АППАҚ ИШАН

АППАҚ ИШАН

АППАҚ ИШАН
ашық дереккөзі
2368
 Оңтүстік Қазақстан облысының Бәйдібек ауданы шежіреге бай. Тарих қойнауына ой жүгіртсек, дүйім елдің алдында сөз бастаған билері, ақтабан шұбырындыда жаудан жерін, халқын қорғаған батырлары, қалың елді Ислам діні арқылы имандылыққа ұйытқан ишан, молда, имамдары еске оралады. Билер мен батырлар туралы сөз басқа. Сондай халықтық тұлғалардың бірі – аудан орталығы Шаяннан мешіт-медресе ашып, жұртты имандылыққа ұйытып, сауапты іспен айналысқан Аппақ ишанның жөні бөлек. Міне, биыл сол ишанның туғанына 150 жыл толып отыр.  1845 жылы Түркістан қаласынан ағайынды ишандар Қосым мен Құлатай Шаянға қоныс аударып, көпшіліктің қолдауымен мешіт-медресенің іргесін қам кесектен қалаған. Жылдар өте бұл дін орталығы жан-жақтан ағылған талапкерлерге тарлық еткен соң Қосымның ұлы Сейдахмет ишан патша ағзамның шенеуніктеріне қайта-қайта жүгініп, ақша бөлдіреді. 150 мың рубль! Сол ақшаға күйген қызыл кірпіш сатып алып, мешіт-медресенің құрылысын қайта бастайды. Аумағы біраз жерді алып жатқан құрылыс ондаған жылдарға созылса керек. Алғашқы жобасында 40 құжыра салу көрсетілген екен. Бірақ қаржының жетіспеуіне байланысты 29 құжыра ғана салынып, құрылысты Қосымның немересі Аппақ ишан аяқтайды. Аппақ ишан деп халық атаған. Әкесі Сейдахметтің ұлына әу баста азан шақырып қойған есімі – Мақсұм. Ел құрметіне бөленген дін қайраткерінің өмірі мен тағдырын мұрағат материалдары арқылы кеңінен зерттеген белгілі ғалым, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор Мәмбет Қойгелдиевпен әңгіме өрбіткен болатынбыз. – Мәке, көзіқарақты азаматтар сіз­дің Алаш арыстарының тағдыр-та­лайын терең зерттеп, бірнеше ғылыми ең­бектер жазғаныңызды жақсы біледі. Ал енді дін қайраткерлеріне, оның бі­регейі Ақ ишанды зерттеуге не себеп болды? – Осыдан біраз жыл бұрын реп­рес­сияға ұшыраған ұлт зиялылары туралы дерек көздерінің соңына тү­сіп жүріп, Қазақстанның бірқатар облыс­та­рындағы Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің мұрағаттарындағы материалдармен танысқан едім. Сонда Кеңес өкіметі тек зиялыларды ғана қуғын-сүргінге ұшыратып қоймаған, елдегі дін қызметіндегі тұлғаларды да жаңа өкіметке жат әлеуметтік топтар қатарына жатқызып, жазалау шараларын жүргізгенін көрсететін 1929 – 1930 жылдар құжаттарымен де танысуыма тура келді. Петропавловскі, Павлодар, Ақтөбе Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы дін қызметкерлерін, әсіресе ишандар әулетін соттау жиі орын алған екен. Неге? Өйткені Қазақстандағы Кеңес өкіметінің түрлі реформалық және салық саясатына қарсы халықтың наразылық көтерілістері сол жылдары барынша өріс алды. Қазіргі тарих ғылымы 80 мыңдай адам қатысқан көтерілістердің санын 372-ге жеткізді. Ашып айта кететін бір жайт сол көтерілістердің біразы мешіттерден, сондағы имамдар мен ишандар басқарған жиындардан басталған. Кеңес өкіметінің шектен шыққан астық және ет салықтары халықтың шымбайына әбден батты. Мысалы, Ақмырза ишан басқарған Қазалы көтерілісі, Мұқатай Саматовтың мешітінен өрбіген Ырғыз көтерілісі, Сұлтанбек Шолақов бастаған Созақ көтерілісі, және т.