ОРАЛМАННЫҢ АЙЫ ОҢЫНАН ТУСА ЕГЕР...

ОРАЛМАННЫҢ АЙЫ ОҢЫНАН ТУСА ЕГЕР...

ОРАЛМАННЫҢ АЙЫ  ОҢЫНАН ТУСА ЕГЕР...
ашық дереккөзі
403

ҚазТАГ  Жанболат Мамышевтің «Как нам обустроить Северный Казахстан» атты мақаласын жариялады. Мақаладағы деректерге сүйенсек, соңғы жылдары солтүстіктің тұрғындары біршама азайып кеткен. Ол келтірген инфографикаға зер салсақ, Солтүстік-Қазақстан облысының тұрғындары соңғы он жылда 100 мыңнан астам адамға, 1999 жылдан 152 мың адамға азайған.

Егер, Қазақстан халқы осы жылдар аралығында – 14,95 миллионнан 17,28 миллионға өскендігін ескерсек, бұл дабыл қағуға тұрарлық жағдай. Қазақстанның өзге солтүстік облыстарындағы адам санының өсуі де тым қуантарлық емес. Дегенмен, ондағы жан саны бір қалыпты деңгейде тұр. Не азаймаған, не көбеймеген. Үкіметті осы бір түйткілді мәселе толғандырды ма, әлде Украинадағы саяси тұрақсыздық түрткі болды ма, биылғы көктемде, тоң жібіп, сең қозғалған еді. Мамырдың 19-ында брифинг өткізген бұрынғы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон жөніндегі комитет төрағасы Саламат Аманбаев Қазақстан Республикасында халықты оңтүстіктен солтүстікке көшіруге ынталандыру мақсатында көші-қон заңдылығын жетілдірудің тұжырымдамасымен таныстырған болатын.  Содан бергі көші-қон заңдылықтарында әзірге айтарлықтай өзгерістер енгізіле қойған жоқ. Тек қуантарлығы, оралмандардың орналасу аймағын шектейтін №248 қаулының күшін жойып, оның орнына №783 қаулыны қабылдады. Яғни, оралманның қоныстану аймағын таңдау еркі өзіне қайтарылды. Тек қаулыда бекітілген 7 облысты таңдаған оралмандар белгілі бір жеңілдіктер мен көмектерге ие болады. Олардың көшіп-келу шығындарын өтеу және жұмыспен, баспанамен қамтамасыз ету, бір жолғы өтемақы төлеу секілді мәселелер көзделген. Өткен аптада Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізген Елбасы Қазақстандағы көші-қон саясатын қайта қарауды тапсырды. Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке №783 қаулыда бекітілген 7 облысқа баруға ниет еткен оралмандарға ғана көмек көрсету қажеттігін қадап айтты: «Соңғы кездері атамекеніне оралған оралмандардың саны күрт азайып кетті. Осы саланы қолдау мақсатында бөлінген қаржы да әжептәуір кесілді. Бірақ біз қажетті көмекті көрсетуге дайынбыз. Бірақ олар Қазақстан мемлекеттік органдары көрсеткен облыстарға барғанда ғана, оларға жағдай жасалуы тиіс. Оралмандарды қабылдау жұмысын қайта қолға алыңыздар. Қайда жұмыс орны бар, қайда жағдай бар, сонда орналастырыңыздар, солтүстікке, орталыққа, шығысқа, батысқа орналастыру керек», – деді ол. 

Бұған дейін де талай әңгіме арқауы болған оралмандар мәселесінің түйткілі осымен шешіле салмайтыны анық. Құзырлы органдар жоғары жақтан айтылған құр уәде мен нұсқауға сүйенбейді, қолда бар заңдылықтарға сүйенеді. «Түркістан» газетінің өткен сандарының бірінде жарияланған «Талдықорғандағы шырғалаң» атты мақаламыз осының айғағы. Жоғары жақта осы мәселеге байланысты бірнеше жиын өткізіліп, мәселенің мәнісі талқыланғанмен, нақты шешімдер әлі қабылданған жоқ. 

