Жарылқап Қалыбай соты: СОТ ШЕШІМІ ШЫҚТЫ
Жарылқап Қалыбай соты: СОТ ШЕШІМІ ШЫҚТЫ
Адвокаттар “сауатсыз” деп бағалаған сараптама
қорытындысы қайта жасалған жоқ. Өйткені Сараптама орталығында ондай маман жоқ-мыс.
Есесіне, сот шешімі бойынша журналист Жарылқап Қалыбайдың мойнына айыппұл салынды. Сот шешімімен келіспеген
әріптесіміз жоғары жаққа шағымданбақшы.
Журналист Жарылқап Қалыбайдың үстінен
ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 344-бап,
2-тармағы бойынша қозғалған іске қатысты сот аяқталды. Алматы қаласы Алмалы
аудандық Ішкі істер департаменті тарапынан білдірілген шағымға сәйкес. Даудың
басы – сол баяғы сараптама қорытындысын
жасаған сарапшы Назгүл Айтжанқызы Мұқанова өзі жасаған қорытындысында біресе
“экстремизмді ақтау белгілері бар” десе, біресе “экстремизмді
ақтау белгілері бар болуы мүмкін” дейді. Бір қызығы, осы әкімшілік іс осы
сараптама негізінде қозғалған. Бірнеше рет өткізілген сот отырыстарында
Жарылқап Қалыбайдың адвокаттары Шынқуат Байжанов пен Өтеген Ықсанов судьяға
сарапшы Назгүл Мұқанованы сот процесіне шақыруды ұсынған. Алайда, прокуратура өкілі Мақсат Рсалин бұл ұсынысқа үзілді-кесілді қарсы болды. Алғашқыда “Мұқанова “Болашақ” бағдарламасы бойынша Америка Құрама
Штаттарына оқуға кетті” десе, кейін “Сараптама қорытындысы ендігі
жасалып қойды. Наразылықтарыңызды сот процесі басталмай тұрып білдірулеріңіз
керек еді” деді. Прокурордың қарсылығы Жарылқап Қалыбай мен оның
адвокаттарының көңіліне күдік салды. Сол себепті, Шынқуат Байжанов судьяға:
“Шынымды айтсам, прокурордың неге сонша қарсы болғанын үсіне аламадым. Әрі
сараптама қорытындысының түбі шикі болуы деген күдігіміз бар. Бәлкім, Мұқанова
бұл сараптама қорытындысына қол қоймаған шығар? Немесе
сот процесіне қатысқаннан кейін өз пікірін өзгертуі де мүмкін емес пе? Оған
прокурор неге қарсы болады? Керісінше, судьяға прокурордың өзі ұсыныс айтып,
“Мұқанова соттың шақыртуына келмегені үшін заң алдында жауап берсін”
деп талап етуі тиіс еді” деді. Ұзаққа созылған пікірталастан кейін судья
Дастан Алыбаев сарапшыны сот отырысына шақыруға шешім қабылдады. Ал Мұқанова
келген жоқ.
Үстіміздегі жылдың 28 шілдесінде болған келесі отырысында судья Жарылқап Қалыбай мен оның
адвокаттарының өтініші бойынша қайталама сараптама қорытындысын жасауға шешім қабылдап,
оның мерзімін 1 тамызға бекіткен. Соттың шешімі бойынша 5 күн үшін
сарапшылардан тұратын комиссия құрылып, қайтадан сараптама жасалуы тиіс еді.
Осы орайда, журналист пен қорғаушылары судьяға өздерінің тарапынан екі тәуелсіз
сарапшыны ұсынған. Бірақ ол ұсыныстары қабылданбай қалды. Есесіне, кеше кешке
Жарылқап Қалыбайға Алматыдағы Сараптама орталығынан қайталама сараптама жасауға
қатысты шешімге орай жауап келгенін, сол себепті, сот отырысы бүгінге, яғни,
бастапқыда белгіленген мерзімнен екі күн ерте шақырылды.