б. ишан, имам, молдалардың ықпалы мен рөлі күшті болғаны мәлім. Сол кезде Шаян өңірінде астық шаруашылығымен айналысқан қожалықтар көп емес-тін. Көпшілік қолындағы азғана малымен күнелткені белгілі. Ал Кеңес өкіметі соған қарамай оларға астық салығын барынша көп салған. Халық қолындағы азын-аулақ астығын беріп, өздері саусағын сорып, тақыр жерге қарап қалған кез. Имам, ишандардың да жағдайлары сондай. Оларға өкіметтің шолақ белсенділері: «Астық табыңдар!», – деп қоқан-лоққы жасайды. Ал олар: «Қолымыздағының бәрін бердік, енді жоғын қайдан табамыз», – десе, аналар төбелерінен қамшы үйіргендей өктемдік танытып: «Табасыңдар! Болмаса жазаға тартыласыңдар!», – деп зіркілдеумен болған. Олардың көбінің тағдыр тәлкегімен жан сауғалап, елден шеттеп кеткендері сондықтан. Біздің қоғамда халықты имандылыққа тәрбиелеп, дін мәдениетін басты құндылықтардың бірі ретінде санаға сіңіруде имам, ишандардың ролі зор. Тарихымыздан алар орны да ерекше. Жалпы, атеистік бағытты ұстанған Кеңес өкіметінің олар үшін азық-түлік салығын салуы сылтау ғана. Негізінен большевиктік саясатын тездетіп іс-жүзеге асыру үшін жолындағы үш кедергінің бірі – дін басыларын жою керек болды. Сондықтан да аталмыш мұрағаттардағы діндарлар жөніндегі материалдарға да баса назар аударуыма тура келді. – Мәке, жұрт молда, имамды жақсы біледі. Ал ишандар кімдер? – Ишан – Исламның сопылық ағымындағы Ақиқатты танып-білу жолында білімімен жоғары дәрежеге жеткен ұстаз. Орта Азия елдерінде «ишан» атағын басым түрде тегі қожа дінбасылары иемденген. Қосым қожа әулеті түгелімен ишандар. Солардың ішінен біз әңгімеге арқау қылып отырған Аппақ ишан ел құрметіне бөленген ерекше жан. Аппақ ишан ақиқат жолындағы мәртебелі тұлға деген ойды да білдірсе керек. ХХ ғасыр басында Оңтүстік Қазақстанда осы аттас ишан екеу болған. Бірі Өзбекстанның Қоқан қаласында туған, ұлты өзбек. Ол жиырма бір жыл Сауд Арабиясында тұрып, 1922 – 1929 жылдар аралығында Түркістан қаласындағы медреседе ұстаздық еткен. 1928 жылдан басталған ел ішіндегі саяси жағдайдың қысымынан келер жылы 70 жасында Сауд Арабиясына қайта қоныс аударады да, сонда қалып қояды. Аппақ ишан 1864 жылы Шаян ауда­нын­дағы №1 ауылда туған. Ұзын бойлы, арықша келген, келбеті келіскен кісі екен. Үнемі үстінен ақ киімі түспеген тақуа адам болған. Мүмкін оны жұрт сол үшін де Ақ ишан деп атаған шығар. Ол жеті ағайынды. Солардың бізге аты белгілі болғандары Мәди, Рахматулла, Асадулла, Ыдырыс, Сабыр. Аппақ ишанның екі әйелінен бес баласы бар. Олар: Бахабулла, Алауатдин, Сағадулла, Сүнатулла да, бесінші баланың аты ОГПУ-дің тергеу құжаттарында көрсетілмепті. Аппақ ишан көшеге жөн-жосықсыз шығып, жұрттың көзіне түсе бермеген. Ол көбіне күні бойы мешітте Жаратушы иемізге құлшылық етіп, медреседе шәкірттеріне дәріс оқып, кітапханада ұзақ кітап ақтарумен өткізген. Оның шәкірттері арасынан елге танылған білімді молдалар мен имамдар көп шыққанын бүгінде жетпіс, сексендегі ақсақалдар жақсы біледі. – Аппақ ишанның сондай ел та­ныған шәкірттерінің бірі Шәді Жәңгіров. Созақ ауданындағы қара­пайым отбасында 1855 жылы дү­ниеге келген. Әкесі Жәңгір Абылай хан­ның шөбересі. Кезінде Кенесары хан­ның жорықтарына қатысып, ұлт тәуел­сіз­дігі үшін күрескен. Шәді бала кезінде осы Шаян мешітінде оқып, діни сауатын ашқан. Кейін Шымкенттегі Абдолла Шәріп деген имамнан дәріс алып, Бұхарадағы «Мир-араб» мед­ре­сінде білімін ұштап, араб, парсы тіл­дерін