ҚАЗАҚ МЕТРОНЫ ӨЗІ САЛЫП ЕДІ

ҚАЗАҚ МЕТРОНЫ ӨЗІ САЛЫП ЕДІ

ҚАЗАҚ МЕТРОНЫ  ӨЗІ САЛЫП ЕДІ
ашық дереккөзі

Тәуелсіздіктің алтын бесігі – Алматы жыл өткен сайын көркейіп, гүлденіп келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ағымдағы жылдың наурыз айында Алматыға іс-сапармен келіп, үлкен мегаполисті дамыту мәселелеріне арналған кеңесте айтқан сөзі қала халқының жадында.

«Алматының мәселесі жалғыз қаланың мәселесі емес. Ол – мемлекеттің мәселесі. Сондықтан барлық мемлекеттік органдар, мемлекеттік институттар Алматының дамуына өз қолғабысын тигізуі керек. Алматылықтар да өзінің мәселелерін шешуде тыс қалмауы керек. Оны біз көріп отырмыз. Сондықтан Алматының болашақта өсіп-өркендеп, еліміздің негізгі қаласы болып, экономикамыздың өркендеуіне өз үлесін қосарына мен кәміл сенемін».

Сонымен мемлекет басшысы Алматыны дамыту – тұтас мемлекеттің мәселесі екенін қадап көрсетті. Қаланың ел экономикасынан алар орны басқалардан ерекше. Қала әкімі Ахметжан Есімовтің мәліметіне сүйенсек, соңғы бес жылда Алматының жалпы аймақтық өнімі екі есеге өсіп, 6,5 трлн. теңгеге жуықтапты. Республика бюджетіне де осы қаладан салық есебінен түскен қаржы 1 трлн. 368 млрд. теңгені құраған. Қалада ірі өнеркәсіп орындары шоғырланған. Олардың өнімі өткен бес жылда екі есеге көбейіп, 615 трлн. теңгеден асты. Ең бастысы, жан басына шаққандағы өнім еліміз бойынша ең жоғары көрсеткіш – 27 мың долларға жетіп отыр. Қаланың экономикалық әлеуетінің өсуі инфрақұрылымын да жылдан-жылға жақсартып, көшелерін абаттандырып келеді. Қазір қаланың бірнеше жол айрықтарына архитектуралық сәндері келіскен көпірлер салынып, көліктер кептелісін көп азайтты. Әсіресе мегаполиске метро салынғалы бері жүргіншілер үшін аса қолайлы жағдай туғызылды. Метро болғанда қандай?! Әлемдегі ең сәні мен мәні келіскен метро десек, асылық айтқандық болмас. 

***

Алматыға метро салу өткен ХХ ғасырдың жетпісінші жылдарының соңында қолға алынды. Ол кезде Кеңестер Одағы салтанат құрып тұрған. 

1978 жылы қала халқының саны 900 мыңнан асты. Соған байланысты қала жолаушыларының келешекте жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасау үшін жер асты жолы – метро желісін салу қажеттілігі туындады.

1980 жылы КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы Алексей Косыгин Алматы метрополитен жобасын жасап, құрылысын бас­тау жөніндегі №1537 қаулыға қол қояды. Метроның жобасын Мәскеудің «Метрогипротранс» пен Ленинградтың «Ленметрогиптранс» институттары бірлесіп жасаған. Сол жоба бойынша метроның бірінші бөлігінде 8 станса құрылысы бар. Бірақ кейін жасалған жобада «Абай» мен «Желтоқсан» көшелері қиылысында салынуға тиіс. «Республика алаңы» стансасы алынып тасталды.

1981 жылы 3 маусымда Қазақ КСР Министрлер Кеңесі «Алматы қаласына метро құрылысын жүргізуге дайындық жасау бойынша шұғыл шаралар» туралы шешім қабылдаған. Осы шешімнен кейін метро құрылысын жүргізуге Ресейдің Новосібір қаласынан бес жүзге жуық мамандар мен құрылысшылар арнайы шақырылды. Бірақ Мәскеу қаражат тапшылығына байланысты метро құрылысын кейінге шегерді. 

1988 жылы ғана Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың метро құрылысын бастау туралы жарлығынан кейін бұл ауқымды іс қайта қолға алынып, құрылыстың біту уақыты 1997 жыл деп белгіленді. Алайда сол кезде Кеңестер Одағында «Қайта құру» саясаты басталып, елдегі саяси-әлеуметтік жағдай күрт өзгерді. Өндіріс орындары жұмыстарын тоқтатып, Одақтық бюджет қаражаттан тапшылық күй кешті де, Алматы метросының құрылысы тағы тоқтап қалды.

1991 жылы метро құрылысының сметалық құны 457 миллион сомды құрады. 137 нысан мен 92 тұрғын үйді бұзуға тура келді. 

Сол жылы 16 желтоқсанда Республика өз Тәуелсіздігін жариялады. Бұл аса қиын кез еді. Республикада бұрынғы Одақ көлеміндегі өндіріс орындары байланыстарының үзілу салдарынан өз жұмыстарын тоқтатқан. Елде жұмыссыздық өріс алды.

