Өткен жылдардағы қылмыстарды ашу мәселесі Ішкі істер министрлігінде ерекше бақылауда, деп хабарлайды turkystan.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
2016 жылы Астана қаласында аса ауыр қылмыс – 80 жастағы әйелді өлтіру орын алды. Қылмыскер зейнеткердің үйіне кіріп, оған зорлық-зомбылық көрсеткен. Оны соққыға жыққан және жасаған қылмыс ізін жасыру үшін оқиға орнынан бой тасалаған.
Қылмыс орнын қарау кезінде криминалистер көзге нашар көрнетін биологиялық іздерді тапты. Сол іздерден ДНҚ-код алынды.
Алайда тоғыз жыл бойы қылмыс ашылмай келді. Қылмыскер әділдік пен жазадан қашып жүрді.
Ішкі істер министрлігінің молекулярлық-генетикалық зертханасында бар заманауи технологиялармен ДНҚ-дерекқоры арқасында сәйкестік анықталды. Осылайша, 65 жастағы күдіктінің жеке басы анықталды. Ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыс жасағанын мойындады. Министрлік өткен жылдардағы ауыр және аса ауыр қылмыстарды ашу жұмысын жалғастырады. Криминалистикалық құралдар қылмыскерді қылмыс жасалған уақыттан қанша жыл өтсе де, дәл анықтауға мүмкіндік береді. Осы мысал жазадан қашу мүмкін емес екенін көрсетеді, - деді ІІМ Жедел-криминалистикалық департаментінің бас криминалисі Айнұр Сәрсебаева.