Белгісіз арудан қырылған малдың дертін мамандар неге жасырады?

Белгісіз арудан қырылған малдың дертін мамандар неге жасырады?

Белгісіз арудан қырылған малдың дертін мамандар неге жасырады?
ашық дереккөзі
717

Биылғы жыл жан-жануарлар үшін қолайсыз болған тәрізді. Олай дейтініміз, көктемде елімізді мекен ететін киіктер белгісіз себеппен жаппай қырылып, Ауылшаруашылығы министрлігін біраз есеңгіреткен еді. Одан кейінгі кезек шаруалар қорасындағы төрт түлік малға да жетті. Маусым айында басталған бұл індеттің әлі де тоқтайтын түрі жоқ. Белгісіз дерт қазақ даласындағы төрт түлікті баудай түсіруде. Ал мамандар мұның сырын ашуға қауқарсыз немесе құлықсыз болып отыр.

Қырылған мал қарақұрым

Маусым айының басында төрт түліктің өлім-жітімі Қостанай облысында тіркелді. Алғашқы деректер бойынша себепсіз қырылған ірі қараның саны әсіресе, Жангелдин ауданында көп. Аймақтың жергілікті тұрғындары малдың жаппай қырылуын бұған дейін орын алған киіктердің қырылуымен байланыстыруда. Киіктер мен төрт түлік малға келген індеттің бір болуы мүмкін деген болжамдарын ұсынады. Өйткені малдың өлімі көптеп тіркелген аумақ ақбөкендер қырылып қалған алқаппен іргелес орналасқан. 20 үйі бар кішкентай ғана Көлқамыс ауылында алғашқы күндердің өзінде 55 сиыр мен 16 жылқы қырылыпты. Тіпті, бұл індет шаруаларды биыл алған төлдерінің жартысынан айырды. Шаруалардың айтуынша, өлген малдардың арасында «Сыбаға» бағдарламасы арқылы алынған ірі қаралар да бар екен.

Дәл осындай жағдай Ақтөбе облы­сының Әйтеке би және Ырғыз аудан­дарында да орын алды. Үстіміздегі жыл­дың маусымында аталған аудандар 65 бас жылқы, 58 сиыр, сондай-ақ, шамамен 250 бас ұсақ малынан айрылды. Малдың қырылу себебін анықтау үшін арнайы сынамалар алынып, тексеру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде олардың өлім-жітімінің киіктерге еш қатыссыз екені белгілі болды. Алайда шенеуніктер малдың қырылу себебін нақты айта алған жоқ. Облыстық ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Аян Ықылас мұндай жағдайдың жыл сайын қайталанатындығын айтуда. Оның айтуынша, жыл сайын қырылған малдардың саны өзгеріп отырады екен. Мәселен, өткен жылы Ақтөбе облысында қырылған малдардың саны биылғыдан да көп болыпты.

Павлодар облысында да белгісіз себеппен қырылған малдың саны артты. Шілде айының басында ауылша­руа­шылығы саласының мамандары Екібастұз, Лебяжі, Ақсу аудандарын аралап, өлген мал басын есепке алды. Сөйтіп, шығын көлемінің 50 миллион теңгеден асқаны туралы мәлімдеді. Мамандардың айтуынша, бұл өңірдегі малдың қырылуы ауа райының қолайсыздығынан, яғни, ұйытқып соққан жел мен жаңбырдан болған. Қойлар мен ешкілерге жүндерін қырыққаннан соң суық тиіп қалуы ықтимал екен. Ауа райының құбылуына шыдамаған төрт түлік далада қырылып қалыпты, осының әсерінен кейбір шаруалар соңғы түліктерінен де айрылды. Қырылған малдың басым бөлігі – қырқылған қой-ешкілер. Шілденің алғашқы күндерінде-ақ өңірде өлген малдың саны 2000-ға жетті.

