АУЫЛ СПОРТЫН ДАМЫТПАЙ, АЛҒА БАСПАЙМЫЗ

АУЫЛ СПОРТЫН ДАМЫТПАЙ, АЛҒА БАСПАЙМЫЗ

АУЫЛ СПОРТЫН  ДАМЫТПАЙ,  АЛҒА БАСПАЙМЫЗ
ашық дереккөзі
324

Қазақ спортында өзiндiк қолтаңбасы бар даңқты азаматтардың бiрi – Жақсылық Үшкемпiров. Мәскеу Олимпиадасы мен Әлем Кубогiнiң жеңiмпазы әрi әлем чемпионы атанған қазақтың батыр ұлын бүкiл ел құрметтейдi, мақтан етедi. Атағы әлемге жайылған Жақсылық ағамыз өткен жылы Оңтүстік Қазақстанға келген еді. Күнгейдің күні жүзін сәл тотықтырған палуан қашанғысындай көпшіл, әңгімеге аса шебер. Әсіресе, қазақ спорты туралы, қазақ ауылдарындағы балаларды спортқа тарту жөнінде талмай айтуға даяр. Сол сапарында грек-рим күресiнiң тарланымен сұхбаттасудың сәтi түсiп едi.

– Өзiңiздi күрес додалары­нан жиi көремiз. Телеарна, ба­сылымдарға да жиi пiкiр бiлдiрiп жүрсiз. Яғни спорттың маңайынан ұзаған жоқсыз. Дегенмен, қазiр нақты немен айналысып жүрсiз? Қандай қызмет атқарасыз?

– 1984 жылы Әлем Кубогiн ұтып алған соң үлкен спортпен қоштастым. Бүкiл он бес республиканың балуандары мен бапкерлерi арнайы кеш өткiзiп, менi марапаттап шығарып салды. Одан кейiн ел басшысы Дiнмұхамед Қонаев ағамыз қабылдап, Алматыдан күрес мектебiн ашып бердi. Сол спорт мекемесiн жетi жылдай басқардым. Бiзде 6000 бала, 100-ден аса бапкер болды. Мектебiмiзден талай саңлақтар өсiп шықты. Олардың арасында Дәулет Тұрлыханов, Бақтияр Байсейiтов сынды азаматтар да болды. Елiмiз тәуелсiздiк алған 90-шы жылдары Елбасының «сырттағы қазақтарды көтерейiк» деген тапсырмасынан соң, Аманжол Бұғыбаев аға екеумiз Үрiмшi қаласына барып, келiсiмшартпен екi жарым жылдай жұмыс iстедiк. Мен грек-рим, ал ол кiсi еркiн күрестен сол елдегi қазақ жастарын жаттықтырдық. Бiзден тәлiм алған қандастарымыздың арасынан Қытайдың ғана емес, Азия бiрiншiлiгiнiң жүлдегерлерi де шықты. Қытайдан 1993 жылы қайтып келiп, жеке кәсiпкерлiкке көштiм. Дәлiрек айтсам, мал шаруашылығын қолға алдым. Өйткенi менiң мамандығым – зоотехник. Осы сала бойынша жоғары бiлiмiм бар. Содан берi өзiмнiң жеке шаруа қожалығымның iсiн дөңгелетiп келе жатырмын. Әрине, ара-арасында Спорт агенттiгi төрағасының кеңесшiсi болып та қызмет атқардым. Обалы не керек, спорттың тiзгiнiн ұстаған азаматтар үнемi қызмет ұсынып, ақыл-кеңесiмдi сұрап жүредi. Қазiр де спортшылармен тығыз байланыс­тамын. 2000 жылдары Алматы облысы, Балқаш ауданында жеке шаруа қожалығын ашып, алдымен ешкi малын, одан кейiн iрi қараны көбейтудi қолға алдым. Мал тұқымын асылдандыру iсiн жолға қойдым. Ал 2007 жылы Алматы облысының әкiмi Серiк Үмбетовтiң ықпалымен маған Жамбыл ауданы, Мыңбаев ауылынан жер берiлдi. Жергiлiктi билiк шаруа қожалығының кеңсесiн әдемі етiп соғып, гаражын, астық қоймасын салып бердi. Қазiргi уақытта сол ата-бабамнан қалған кәсiп – мал шаруашылығымен айналысып жүрмiн. Бұл да оңай шаруа емес. Машақаты да жетiп артылады.

