Германиядағы Қазақтар

Германиядағы Қазақтар

Германиядағы  Қазақтар
ашық дереккөзі
Германияда тұратын қазақтар және олардың бүгінгі тұрмыс-тіршіліктері жайында баспасөз беттерінде және электронды БАҚ-та біршама айтылып, жазылып жүр. Дегенмен бүгінгі Германия Федеративтік Республикасы аталатын елдің топырағын  қазақ баласы дәл қай кезден аяқ басып, қалай  қоныстана бастағаны – осы уақытқа дейін жақсы зерттеле қоймаған  тақырыптардың бірі. Тарих парақшасын ақтарар болсақ, осыдан 773 жыл бұрын яғни 1241 жылы сәуірдің 9 күні қазіргі Польша-Германия шекарасы саналатын Одер өзені жағасындағы Легница (немісше-Liegnietz) қаласы түбінде (ол Пруссия жері саналатын) Шыңғыс ханның немересі Бату ханның бүгінгі қазақ халқын құрайтын қыпшақ, керей, найман, меркіт, жала­йыр, қоңыраттардан құралған 10 мың әскері поляк-немістің біріккен 20 мың әскерімен соғысып, жеңіске жеткен еді. Сонау Азияның сары даласынан Еуропаға жетіп, Одер өзенінен аттарын суарған біздердің ата-бабаларымыздың сол тарихи жеңісі кімді де болсын мақтаныш сезімге жетелейді. Сондықтан біздер үшін ту Азиядан Еуропаға, бүгінгі Германия жеріне алғаш аяқ басқандар осы сарбаздар болмақ. Бұдан кейін Германия топырағын басқан алғашқы қазақтар: Алаш қайраткері Мұстафа Шоқай және алашшыл азамат Ғазымбек Бірімжанов. Мария Шоқай  «Менің Мұстафам» атты естелігінде 1923 жылы Парижден Германияға көшіп барып, сол жақта 6 ай тұрып, кейін қайта Парижге көшіп келгендерін жазады. Бар өмірін «Бір Түркістан» идеясын іске асыруға арнаған Мұстафа Шоқай 1941 жылы күзде Польшадағы Түркістан легиондарын аралап, сондағы қазақ, қырғыз, өзбек, түркімен ұлтты соғыс тұтқындары жағдайымен танысу сапарынан қайтарда кенет ауырып, 1941  жылы желтоқсанның 28-і күні Берлинде қайтыс болды. Оның денесі Берлин қаласындағы түрік зиратына жерленді. Яғни Германияның тарихи астанасынан топырақ бұйырды. Ал Торғай жерінде туған алашшыл азамат  Ғазымбек Бірімжановқа келер болсақ, ол 1922 жылы күзде ортаазиялық бір топ жастармен бірге Қазақ даласынан  Германияға алғаш оқуға барады. 1928 жылы  Берлин университетінің ауылшаруашылық факультетін ойдағыдай бітіріп, елге қайтар жолда оны Мәскеуде кеңес үкіметі тұтқындап, 10 жылға жер аударып, кейін 1937 жылы ату жазасына кеседі. Германиядан алған мол білімін халқының болашағы үшін арнамақ болған асыл азамат нәбары 41 жасында жат жерде құрбан болды. Кеңес үкіметінің оған не себепті өшігуінің бір сырын жазушы Амантай Кәкеннің М.Шоқай және басқа эмигранттардың шет жердегі саяси қызметіне, тірішілік қаракетіне байланысты деректер келтірген «Түркістан легионы» кітабынан табуға болады. 1945 жылы екінші дүниежүзілік соғыстың шешу­ші қан майданы болған Берлин үшін шайқасқа көптеген қазақтар қатысты, қайсыбірі соғыстың аяқталар сәтінде жат жерде опат болды. Елден бұрын Рейхстаг төбесіне жеңіс туын тіккен Рақымжан Қошқарбаев  бастаған қазақ сарбаздары елге аман-есен оралды, бейбіт өмірге араласты. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары әскери тұтқын ретінде Германияға апарылған  қазақтардың қайсыбірі соғыс­тан кейін елге қайтты, ал қайсыбірі елдегі саяси жағ­дайға байланысты Германияда қалуды жөн көрді. Олар Германиядағы қазақтардың алғашқы толқынын түзеді. Олардың белгілі өкілдері: Қарыс Қанатбай, Мәулікеш Қайбалды, Дәулет Керей Тағыберлі, Абдулла Жүсіп, Жәке Бапыш тағы басқалары. Соғыстан кейін Германия жерінде құрылған Түркістан ұлт-азаттық комитетінің төрағасы Қарыс Қанатбай 1950 жылдан бастап АҚШ-тың қаржыландыруымен Мюнхен қаласынан хабар тарата бастаған «Азаттық» радиосының Түркістан редак­циясының орнауына ерекше рөл атқарған адам ретінде айтылады, ал қалғандары осы Түркістан редакциясында, кейін Қазақ редакциясында ұзақ жылдар бойы қызмет істеді. Мұстафа Шоқайдың Берлинде қайтыс болғанына 10 жыл толуына орай 1952 жылы оны еске алу шарасын Мюнхендегі қазақтар өткізеді. Сол іс-шараға Парижден келіп қатысқан М.Шоқайдың зайыбы Мария Шоқай өзінің естелігінде «М.Шоқайды еске алу рәсімін ұйымдастырушы Қарыс Қанатбай бастаған ұлтын сүйген қазақтар болды. Осы адамдар Мюнхен қаласының шетіндегі ескі бір барақта тұрады екен. Көбісінің әйелдері неміс екен. Балаларының тілі де қызық, немісше де емес, қазақша да емес, тіпті арасында орысша сөздерді де қосып сөйлейді екен» деп еске алады. Елге қайтпай Германияда біржола қалуды жөн санаған саны көп емес  бұрынғы кеңес тұтқыны – қазақтардың Германияда қоныстана бастауы осы кезден басталады деу­ге келеді. Бұл қазақтардың Германия жеріне қоныстана бастауының алғашқы кезеңі болатын. Екінші  толқын 1960 жылдардан басталады. Соғыста экономикасы қираған және жұмыс күшіне өте мұқтаж Германия шетелдерден жұмыс күшін алуға мәжбүр жағдайға тап болды. Бүгінгі Германияда тұрып жатқан қазақтардың басым көбі Түркия мен Германия арасындағы еңбек миграциясы келісім-шарты негізінде Түркиядан жұмыс істеуге барған қазақтар және олардың ұрпақтары. 2012 жылы Еуропа Қазақтары қауымдастығының федерациясы (FEKA)  Түркия қазақтарының Германияға келуінің 50 жылдығын атап өтті. Олар негізінен 1962 жылдан бастап Германиядағы түрлі зауыт, өндіріс орындарына жұмыс істеуге келе бастаған. Еуропа қазақтары қауым­дастығының федерациясын құруға көп еңбек сіңірген және сол ұйымды біраз жылдары басқарған,  Кельн қаласындағы қазақ мәдени қоғамының ұзақ жылдарғы төрағасы Әбдірахман Четин ақсақалдың айтуынша, алғаш Германияның Мюнхен және Кельн қаласына 5 қазақ келген. Олар Мәуітхан Көкай (қазір 78 жаста),Тайшы Ақай, Сексенбай Пырат (қайтыс болған), Мүкей Шиден және Мәуей Бодыр. Бұлар алғашында Мюнхендегі және Кельндегі зауыт, фабрикаларда жұмыс істеген. Кейін Мәуіт Бодыр тері тон тігумен айналысып, Кельнда дүкен ашқан. Ә.Четин ақсақалдың өзі 1963 жылы 28 жасында түрік жұмысшылармен бірге Германияның Баден-Буртембург аймағының Улм деген қаласына жол салу жұмысына келіпті. Кейін Кельн қаласына ауысып, «Форд» машина зауытында ұзақ жылдар жұмыс істеп зейнетке шыққан. Ә.Четиннің айтуынша, ол кезде қазақтар Германияда біржола тұруды мақсат етпеген көрінеді. Негізі кәсіп іздеп, ақша тауып, Түркияға қайтуды мақсат етіпті. Қазақ қайда жүрсе де өзінің жақынын, қазағын іздейді ғой. Мюнхенде тұрып жатқан кеңес елінен келген Қ.Қанатбай, М.Қайбалды, Д.Тағыберлі, А.Жүсіп, Ж.Бапыш секілді қазақтар Түркиядан келген осы қазақтардан алғашқы кезде  көмектерін аямапты. Бірі – қазақ елінің ұлт азаттығы жолында сырттай күресуді мақсат етіп, Германияда қалып қойған,  екіншісі, Қытайдағы коммунистік билікке қарсы болып, ел-жерін тастап, Такламакан шөлін басып, Гималай тауларын асып, Үндістан, Пәкістанды паналап, кейін 1950 жылдардың басында Түркия үкіметінің шақыруымен сол елге қоныстанған қазақ балаларының жат жерде, неміс елінде бір-біріне осылай көмек жасауы бұл тек қазаққа тән ерекше қасиет десек, артық айтпағандық болармыз. Тіптен олардың «Азаттық» радиосының американдық басшыларына: «Түркия қазақтарынан радиоға қызметкерлер шақырсақ» деген ұсынысы іске асып, соның арқасында 1966 жылы алғаш рет Түркиядан екі қазақ шақырылады. Олар белгілі қаламгер Хасен Оралтай және Талғат Қосжігіт еді. Кейін «Азаттық» радиосында қызмет істеуге Түркиядан шақырылған  қазақтардың саны 10-ға дейін көбейеді. Бұлар 1995 жылға дейін «Азаттық» радиосында қызмет істеді, радио Прага қаласына көшкен кезде барлығы Чехияға барудан бас тартып, Германияда қалып қойды. Көбісі Германия азаматтығын алды. Еуропа қазақтары қауымдастығы федерациясының төрағасы Абдулқаюм Кесижидің айтуынша, бүгінгі күні Германияда шамамен 260 үй қазақ отбасы, яғни 1500-ге жуық қазақ бар. Олардың ең көбі  Кельн қаласында 160 үй қазақ отбасы, Мюнхенде 75 үй қазақ отбасы, Берлинде 30 үй қазақ отбасы, Гамбургте 10  үй қазақ отбасы және бірлі-жарымдап Дюссельдорф, Майнс секілді басқа қалаларда тұрады.  Алайда Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейінгі жылдары Германияға қоныс аударған қазақтардың дәл саны қанша екендігі белгісіз болғандықтан бұл санға кірмегенін айту жөн. Германияға алғаш жұмыс іздеп барған қазақтардың бірі бүгінгі күні жасы 83-ке келген Ыдырыс Ерол ақсақал бала-шағасымен бірген Кельн қаласында тұрады. Оның айтуынша, алғаш 1966 жылы Түркияның Алтайкөй ауылынан Батыс Берлинге жұмыс іздеп 4 қазақ келген. Олар: Арыстан Тосын, Бекей Сарбас, Ыдырыс Ерол және Ахмед Баки. Алғашында олар Германияға танымал «Саротти» шоколад жасау фабрикасында жұмысшы болып істеген. Екі жарым жылдай істеген соң ол Кельн қаласына ауы­сып, сондағы «Форд» машина жасау зауытында 25 жыл еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан. 6 бала өсірген, 18 немересі бар. Үлкен ұлы Түркияда, екіншісі Парижде тұрады. Тағы бір ұлы Шұғайып Ерол және қызы Сайма Қаражақ өзімен бірге Кельнде тұрады. Ыдырыс ақсақалдың тағы бір қызы Сания Германия ішкі істер министрлігіне қарасты шетел азаматтарына виза беру бөлімінде қызмет істейді. Германиядағы қазақтар алғашында немістің зауыт, фабрикаларында қарапайым жұмысшы болып, елмен бірге еңбек етсе, кейінгі жылдары балаларын немісше оқытуға ден қойды. Кейінгі жастар немістің жоғары оқу орындарын бітіріп, ресми орындарда, мемлекеттік қызметте істей бастады. Тіптен бірқатар қазақ немістің ірі фирма, компанияларында жақсы маман, білікті менеджер ретінде көзге көріне бастаған. Мысалы, қазір Гамбург қаласында тұратын хирург-дәрігер Шенол Жәдік миға операция жасайтын мықты дәрігер ретінде танылса, Мюнхен қаласының тұрғыны Мүттәлі Ұлыжай ұшақ моторын жасайтын зауытта бөлім бастығы болып істейді. Берлиндегі қазақ мәдени қоғамының төрағасы Бешіретхан Малбақан сондағы компьютер программаларын дайындайтын ірі фирмада жетекші маман ретінде танылған. Бұған, әрине, қуануға тиіспіз. Жалпы, Германиядағы қазақтар  тойсыз отырмайды. Құда түсу, қыз ұзату, келін түсіру, шілдехана, сүндет той  секілді той-тілеулері  көп. Мюнхен қаласының  тұрғыны Әлихан Жаналтайдың айтуынша,  Германияда тұратын тұратын қазақтар бұндай той-томалақты көбінесе апта соңына қарай өткізеді. Үлкен асхана не спорт залы секілді жерлерді жалға алып, қазақтар түгелдей бала-шағаларымен сонда жиналады. Қой сойылып, ет асылады, дастарқан жасалады. Сол жерде дастарқан басында үлкендері баяғыдағы ел үркіп, Гималай  асқан заманды айтып, әңгіме-дүкен құрысады. Ал балалар ойнап,  жастар өз араларында танысып, сөйлеседі. Жиылыс соңы қазақша ән айтып, «Қара жорға» биін билеумен аяқталады. Жалпы айтқанда, Германиядағы қазақтардың тұрмыстық жағдайы жаман емес. Олар әлеуметтік жағынан жақсы қамтылған. Қазақстанға деген көзқарастары жақсы болғанымен   Германияда өмір сүруге және оның азаматтығын алуға өте ықыласты. Германияның Мюнхен қаласында 30 жылдан бері тіршілік ететін Өмірхан Алтын Германияға алғаш оқу іздеп келгенін айтады. Ол Түркияның Анкара университетінің экономика факультетін бітіріп, Батыс Берлин университетінің химия факультетінде оқыған соң, Мюнхендегі «Азаттық» радиосына шақырылып, сонда 10 жыл қызмет істеді. Қазір тәуелсіз журналист, жеке кәсіпкер ретінде Қазақстан, Түркия, Германия арасында іскерлік байланыстар орнатумен айналысады. Статистикалық мәліметтерге сүйен­­сек, Германиядағы  82 миллиондай халықтың 10 миллионы өзге ұлттың өкілдері көрінеді. Мәселен, Түркиядан келген мигранттардың саны 2.5 миллион, Польшадан 1.3 миллион, Италиядан 1 миллионға жақын, ал бұрынғы КСРО-дан  2,9 миллион халық қоныс аударған болса, соның 1 миллионнан астамы  Қазақстаннан Германияға қоныс аударған этникалық немістер. Шеттен келген осы немістерді жергілікті халық «аусландерлер», яғни басқа жақтан келгендер немесе «русичтер» деп атайтын көрінеді. Қазақстаннан көшіп барған немістердің арасында қазақ тілінде сөйлеп, қазақша ән айтып, домбыра шертетін, тіптен бие байлап, қымыз ашытып отырған немістер бар екенін естігенде қалайша оларды «қазақ емес» деп айта аласыз. Берлиндегі Германия-Қазақстан қоғамының атқарушы директоры Галина Нұртазинованың айтуынша, неміс еліндегі ұлты қазақ азаматтардың нақты санын айту қиын. Өйткені тоқсаныншы жылдары тарихи отанына оралған қазақстандық немістердің отбасымен бірге талай қазақ  Еуропа асқан екен. Солардың бірі Семей қаласының тұрғыны Тілеухан Биболат аға Германияның Бавария өлкесіндегі Бадленсалтз деген кішірек қалада неміс әйелімен бірге 2000 жылдан бері өмір сүріп жатыр. «Германия сырттағы қандастарын шақырып қана қоймай оларға өте жақсы жағдай жасайды екен, оны өз көзіммен көріп, сезініп отырмын», – дейді ол. Қазақ қызы Галина Германия екіге бөлініп, батыс және шығыс болып тұрған кезінде неміс күйеуімен бірге Шығыс Германияға көшіп келіпті. Күйеуі Петер Шығыс Берлиннің тумасы екен, екеуі Мәскеуде жүріп танысыпты. Екеуі үйленгеннен кейін екі Германия арасындағы «темір перде», яғни бетон қабырға құлатылып, бұл елдер бірігеді. Галина «Неміске күйеуге шығып, Германияға көшкен қазақ қызы жалғыз мен ғана емеспін. Ондай қыздар мұнда көп», – дейді. Қазақстан тәуелсіздігін алған­нан кейінгі жылдары  Германияға қоныс аударған қазақ­тардың саны көбейген. Біреулер жұмыс іздесе, біреулері кәсіп іздеп барады, ал жастар көбінесе оқу, білім іздеп баруда. «Болашақ» бағдарламасы бойынша немесе ҚР Білім және ғылым министрлігінің академиялық ұтқырлық бағдар­ламасы немесе халықаралық түрлі бағдарламалар  бойынша Германияның жоғарғы оқу орындарында  білім алып жүрген қазақ жастары көп. Бұрынғы социализм кезінде  Шығыс Германияның жоғары оқу орындарында  Моң­ғолиядан келіп, оқу оқып, жоғары және кәсіптік білім игерген қазақ жастары көп болатын және олар Германияда біржолата қалуды әсте ойламайтын. Бәрі де елге қайтушы еді. Соңғы жылдары Германияның жоғарғы оқу орын­дарында Қытайдан келіп оқып жатқан қазақ жастарының саны көбейген. Мысалы Берлин қаласында он шақты қазақ баласы оқып жүр. Еуропа қазақтары қауым­дас­тығы федерациясының төрағасы Абдулқаюм Кесижидің айтуынша, Германиядағы қазақтар үшін қазақ тілінде сөйлесу мәселесі қиын жағдайда. Еуропада жүрген қазақтар үшін қазақ тілін үйренуге арнап Дүниежүзі қазақтары қауым­дастығының шығарған СД диск, тілашар кітаптары, сондай-ақ, ҚР Білім және ғылым министрлігінің  қазақ тілін үйретуге арнайы мұғалім жіберіп отырғанына қарамастан, бұл мәселе жыл өткен сайын қиындап барады. Өйткені сондағы қазақтардың үлкендері  үйлерінде қазақшадан гөрі көбінесе түрікше сөйлеседі де, ал неміс мектептерінде оқитын балалары өз араларында тек  немісше сөйлеседі. Германиядағы осы қазақтардың кейбірі  атажұрт Қазақстанның есігін өмірі әлі ашып көрмегендіктен, ес білгеннен бері білетін Түркияны өздеріне жақын санайды. Әбдірахман Шетин ақсақалдың айтуынша, бүгінгі күні ең бір қиын жағдай ол бала-шаға, ұрпақтарының барған сайын қазақтықтан, қазақ тілінен ажырап бара жатқандығы болып отыр. Жастардың үйлену мәселесінде бұрын тек «қазақ қазақпен үйленсін» деген қатаң талап қойылса,  соңғы кезде түрікпен, неміспен және басқа ұлт өкілдерімен үйлену оқиғалары көбейе түскен. «Жастар қазақ тілі тұрмақ түрікше сөйлеуден қалып барады» дейді ұрпақ қамына жаны ауы­ратын Әбекең. Сондықтан да жылына бір рет бас қосатын Еуропа қазақтары құрылтайының маңызы зор болып отыр. Биылғы жылы  Германиядағы қазақтар Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының және Германиядағы Қазақ елшілігінің жан-жақты қолдауымен Еуропа қазақтарының кіші құрылтайы  Берлин қаласында маусымның 6-8 күндері  өткізілді.

Досан Баймолда

Германия