Ал Оңтүстік Қазақстан облысында қырылған малдардан ешқандай да індет белгісі табылмады. Кентау қаласына қарасты Ащысай ауылындағы өлген малдардан сынама алынып, зертханада тексерілді. Шілде айының соңында жарияланған тексеру нәтижесі төрт түліктердің індеттен аман екендігін көрсетті. Ақпарат құралдарында облыста өлген малдың саны 500 бас деп көрсетілген еді. Алайда Оңтүстік Қазақстан облыстық ауылшаруашылығы мамандары бұл көрсеткіштің жалған екендігін, мұндай цифрларды жергілікті тұрғындардың мемлекеттен өтемақы алу үшін әдейі өсіріп айтқандығын жайып салды. Жауапты мамандардың сөзіне сенсек, өңірде өлген малдың саны 24 екен. Десек те, биылғы жылдың басынан бері Оңтүстік Қазақстан облысында 1200 мал өлген. Ал жауапты мамандар аймақта мал ауруының алдын алу үшін өте жұқпалы 13 ауру түріне қарсы вакцина егілгенін, төрт түліктің дертке шалдығуына қарсы шараларға қатысты мемлекет барлық жағдайды жасағанын, облыс­та қызмет ететін мал дәрігерлерінің жеткілікті екендігін, қажетті құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмек қорының қомақты екенін алға тартуда. Аймақтың атқамінерлері Ащысайдағы қырылған малдың себеп-салдарын зерттей келе, «ешқандай да жұқпалы ауру емес, мал күннің ыстығынан өлген» деген шешім шығарды. Оңтүстік Қазақстан облыстық ауыл­шаруашылығы басқармасы ветери­на­рия бөлімінің басшысы Базарбек Омаров: «Ащысайдағы ерте көктемде өкпесі суықтаған ұсақ мал шілденің аптап ыстығына шыдай алмай өлген. Өйткені арнайы зерттеу нәтижесінде өлген малдың өкпесі 100 пайыз қарайып кеткен. Шаруалар өлген малының құны төленеді деген сөзді естіп, қолдан өлген мал санын көбейтіп айтқан, ешқандай мал құны төленбейді», – деп сұхбат беріпті жергілікті басылымдардың біріне.

Жұқпалы індет өршіп тұр

Қарағанды облысының Ұлытау ауданында төрт түлік белгісіз бір кеселден қырылды. Қырылған малдардың дені – бұзау, торпақ және ұсақ малдар. Малдардың аузы-мұрнына, аяқтарына жара шығып, жүруден қалған. Алғашқы тексеру барысында мамандар бұл белгілердің пастереллез ауруына тән екенін хабарлады. Бұл дерттің Бетпақдалада қырылған киіктерден жұғуы әбден ықтимал екендігі де ескерусіз қалмады. Сөйтіп ауру малдардан алынған қан сараптамаға жөнелтілді. Осы сараптамадан кейін Ұлытау ауданы, Қаракеңгір ауылындағы малдардың жаппай қырылу себебі белгілі болды. Астана қаласындағы ұлттық ветеринария орталығы жасаған сараптаманың қорытындысы бойынша, үй жануарлары листериоз және пастереллез ауруларына шалдыққан екен. Мамандар төрт түлік үшін қауіпті болып тұрған бұл жұқпалы дерт әлі де қайталануы мүмкін деп отыр. Алайда ауырған малдардың бұл кеселді қайдан және қалай жұқтырғаны беймәлім. Негізі, мұндай дерт түрлері аң-құстар мен кеміргіштерден жұғады.

Шілденің басында Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында 5 шаруа қожалықтың мыңға тарта қой-ешкісі шығынға ұшырады. Қырылған малдың саны 1000-нан асып кеткен. Мамандар ұсақ малдың қырылуына олардың пастереллез және эндотоксимия ауруларына шалдығуы себеп болғандығын айтты. Аталмыш оқиғадан кейін жергілікті билік Жаңақорған ауданында төтенше жағдай жариялап, ауырған малдарды оқшаулау, емдеу шаралары жүзеге асырылды. Қойылған диагнозға байланысты республикалық қордан арнайы қаражат та бөлінді. Егу жұмыстарын жүргізуге әр мал басына 103 мың теңгеден қарастырылыпты. Қызылорда облыстық ветеринарлық бақылау басқармасының басшысы: «Вакцинаны салғаннан кейін 14-16 күнге дейін иммунитет қалыптасуы керек. Содан кейін барып ауру тоқтай бастайды. Референттік орталықтан және ҚазҒЗИ мамандары келіп, диагнозды нақтылап, ары қарай зерттеу жұмыстарын жүргізуде», – дейді. Бірақ Жаңақорғандағы малдың жаппай қырылуына әзірге еш тоқтау болмай тұр. Жұмбақ дерттің құпиясы әлі де толық ашылған жоқ. Ауданда жарияланған төтенше жағдай әлі де сақталып тұр. Ал өтемақы мәселесінің шешімін табатынына шенеуніктер шаруаларды сендіріп бағуда.

Қорадағы малдың қырылуына себеп болған жұқпалы індет туралы мамандар пікірін білуге тырысып көрген едік. Бұл дерт дүниежүзінде өте кең тараған екен. «Пастереллез» ауруын «пастерелла» деп аталатын бактерия қоздырады. Пастереллалар табиғи жағдайда жануар денеміне тыныс және ас қорыту жолдары арқылы енеді. Сосын өсіп-өнген микроб сөл арқылы қанға өтеді де, жануар 12-36 сағат өткенде өледі. Сау жануарлардың арасында да пастерелла қоздырғышын тасымалдау жиі кездеседі. Сиыр мен қой пастереллезбен кез келген жаста ауырады. Алайда жас төлдердің бұл індетке бейімділігі жоғары болып келеді», – дейді мал дәрігері Жұман Тұрсынқұлов. Алайда мал дәрігері еліміздің кей аймақтарында малдың қырылуына дәл осы дерттің себеп болып отырғанына сенімді емес. Жұман Тұрсынқұлов: «Қазір өңірлерде орын алып жатқан жағдай туралы нақты жауап беру қиындау. Қырылған малдың тексеру нәтижелері бірнеше облыста ұқсас болса да, әр түрлі диагноз қойылды. Меніңше, барлық сынамаларды бір орталықта тексеріп, нәтижесін бір жерден шығару қажет. Ал малдар қыстан әлсіз шыққандықтан, қырғынға ұшырады дегенге сену қиын. Нақты қандай індет екенін дөп баса айта алмаймын, бірақ қырылған малдың барлығында бір жұқпалы дерттің бары анық», – деп отыр.

«Малдың қырылуына киіктер қырғынының қатысы жоқ»

Әуелде қазақстандықтар төрт түліктің белгісіз дерттен көптеп қырылуын дала сұлуы – киіктердің өлімімен тікелей байланыстырды. Жасыратыны жоқ, бұл күдік халықтың көкейінде әлі де бар. Тек шенеуніктер ғана мұның мүмкін еместігін айтуда. Біздің де Қостанай облысының Жангелдин ауданында малдың қырылу себебін Торғай даласында өлген киіктерден іздегеніміз рас. Алайда Қостанай облысы әкімінің орынбасары Базыл Жақыпов журналистер қауымы үшін арнайы брифинг ұйымдастырып, мұндай күдікке еш негіз жоқтығына сендірді. «Торғай даласында 113 мың бас киік қырылды. Сол кезде облыста құрылған арнайы комиссияны басқарып, оқиға болған жерде екі апта болдым. Ол кезде киіктен басқа тірі жәндіктің, жануардың өлгенін көргенім жоқ. Жангелдин ауданында көктем шығып, мал өріске жайылғалы 58 бас мал өлген. Олардың басым бөлігі бұзау, биылғы туған жас төлдер. Ал малдың өлімі табиғи болып тұратын құбылыс. Өйткені Торғайда мал жылдың 8-9 айында далада жайылады, үш ай қыста ғана қорада тұрады. Биыл қыс созылып кетті, мал арықтықтан көктемге көтерем шықты. Оның үстіне жылда бола бермейтін жауын жауды, жаңбырдан кейін 35-38 градус ыстық болды. Арық-тұрақтар табиғаттың осы тосын мінезін көтере алмады. Киіктерге тараған індет ауыл малына жайылды деп айтатындай ешбір негіз жоқ. Өйткені киіктердің дені Аманкелді ауданында қырылған. Ол ауданнан бірде-бір мал өлген жоқ», – деді брифингте сөйлеген сөзінде Базыл Жақыпов. Ал шарулар малдарының көтеремнен өле қоюы мүмкін еместігін айтады. Олардың сөзіне сенсек, өлген малдардың бәрі де қыстан күйлі шығыпты. Еліміздің түрлі облыстарында қырылған төрт түліктің басым бөлігі таңертең ауырып, кешке өлген. Сондай-ақ, олардың барлығынан табылған бірдей белгі – ісініп, жүруден қалу. Демек, бұл өлген малдардың ауруы да бірдей деген сөз емес пе? Бірақ біздің билік әр түрлі сөйлеп отыр. Бірі малдардың жұқпалы дерттен қырылғанын айтса, екіншісі малдарға ешқандай да жұқпалы індеттің тимегенін айтуда.