– Лондон Олимпиадасындағы ға­ламат жеңiстен кейiн көп­шi­лi­гiмiз «Қазақстанның спорты қарыштап дамыған» деген пi­кiрдi жиi айтатын болдық. Ал сiздiң ойыңызша, бiзде спортпен айналысуға толық жағдай жа­салған ба? Спорт саласының көзi қарақты маманы ретiнде ең басты кемшiлiк не деп ойлайсыз?

– Басты кемшiлiгiмiз – ауыл спортын нашарлатып алдық. Шалғайда жатқан елдi мекендерде спорт мектептерi жоқ. Одақ тұсында әрбiр ауданда спорт үйiрмелерi, интернаттары болды. Түрлi спартакиадалар, аулааралық, мектепаралық, ауыларалық са­йыстар өтiп тұратын. Осы үрдiстi жалғастырған жөн. Әр ауылдан болмаса да, аудан орталықтарында сол өңiрдегi елдiң ыңғайына қарай спорт мектептерiн ашу керек. Мәселен, кейбiр облыстарда күрес, бокс, одан өзге де жекпе-жек спорт түрлерiн дамытсақ, қарлы облыстарда қысқы спортқа көңiл бөлген дұрыс. Ал кей аймақтарда су спорты, жеңiл атлетиканы дамытайық. Қысқасы, тек облыс орталықтарына қаржыны үйiп-төгудi доғарып, ауыл-аймақтарда да спорт интернаттары мен мектеп нысандарын салу қажет. Мықты азаматтардың бәрi ауылдан шыққан. Ауыл спортын дамытпай, ел спортын өркендете алмаймыз. 

– Тәуелсiздiк алған соң грек-рим және еркiн күрестен бiр де бiр қазақ баласы Олимпиада ойындарының алтынын ала алмады. Бақтияр Байсейiтовтен кейiн әлем чемпионы да шықпады. Бiздiң күрес мектебiмiз әлсiз бе, әлде спортшыларға жағдай жасалмаған ба?

– Спортшылардың алаңсыз жаттығуына, жарыстарға баруына қаржы бөлiнген. Олар тиiстi жалақыларын алып тұрады. Яғни мемлекет балуандарымызға қолдан келген мүмкiндiктiң бәрiн жасауда. Бiрақ алтын жүлде бұйырмай-ақ қойды. Бұл мәселе бәрiмiздiң қабырғамызға батады. Жiгiттерге бiрде бап, бiрде бақ жетiспей жатады. Iзбасарларыма айтарым, ақыры спортқа келген екенсiң, оны аяғына дейiн жеткiзу керек. Алтын медаль алғанша жаттығуды күшейткен жөн. Сонда ғана үлкен жеңiстер келедi. Қазiр де елiмiзде мықты балуандар жетерлiк. Жуырда Үндiстанда Нұрмахан Тыналиев бауырымыз Азия чемпионы атанды. Ұлттық құрамамыз 21 команданың iшiнде үшiншi орынға тұрақтады. Бұл жаман нәтиже емес. Жекпе-жек деген өте қиын ғой. Оңай жеңiс жоқ. Жiгiттердiң алар асуы алда деп есептеймiн. Негiзi Қазақстанның күрес мектебi өте мықты. Бұрын елiмiзден Резанцев, Назаренко, Быков, Серiков сынды азаматтар шыққан. КСРО көлемiндегi барлық додаларда бiздiң жiгiттер мықтылық танытатын. Ол кезде Қазақстан дегенде он бес одақтас елдiң балуандарының тiзелерi дiрiлдейтiн. 1975 жылы өткен спартакиадада командалық есепте бiз бiрiншi, Ресей екiншi орын алған. Мұндай мысалдар көп. Оңтүстiк Қазақстаннан да небiр мықты балуандар шыққан. Әсiресе, Мардан Сапарбаевтың шәкiрттерi өте күштi болды. Жалпы, Мәкең сияқты қарапайым спортшыдан профессор дәрежесiне дейiн көтерiлiп, оқу орнын басқарған қайраткерлер өте аз. Шымкенттiк Бисолт Дециев төрт рет Әлем Кубогiн ұтып алды. Айтпағым, елiмiздiң барлық өңiрлерiнде күрес түрлерiне деген құрмет жоғары. Бiлiктi бапкерлер де, спортшылар да бар.

– Өз уақытында дұрыс баға­лан­бай кеткен саңлақтың бiрi – өзi­ңiз­дiң бауырыңыз Шәмiл Серiков. Бұл балуан ұлттық құрамадан неге шеттетiлдi? Нелiктен оған би­лiк қатал болды? Ол қандай азамат едi?

– Шәмiл дегенiң бiртуар мықты жiгiт қой. Ұлттық құрама сапында Шәмiлмен талай жыл бiрге жүрдiк. Бiр залда жаттығып, бiр-бiрiмiздiң жеңiсiмiзге қуандық. Өкiнiштiсi, ол күреске жылдам келiп, жылдам кеттi. Өте мықты азамат едi. Екi дүркiн әлем чемпионы атанды. Мәскеу Олимпиадасында да алтын медальдi жеңiп алды. Ол классикалық күрестiң жарық жұлдызы болды. Олимпиада ойындарында қарсыластарының бәрiнiң жауырынын жерге тигiзiп, таза жеңдi. Мысалы, мен қарсыласыммен көбiне 9 минут бойы күресiп, ұпай санымен ұтатынмын. Ал, Шәмiл кез келген балуанды бәсекенiң соңына дейiн жеткiзбей айқын басымдылықпен жеңетiн. КСРО-ның ғана емес, әлемнiң ең мықты спортшыларының бiрi болды. 1981 жылы Орталық комсомол комитетiнiң ұйымдастыруымен Олимпиада жеңiмпаздары сонау солтүстiк-шығыстағы табиғаты қатал Салехард деген жерге барып, еңбекшiлермен жүздестiк. Бiрақ сол кездесуге Шәмiл «үйiмдi жөңдеймiн» деп бармай қалды. Мен оған: «Бұл – саясат, егер бармасаң, зияны тиюi мүмкiн», – деп үгiттегенiммен шаршағанын айтып, барудан бас тартты. Ол кезде Шәмiл ғана емес, бiз де шаршаңқы едiк. Жарыстан жарыс, жаттығудан жаттығу. Тiптi, 31 жасқа толған туған күнiмдi командалас достарыммен бiрге ұшақта атап өтуге тура келдi. Сонымен ауа райы қатал өңiрде бiрнеше күн жүрдiк. Мамандардың қалың қардың астынан жердi қазып, мұнай құбырларын жүргiзiп жатқан сәтiн көрдiк. Осы сапарымыздан кейiн Сочиде КСРО құрамасының оқу-жаттығу жиыны өттi. Оған жүздеген балуан қатыстық. Сол жиында бас бапкер Геннадий Сапунов дүйiм жұрттың алдында «Үкiметке мойынсұнбай, тәртiпсiздiк көрсеткенi үшiн Шәмiл Серiков құрама сапынан шығарылды» деп мәлiмдедi. Осылайша, бауырымыздың спорттағы жолы жабылды.

– Қазiргi көзқараспен қарасақ түк­ке тұрмайтын iс үшiн құра­ма­дан шеттетiлген екен ғой. Сонда жоғарыдағылар батырдың бiр ерке­лiгiн көтере алмағаны ма?

– Иә, солай. Шынында да, болмай­тын жерден сүрiндi. Дұрысы, сүрiндiрдi. Өйткенi бұрын бәсе­келе­стiк өте жоғары болатын. Әр салмақта бiр-бiрiнен қалыспайтын 5-6 спортшы бар. Олардың қай-қайсысын олимпиадаға апарсаң да жүлде алуға шамасы келетiн жiгiттер. Сәл мүлт кетсең, құрама сапындағы орныңнан айрыласың. Тiптi, талантты Шәмiлдiң өзiн аямады олар. Ал, қазiр бiздiң жiгiттерге жеңiл ғой. Бiр кездесуге келмей қалмақ түгiлi, жеңiлiп қалса да қайтадан құрамаға қабылдана бередi. Өйткенi бұрынғыдай бәсекелестiк жоғары емес.

– Кезiнде Шәмiл балуанның өлiмi туралы да түрлi қауесеттер айтылып жүрдi. Оның ұлты туралы да сан алуан пiкiрлер бар.

