ТАУЛЫ ҚАРАБАҚТА ТАҒЫ ОҚ АТЫЛДЫ

ТАУЛЫ ҚАРАБАҚТА ТАҒЫ ОҚ АТЫЛДЫ

ТАУЛЫ ҚАРАБАҚТА ТАҒЫ ОҚ АТЫЛДЫ
ашық дереккөзі
223

Шілденің соңғы жұлдызында Армения әскері Әзірбайжан шекарасына басып кірді. Әзірбайжан әскері дер кезінде тойтарыс берсе де, оққа ұшқан сарбаздар саны көп. 2 армян, 13 әзірбайжан сарбазы қаза болды. 

ВВС таратқан мәліметке сүйенсек, бірінші болып оқ жаудырып, тәуелсіз мемлекеттің территориясына басып кірген – армян әскері. Армения бір тәулік ішінде Қарабақ қақтығысы аймағында атысты тоқтату келісімін 161 рет бұзды дейді Әзірбайжан Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі. Ал Армения ақпарат құралдары атысты Әзірбайжан әскері бастағанын жаппай таратуда. Қайтсе де оқ жаудырылған Агдам мен Тертер аудандарының тыныштығы бұзылды, ал бұл аудандардың басым бөлігі мойындалмаған Таулы Қарабақ рес­публикасынан басқарылады. 

Таулы Қарабақ республикасы төңі­регіндегі дау бітімге келмейтіндей көрі­неді. Себебі, екі ел арасындағы бейбіт келісім талай бұзылып, шекара күзеткен сарбаздардың талайы оққа ұшты. Бұл аудан кезінде Әзірбайжан территориясынан күштеп тартып алынған. 1990 жылдары Таулы Қарабақты армян сепаратистері Ереванның қолдауымен Әзірбайжаннан бөліп алған. Алайда әлемнің бір де бір елі Таулы Қарабақтың тәуелсіздігін мойындаған емес. Осыдан кейін басталған қарулы жанжал 1994 жылғы 12 мамырға дейін татуласу туралы келісім күшіне енгенше жалғасты. Соның нәтижесінде Әзірбайжан Таулы Қарабақты және оның маңындағы жеті ауданын бақылаудан шығарып алды. 1992 жылдан бері ЕҚЫҰ Минск тобының ауқымында жанжалды бейбіт реттеу жөнінде келіссөздер жүргізілуде. Көршілес мемлекеттердің қырғиқабақ қатынасы 20 жылдан бері біржақты шешімін тапқан жоқ. Бейбіт келіссөздер жасалғанымен, шекара сарбаздары қашан да сақ. Мәселен, былтыр Әзірбайжан мен Армения президенттері келіссөздерді жандандыру үшін жеке кездесуге уағдаласқан болатын. 

Бұл жолы майданға ауыр артиллерия жасақталды. Жалпы, Әзірбайжанның бұл бітіспес соғысқа дайындығы жоғары. Себебі, Баку қорғанысқа 3 миллиард доллардың үстінде қаржы жұмсап келеді. Бұл қаржы Арменияның мемлекеттік бюджетінен көп сома. 


ЕҚЫҰ бірлікке шақырады


ЕҚЫҰ төрағасы Дидье Буркхальтер, арнайы құрылған Минск тобының мүшелері Игорь Попов, Джеймс Уорлик және Жак Фор Таулы Қарабақ аймағындағы соғыс өртінің өршуіне алаңдаушылық білдірді. Тараптарды бейбіт келісімге шақырып: «ЕҚЫҰ төрағасы және Минск тобының мүшелері Армения мен Әзірбайжан президенттеріне шиеленісті тарқату мақсатында шұғыл шаралар алу жөнінде өтініш жасады, сондай-ақ атысты тоқтату туралы келісімді құрметтеуге шақырды» делінген мәлімдемеде. 

Әзірбайжанның бұл соғысқа дайын болғаны анық. Өйткені шекара аумағы қатаң бақыланады және жыл сайын қажетті қару-жарақтар жеткізіліп тұрады. Бірақ Агдам мен Тертер аудандары халқының басым көпшілігі – армяндар. Осы аптаның аяғында, тамыздың 8-9-ы күндері екі елдің президенттері Серж Саргсян мен Ильхом Әлиев Сочиде кездеседі. 

Палестина мен Израиль арасындағы соғыстың тура осы қарқында келе жат­қанына неше жыл. Көрші мемлекеттердің қақтығысы құрбандар санын арттыруда. Соғыстың Украина жағдайынан кейін іле-шала өріс алуы батыс сарапшыларының назарын өзіне аударды. Армения елінің Еуразиялық одаққа мүше болуды қарас­тырып жатқаны баршаға мәлім. Яғни Ресейдің Кавказдағы жалғыз одақтасы, Еуропаға жақын жолы. Арменияның арқа сүйері – Ресей болғандықтан, соғыс қаупінен қорықпайды дейді әлемдік сарапшылар. Жалпы, бұл жерде де іске Ресейдің араласқаны анық байқалатын сияқты. Тағы бір сарапшылар тобының пікірі мүлде басқа. Олардың пайымдауын­ша, Әзірбайжанды айтақтаған Батыс елдері. ТМД елдеріндегі тыныштықты бұзу арқылы Ресейді тығырыққа тіремек. 


Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары