ТӨРТ АЙ ҚОЗҒАУСЫЗ ТҰРҒАН ЦИСТЕРНАЛАР

ТӨРТ АЙ ҚОЗҒАУСЫЗ ТҰРҒАН ЦИСТЕРНАЛАР

ТӨРТ АЙ ҚОЗҒАУСЫЗ ТҰРҒАН ЦИСТЕРНАЛАР
ашық дереккөзі
240

Көктемде Атырау облысына бағыт алған жолаушы пойызы аударылған еді. Жүрдек пойыздың 13 вагоны рельстен ауытқып, жетеуі тіптен аударылып қалған болатын. Жолаушылар пойызының апатқа ұшырау себептері анықталып, зерттеу жұмыстарының нәтижесі жарияланды. 

«Алматы-Атырау» бағытындағы вагон­дардың жолдан ауытқуына жарамсыз темір жол рельстері түрткі болғаны анықталды. Бақылаушы ревизорлар апаттан соң Ақтөбе-Атырау учаскелерін, вагон механизмдерін жіті тексеріп шықты. Апат орын алған Сағыз-Мақат учаскесіне сәуір айын­да жүргізілген жөндеу жұмыстары өте сапасыз жасалған екен. Сағыз-Мақат учаскесіндегі зерттеу жұмыстарының қорытындысы бойынша ауытқу вагонның кесірінен болмаған. Сондай-ақ сот-фоноскопиялық сараптама қорытындысы да машинистің пойызды жедел тоқтату әрекетінің дұрыстығын дәлелдеген. Бұл оқиғаға жауапты екі лауазымды тұлғаның үстінен қылмыстық іс көтерілді. Бас көлік прокуратурасының өкілдері айып тағылған тұлғаларды атады. «Айыпкер ретінде қылмыстық іс бойынша Атырау жол дистанциясы учаскесінің бастығы және іріленген Атырау жол дистанциясы бастығының орынбасарына айып тағылды. ҚР Қылмыстық кодексінің 295-бабы, 1-бөлімімен іс сотқа берілді», – деді ҚР Бас көлік прокуратурасы басқарма бастығының орынбасары Данияр Ізбасаров. 

Мұндай оқиғалардың елімізде жиі кезде­се­тіні жасырын емес. Жүк пойызы рельстен жиі шығып қалса да, адам қазасы тіркелген емес. Сондықтан темір жол рельстерінің сын көтермейтін сапасы ескі жараға айналған. Жөндеу жұмыстары атүсті орындалған теміржолдың басқа да келеңсіздіктері көп. Мәселен, Жамбыл облысының теміржол бекетінде қаңтарылған жүздеген жанармай цистерналары қауіп төндіріп тұр. 

Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданында жарылып кету қаупі бар төрт жүзден астам вагонның тұрғанына төрт ай. Темір жол бекетіндегі мұнай өнімдері тиелген цистерналарды сәуір айында Қырғызстанға заңсыз жолмен өткізбекші болған жерінен тәркілеген болатын. Тіркемелердегі мұнай өнімдерінің жалпы құны – 1 миллиард 600 миллион теңгені құрайды. Ресей Федерациясынан шыққан тауар Қазақстан шекарасын аса алмаған. Жыл басында қабылданған Үкімет қаулысына сәйкес, Қырғызстанға мұнай өнімдерін тасымалдауға тыйым салынған. Өйткені олар Кедендік одаққа кірмейді. 428 цистерна жақын жердегі үш бекетке бөлініп қойылған. Оны 2 күзетші қатаң бақылап отыр. Вагондардың екі жүзден астамында тез тұтанғыш жанармай болса, өзгесіне дизельді керосин тиелген. Бұл тауардың иесі қазақстандық 10 мұнай компаниясы. Кедендік кедергіге тап болған вагондардың не ары, не бері жөнелтілетіні белгісіз. Осындай белгісіз күйде тұрғанына төрт ай.

Содан бері тіркемелер ешқайда әкетіл­ме­ген. Ал шілденің аптап ыстығы мұнай өнім­дерінің жарылуына әкеп соқтыруы мүм­кін деп қауіптенуде жергілікті тұрғындар. Мамандардың айтуынша, Луговой станциясын түгел жарып жіберуге қауқарлы. Темір жол бекетінің бойындағы тұрғындар да күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылған. 

Жамбыл облысы бойынша кедендік бақылау департаментінің бөлім басшысы Құдайберген Рысдаулет: «Декларация дұрыс толтырылмаған. Егер ол Ресейден Қырғыз Рес­публикасына асатын тауар болса, транзиттік декларация толтырылуы керек болатын. Бұлар транзиттік емес, бұлар жөнелтуші Ресей Федерациясы, ал жеткізілім орны Қазақстан деп көрсетілген. Қазіргі уақытта іс Қаржы полициясына өткізілді», – дейді. 

Төрт ай бойы тобықтай түйінді күткен вагондардың тағдыры енді ғана қаралып жатса керек. Ал маңайдағы халықта зәре жоқ.

Ақниет Бейімбетқызы

Серіктес жаңалықтары