– Шәмiл – қазақ. Әкесi қазақ, Атырау жақтың тумасы, анасы татар. Өзi балалар үйiнде өстi. Қазақ тiлiне шорқақ едi. Сондықтан оны кей ағайындар қазағым деп бауырына тартпады. Жарыстарда, оқу-жаттығу жиындарында көбiнесе Шәмiл екеумiз бiр бөлмеде тұратынбыз. Өйткенi отан­даспыз, мұсылманбыз. Екеумiз де қазақпыз. Өте намысқой жiгiт едi. Ешкiмге есесiн жiбермейтiн. Бiрақ әлгi оқиғадан кейiн оны ешкiм жұмысқа қабылдамай қойды. Себебi, басшылардың көбi жоғарыдан қысым көрсетiле ме деп қорықты. Бiрақ мен оны өзiм басқаратын спорт мектебiне бапкер етiп жұмысқа алдым. Жұмысын ойдағыдай атқарып жүрдi. Дегенмен, бұрынғыдай жалақы алмағаны, орта жолдан саясаттың кесiрiнен бағы байланғаны өзiне де, отбасына да батып жүрдi. Оның үстiне бiраз адамға өкпесi бар. Осы жайлар әсер еткен болуы керек, iшiмдiк iшетiн болды. Соның салдарынан отбасында да аздап түсiнбеушiлiктер орын алып тұрды. Әлемде ешбiр балуанға дес бермеген Шәмiлдiң жүрегi екi жақты қыспаққа төтеп бере алмады. Қиянат мойнына тұзақ салғызды. Ақыры белгiлi, жалындаған жас шағында Шәмiлiмiз еш ауырмай, сырқамай о дүниеге кете барды. Ол кезде Алматыда жарыс өткiзiп жатқанбыз. Қонақтарды әуежайдан күтiп алып, оларды қонақүйлерге орналастыру секiлдi жұмыстармен әуре болып жүргенiмiзде суық хабарды естiп есеңгiреп қалдық. Төбемiзден жай түскендей болды. Кейде Шәмiл тарихта өзiне лайықты бағасын ала алмай кеттi-ау деп ойланамын. Қазiр жыл сайын Шәмiл Серiков атындағы күрес турнирi өткiзiледi. Оған өзiм үнемi барамын.

– Балуандарымыз жауапты­ сындарға аттанар алдында оларды қонақ етiп, ет асып, қы­мыз бередi екенсiз. Жiгiттер де «Жақсылық ағамыздың соғымы қашан келедi?» деп елеңдейтiн жағдайға жетiптi…

– Бұрын Алматыдағы таулы аймақтарда оқу-жаттығу жиынында жүргенiмiзде бiр кiсiлер бiзге қазы-қарта, ет, қымыз әкелiп беретiн. Құрт-iрiмшiктерiн де талай жедiк. Бiр қызығы, оларды танымайтынбыз. Балуандарды тамақтандыру солардың мiндетi шығар деп рахмет айтып, әкелген тағамдарын тойып iшiп-жеп алатынбыз. Кейiн ойлап қарасам, олар күрестi жақсы көретiн азаматтар екен ғой. Осындай кiсiлердiң дархандығы, жомарттығы маған ой салды. Қазiр мен де балуандардың басын қосып, дастархан жаюды әдетке айналдырдым. Оларға «бұрын бiзге де бiр азаматтар осылай жақсылық жасаған» деп айтып отырамын. Құдайға шүкiр, мал бар, қымыз бар. Өзiме тиесiлi малды соям десем де, кiмге берем десем де өзiм бiлем ғой. Үлкен жарыстардың алдында балуан iнiлерiмдi шақырып немесе өзiм барып, қымыз, шұбат, етпен сыйлап тұрамын. Бiр жағынан өзiмнiң iзбасарларыммен емен-жарқын әңгiмелесемiн, ақыл-кеңесiмдi айтамын. Әрi жастық шағымды еске түсiрiп, серпiлiп қаламын.

– Олимпиада чемпионы атан­ға­ны­ңызда Үкiмет сiзге қанд­ай сыйлық бердi? Жалпы, Олимпиа­да­ға кеш бар­ға­ныңызға өкiнбейсiз бе?

– Рас, кезiнде талай кедергiлерге де тап болдық. Оған өкпелеуге болмайды. Өйткенi халықаралық жарыстарға он бес елдiң iшiнен бiр-ақ балуан баруы тиiс. Мәселен, Ресейдiң халқы 150 миллион. Оның үстiне билеушi ұлт әрқашан өз қандастарына қарай тартады. Ол – заңдылық. Мысалы, мен де өзге ұлт өкiлiнен гөрi қазақ баласының жеңiске жеткенiн қалаймын ғой. Сондықтан, әрине, көбiнесе ресей­лiктер құрамаға қабылданды. Дегенмен, шын мықтыға тұсау жоқ. Ол түбiнде жеңiп шығады. Өз басым Олимпиада чемпионы атанып, қазақтың атын шығарғанымды Алланың сыйы деп бiлемiн.