меңгеріп, атақты шығыс шайыр­ларының шығармаларымен та­­нысады. Өзі де дінді уағыздайтын ақын­дық жолға түседі де «Алты бармақ» пен «Назым Сияр Шәриф» жыр ғақлият дастандарын жазып, Аппақ ишанның құрметіне бөленген. Содан халық оны Шәді төре деп атап кетіпті. Бұл кітаптар Түркістан өңі­рін­де Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани хикметінен», сопы Аллаярдың «Сәбәтул әжизинінен» кейін көп оқы­латын шығармаға айналса керек. Шайырдың «Хайбар» дастаны Құран мен Мұхаммед пайғамбар ха­дисінің желісімен жазылған. Жазушы-ғалымдар Ө.Қоңыратбаев пен Н. Келімбетовтің зерттеулеріне зер салсақ, Шәді төре кейін тарих тақырыбына да қалам тартып­ты. Оның «Хазірет Ескендір», ал «Тарих­нама» дастаны тікелей қазақ та­рихына арналған. Дастан екі бөлімнен тұрады. Біріншісі «Шыңғыс хан­ның тарихы» да, екіншісі «Абылай хан тарихы». Оның және басқа да шығармалары Алматыдағы Ғылымдар академиясының Орталық кіт­ап­ханасы мен М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қол­жаз­ба қорында сақталған. 1930 жылы Кеңес өкіметі оны «ханның тұқымы», «Ислам дінін насихаттаушы молда» деп қудалаған соң, Өзбекстанға барып жан сауғалаған.1932 жылы 12 қыр­күйек­те сол жақта дүниеден озыпты.  Аппақ ишанның тағы бір шәкірті Сүлеймен Сегізбаев деген кісі болды. Ол Шаяннан ары жиырма шақырым жердегі Жүзімдік ауылының тумасы. Ес біліп қалған бала кезімде көріп тұрушы едім. Бойы ортадан биік, ақшыл сары өңді ақсақалдың басындағы ақ сәлдесі, үстіндегі етегі тізеден төмен түскен аппақ жейдесі мен кең ақ дамбалы, омырауын жапқан ұзын ақ сақалы, қолындағы аса таяғы әлі күнге көз алдымда. Оны тас лақтырым жерден көрген ауыл адамдары жол жүріп бара жатса да кідіріп, тізіліп барып, «Тақсыр, ассалаумағалейкум!» деп сәлем беретін. Әсіресе ақ жаулықты аналар мен кимешек киген әжелер Сүлеймен молданы алыстан көрсе де жолын кеспей күтіп тұратын. Ол кісі алдарынан өтіп кеткен соң ғана орындарынан жылжитын еді. Ауылдағы телі мен тентек те оның айтқанына тақ тұратын. Сегізбаевтар әулетінің бәрі мол­да, имандылықтың ұйтқысы бол­ды. «Құран Кәрімді» жатқа оқу­шы еді. Ауылдағылар оларға құр­метпен қарады. Ораза күн­дері жұрт қарияларды кезектесіп ауыза­шар­ға үйлеріне шақыратын. Сонда төрде отырған Сүлеймен имам­ға ақсақалдар дін жөнінде сұрақ­тарын қоятын. Сонда Сүлеймен ұзын са­қалын саусақтарымен салалай тарап отырып: «Ұстазым Аппақ ишан былай деуші еді…», – деп бастап, дін хикаят­тарынан қызықты әрі құлаққа сіңімді әңгіме айтатын. Сол Сүлеймен бастаған қарттар ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрді берік ұстанды.  Бертінде Мырзахан деген қариядан естідім. Шаян мен Түркістанның арасы төтелетіп жүргенге шамамен 130 шақырымдай. Жаздың кейбір күндері Аппақ ишан бейсенбінің елең-алаңында таң намазын оқып, қа­сына имамдарын ертіп, түйелерге мініп, Түркістанды бетке алады екен. Біздің Жүзімдік сол төте жолдың бойында, Арыстанды өзенінің жанынан орын тепкен. Сәскеде өзен жа­ғасына жетіп, түйесін шөгеріп, бұлақтан шай қайнатып ішіп отырып, тоғайдың сулы-нулы көк майса жеріне қызыға қарап: «Мына жерге жүзім ексе болғандай екен-ау», – деген. Содан ары жол жүріп, түнделетіп Түркістанға жетеді. Ертеңіне жұма намазды Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде жамиғатпен бірге