ҚАЗАҚҚА ЭКСПО НЕ БЕРЕР?

ҚАЗАҚҚА ЭКСПО НЕ БЕРЕР?

ҚАЗАҚҚА ЭКСПО НЕ БЕРЕР?
ашық дереккөзі
601

Айтып-айтпай не керек, 2017 жылға жоспарланған ЭКСПО мамандандырылған көрмесі тәуелсіз Қазақстанның тарихында ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктердің бірі болып жазылатыны анық. Өйткені 163 жылдық тарихы бар көрмені Астанада өткізу туралы шешім қабылдауда елдің саяси, экономикалық, географиялық және мәдени ерекшеліктері ескерілгені анық. Ендеше, аз жылда көп жетістікке жеткеніміздің бір дәлелі осы. Алда алар талай асу бар.

ЭКСПО ТЫҢНАН ТҮРЕН САЛУҒА ҚҰМАР


Көбіне қарапайым туристер көрмеге жаңа ақпарат алуға немесе технологиялар туралы білімін тереңдетуге емес, қызық көру үшін, тамашаны танып білу үшін, таңсыққа тамсану үшін келеді. Қазіргі кездегі аттракциондардың алғашқы түрлері халықаралық көрме көрермендерінің көңілін көтеру үшін ойлап табылған деседі. 

Қазір кез келген үйдің төрінен табылатын «көк жәшіктің» өзі инженерлік жаңалық ретінде бірден мойындала қоймаған. Алғашқы телевизор ЭКСПО көрмесінде халыққа таныстырылып, «ғажайып» ретінде паш етілген соң ғана кең қолданысқа енген екен. 

1904 жылы Сан-Луисте өткен көрмеде көрме қонақтары алғашқылардың бірі болып мұз қосқан шәй, ыстық бұршақ, түтікті балмұздақ жеп, шала туған нәрестелерге арналған инкубаторды тамашалады. Қазір бұл тағам түрлері мен медициналық құрылғы ешкімге таңсық болмаса да, сол кезде елді елең еткізерлік жаңалық еді.

Сондай-ақ 1967 жылы Монреалда израильдік архитектор Моше Сафди құрастырған Фуллердің геодезиялық күмбезі мен «Хабитат 67» жобалары, 1970 жылы Осакадағы «Күн мұнарасы» мен 1962 жылғы Сиэтл көрмесіндегі «Ғарыш инесі» шын мәнінде аңызға айналған жобалар. Монреал көрмесінде АҚШ павильонында ғарыш кемелері таныстырылды. «Аполлон-2012» ғарыш кемесінің астронавтары әкелген Ай тасы тамашалуға қойылды.

Ал 1878 жылғы Парижде өткен ЭКСПО көрмесі адамзатқа электр энергиясын сыйлады. Тіпті жеделсаты, телеграф, тігін машиналары, электр жарығы, мұздатқыш, робот сияқты адамзат ақыл-ойының жемісі болған, бүгінде үйреншікті затқа айналған құрылғылар ең алғаш рет ЭКСПО көрмелерінде таныстырылған. Ендеше, бұған дейін насихаты кемшін талай техникалық және технологиялық саладағы соңғы ғылыми жетістіктер алдағы Астаналық көрмеде тыңнан түрен салар жаңалықтарға айналуы ғажап емес.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев:

«Астананың ЭКСПО-2017 өткізу байқауындағы жетістігі – барша Қазақстан халқының жетістігі. Барлық қазақстандықтардың Халықаралық көрмеге дайындық жұмысына бел шеше атсалысатындығына еш күмәнім жоқ. Мен ЭКСПО-2017 көрмесінің біздің тарихымыздың тағы бір алтын парағына айналарына кәміл сенемін».


ЭКСПО МЕРЕЙТОЙЛАРМЕН ҮНДЕС


Әдетте, ЭКСПО көрмелерінің өту уақыты белгілі бір тарихи оқиғалармен тұспа-тұс келіп отырады. Мысалы, 1889 жылы Парижде Француз Революциясының 100 жылдығы атап өтілсе, 1876 жылы Филадельфияда АҚШ тәуелсіздігінің жариялануының 100 жылдығы тойланды. 

Ал 1998 жылы Лиссабондағы ЭКСПО көрмесімен Васко да Гаманың Үндістанға алғаш табан тірегеніне 500 жыл толуы тұспа-тұс келді. 1986 жылы Ванкуверде болған көрмеде осы қаланың жүз жылдығы қоса атап өтілді.

Қазақстанда өтетін ЭКСПО көрмесі де ел өміріндегі айтулы датаға орайлас. ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі Астана қаласының 20 жылдығымен тұспа-тұс келгелі тұр. Еліміздің ғана емес, әлемдік экономика үшін маңызы бар айтулы жиынның мемлекеттегі мерейлі жылы өткізілуінің өзінде жақсылықтың нышаны бар. 