Үкімет метро құрылысына шетелдік инвестиция тарту жағын үздіксіз қарастырумен болды. Тек 1992 жылы Австрияның «Бетон-унд-Моибоау» фирмасы жерді үңгіп қазуды жеңілдететін жаңа технологиясын ендіру жөнінде «Алматыметроқұрылыспен» келісім-шарт жасасты. Сол келісім-шарт бойынша Австрия жағы өздерінің кредиттік жүйесі арқылы қаржыландыруға тиіс еді. Алайда бұл мәселе шешімін таппай қалды. Содан кейін де шетелдік бірнеше компаниялар құрылысқа инвестия салмақшы болған. Бірақ әрқалай себептермен аяқсыз қалып жатты. 

1994 жылы метроны Республика бюджетінен қаржыландыру 15-20 пайызды құрап, құрылыс күрт саябырсып, бірінші кезекті тапсыру мерзімі белгісіз уақытқа кейін шегерілді. Республика Үкіметі бір жылдан соң метро жобасына қайта талдау жасай келе бірінші кезек құрылысына 101 млрд. теңге қажеттігін анықтады. Сол кезде республика бюджетіндегі мардымсыз қаржы мұндай соманы көтере алмайтын жағдайда болатын. Тіптен 1997 жылға дейін мемлекеттің метро құрылысшыларының бірнеше айлық жалақысын төлеуге мүмкіншілігі жетпеді. 

Дегенмен, шетелдік компаниялар Алматы метрополитен құрылысын жүргізуді көздеп, өздері межелеген пайда түспейтін болған соң істі аяқсыз қалдырумен болды. 1999 жылы Канаданың «Bombardir» компаниясы да келіп, Алматы қаласы әкімшілігімен келісім-шарт жасасты. Аталмыш компания сол уақытқа дейін әлемнің Нью-Йорк, Париж, Мехико, Лондон, Анкара қалаларында метро құрылыстарын жүргізген. Компанияның өз айналымында 18 миллиард доллар қаржысы бола тұра Алматы метросының құрылысына 694 миллион доллар құюды көп көрген. Сол секілді Германияның «Philipp Holzmann» компаниясы да Алматы метро құрылысын 2000 жылы бастамақшы болып, барлық құжаттарға қол қойған. Компания метроның 12,5 шақырымға созылатын алғашқы бөлігін екі жарым, әрі десе үш жылда аяқтаймыз деп уәде де берген болатын. Өкінішке қарай, олар құрылыс алаңына келген соң-ақ уәделерінен тайқып шыға келді. Қала әкімшілігінің метро құрылысына шетелдік инвесторлар тарту әрекеттері солай нәтижесіз қала берді. Бұл кезде республикада жаңадан құрала бастаған өндіріс орындары жанданып, мемлекеттік бюджеттің қоржынына қомақты қаржы түсіп жатқан. 

2003 жылы Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Алматы қаласына жасаған кезекті іс-сапарында әлеуметтік жағдайларымен танысып, біраз түйінді мәселелерді республика бюджеті есебінен қарастырып шешу керектігіне тоқталған. Елбасының сол жылы 10 ақпанда Алматыны дамытудың мемлекеттік бағдарламасын бекітуіне байланысты қаланың метрополитен құрылысын республика бюджеті есебінен жүргізу қолға алынды. Елбасы 2005 жылы 7 қарашада метрополитен құрылысын өз көзімен көріп, бұдан былай қаржыландыру жайы өзінің тікелей бақылауында болатынын мәлімдеді. Ол 2006 жылы бірінші бөліктің қазу жұмыстарын жалғастырып, оны 2007 жылы аяқтауды, ал келесі жылы станса құрылыстарын бастап, оны 2008 жылы аяқтауды қатаң тапсырды. 

Жер астын үңгіп қазу жұмысындағы бұрынғы қондырғылар уақыт талабына сай келмеді. Сондықтан қуаттылығы жоғары шетелдік қондырғылар сатып алу қажет еді. Таңдау Германияның «Херренкнехт» фирмасы жасаған қондырғы жүйесіне түсті. Қондырғы жүйенің қуаттылығы бір айда 250 – 300 метр жерді үңги алады екен. Бұл Алматы метрополитен құрылысы басталғалы бергі іске қосылған үшінші қондырғы жүйесі болды. Әрине, жаңа қондырғымен жұмыс істеу құрылысшыларға оңайға түскен жоқ. Оның қыры мен сырын игергенше біраз уақыт қажет болатын. Бұл жағдай метро құрылысының созылуына әкелді.

Алматының сол кездегі әкімі Иманғали Тасмағамбетов 2008 жылы 12 ақпанда ме­троны пайдалануға беру уақытын нақты белгіледі. «Бес стансаның ішкі әрлеу жұмыстарын жыл соңына дейін бітіріп, қалған екеуінің жұмыстарын 2009 жылдың басында жүргіземіз. Метрополитеннің 8,6 шақырымға созылатын бірінші бөлігі 2009 жылдың 22 наурызында пайдалануға беріледі». Құрылысты толық бітіру үшін қаржыландыру екі есеге дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ электропоездың 28 вагонын сатып алуға тендер жарияланды. Вагондар жоспар бойынша сол жылдың мамыр айында Алматыға жеткізілуі керек. 

2008 жылы өткен екі тендер бойынша «Хендэ» фирмасы жеңіске жетті. Фирма 2009 жылдың мамыр айына дейін 7 поезд құрамасын жеткізетін болды. Вагондарды іске қосу бойынша тендерге ресейлік «Вагонмаш» пен «Метровагонмаш» және канадалық «Бомбардье» фирмалары қатысты. Бұл кезде метрополитенге энергетикалық қуат көзін беретін «Кеңсай», «Отырар», «Алатау», «Топливная» станциялар құрылысы да аяқталған еді. Сол жылдың 29 шілдесінде метрополитен құрылысының директоры Қаныбек Нұрмағамбетов 2010 жылдың мамыр және тамыз айларында Оңтүстік Кореядан вагондар әкелу жоспарланғанын жария­лады. Оңтүстіккореялық «Hundai» компаниясы сол жылдың 14 маусымында-ақ Алматы метрополитені үшін арнайы жасаған вагондардың алғашқы құрамын алып келді. Вагондарды «Алматыметроқұрылыс» электр депосында таныстыру рәсімі өтті. Жалпы құны 86 миллион доллардың 28 вагоны сатып алынды. Ал 2010 жылы 8 станса іске қосылды. Елбасы 2010 жылы 26 сәуірде метрополитен құрылысында болып, алғашқы бөлімінің құрылысы 2011 жылдың 16 желтоқсанында толық аяқталып, пайдалануға берілетінін мәлімдеді. «Алматыметроқұрылыс» акционерлік қоғамның құрылысшылары Елбасы айтқан уақытта істі толық аяқтау үшін жан аянбай еңбек етті. Акционерлік қоғамда жалпы саны 1700 адам еңбек етсе, оның 1200-і құрылыс-монтаж жұмыстарымен айналыс­ты. Олар 2004-2009 жылдар аралығында 86,2 миллиард теңгенің жұмысын игерді. Жұмыс барысында келеңсіз жайлар да кездесіп отырды.

Алматы мертополитенінің бірінші бөлігі мерзімінен 16 күн бұрын, яғни 2011 жылдың 1 желтоқсанында пайдалануға беріліп, қала халқын қуанышқа бөледі. Алматы метрополитені Қазақстанда бірінші, Орта Азияда Ташкенттен кейін екінші, жалпы посткеңестік қалаларда он алтыншы болып салынды. Бүгінде күн сайын 24 мың адам жер асты жолымен жүреді. Өткен екі жылда Алматы метросы ESDR Еуропалық сапаны зерттеу қоғамының жоғары наградасымен марапатталды. Құрылысшылар үшін бәрінен де үлкен сыйлық – қала халқының алғысы еді.

Тау етегіндегі әсем қаланың жер асты жолы әрқалай жер құрылымына орналасқан. Мысалы Райымбек даңғылының асты су көздеріне бай. Құрылысшыларға суды сорғызып, жерді кептіріп барып құрылыс жұмыстарын жүргізу оңайға түспегені анық. Ал тауға қарай метро желісі бойынан үлкендігі үйдей-үйдей тастар көп кездескен. Қаланың 9 балдық жер сілкінісі аймағында екені бүгінде жасырын емес. Төменгі балдық жер сілкіністерінде метро еш қауіпсіз жұмыс істейді. Төтенше жағдайлар мен өндірістік қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік бақылау басқармасының инспекторы Балтатұрар Ахметовтың айтуына қарағанда, Алматы метрополитенінде жылына бір рет технологиялық процестердің сақталуы, үңгіп қазу жұмыстары, желдеткіштері тексеріліп тұрады. Оның үстіне «Алматыметроқұрылыс» акционерлік қоғамының өз ішінде атқарылған жұмыстар сапасын мұқият тексеріп тұратын арнайы қызмет ұжымы бар. Мұнда Азаматтық қорғаныс штабы да жұмыс істейді. Қауіпсіздік шаралары толық қарастырылған. Қазір екінші бөліктің «Мәскеу» мен «Алатау» стансаларының аралық үңгіп қазуы бітіп, әрлеу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Мет­ро құрылысшылары оны ағымдағы жылдың соңына дейін бітіріп, пайдалануға бермекші. Метрополитен құрылысшыларының ерен еңбегі ағымдағы жылы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отыр. Бір ғажабы 36 жыл бұрын жобаланған метрополитеннің құрылысшыларын мемлекеттік жоғары марапатқа ұсына отырып, ол тізімге қазіргі қала әкімі Ахметжан Есіміовтің енгізілуі қала халқының таңданысын туғызуда. Атақты «Орбұлақ», «Аңырақай» шайқастары үшін қазіргі әкімдерді марапаттағандай әсер қалдырады екен. 

К.СҮЛГЕТАЕВ