Шілденің шіліңгір ыстығында Премьер-министр Кәрім Мәсімов Тараз қаласында оралмандардың біраз өкілін жинап, көші-қонда қордаланған мәселелер жөнінде ой бөлісіп қайтқан екен. Алайда аталған жиынға ақпарат құралдары өкілдерінен ешкім қатыспаған. Жиында оралмандар мәселесінің құқықтық аспектілері, бейімделу және жұмысқа орналасу, көрсетілер жеңілдіктері жайлы мәселелер талқыланыпты, ұзынқұлақтың айтуынша. Оған ақпарат құралдарының өкілдерін неге шақырмағаны әлі күнге дейін түсініксіз. 

Дегенмен жоғары жақта сең қозғалды. Оралмандардың құқықтық мүмкіндіктерін кеңейтуді мақсат ететін заң жобалары дайындалып жатыр. Біз жаңа көші-қон саясатына орай, Қазақстанның көші-қон заңнамаларын жасау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Оралмандардың «Асар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қайрат Бодауханұлына бір-екі сауал қойған едік: 

4e9f3b380832849e50e91539a3373ff7.jpg

– Қайрат мырза, жоғары жақта оралмандарды қабылдау үрдісін қайта жолға қою туралы әңгіме көтерілгелі біраз болды. Алайда заңдық, құқықтық өзгерістер әлі енгізілген жоқ. Осы заңдарды реттеу жөніндегі жұмыс тобының мүшесі ретінде «Халықтың көші-қоны туралы» заң жобасы қашан Парламентке түсетінін айтып бере аласыз ба?

– Менің білуімше, аталмыш заң жобасы Парламенттің алғашқы жұмыс күні қаралуы тиіс. Оған дейін, тамыздың 20-сында Денсаулық және әлеуметтік қорғау министрлігі заң жобасына орай келіп түскен ұсыныстар мен талқылаулардың барлығын жинақтап, Үкіметке ұсынуға тиісті. Қазіргі уақытта оған қажетті өзгертулердің барлығы енгізілді. Әсіресе, тұрақты тіркеу, азаматтық алу және орналасуға байланысты. Үкімет қаулысымен бекітілген 7 облысқа орналасқысы келетіндерге арнайы жәрдемақы қарастырылған. Одан өзге өңірлерге орналасуды көздеген оралмандарға жәрдемақы қарастырылмаған, алайда орналасуға шек қойып отырған жоқ. Ол туралы қаулының 12 шілдеде қабылданғанын білесіздер. 

Шілденің 12-сінде біз Тараз қаласында Премьер-министр Кәрім Мәсімовтің қабылдауында болдық. Сол кездесуде Үкімет басшысы оралмандарды қабылдау саясатының түбегейлі өзгеретіні жайлы мәлімдеме жасап, №783 қаулыға қол қойғанын айтқан еді. 

– Тұрақты тіркеуге байланысты қандай өзгерістер енгізіп жатырсыздар? Көптеген оралмандар тұрақты тіркеуге тұра алмағанның салдарынан кері қайтарылып жатыр

 – Әрине, қазіргі ең өзекті мәселе – осы тұрақты тіркеу мәселесі. Бұған дейін қабылданып кеткен заң әлі күшін жойған жоқ. Оған өзгерістер енгізілмеді. Біз, жұмыс тобының мүшелері, осы заңға өзгерістер енгізу мәселесін талқыладық. Соның бастысы, тұрақты тіркеуге мекен-жай табу түйткілі. Мәселен, бұрын оралмандар тұрақты тіркеуге тұратын мекенін өздері іздеп табуы қажет болып келді. Қазір облыс-облыстарда оралмандарды тұрақты тіркеуге алатын арнайы мекен-жайды белгілеу мәселесін нақтыладық. Бұл мәселе заңға және Үкіметтің арнайы Қаулысына енгізілмек. Әр облыстарда оралмандарды бейімдеу орталықтары деген бар. Сол орталықтарда арнайы журналдар ашылып, тұрақты тіркеуге алу жайлы шешім шықпақ. 