Мәскеуден оралған соң маған 5000 рубль бердi. Ол 7000 АҚШ долларына шамалас сома. Одан кейiн су жаңа «Волга» автокөлiгiн кезектен тыс иеленуге мүмкiндiк туды. Бiрақ «темiр тұлпарды» жаңағы сыйақыға берiлген өз ақшамызға сатып алдық. Соған қатты қуанғанбыз. Әрине, қазiр жағдай өзгеше. Олимпиада чемпионына 250 мың АҚШ доллары, одан қалса қымбат автокөлiк, пәтер берiледi. Әр облыс әкiмi мен федерациялардың сыйақылары да бар. Ол – дұрыс. Мұның бәрi тәуелсiздiктiң арқасы.

– Дегенмен, кейбiр жаттықтыру­шы­ларымыз осы қаражат арқылы шетелден балуан шақыруды құп көредi. Мәселен, Лондон олимпиа­дасында Даниял Гаджиев бiздiң елдiң атынан шықты. Бұл үрдiске қалай қарайсыз?

– Мемлекетiмiздiң атын шығару үшiн ол да керек шығар. Гаджиев болмағанда грек-рим күресiнен бiрде-бiр жүлде алмайтын едiк. Жеңiстi дәстүрi бар қазақ күрес мектебi үшiн бұл ұят қой. Қайта бiздiң жiгiттер намыстанып, Қазақстан чемпионатында сол Гаджиевтi ұтып, олимпиадаға өзi баруы керек едi. Неге жеңбейдi оны? Намыс қайда? Мен iнiлерiмнiң орнында болсам боз кiлемде өлiп кетсем де әлгi легионердi жеңiп, сол салмақта көшбасшы болар едiм. Балуандарымызға жiгер, қайсарлық жетiспей тұр. Әрине, сырттан спортшы шақырғанша, өзiмiздiң қазақ жiгiттерiнiң жеңiсiн көргенге не жетсiн!

– Күрес түрлерiн 2020 жыл­ғы Олим­пиада ойындары бағдарла­ма­­сынан алып тастау туралы бас­та­ма көтерiлдi. Бұған не себеп?

– Мен бұл шешiмге қарсы екенiмдi талай жерде айтып жүрмiн. Елiмiздегi көптеген сайыстарда бұған қарсылығымызды бiлдiрiп, акциялар өткiздiк. Басты себеп – соңғы жылдары күрес өте қызықсыз спорт түрiне айналып кеттi. Ереже өте нашар. Оны ел де бiледi. Балуандар үш кезең бойы әдемi әдiс жасаудың орнына бiр-бiрiмен тiресiп, уақыт өткiзудi әдетке айналдырып алды. Нәтижесiнде күрестiң басына қара бұлт төндi. Дүниежүзiлiк күрес қауымдастығына жаңа басшы келгелi ережеге өзгерiстер енгiзiлiп, күрес баяғы қалпына келе бастады. Балуандар үш-үш минуттан екi кезең бойы күреседi. Бiрiншi кезеңдегi ұпай жойылмайды. Осы және өзге де өзгерiстердiң арқасында соңғы турнирлер өте қызықты әрi тартысты өтуде. Күрес олимпиада ойындарындағы өз орнын сақтап қалады деп сенемiн.

– Спорттағы жетiстiктерiңiз, пiкiр­­лерiңiз – жастарға үлгi. Қазақ­тың намысты бiр азаматы ретiнде сiз­­дi қоғамдағы қандай мәселе алаң­­да­тады?

– Мен азамат ретiнде Кедендiк одақ, одан қалса, Еуразиялық одақ деген бастамалардан сескенемiн. Тәуелсiздiк алған соң несiне сол көр­шi елге жақындай беремiз? Әрине, саясаткер болмағандықтан бiраз нәрсенi түсiнбеуiм мүмкiн. Бәлкiм, тиiм­дi тұстары да көп шығар. Ең бас­тысы – тәуелсiздiгiмiздi, елдiгiмiздi қызғыштай қорғауымыз керек. Бабаларымыз «Ортақ өгiзден оңаша бұзау артық» деген сөздi тегiн айтпаған. Дiни секталардың көбейiп кеткенi туралы да естiп жүрмiн. Негiзi дiн – адамдарды iзгiлiкке шақыратын дүние ғой. Жуырда Мекке-Мәдинаға барып келдiм. Жақсы әсер алдым. Құдайға шүкiр, қазiр жастар жағы бабаларымыз ұстанған ислам дiнiне бет бұруда. Тойлар арақ-шарапсыз өткiзiлiп жүр. Осы жағы қуантады. Бұрын қазақтар арақ iшпеген. Орыс­тан үйренген жаман әдет қой бұл. Арақ iшпесең, қызметте көтерiле алмайтын кезеңдер де болған. Қазiр қоғам бұл жағымсыз қылықтан арылып келе жатқандай. Байтақ даламызды қорғау үшiн қазаққа көбею керек. Иманды, намысты ұрпақ тәрбиелесек қана елдiгiмiз мәңгi болады.

– Бүгiнде мемлекеттiк тiлдi мең­гер­меген отандастарымыз же­тер­лiк. Бұл отаршылдық санадан арыл­­ма­ғ­анымыз ба, әлде азаттық ұғы­мын бас­қаша қабылдағанымыз ба? «Қазақ мем­лекетi» атану үшiн ең бiрiншi қай iстi қолға алу керек?

– Шыны керек, тәуелсiздiктiң қадiрiн түсiнбейтiндер баршылық. Ұлттық мүдде, намыс, отаншылдық деген қасиеттi сезiмдер кейбiр қандастарымыздың бойында жоқ секiлдi. Мәселен, оңтүстiк облыс­тарда жұрт қазақша сөйлейдi, салт-дәстүрлерiмiз де сақталған. Ал шығыс, солтүстiк облыстардағы кейбiр өңiрлерде өзге диаспоралардан бөлек, орысша сөйлейтiн қандастарымыз да көп. Олардың көпшiлiгi Ресейдiң басылымдарын оқып, сол елдiң телеарналарын тамашалайды. Елбасы Астананы «Орталық пен солтүстiкте қазақтар көбейсе екен, салт-дәстүрiмiз сақталып, үстемдiк құрса екен» деп ауыстырды ғой. Бұл дұрыс саяси шешiм болды. Қазақ тiлiнде сөйлесек қана тәуелсiздiгiмiз тұғырлы болады. Әрине, менiң жасымдағы кiсiлер ендi тiл үйрене алмауы мүмкiн. Сондықтан мемлекеттiк тiлдiң мәртебесiн жастар арқылы көтерейiк. Ол үшiн ең алдымен барлық облыстарда қазақ мектептерiн көбейту керек. Өйткенi бала қай тiлде бiлiм алса, сол ұлттың мүддесi үшiн қызмет етедi. Ұлтжандылықты балаларымыздың бойына балабақшадан бастап сiңiре берген жөн. Сонда ғана ел боламыз. Мысалы, Жапонияда балалар он жасқа келгенше тек өз тiлiнде сөйлеп, бiлiм алады. Жапон тiлiн толық меңгерген соң ғана, есейгенде шет тiлдерiн меңгередi екен. Бiз неге сол елден үлгi алмаймыз?

– Ал өз ұлдарыңыз, немере­ле­рiңiз қай тiлде бiлiм алды? Олардың арасында жолыңызды қуғандары бар ма?

– Әрине, қазақ тiлiнде. Олардың бәрiн қазақ мектептерiне бердiм. Өзiм ұлттық намыс туралы айтып тұрғаныммен, ұрпағым қазақша бiлмесе менiң кiм болғаным? Қазiр немерелерiм әлi кiшкентай. Үлкенi 13 жаста, дзюдоға қатысып жүр.

– Шетелдерде өзiңiз сияқты ел­ге танымал спортшылар би­лiкке барып, саясатта бағын сынап жүр. Депутат болу ойыңызда жоқ па?

