мыңын аттырып жіберген Л. Мирзоянның Кремльге лимит сұрай неше хат жазғанын анықтау мүмкін болмай тұр. Себебі СОКП-ның, КСРО өкіметі мен үкіметінің мұрағаттары әлі де жүйеленіп болмаған сияқты. Оның бір себебі биліктің тізгін-шылбырын ұстаған тұста Н. Хрущев құрған құпия комиссияның мұрағатжайларды астаң-кестең еткені болса керек. Ол комиссия «халық жауларын әшкерелеу» науқанындағы құжаттардан Хрущевтың қолдарын, оған қатысты сыни сөйлемдерді өшірген, өшіруге келмейтіндерін парақтап жыртып алған. Партия мен үкіметтің сол жылдардағы қаулы-қарарларының қайсыбірін Хрущевтың пайдасына түзетіп, тіпті қайтадан жазып, Сталиннің қолын да қойған.
Кеңестік қарсыбарлаудың (контрразведканың) ардагері Б.Сыромятин: «…Орталық мұрағатжайдың директоры полковник В.Детинин репрессияны ұйымдастырушылардың бірі болған Н.Хрущевқа қатысты құжаттар құртылғанын айтты» десе, тарихшы В.Наумов былай депті: «1955 жылы Хрущевтың нұсқауы болып, Орталық мұрағатжайдан Берияның қағаздары, партияның Сталин және басқа басшылары туралы құжаттар, жиыны 11 қапшық тәркіленді. Құжаттар неғұрлым азайған сайын Хрущев өзі қатысқан қылмыстарды басқаларға жаба соғұрлым екілене сөйлей бастады».
Бертінде 1937-38 жылдардағы репрессия құжаттарын тексеру жөнінде үкімет пен партияның комиссиясы құрылғаны белгілі. Маңызды іс ақырына жеткізілмесе де, комиссияның төрағасы, СОКП Орталық комитетінің хатшысы А.Яковлев көптеген дерекпен танысқанын айтып: «Хрущевтың екі қолы иығына дейін қан болыпты», – деді. Украинаның үкіметін, Орталық партия ұйымын, Мәскеу облыстық және қалалық партия комитеттерін басқарған жылдарында, 165.565 «халық жауын» жазалаған Хрущевтың кейінде Ресейдің құрамындағы Қырымды Украинаға бір өзі біліп бере салғаны Украинадағы қылмысын жуып-шайғаны шығар?! Оның сондағы солақайлығы, бүгінгі В.Путиннің әпербақандығы салдарынан, әне, екі елдің халқы қаншама қайғы-қасіретке тап болып жатыр?!
Жә, Мирзоянға оралайын. Оның бізге беймәлім екі хатының көшірмесі қолыма түсті (бұрынғы хаттары туралы бірнеше мақала жазғанмын). Бірі – 1937 жылы қазан айының 30-ншы күні И. Сталинге жазғаны. Онда Ақтөбе облыстық партия комитетінің хатшысы Мусиннің кеңес өкіметіне қарсы ұлтшылдар ұйымына мүше болғаны үшін қызметінен босатылып, тұтқындалғанын, орнына Жүнісовтің, ал Батыс Қазақстан обкомының хатшысы Сапарбековтің де босатылып, орнына Өтеповтің сайланғанын мәлімдеп, соларды бекітуді сұрапты. 11 күннен кейін, қараша айының 10-ында, жіберілген екінші хатында Қостанай облысындағы Үштік комиссия құрамындағы өзгерістерді хабарлаған.
Кремльге құпия аттандырылған хаттардың басқа да екеуі қолымда. Оларды Мирзоянның өзі жазбаса да, оның айтуымен дайындалғаны сөзсіз дей аламын. Екеуінің бір күнде – 1937 жылғы шілде айының 9-нда жіберілгені тегін емес. Ежовқа жазылған біріншісіне ҚК(б)П Орталық комитетінің хатшысы Нұрпейісовтің қолы қойылған. Онда «халық жауларының» 2346-сы ату жазасына, 4403-і жер аударуға кесілгені айтылып, республикада жер аудару жазасын өтеген кулак көп екені, алайда олардың беттерінен қайтпағаны хабарланып, оларды тағы жазалауға рұқсат сұралған.
Ал Солтүстік Қазақстан обкомының хатшы Сегізбаевтың қолымен Сталинге жазылған хат ерекше. Онда: жер аударылып келген 492 кулак, 183 бай, 18 феодал, 9 помещик, 17 бұзақы, 249 қылмыскер бары мәлімделіп, олардан: 422 кулак, 158 бай, 18 феодал, 9 помещик, 17 бандит, 34 қылмыскер атылуға, қалған 310-ы тағы жер аударылуға тиіс делініпті.
Сондай-ақ, бұл хатта: облысқа Совет Одағының батыс аймағынан көшіріліп келгендердің арасында революцияға қарсылар, астыртын бүлік шығарып жүрген жансыздар көп, олар соңғы кезде белсене бастады және жазаланудан бойтасалап, басқа жаққа қашуға кірісті деп жазылған да, ондай қаскөйлердің саны 541 екені айтылған.
Міне, кезінде айналасындағы жағымпаз қазақтар «Мырзажан» деп қолпаштаған, шындығында қазақты неше түрлі тәсілмен қыруды білген екіжүзді Мирзоянның аты қойылған көше, мектеп, т. б. Қазақстанда аз емес. Оны өшіруді жекелеп те, топ болып та ауызша, жазбаша талап ете бастағалы бес жыл болды, бірақ ескерілмей келеді. Кімнің неден, кімнен жасқанып жүргені, «Мырзажанның» жыры әлі қаншаға созылары беймәлім.
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