– Тұрақты тіркелу үшін оралмандардан талап етілетін үш анықтама бар. Оларды оралмандар өмірі алып келе алмайды. Олар – сотталмағаны туралы анықтама, келген елінің тұрақты тіркеуінен шығып келу, сол мемлекеттің Қазақстандағы консулдығының  рұқсат қағазы. Жақында біз осы жайында «Түркістан» газетінде де мәселе қозғадық. Алдағы заңда бұл мәселе қалай шешілуі мүмкін?

– Бұл талаптарды оралмандардан сұрамайтын болады. Оның бәрі жеңілдетіледі. Сол сияқты дипломдарды, оқу орнын бітіргені туралы құжаттарды нострификациялау тәртібін де қайта қарауды қолға алдық. 

– Осы тұрақты тіркеу мәселесі – Ішкі істер министрлігіне тікелей байланысты. Олардың тұрақты тіркеу туралы заңы және ішкі ережелері бар. Осы министрлікпен арнайы бір келіссөздер немесе талқылаулар болды ма? 

– Жоғарыда атап өткен Кәрім Мәсімовтің арнайы қабылдауында  Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары мен Көші-қон полициясы комитетінің төрағасы талқылауға арнайы қатысып, өздері дайындаған заңдары мен ережелеріне өзгертулер енгізу жөнінде ұсыныстар дайындап жатқанын мәлімдеді. Яғни, олар өз Ережелері мен заң жобаларын да­йындап, министр-министрліктермен келіссөз жүргізіп жатқандығын айтты. Бұған қарағанда, заң қабылданбас бұрын әрбір министрлікке қатысты мәселелерге құзырлы органдар тарапынан арнайы келіссөздер жүргізіледі деп ойлаймын. Сондай-ақ, бұл жиында Қаржы министрлігінен, Денсаулық министрлігінен, Мәдениет министрлігінен, Білім министрлігінен өкілдер қатысып, өздеріне қатысты мәселелерді талқылады. 

– Қазақстанда тұрақты тіркеуге тұра алмаған, уақытша тіркеуінің мерзімі аяқталған азаматтарды депортациялауға жеткізбей, тіркелу мәселелерін шешіп берудің мүмкіндіктері бар ма?

– Жаңа айттым ғой, Көші-қон полициясының басшысы Премьер-министр арнайы өткізген жиынға қатысты деп. Осы мәселе сол жиын­да әңгіме өзегіне айналды. Көші-қон полициясының басшысы заң қабылданғанша, құжаттарының мерзімі бітіп кеткен оралмандарға көмектесу жайында жергілікті көші-қон департаменттері мен басқарма басшыларына арнайы тапсырма береміз деген болатын. Демек бұл мәселені сол Көші-қон комитетіне қойып көруге болатын шығар. Меніңше, оның жолын табады деп үміттенемін. 

– Заң жобасы қоғамда қан­шалықты талқылауға түсті?

– Заңның талқылануы аса үлкен ауқымды қамтыды деп айта алмаймын. Жұмыс тобының мүшесі ретінде менің өзім бір-ақ рет талқылау жиналысына қатыстым. Парламентте заң жобасын талқылаған жиынға жұмыс тобының мүшелерінің көбісін шақырған жоқ. Қазір депутаттар жазғы демалыста. Сол себепті де, оны талқылаудың мүмкіндігі де жоқ. Алла қаласа, тамыз айының соңына қарай талқылау мәселесі қайта қолға алынады деп ойлаймын. Оны талқылауға ақпарат құралдарының өкілдері де мейлінше атсалысуы керек. 

– Рахмет!

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары