Қазіргі заман әдебиетінің үш томдық антологиясының» тұсаукесері өтті

Қазіргі заман әдебиетінің үш томдық антологиясының» тұсаукесері өтті

Қазіргі заман әдебиетінің үш томдық антологиясының» тұсаукесері өтті
ашық дереккөзі

  Осы
аптада Ұлттық кітапханада «Тәуелсіз Қазақстан: қазіргі заман әдебиетінің үш
томдық антологиясының» тұсаукесері өтті. Орыс тілінде жарық көрген үш томдық
антология – балалар әдебиеті, қазіргі қазақ прозасы және қазіргі қазақ
поэзиясын қамтиды.

«  Домбыра и колыбель»
– «Домбыра мен бесік» жинағына балалар әдебиетіне қалам тартқан
ақын-жазушылардың еңбектері енсе, «Моих степей полынная звезда» -«Жусан иісті
жұмақ өлке» 42 автордың прозалық шығармаларына орын берген, «Дорог небесных
вехи» -«Ғасырларға жол тартқан жақұт жырлар» атпен шығарылған том 77 автордың
жырларын қамтиды. Айта кетерлік дүние – бұл қазақ баспагерлерінің Мәскеудің «Художественная
литература» баспасымен дайындаған бірлескен өнімі. Үш тармаққа қазақтың
ақын-жазушыларының белді шығармалары енген.

  Соңғы
рет орыс тіліндегі «Қазақ поэзиясының антологиясы» 1958 жылы ұлы жазушымыз
Мұхтар Әуезов пен Тәкен Әлімқұловтың алғысөзімен басылған екен, арада жарты
ғасырдан астам уақыт өткенде жарық көрген бұл үш томдық орыс және ТМД
оқырмандарын қазақ әдебиетінің жаңа тынысымен таныстыратын тағы бір мүмкіндікке
айналмақ.

 
Тұсаукесер рәсіміне осы Антологияға еңбектері енген ақын-жазушылар,
әдебиеттанушылар, журналистер, оқырман қауымы жиналды.

Антологияны жарыққа шығару идеясы ҚР Ұлттық банкі Төрағасы Қайрат
Келімбетовке тиесілі. Бас банкир былай дейді:

«Ресейде
ақын ақыннан да жоғары» деген ұғым болса, Қазақстанда да ақын- жазушылар
қашанда бұл ұғымнан жоғары, мәртебелі болған. Үш
томдыққа шығармалары енетін авворлармен жұмыс істеген Қазақстан Жазушылар
Одағына, басшысы Нұрлан Оразалинге алғысымыз шексіз. Мәскеудің «Художественная литература» баспасына, басшысы Георгий Пряхин мырзаға
алғыс айтамыз. Өздеріңіз де білесіздер, орыстілді әлем – 250 млн.адамды
қамтиды. «Художественная литература» – бұл орыс тілі мен әдебиеті арқылы үлкен
әлемдік әдебиетке ену жолы. Әрі, Қазақстанның жазушылары мен оқырманы үшін
маңызды нарық деп ойлаймын.

Бұл жобаға өзімнің
қатысым туралы бірер сөз айтар болсам:

 
Әкемнің шығармаларын қазақ тілінде оқып отырып, ол кісімен арадағы
әңгімеміздің, диалогтың әлі де жалғасып жатқанын аңғардым. Сөйтіп, ол кісінің
шығармаларын өзге тілдерге аударуға ықпал ету арқылы, мұндай тектес шаруалармен
айналысу – менің жеке шаруам емес, ортақ шаруа екенін түйсіндім. Өйткені,
жазушының ұлы ретінде тек әкемнің ғана емес, қазақ жазушыларының шығармаларын
өзге тілге жарыққа шығару арқылы, әлемде Қазақ Мәдениетін, Қазақтың ойлау
жүйесін, Қазақтың Дүниетанымын кеңірек білуіне қандай да бір әсер ету керек
екенін түсінеді екенсіз.

Оның үстіне қазақ әдебиетінің соңғы 20 жылдан астам уақыт аралығында,
тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңдегі әдебиетімен таныстыруға үлкен мүмкіндік
бар.Бұл Антологияда тек қазақ жазушылары ғана емес, Қазақстанның өзге ұлт
өкілдерінің шығармалары да кеңінен көрініс тапқан. Әрине, Антологияға барлық ақын-жазушының шығармалары енбей қалуы да мүмкін,
сондықтан, кейінгі шығатын 4,5,6-томдарына енеді деп сенеміз.

 
Тағы бір айтатын дүние – біз қазір тек қазақ жазушыларының шығармаларын өзге
тілдерге аудармен емес, сонымен қатар, әлемдік атақты шығармалар –
бестселлерлерді қазақ тіліне аударумен шұғылданып бастадық. Жақында мұнай энциклопедиясына айналған шығарма – Американың атақты
жазушы-ғалымы Дэниел Ергиннің шығармасын қазақ тіліне аудардық. Міне, осылайша, сіздермен бірге бірлесіп атқарар жұмысымыз енді басталды.
Жалғасы сәтті де табысты болады деп сенемін!

 
Георгий Пряхин, «Художественная литература» баспасының директоры:

 
Бұл дүниенің біздің баспадан шыққаны қуантады. 1958 жылғы антологияны да
«Художественная литератур» баспасы жарыққа шығарған еді. Сондықтан,
сабақтастықтың ізін көріп отырмыз. Жалпы, қазақ әдебиетшілерінің шығармаларын
оқып отырып ұлттың бойындағы сондай ақкөңіл, балаға тән сәбилікті аңғарғандай
боламын. Қазақ жазушылары балалық шақ пен табиғатқа қатысты шығармаларды өте
ұтымды беретінін аңғардым. Бұл дегеніңіз керемет емес пе. Ең негізгі, бояуы
қанық тақырыптар ғой. Тағы бір айтайын дегенім – осы Антологияның ішінде
балалар әдебиетіне арналған том де бар. Сол шығармаларды қызым немерелеріме
оқып бергенде немерелерім бір жайтты байқап таң қалыпты. Сөйтсем, шығармалардың
бірінде кәдімгі қоянның өзіне қарсы келе жатқан жыртқышты соңына дейін күтіп
отырып, тап бергенде ғана құтылу үшін бар күшін салып қашатыны баяндалыпты.
Сонда немерелерімнің бірі – Ата, қоян деген ең қорықпайтын жануар екен ғой,
соңына дейін бүкпей, жыртқыштан қорықпай күтіп отырады екен ғой деп мені
таңғалдырғаны бар.

 
Қазақ әдебиетінің дамуына, оның әлемнің есігін кеңірек ашуына, өз шығармаларыңызбен
менің немерелерім секілді өзге де өсіп келе жатқан толқынды тәрбиелей
беруіңізге тілектеспін!

 
Қайрат Бақберген, аудармашы, антологияны орыс тіліне аударушылардың бірі:

 
Осы шығармаларды аударып отырып, жалпы, мынадай бір жайтты аңдадым: соңғы 20
жылдықта, тәуелсіздік жылдары әдебиетке қалам тартқан ақын-жазушылар өз
шығармаларына селқос қарайтын секілді, аудармамен, шығарманы сыртқы нарыққа
шығарумен айналысуға аса бейіл емес. Аудармашылармен де мәселе шешілмеген.
Бұрыннан да сапалы аудармамен айналысатын аудармашылар аз еді. Ал қазір
поэзияны аударушылар тіпті некен-саяқ. Проза аудармашыларын табуға болады.
Бірақ, поэзияны аударатын кәсіби аудармашылар тіптен жоқ десе де болады.

 
Дулат Исабеков:

 
Бізге әлемнің негізгі елдерінде, мәселен, Нью-Йоркте немесе Лондонда қазақ
әдебиетінің  кітапханаларын ашу керек. Бұл әдебиетімізді насихаттауға
үлкен ықпал етер еді.

 
Смағұл Елубай:

 
Шет елдерде Қазақстан дегенді естісе «O oil rich country», яғни, мұнайлы ел деп
жатады. Сол кезде бізде мұнай ғана емес, өзге де байлығымыз – халқымыз-әдеби
мұрамыз бар емес пе деп қынжыласың. Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тері»
Кеңес кезінде қаншама тілге аударылды. Қазір де сол дәстүрді барынша жалғастыруымыз
керек.

 

“Түркістан-ақпарат”