Төрт түлікке төнген қауіптің сырын ашуға қауқары жетпеген мамандар енді бар кінәні малшыларға аудара бастады. Оңтүстік Қазақстан облыстық ветеринария бөлімінің бастығы Базарбек Омаров дәл осылай деді. «Бұл аурулар шындап келгенде малшылардың өздерінің немқұрайлы қарағаны, қардың астында жатқаны, төлдің жаңбырдың астында жүргенінің кесірінен пайда болған. Оған тікелей малшылардың өздері кінәлі», – деп айтып салды Базарбек Омаров. Дегенмен өздері әлі күнге дейін қырылған малдың диагнозын таппай әлек. Бір қызығы, мал дәрігерлері аурудың сырын білмесе де, қорадағы малдарға жұқпалы дертке қарсы дәрілер егіп жатыр. Сонда мамандар диагнозын білместен, қалған малдарды қандай аурудан айықтырмақ?

Ауылшаруашылығы саласының мамандары енді алаңдауға ешқандай негіз жоқ екендігін және малдың қырылуы тоқталғанын айтуда. Десек те, шаруалардың қорасындағы малдың қырылуы бүгінге дейін тоқтай қойған жоқ. Бүгінге дейін өлген малдар арнайы инсенатор деп аталатын құралдың көмегімен өртеліп, жойылды. Кей ауылдың тұрғындары елді мекен іргесінен шұңқыр қазып, өлген малдарды сонда тасуда. Бірақ мұндай шұңқырлардың көпшілігі көмусіз жатыр. Өлексенің кейбірі өртелсе, қалғандары шыбындап кеткен. Ал өлекселер ауыл маңында ашық жататын болса, жұқпалы індеттің елді мекен тұрғындарын да зақымдауы мүмкін. Енді кейбір ауруға шалдыққан малдар сойылып, еттері өңдеуге жөнелтілді. Олардың еті консервілік өнімдер жасауға жіберіледі екен. Осы орайда, халық арасында «ауру малдың еті дүкен сөрелеріне жайғасады» деген сөз шыға бастады. Бірақ атқа мінерлер бұл жағдайды бақылауда ұстап отырғандықтан, оған жол берілмейтіндігін ескертуде.

Жалпы, елімізде төрт түлік малдың қырылып қалуы алғаш рет орын алып отырған жоқ. Бұған дейін де түрлі жұқпалы індеттен, тасқыннан, табиғаттың тосын мінезінің себеп болуымен малдардың қырылып қалуы тіркелген еді. Бірақ биылғы жылы орын алған жағдай шаруаларды қатты уайымға салды. Оның үстіне, көктем мезгілінде киіктердің жаппай қырылуы ел-жұртты біраз әбігерге түсірді. Қанша уақыт өтсе де, қазақ даласында жүрген ақ бөкендердің қырылуының нақты себебі ешбір жерде айтылған жоқ. Көпшілік киіктердің қырылып қалуын экологиялық жағдаймен тікелей байланыстыратыны да баршаға мәлім. Осы жағдайдан кейін орын алған төрт түліктің өлім-жітіміне де гептильдің қатысы бар ма деген сауал әркімнің көңілінде болғаны сондықтан. Малшаруашылығымен айналысатын ауылдар үшін төрт түліктің көптеп қырылып қалуы үлкен шығын болып отырғаны белгілі. Ал шаруаларға өтемақы төлеуге билік өкілдері асығар емес.

Әзірге мамандар Қарағанды және Қызылорда облысындағы төрт түліктің өлім-жітіміне жұқпалы індеттің себеп болғандығын анықтап айтты. Ал өзге өңірлер малдың қырылуына түрлі себеп пен сылтау іздеп әуреленуде. Жаздың алғашқы күндерінен басталған малдардың өлім-жітіміне нүкте қойылар күн алыс секілді. Алайда «ауруын жасырған ауырмай өлетінін» естен шығармағанымыз абзал болар еді.

Серіктес жаңалықтары