оқыған. Шаянға қайтып келген соң ауылдың болысына шәкірттерінің бірін жіберіп, жүзім егетін жер сұратады. Ишанды пір тұтқан болыс сұраған жерін беріпті. Аппақ ишан келесі жылдың көктемінде Ташкенттен жүзім көшетін алдырып, шәкірттеріне отырғызған. Екі, үш жылдан соң жүзімнен мол өнім жинап, медресенің көкөніс мәселесін солай шешіпті. Содан бастап біздің ауыл Жүзімдік аталып кеткен. – Коммунистер бұрын мал жайымен көшіп-қонып жүрген қазақты колхоз, совхоздарға тартып, отырықшы ауыл жасады. Көненің көзіндей әлгі ақсақалдар әр ауылда болды. Атеистік көзқарастағы коммунистер дінге қанша қысым жасаса да, діні берік жандар бес уақыт намазын қаза қылмады. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарына дейін тұрмыс-салттағы ұлттық құндылықтарымызды сақтап келді. Олар өмірден өткенде ХХ ғасырда қалыптасқан классикалық қазақ ауылы да солармен бірге кетті. – Шаяндағы мешіт-медресеге Қазақстаннан тысқары жерден де келіп, діни білім алғандар бар дегенді естиміз. Сол қаншалықты шындыққа жақын? – ОГПУ деректеріне қарағанда, мешіттің жанынан ашылған жүз орындық медресе мүридтер, яғни шәкірттер тәрбиелеген. 1927 жылға дейін мұнда Арқадағы Қарқаралыдан, Атбасардан, Жетісудағы Шу, Іле, сондай-ақ Талас, Сарысу өңірінен, Сыр бойынан, тіптен қырғыздың Ош аймағынан талапкерлер келіп, шәкірт атанған. Осы географиялық ауқымға қарап-ақ бұл мешіт-медресенің сол кезде бүкіл Қазақстан көлемінде ислам мәдениетін қалыптастыру және діни білім тарату ісінде үлкен орталық болғаны байқалады. Ишан әулетінің халыққа дін жолындағы қызметі қоғам тарапынан толық мойындалып, олардың есімдері кеңінен танылды. Қосым және Сейдахмет ишан ұрпақтарының ислам діні жолындағы қызметі классикалық ислам мәдениеті мен іліміне сүйенген. Аппақ ишанның ұлы Алауатдин сауатын Шаяндағы мешіт-медреседен ашып, он бес жыл бойына мұсылман елдеріндегі атақты медреселерде оқып барып, ишан лауазымына ие болады. 1905 – 1910 жылдар аралығында Түркістандағы «Сүлке қари», Тәшкенттегі «Абылқасым ишан», Бұхарадағы «Сағидолла қари» және «Қатта қорған» медресесінде оқып, Құранды жатқа оқитын «қари» атанады. Алайда Алауатдин осы алған білімдерімен шектеліп қалған жоқ. 1910 – 1912 жылдарда Үргеніштегі «Айтмұхамед ишан», Уфадағы «Ғалия», Орынбордағы «Хусайня» медреселерінде білім-біліктілігін барынша көтереді. Бұл діни оқу орындары ХХ ғасыр басында жаңа әдісті білім беру жүйесіне көшкен. Соңғы үш медреседен кейін ғана Алауатдин өзінің жан-жақты білім алғанын айтып жүрген. Аппақ ишанның тағы бір ұлы Сағидолла да осындай жолдан өтіп, «ишан» деп жазылған «шатырхат» алды. Аппақ ишан Бұқарада өзі ашқан медресені басқаруды осы Сағидолла ишанға сеніп тапсырған. Бұқара әмірлігі кез келген дін өкіліне мешіт ашқыза бермеген. Соған қарап Аппақ ишанның дін өкілдері арасында қандай мәртебелі болғанын бағамдай беріңіз. – Дін адамдарының қызметін әлеуметтік тарихи шындықтан бөліп алып қарау, ескерусіз қалдыру тарих үшін қиянат емес пе? – Әрине, қиянат. Қоғамдық өмірдің барлық саласына араласып, бақылау орнатуға тырысқан кеңестік жүйенің діни қызметті назардан тыс қалдыруы тіптен де мүмкін емес еді. Адамдардың санасын коммунистік моралға бұруға бет алған Кеңес өкіметі үшін дін басты қарсыласы болды. Осылайша қазақ топырағында жаңа