– Маған оның керегi жоқ. Кезiн­де Елбасыны қолдау жөнiндегi штаб құрамында болдым. Сол кезде маған «тiзiмде сiз де барсыз, депутат болыңыз» деп ұсыныс айтылды. Одан бұрын да, кейiн де мұндай ұсыныстар болған. Бiрақ бас тарттым. Астанада отырғанда жұртқа пайдам тие ме? Депутат болмай-ақ елге қызмет еткiм келдi. Бiр жағынан, менiң жеке жұмыстарым көп. Қоластымда 80-нен астам қызметкерiм бар. Оларға еңбекақыларын уақтылы тауып беруiм керек. Ауылға достарымның көмегiмен газ кiргiздiк. Қазiр мал тұқымын асылдандырумен шұғылданудамыз. Негiзiнен еттi бағыттағы қазақтың ақбас сиыры, әулиекөл деген тұқымдарын өсiрудемiз. Қазiр «Жақсылық» шаруа қожалығында 3,5 мыңдай iрi қара, жабы тұқымды 1500 жылқы бар. Ұсақ мал мен түйе де өсiремiз. Айтуға оңай болғанымен мал өсiрiп, оны көбейту қиын. Қыста қыстауға, жазда жайлауға көшемiз.

– Елiмiзге шетелден асыл тұқымды мал әкелу үрдiсi белең алып барады. Осы бастамаға көзқарасыңыз қалай?

– Мен бiраз уақыт бұрын банк­тен он жылға 320 млн. теңге несие алдым. Ол ақшаға Семейден 500 ақбас сиыр, Алматы облысынан 500 бас әулиекөл сиы­рын сатып әкелдiм. Қазiр осы iрi қаралардан төл алып жатырмын. Басында маған «5 мың АҚШ долларына шетелдiң асыл тұқымды сиырын алыңыз» деп ұсыныс айтқандар болды. Алмадым. Бiрiншiден, шетелдiк iрi қаралар бiздiң өлкенiң ауа райына бейiмделе ала ма? Екiншiден, оларды бiр жәндiк шағып, белгiсiз ауру тараса не iстеймiн? Ал өзiмiздiң жергiлiктi сиырлардың ауруларын жақсы бiлемiн. Сондықтан өз басым шетелден мал тасымалдауды құптамаймын.

– Қайда жүрсеңiз де, кiммен сөй­лессеңiз де осы ақжарқын қал­пыңыздан танбайсыз. Осы қа­ра­пайымдылығыңыздың сыры неде?

– Қарапайымдылық – менiң табиғатым. Спортшылар жаста­йынан жеңiске жетсе, «жұлдыз ауруына» ұшырап жатады. Албырттықпен оны өздерi де байқамай қалуы мүмкiн. Дегенмен, бәрi орнына келедi. Өз еңбегiм мен халқымның ақ тiлегiнiң арқасында Жақсылық атандым. Сондықтан қарапайым болғаным дұрыс қой. Малшымен малшы, спортшымен спортшы, жанкүйермен жанкүйер ретiнде сөйлесемiн. Елбасымен пiкiрлескенiмде осы қалпымнан танғаным жоқ. Оның үстiне газеттердi үзбей оқимын, телеарналарға сұхбат беремiн. Бәлкiм, көпшiлiкпен араласатындықтан тез тiл табысатын болармын.

– Оңтүстік ежелден тарихи мекен. Өңірімізге жиі келесіз бе?

– Бұл жолы Оңтүстiк өңiрiне екi мақсатпен келдiм. Бiрi Мардан Сапарбаевтың турнирi болса, екiншiсi – осындағы азаматтар арнайы шақырып, менi «Қазығұрт – Алтын қазық» сыйлығымен марапаттады. Қазығұрт ауданындағы қасиеттi жерлердi аралап, бабалар рухына тәу еттiк. Осындағы ел-жұртқа, облыс әкiмдiгiне рахмет. Ел азаматтарына ризамын. Құтты өңiр ғой бұл. Он бiр миллионыншы қазақтың Қазығұрт ауданынан шыққанында да бiр қасиет бар шығар. Бауырларымыз көбейiп, ел өсiп-өнсiн. Оңтүстiк Қазақстан облысынан мықты спортшылар, намысты азаматтар шыға берсiн. Балуандарымызға келсек, қазiр құрама сапында Нұрмахан Тыналиев, Алмат Кебiсбаев бастаған мықты жiгiттер бар. Солар талмай жаттығып, Рио-де Жанейро олимпиадасында топ жарса екен деймiн. Мен де грек-рим күресiнен қазақтан шыққан бiр Олимпиада чемпионын көруiм керек қой!

– Әңгiмеңiзге рахмет! Алаштың ұлдары әрқашан абырой биiгiнен көрiне берсiн!

Сұхбаттасқан 

Ғабит САПАРБЕКОВ

Серіктес жаңалықтары