Сот отырысы ұзаққа созылған жоқ. Отырыс
басталғаннан кейін судья прокурорды, сосын айып тағылған тарап –Жарылқап
Қалыбайды, оның адвокаттарын сөйлетуі тиіс болатын. Сосын қоғамдық
қорғаушыларға сөз беріледі. Кейін прокуратура өкілі мен адвокаттар қайта дат
айтады. Оларды тыңдап алғаннан кейін,
судья оңаша бөлмеге барып ойланып, шешім қабылдайды. Заң бойынша, шешім осылай
қабылданады. Алайда, бүгінгі сотта олай болған жоқ. Судья есіктен кірісімен,
прокурорды сөйлетті. Сосын қолындағы дайын шешімді оқыды. Шешімге сәйкес,
Сараптама орталығынан “экстремизмді ақтау белгілері бар ма, жоқ па?”
деген сауалға жауап беретін, сараптама жасайтын маман жоқ” деген жауап
келгеніне қарамастан, судья Дастан Алыбаев
журналиске 20 орташа айлық көлеміндегі айыппұл, ал журналға 80 АЕК көлемінде
айыппұл салып, “Аңыз Адам” журналының сатылымға шығып кеткен Гитлерге
қатысты саны түгел тәркіленеді. Адвокат Шынқуат Байжановтың айтуынша, судья
Дастан Алыбаев сот процесін заңға сәйкес өткізуге талпынған. Оның сарапшыны сот
отырысына шақыруы, қайталама сараптама қорытындысын жасауға шешім қабылдағаны
соның айғағы. Бірақ судьяға қысым жасалды. Соған ашуланған ол өз наразылығын
ашық білдіріп, ешқандай кеңесусіз, жарыссөзсіз дайын шешімді оқи салды.
Журналиске қолдау білдірушілер
қатарындағы азаматтар баршылық. Әлбетте, қазақ
қоғамы әділетсіздікке түгел қарсы деу қиын. Өйткені қолдаушылар қауымы шын көп
болса, сот процесіне қатысушылар сот залына сыймай, аулаға дейін созылып жатар
еді. Екіншіден, бұқаралық ақпарат құралдарында, әсіресе, қазақ журналистері
арасында қолдау білдірмек тұрмақ, осы Жарылқап Қалыбайға қатысты қозғалған
істер туралы ақпарат беруге қорыққан әріптестер көп. Өз ұстанымын бүкпесіз
білдіретіндер қатарындағы Расул Жұмалының пікірінше, бүгінгі сот отырысы
тарихта ең қысқа уақытқа созылған әділетсіз сот ретінде қалады.
Сонымен, бір айға жетпеген сот процесі
аяқталды. Бірақ шығарылған сот шешімімен әріптесіміз Жарылқап Қалыбай
келіспейді. Өзін айыпты деп есептемейтін ол “сот әділ шешім шығарам
дегенше жоғары инстанцияларға шағымдана беремін” дейді.
Бізге түсініксізі, Сараптама
орталығындағы мамандар қорытынды жасауға қиналған, тіпті, бас тартқан мәтінді
кәсіби тұрғыда талдайтын сарапшыны қайдан табуға болады? Дәл сол сауатсыз
сараптаманың кесірінен Жарылқап Қалыбайдың үстінен бүгінге 1 қылмыстық іс, 1
азаматтық іс және 2 әкімшілік іс қозғалған. Сараптама қорытындысында
“экстремизмді ақтау белгілері бар” деп жазып, келесі сөйлемінде
“экстремизмді ақтау белгілері бар болуы мүмкін” деп күлтебілетендірген
Назгүл Мұқанова мәселенің ақ не қара екенін неге ашып айтпады? Бірнеше рет
өткізілген сот процесіне ол неге қатыспады? Судьяның шақыруын неге құлағына
қыстырмады? Заң бойынша Мұқанова сот шақыртуын алған бойда отырысқа келуге
міндетті. Жарылқап Қалыбай мен оның адвокаттары тарапынан айтылған “Назгүл
Мұқанова сараптама қорытындысына шынымен өзі қол қойды ма? Оның сараптама
жасауға лицензиясы бар ма?” деген сұрағы неге жауапсыз қалды? Сот
отырыстарында прокурор Мақсат Рсалин дүдамал түйін жасаған Назгүл Мұқанованың
сот процестеріне қатысуына неге үзілді-кесілді қарсы болды? Бұл сұрақтарға
жауапты әріптесіміз енді апелляциялық шағым түсіру арқылы іздемек.