Осы көрмелерді ұйымдастыруға жауапты мекеме – Халықаралық көрмелер бюросы 1928 жылы ғана құрылды. Құрамына 166 мемлекет кіретін халықаралық ұйымға Қазақстан 1997 жылдан бері мүше. Осы ұйымға мүше болуының 20 жылдығында Қазақ елі өз жерінде кезекті мамандандырылған көрме өткізуді мойнына алып отыр.

ЭКСПО – АРХИТЕКТУРАЛЫҚ ҒАЖАЙЫПТАР МЕКЕНІ

Қай кезде де көрмені өткізетін қала өзінің келбетіне заманауи архитектуралық жаңалықтар енгізіп, өзгеше сәнмен құл­пыруға тырысқан. Осы кезге дейін өтк­ізілген халықаралық көрмелердің ішінде барша әлем мойындаған ғимараттар ЭКСПО-ға дайындық барысында дүниеге келген архитектуралық туындылар еді. Мұндай ғимараттарға қойылар басты талап – олар замана лебін сездірер сипатқа ие болуы керек.

Париждегі Эйфель мұнарасы, Брюс­сельдегі Атомиум, Барселонадағы Монжуич ұлттық сарайы – олардың бір парасы ғана. 

ЭКСПО-2017 халықаралық маман­дандырылған көрмесін өткізуге шамамен 173 гектар жер бөлініп отыр. Кешенде жүзге тарта павильон салынады деп жоспарланған. Көрме кешенінің құрылысы басталып та кетті.

ЭКСПО ғимараттарын салуда «жасыл экономиканың» негізгі қағидалары сақталып, қалаларды байыпты жобалау қағидалары ескерілетін болады. Ең әуелі көрменің инфрақұрылымы халықаралық көрмелердің техникалық талаптарына сай болуы тиіс,  оның ішінде экологиялық қауіпсіз материалдарды пайдалану, қуатты үнемдейтін нысандар салу керек. 

Жобаға сәйкес, ЭКСПО-қалашық орналасатын 173 гектар аумақтың 25 гектарында көрме кешені салынады. Шамамен 148 гектар тұрғын үй, қонақ үй, әлеуметтік-мәдени ғимараттар, білім беру және денсаулық сақтау, ойын-сауық, сауда-саттық нысандарының құрылысына, саябақтар мен бульварларға арналып отыр.

ЭКСПО-2017 көрме кешенінің нысандары қуатты өте аз әрі үнемді жұмсайтын болады. Олар негізінен қайталанбалы қуат көздерін тұтынады. Оларға қоса интеллектуалды қуат жүйелері т.б. тың жобалар болады. Олар өз бейнесімен жаңа әрі таза технологияларды насихаттайды.

ЭКСПО-2017 көрмесінің басты символы Қазақстан павильоны болмақ. Ол бірнеше қабаттан тұратын шар пішіндес ғимарат. Алып «шардың» диаметрі 150 метр, жалпы аумағы 24 мың шаршы метрді құрайды. Шар тәріздес пішін жердің биосферасын еске түсіреді. Болашақта бұл шар-ғимарат қоршаған ортамен үндестікте өмір сүретін адамзат нәсілінің символына айналмақ. ЭКСПО-қалашықтың көшелері күн мен жел энергиясын толассыз алу үшін жоспарланған. 

Көрме қалашығының дәл ортасында орналасатын шар-ғимарат алыстан менмұндалап, көрменің мазмұны мен көркіне ерекше шырай бермек. Оның айналасында халықаралық, тақырыптық және корпоративті павильондар салынады. Тақырыптық павильондар «Қуат әлемі», «Өмірге қажетті энергия», «Энергия әркім үшін», «Менің болашақ энергиям» деп аталады. 

Кешен аумағында Өнер орталығы, Үздік тәжірибелер аймағы, Конгресс-орталық салынады. Үздік тәжірибелер аймағында баламалы қуат көздерін пайдаланудың ең озық мысалдары таныстырылады. Қазақстан павильонының құрылысының өзі қуат көздерін тиімді пайдаланудың үлгісі бола алады. Мысалы, оның шатыры оңтүстікке қарай еңкейте салынбақ. Бұл күн сәулесін неғұрлым көбірек жинауға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, шатырда желден қуат алатын құрылғы орнатылмақ.


Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Мен шатыр астында қала тұрғызуды армандаймын. Бәлкім, ЭКСПО аясында біз осындай жобаны жүзеге асыратын шығармыз. Қала шатыр астында орналасады, адамдар қыста да, жазда да жайлы жағдайда өмір сүреді. Диаметрі 200 метр болатын шеңберді елестетіңіздерші. Осы шеңбердің ішінде бәрі де болады: аурухана, мектеп, театрлар, дүкендер, шаштараздар, үйлер, мейрамхана, дәмханалар. Автокөлік болмайды, тек каналдар арқылы жүруге, жылжуға болады. Балалар қыстық киім кимей-ақ 30 градустық аязда мектепке желең бара алады. Осындай шеңберге сосын басқа шеңберлер кигізіліп, ақыр аяғында 10-15 мың адам тұратын қала салуға болар еді».

ЭКСПО-СИТИ – «ЖАСЫЛ ЭКОНОМИКАНЫҢ» ОРТАЛЫҒЫ


ЭКСПО-Сити – Астананың іргесінен салынатын көрме кешені орналасатын қалашық. Экспо-Ситиде тек павильондар ғана емес, қонақ үй кешендері, тұрғын үйлер, тамақтану орталықтары, дүкендер т.б. тұрмыстық нысандар салынады. Мұнда салынатын тұрғын үйлер жайлы тұрмыстың қазіргі заманғы талаптарына толықтай жауап береді. 

ЭКСПО-қалашықта салынатын тұрғын үйлер болашақтың ғимараты атануға лайық. Көшелері түзу, ғимараттардың өлшемі белгілі бір зерттеулерге сәйкес  есептелген. Мұның бәрі тұтынатын энергияны тиімді пайдалану, оны үнемдеу мен бұл үйлерде тұратын адамдардың неғұрлым жайлы тұрмыс кешуі үшін жоспарланған. Ендеше, «жасыл экономиканың» жүзеге асатын жері, баламалы қуат көздерінің кең қолданысқа енетін аймағы, таза технолгиялардың тұрмысқа дендей енетін территориясы осы – ЭКСПО-Сити қалашығы болмақ.

Қалашықтағы ғимараттар ғана емес, оған қатынайтын қоғамдық көлік түрлері де жаңа сипатта болады. Жеңілрельсті трамвайлар, электрмобильдер қалашықтың ауасының тазалығын сақтап, табиғаттың тұмса болмысын аялауға екпін береді. Мұның бәрі болашақта осы қалашықта жұмыс істеп, онда өмір сүретін адамдардың санасының жаңаша қалыптасуына, олардың тұрмыс салтының өзге аймақтардан басқаша қалыпта құрылуына себепкер болары сөзсіз. Осылайша, «болашақтың қуатын» жасау бастамасы «болашақтың қаласын» тұрғызу идеясымен астасуы да ғажап емес. 

Болашақтың қаласы атануға лайық ЭКСПО-Сити ойдағыдай салынатын болса, Астана қоршаған ортаға залалсыз тұрақты энергетиканы дамытуды қолға алған көшбасшыға айналатыны сөзсіз. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылып, өнеркәсіптің жаңа салаларының дамуына, «жасыл» құрылыс қағидаларын қалыптастыруға сеп болмақ.

Электрмобильдер мен сутегі автобустарға арнап жағармай бекеттері салынады. Болашақтың қаласындағы ғимараттар түгелдей өздері тұтынатын қуатты өздері өндіріп, артығын қалалық электр жүйесіне сата алады. Күндіз күн мен желден қуат алатын үйлер түнде жарқырап, жарық түскен су тамшыларындай жылтырайтын болады. Бұл жерде қоқыстың өзінен жылу алынады. 

ҚАЗАҚТЫҢ ДАЛАСЫ «БОЛАШАҚТЫҢ ЭНЕРГИЯСЫНА» БАЙ


Астана көрмесінің тақырыбы «Болашақ­тың энергиясы» аталғандықтан да, бұл салада соны жаңалықтар, өзгеше жобалар таныстырылады деп күтуге негіз бар. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі адамзаттық деңгейде энергия тапшылығын жою және кедейшілікті азайту мәселелеріне оң ықпал етуді көздейді. 

Қазақстан алдағы уақытта  күн, жел, су көздерін пайдалану, өндірістік суды қайта пайдалану жолдарын қарастыруы қажет. Оның үстіне қуат тасымалдаудың үнемді де арзан жолын табу керек. Қазіргі электр қуатының 20 пайызы тасымал кезінде ысырап болып жатқаны белгілі. 

Энергия көздерін табуда және оларды пайдалануды жетілдіруде экологиялық қауіпсіздік бірінші орында тұруы тиіс. 

Қазақстан қолға алған болашақтың энергиясы бағыты бойынша ғылыми тұрғыда ізденуге Ерейментаудағы жер станциялары мен Астанадағы күн көзі қуатын пайдалану жобалары айтарлықтай сеп болмақ. Бұдан бөлек, Маңғыстау, Жамбыл және Алматы облыстары қазірдің өзінде жел қуатын пайдалануға көше бастады.

Алдағы үш жарым жылда жыл са­йын Астанада «Болашақтың» энергиясы тақырыбы бойынша конференциялар мен симпозиумдар өтеді. Осылайша, Қазақстан «жасыл технологиялар» мен балама қуат көздері мамандарын жер-жерден тартуды көздеп отыр.

ЭКСПО ТУРИЗМДІ ДАМЫТАДЫ


Осы көрмені ұйымдастыру барысында туризмнің сан саласын дамыту көзделіп отыр. Мысалы, экотуризм, мәдени туризм, арт-фестивальдер ұйымдастырылады. 

ЭКСПО-2017 көрмесі аясында Алматы, Көкшетау және Қарағанды қала­ларына да туристерді шақыру, орналастыру, түрлі таңғажайыптар ұсыну – Қазақстан үшін оңтайлы мүмкіндіктер болмақ. Мысалы, Байқоңыр қалашығы мен ғарыш айлағын ЭКСПО туристерін шақыратын маңызды нысанға айналдыру жоспарланған.

ЭКСПО туристеріне ұсынылатын ғажайыптардың бірі – Бурабай курортты аймағы болмақ. Ондағы су қоймаларын тазартылып, арнайы туристік қалашықтар салынады. 

Астанадағы туристердің бір мезгілде шамадан тыс шоғырлануы да қиындық туғызуы мүмкін. Туристерді құшақ жая қарсы алатын мекендердің бірі – Қорғалжын қорығы. Туристер бұл жерде мұрты бұзылмаған табиғат тынысымен қауыша алады. Осы орайда, Ақмола облысында жоспарланған этноауылдар салу жобасы бекітілген. Елордадан 30-50 шақырым қашықтықта орналасатын ауылдар экологиялық таза технологияларды пайдаланатын болады. Осылайша, қазақ ауылы ХХІ ғасырда қайта жанданып, замана тынысымен жаңаша тұрмыс кешпек. 

Мұндай жобалар қазақстандық көр­менің мерейін асырып, өзгелерден ерекшелейтінін ақиқат. Оның үстіне, бұл бастама елдегі аграрлы туризмді дамытуға сеп болмақ. 

ЭКСПО-дан СОҢ НЕ БОЛМАҚ?


ЭКСПО Қазақстан үшін экономикалық және технологиялық алға жылжытар тетік болатыны сөзсіз. Кешенде салынатын ғимараттарды ЭКСПО-дан кейін қалай пайдалануға болады деген мәселе қазірдің өзінде талқыланып жатыр. «Астана­ЭКСПО-2017» ұлттық ком­паниясының басқарма төрағасы Талғат Ермегияев бұл туралы «Көрме кешендері қазақстандықтарға ЭКСПО-дан кейін де қызмет етеді деп жос­парлап отырмыз» деген болатын. 

Мамандар ЭКСПО-2017 кешені кейіннен болашақ энергиясының орталығы болады әрі жастар бас қосатын мекенге айналады деп пайымдауда. Мұнда көрме аяқталғаннан кейін ғылым мен техника саябақтары, бизнес-инкубаторлар, жастарға білім беру және ойын-сауық орталықтары салынатын болады.

ЭКСПО-2017 көрмесінің кешені Қазақстанның ғана емес, әлемнің әлеуметтік-қоғамдық дамуына қарқын береді. Оның үстіне, бұл көрме Астананың біртұтас брендіне айналуы да мүмкін. Көрме біткен соң оның павильондары ғылыми лабораториялар, инновациялық және коммерциялық жобалар үшін пайдаланылмақ. Осылайша, бүкіләлемдік көрмеден соң Астана ғылым мен мәдениеттің, туризм мен сауда-саттықтың орталығына айналады. 

ЭКСПО-2017 көрмесі маусымдық модель бойынша ұйымдастырылмақ. Қысқа мерзімдік жазғы маусымда шамамен 5 миллион қонақ келеді деп болжанып отыр. 

Астана – инновациялық шешімдер тоғысқан, ғылыми ой мен озық технологиялар дендеп енген заманауи қала ретінде ЭКСПО-2017 көрмесінің басты символына айналуға лайықты. ЭКСПО көрмелері қонақтарды қарсы алушы елдің өзінің кешегі тарихын, халықтық мәдениетін, ұлттық колоритін жарқырата көрсетудің мүмкіндігі екені есімізден шықпауы тиіс.

Ендеше, ЭКСПО-2017 көрмесі Қазақстан үшін мақтан мен айбардың, жеңіс пен жетістіктің көрінісі болғай. 

Гүлбиғаш Омар

Астана 

Серіктес жаңалықтары