642
СӘНГЕ АЙНАЛҒАН СҮЙІСУ
СӘНГЕ АЙНАЛҒАН СҮЙІСУ
Амандасу – адамдықтың белгісі, амандасу – әр халықтың мәдениетінің қайнар бұлағы. Амандасу (сәлемдесу) – инабаттылық пен әдеп қатынасынның нормасы. Әр елдің дәстүріне сай амандасу әдебі бар. Өзіміздің қазақ еліне тоқталар болсақ, еліміздің дәстүрі бойынша жасына да, таныс я бейтаныстығына да қарамастан амандасу міндет болып саналады.
Бұрында бабаларымыз қалай амандасқан? Ал қазіргі ұрпақтары қалай амандасады? Бұл мәселенің түйткілін тереңнен қарастырып көрелік. Байырғы қазақ дәстүрінде амандасуда әлеуметтік тегіне, байлығына және өмірдегі алатын орнына байланысты белгі беретін болған. Ертеде хан немесе ірі сұлтандарға төменгі таптың өкілдері екі қолын кеудесіне қойып, иіліп амандық сұрасқан. Егер ол қайырым ретінде қолын созса, тізерлеп екі қолымен алған. Ал әлеуметтік жағдайы орташа адам қолын кеудесіне қыспай жай иіліп амандасқан. Егер ханды жолай кезіктірсе, жолда өтіп кетуін күтіп, оң қолын кеудесіне қойып, дауыстап сәлемдескен. Оң қолын кеудесіне қою мұсылман халықтарына тән амандасу болып табылады. Дәрежесі тең, алайда бір-біріне таныс емес адамдармен бір қолын беріп, ал таныстарымен екі қолын беріп, сонан соң екі иығын алма кезек тірестіреді. Ал әйелдер болса, бір-бірімен көріскенде қол алыспаған, еш уақытта сүйісіп амандаспаған. Әрине, бұл хандарымыздың кезіндегі құрмет көрсету. Алайда одан беріректе де бұл дәстүр ақжем болған емес. Көпке топырақ шашудан аулақпын, дегенмен «Ассалаумағалейкум» деп бірен-саран ақсақалдарымыз амандаспаса, кейінгі уақытта тіпті оны естуден де қалып бара жатқандаймыз. Ия, бұлайша амандасатын қарт пен жасты көріп жатамыз, алайда бұл көңіл тойдырарлық көріністің үнемі емес екені тайға таңба басқандай айқын. Қырық-елуді алқымдаған кейбір кісілер «Қалың қалай?» деп денсаулық сұраса, ал еліміздің болашағы саналатын жастар «Қалайсың?», «Сәлем!», «Привет» деп шапалақты ұрып, беттерін сүйіп амандасады. Тіпті қыздарымыз еріндерінен сүйіп амандасатын күйге түсті. Сондай-ақ, үлкен кісілерге жастардың бір қолын беріп амандасатыны көңілге кірбің түсіреді. Ертеде қандай болған?! Бозбала мен бойжеткен бір-біріне «Армысыз» деп сәл ғана басын изеген. Ал қазір қалай? Бетінен сүймек түгілі шаш сипауға қыз ұзатуда ғана рұқсатын алатын жастардың қазіргі бет сүйісіп амандасуы сынды тұрпайы жайттар қазағымның данагөй қариялары мен намысшыл ұлдарына, ибалы қыздарына жараспай-ақ тұр.
Сонымен қатар, мектеп я университет сияқты оқу орындарының өзінде білім алушылардың ұстаздарына амандасудан, көзіне көрінуден қашып, байқамағансып айналып өтетіндері де аз емес. Болмаса, оқу орнында ғана сәлемдесіп, тысқа шыққанда танымайтын адамға айналып кететіндері де кездеседі.
Ал бетінен сүймек түгілі, қайынағасының бетіне тіке қарамайтын салтымызды жойылуға апара жатқан қазіргі келіндер қайынене, қайыната, қайынаға, абысын, құда, құдағи, туыс сияқтылармен құшақтасып, болмаса қол беріп, беттен 2-3 рет сүйіп амандасады. Бұл қазақтың ең биік санайтын ұятын аяқ асты етудің нақ өзі емес пе?!
Жалпы қалай амандасқан дұрыс? Дәстүрлі амандасудың да ара жігін ажыратып қарастырайық. «Сәлеметсіз бе?» Бізге бұл амандасу орыс халқынан келген. Өйткені орыс халқы батпақты, ұйықты жерлерде тұрған. Сондықтан да оларда ауру көп тараған. Сол себепті олар «Вздравствуйте» яғни «Саулығыңызды тілеймін» деп амандасқан. Демек, біз айтып жүрген «Сәлеметсіз бе» біздің төл дәстүріміз емес-ті. Ол бір науқас адамға айтылған сөз секілді екенін байқайтын боларсыздар. Ал «ассалаумағалейкум» сөзі бізге арабтардан енген. Өйткені, арабтарда соғыстың көп болуының салдарынан бірін-бірі көргенде «Сізге бейбітшілік тілеймін» – «Ассалаумағалейкум», «уағалейкумәссәләм» деп жауап қайтарған. «Ассәләму’алейкум» сөзі «Алланың шапағаты жаусын» деген мағынаны білдіреді. Біз мұсылман халқы болғандықтан бұл амандасу халқымызда ертеректе қалыптасқан. Ал қазақ халқына келер болсақ, халқымыз ар ойлаған, өте намысшыл, рухты халық. Қазақтар ең алдымен арын бірінші орынға қойған. Сондықтан көріскенде бірінші арын сұраған, «Армысыз» деп амандасқан. Егер сәлемін қабыл алушы арына лайықты қызмет етіп жүрген кісі болса, «Бармыз» деп жауап қатқан. Онан соң «Мал, жан аман ба?», «Есенсіз бе?» деп амандық сұрасқан. Ал келіндеріміз болса ақ босағадан аттап, келін болған сәттен бастап екі қолын айқастырып сәлем салған.
Міне, осындай ғажап, мәні теңіздей терең, өнегеге толы сөздерге селсоқ қарап жүргеніміз өкінішті. Мұхиттың арғы жағында дауыл соқса, екпіні бізге келуі мүмкін. Сондықтан амандасуымызды ретке келтіріп, болашақ ұрпақты дәстүрге шабар жендеттің жебесіндей етпей, ата-баба өнегесін сыйлауға үйреткеніміз жөн деп санаймын. Сәлем – сөздің атасы екенін ұмытпайық.
Ақерке Бекқұлова,
М.Х. Дулати атындағы
Тараз мемлекеттік университеті,
филология факультетінің студенті