маркстік (оның большевиктік түрі) көзқарас пен дәстүрлі исламдық (оның сопылық ағымы) көзқарас тарих сахнасында бетпе-бет келді. – Осыған орай әлгінде өзіңіз айтқан үш кедергіге нақты тоқталсаңыз. – Мұрағат материалдарынан Қазақстанда Кеңес өкіметін толық орнату шабуылы үш бағытта жүргізілгені байқалады. Бірінші – байларды үстем тап ретінде жою. Екінші – қоғамды алға жетелейтін интеллигенцияны қуғын-сүргінге ұшырату. Үшінші – ел ішінен дін иелерін аластату. Осы кедергілерді жолдан тайдырмаса, Кеңес өкіметі өздерінің атеистік саясатын жүргізе алмасы кәміл еді. Тағы айта кететін бір жайт, байларды Кеңес өкіметі ғана емес патшалық өкімет те жек көрген. Тіптен оларды қудалау сол кезден бас­талды. Мұрағаттарда мұны дәлелдейтін құжаттар жеткілікті. Дәлел ретінде мысал да келтіре кетейін. Николай II патша граф Паленге: «Түркістан уалаятында біздің биліктің орнағанына біраз жыл болды. Қандай экономикалық және саяси-әлеуметтік нәтижелерге қол жеткіздік? Ондағы кедергілер қандай? Осы мәселелерді анықтап, менің өзіме ғана есеп бересің», – деп түрлі билік буындарына тәуелсіз комиссия құрғызып аттандырады. Сол граф Пален Түркістан генерал-губернаторлығына қарасты Сырдария мен Жетісу жерлерін аралап, жергілікті халықтың экономикалық, саяси-әлеуметтік жағдайларымен танысады. Петербургке барған соң патша ағзамға ол: «Қазақ қоғамында біздің биліктің толық жүзеге асуына кедергі жағдайлар бар. Солардың бірі – байлар тобы. Оны жергілікті тұрғындар «игі жақсылар» деп атайды екен. Олар қоғамды өздерінің ықпалында ұстап отыр. Ең басты кедергінің бірі солар», – дейді. Пален басқарған комиссияның жинаған материалдары кейін көп томдық кітап түрінде бастырылған. Кеңес өкіметі де байларға сондай көзқараста болды. Өйткені байлар экономикалық тұрғыдан билікке тәуелсіз болғандықтан халық арасында өз саясатын жүргізді. Сондықтан Кеңес өкіметі байларды үстем тап ретінде жоюға тырысты. Кеңес өкіметінің алдында көлденең тұрған ықпалды күштің бірі, әрине, ұлт зиялысы. Олардың шығарған газеттері, журналдары, кітаптары халықтың саяси өмірге көзін ашуда ықпалы зор еді. Олардың сол басылымдар арқылы қоғамға жеткен ойлы сөзі ХХ ғасыр басында қазақ қоғамын өзгертті. Жаңа өкімет осы ұлтшыл ұстанымдағы зиялы қауымды құртпай өз биліктерін толық жүзеге асыра алмасын жақсы білді. Ал Ислам дінінің ролі сол кезде ел ішінде өте күшті еді. Қарапайым халықтың дін адамдарына көзқарасы ерекше болды. Өйткені дін адамның жан дүниесімен біте қайнасқан. Адам өмірге келгенде және өмірден озғанда діни жоралғылар жасалынады. Адам бақилыққа аттанғанда жаназасын имам, ишандар шығарады. Сондай-ақ, сол кезде ел ішіндегі небір күрделі мәселелер шариғат заңымен шешіліп жатты. Кеңес өкіметінің басындағылар Ресей тарихын жақсы білді. Кавказдағы Имам Шәміл көтерілісі оларға көп ой салған. Дін иелері халықты соңынан ерте алды. 1929 – 1930 жылғы халық көтерілістерінде имамдар, ишандар, молдалардың белсенділік танытуы соған дәлел. Кеңес өкіметі солардан құтылмай өз саясатын жүзеге асыра алмайтын еді. Осы үш кедергіні жойса, хадық тобырға айналады. Олар үшін тобырды басқару әлдеқайда оңай. – Кеңес өкіметінің азық-түлік салығына байланысты саясаты дін өкілдеріне де ауыр соққы болды. Аппақ ишан қалай қудаланды? Салықтан бас тартқаны үшін бе? – 1929 жылы желтоқсан айының соңғы күндері орталық Мемлекеттік саяси басқармасының Сырдария облыстық бөліміндегі Шығыс бөлімінің бастықтары қол қойып бекіткен Ташкент қаласындағы ОГПУ-дің Орта Азия бойынша бөліміне жолдаған хатында былай деген. «Сырдария округі, Шаян ауданындағы астық даярлау ісіне байланысты Өзбекстанға Аппақ ишан (светлейший) бастаған, қазақ жұрты арасында аса зор беделді, соңғы мезгілге дейін Шаян мешітінде медресе ұстаған бір топ қазақ ишандары қашып барды. Ол ишандар: 1) Сайд-Ахметов Рахматулла – Аппақ ишанның бауыры; 2) Сагабулла және Алауатдин Аппақовтар – Аппақ ишанның ұлдары; 3) Сапир Саид-Ахметов; 4) Мадиев Бакибулла; 5) Мадиев Сағидулла; 6) Асқаров Махмұт; 7) Сатен Тоққожаев. Бұлардың бәрі де Шаян ауданындағы №1 ауылдың тұрғындары, осы жылдың желтоқсан айының орта тұсында жасырын кетіп қалған. Біздегі бар мәлімет бойынша, Аппақ ишан Сейдахметов Ташкент округінің Жоғарғы Шыршық ауданындағы Сексен Ата деген елді мекенде тұрып жатыр, ал қалғандарының тұрған жері әзірге мәлім емес. Аппақ ишан Сейдахметов пен оның ұлы Алауатдин Аппақовты тез арада тұтқынға алып, бізге жіберулеріңізді өтінеміз, ал қалғандарының үстінен бақылау орнатыңыздар. Сонымен қатар, осы жылдың қарашасында Ташкент қаласына қашып барған Сайрам ишаны Хансейд-Қожаев Сыдық қожаны тауып, тұтқынға алуларыңызды өтінеміз». Ташкен қаласындағы ОГПУ қызметкерлері оларды іздестіруге кірісіп, 1930 жылдың сәуір айының соңғы күндері Аппақ ишан Сейдахметовті, Бахабулла Аппақишановты (жоғарыдағы құжатта «Мадиев» деп көрсетілген) және Сабыр Сейдахметовті тұтқынға алып, № 2690 тергеу ісін жүргізеді. Ал сол жылдың 20 маусымында ОГПУ-дің Сырдария облыстық бөлімінің бастығы Журавлевтің бекітуімен қабылданған қаулыда «тұтқындалған ишандардың бостандықта жүруі тергеу ісіне әсері болуы ықтимал» деген негіздемемен қылмыстық-процессуалдық кодекстің 143-бабына сәйкес, оларды абақтыда ұстау қажеттілігі айтылған. Осы жылға 29 сәуірде ОГПУ (БМСБ) тергеушісі жүргізген тергеу хаттамасында мынандай мәліметтер берілген. Сейдахметов Аппақ-Мақсұм, қазақ, 66 жаста, екі әйелі, бес баласы бар, сауатты, өз ауылында білім алған, өзі 1926 жылға дейін имам қызметін атқарған. Дауыс беру құқы жоқ. Қора-қопсысымен 2 үйі, 3 түйесі, 4 өгізі, 5 сауын сиыры, 9 жылқысы, 40 бас қойы, 14 десятина жері және түрлі үй заттары болған. Сотталмаған. Орыс-жапон соғысы тұсында қажылыққа барып, сонда 4 ай тұрған. Революцияға дейін 60 бас қойы, 6 бас сиыры, 10 жылқысы, 3 түйесі, 5 өгізі болған. Аппақ ишан тергеуші сұрағына: «Әкем 20-30 жыл бойына ишан атанды. 600-800 мүриттері болған, осыдан 35 жыл бұрын өмірден өтті. Өлер алдында мүриттерін балалары алдында бөліп, маған 60-ы тиесілі болған. Олар Шаян, Сасық, Бөген ауылдарында тұрады. Жылдық табысым 300-400 рубль көлемінде. Бірақ, сол мүриттерді көрмегеніме міне, үш жыл болғанын мәлімдеймін», – деп көрсеткен. Аппақ ишанның мүриттерін үш жылдан бері көрмегеніне қарағанда, Оңтүстік Қазақстанда бұл институт ұстаз бен шәкірттің ара байланысы дәрежесінен асып, ықпалды құбылысқа айнала қоймағаны байқалады. Мүриттерге байланысты хаттамадағы сауалға оралсақ, онда тергеуші Аппақ ишанның медресе ұстағанын негізге ала отырып, оның қанша шәкірті бар екенін білгісі келгенін аңғару қиын емес. Ресми орындар кезінде Имам Шәміл тұсында Кавказда орыстарға қарсы көрініс тапқан мүриттер қозғалысының жаңа жағдайда Орталық Азия аймағына ауысуынан қауіптенген болса керек. Аппақ ишанның үлкен ұлы Бахабулла тергеу материалдарында мынандай мәліметтер берген. «Мен, Аппақ ишанның ұлы, Бахабулла мәлімдеймін: менің әкемді ел арасында «Ақ ишан» деп атайды. Мен әкем екеуміз салынған салықты өтеуге күшіміз жетпегендіктен өзіміз тұрып жатқан қышлақтан кетіп, жасырынуға мәжбүр болдық. Маған 150 пұт бидай, әкеме 1400 пұттан астам астық салығы салынған еді. Әкем өтеді, менің өтеуге мүмкіндігім болған жоқ. Сондықтан да жасырынуға тура келді». Бахабулла ишанның астық салығын төлей алмағаны жөніндегі мәліметін 1930 жылы 30 сәуір күнгі тергеу хаттамасынан көруге болады. «Мен Аппақишанов Бахабулла, жасым 30-да, Қазақстанның Сырдария округіне қарасты Шаян ауданы, №1 ауылында туып, өскенмін. Әкем дін қызметкері, имам-ишан, ақпан революциясына дейін өте көп мүриттері болған, қазақ. Соңғы 4 айда Тайтөбедегі «Ысты» ауылында тұрдым. Диқандық шаруашылығым бар, сондай-ақ малшылықпен де айналысамын. Үйленгенмін. Әйелім мен балаларым 2 жыл бұрын қаза болған. 1918 жылы Ташкенттегі қазақ мұғалімдер курсына түсіп, 8 ай оқығанмын. Қазір әкемнің үйінде тұрып жатырмын. 1 атым, 2 түйем бар. Салынған 30 рубль ауыл шаруашылық салығын төледім. Салынған 150 пұт бидайдың 15 пұтын ғана өтей алдым…». Ол сол хаттамада қазақтар арасында көре алмаушылықтың салдарынан ишанның баласы ретінде көз алартып қарайтындардың кесірінен 150 пұт астық салығы салынғанын, сондай жағдайда өздерімен бірге Сүннатулла бауырының да қашып, Ташкенттің ескі бөлігінде тұрып жатқанын айта келіп: «Рахматулла мен Сабыр Сейдахметовтер менің әкемнің туған бауырлары. Рахматулла шаруашылықпен айналыспайды, Шаян мешітінің сопысы. Сабыр болса, ескі Ташкент қаласында «Падахан» махалласында тұрады, ал ағам Сүннатулланың кімнің үйінде тұрып жатқанынан хабарсызбын. Ауылдан безіп кетуімізге себепші болған жайт – біз көтере алмаған астық салығы. Біздің ауылдан біреулердің басмашыларға, Насырхан төреге кеткені жөнінде ештеңе білмеймін, естіген жоқпын», – деп көрсеткен. Бұдан Аппақ ишан мен оның бауырлары мен балаларының басмашыларға қатысы болмағандығы байқалады. Сонымен, Аппақ ишанды және оның бауырлары мен ұлдарын өз ауылдарынан кетуге мәжбүр еткен отбасына түскен ауыр астық салығы. Бір қарағанға солай сияқты. Алайда, Аппақ ишанға туған жерін тастап, басқа өлкеге кетуге итермелеген жағдай бұл ғана емес-тін. Ол жөнінде ишанның тергеушіге берген алғашқы жауабында: «Мені ишан болғаным үшін тұтқындады», – деген сөзінің астарында Кеңес өкіметінің түпкі мақсаты жатқанын аңғарамыз. Расында, Кеңестік билік үшін Аппақ ишан мен оның ұлдарының астық салығын өтей алмағаны жай сылтау ғана еді. Билік үшін негізгі мақсат қоғам алдында дін басшыларының, солар арқылы Ислам дінінің беделін түсіру болатын. Ал мұндай үлкен масштабты мақсатқа жетер алдында Аппақ ишан секілді ірі тұлғаны қоғам санасындағы биіктен құлату, сондай-ақ бұл биліктің құдіретін танытуға тиіс болған таптырмайтын факті еді. Кеңес өкіметі дінге, имандылыққа, салт-дәстүрге қарсы жолға түсіп, өзінің болашағын кесіп тастады. – Мешіт-медреседе жүргенде жұрт көзіне сирек түсетін Аппақ ишанның тағдыр басына салған ауыр күндері мүриттері мен ағайындарын сағалап, күн кешуі неткен аянышты.  – Қазақ «Басқа түссе баспақшыл» демей ме. Тергеушінің сұрағы бойынша, Аппақ ишан өз ауылынан кеткен соң қашан және кімнің үйінде қанша күн болғанын жасырмай айтуға тиіс болды. Өзіне жабылатын жаладан қорғану үшін ол қай күні, кімнің үйінде қанша күн болғанын есебінен жаңылмай нақты айтып береді. Ишанның бұл көрсетулерінен бүгін біз саяси қуғынға ұшыраған оның ауыр жағдайын анық аңғарғандай боламыз. Екінші жағынан оны құрметті қонағындай күткен халықтың дін басына деген ықыласын да байқаймыз. Өз ретінде ишан ел арасында имандылықты дәріптей жүріп, емшілік міндеттерін де жүргізген. – Көпшілік болған соң оның ішінде жаманы мен жақсылары болады. Аппақ ишанды тергеу кезінде отқа май құйған куәгерлер болған ба? – Тергеу барысында Шаяндағы ауыл тұрғындарынан да куәгер ретінде жауап алынғандарын көрсететін материалдар бар. Олар екеу. Түсінікті себептерге байланысты олардың аты-жөндерін атамай-ақ, шартты түрде «А» және «Ш» деп алайық. Куәлік берген «А» деген азаматтың көрсетуінде, Аппақ ишанның «бүкіл Қазақстан көлемінде аса ірі және ықпалды ишан болғандығы, оның Шаян ауданында №1 ауылында мешіт-медресе ұстап, өзінің имамдық және ишандық қызмет атқарғаны, Әулиеата, Меркі, Пішпек, Ақмоланың, Атбасар және Қарқаралы уездерінде 2-3 мың төңірегінде мүриттері болғанын айта келіп: «Біздің қазақтар Аппақ ишанның айтқан сөзін заң дәрежесінде қабылдайды» деген. Куәлік берген кісілер тергеушілердің ыңғайына бейімделіп, біраз жайды саналы түрде асыра көрсеткені де байқалады. ОГПУ тергеушілерінің тәжірибесінде бұл кең қолданылған әдіс-тәсіл еді. Мәселен, жоғарыдағы «А» есімді азамат 1921 жылдан бері партия мүшесі, сауатты, жасы 42-де. Ол: «Аппақ ишанның шаруашылығы кедейлердің еңбегін қанау арқылы жүргізілді», «менің өзім, қай жылы екені есімде жоқ, пітір-садақа қарызымды өтеу үшін бір жыл бойы ишанның шаруашылығында тегін жұмыс істедім», «әрбір жылы оның шаруашылығындағы мен сияқты батырақтардың саны он бес адамға шейін жететін», «ал ишан жыл сайын мүриттерін аралап, пітір-садақа жинағанда бір ғана рулы елден алған малы 500 бас қой және мүйізді ірі қараға, 2-3 мың пұт астыққа жететін еді» деген «жалған» деректер келтіреді. Осыған қарап-ақ тергеу процесі біржақты, Аппақ ишанды тек айыптау тұрғысынан жүргізілгенін біле бересіз. Дегенмен, айыптау орындары үшін керегі – ишан мен оның серіктерінің кеңестік билікке қарсы ел арасында жүргізген үгіт-насихат жұмысы жөніндегі мәлімет еді. Мақсатты жүргізілген тергеу барысында ондай куәліктер де алынды. Үштіктің айыптау үкімі кезінде жоғарыдағы «А» деген куәгердің өз көрсетуінде астық даярлау науқаны тұсында Аппақ ишан бұл шараға қарсы екенін ашық айтып, тұрғындар арасында үгіт жұмысын жүргізді дей келіп, ишанның сөзінен мысал келтірген. «Кеңестік билік тонаушылардан құралған, Ислам дінін жоюда, байларды тәркіледі, біздің бар мүлкімізді алды, енді міне, астық салығы арқылы сендерді де тонауда. Астықтарыңды тапсырмаңдар, аштан қырыласыңдар!» деген мазмұндағы пікір таратқаны жөнінде мәлімет берген. Тергеу хаттамасындағы осындай мазмұндағы куәлікті Шаянның тағы бір тұрғыны «Ш» берген көрсетуден оқыдық. Мұнда ескеретін бір жағдай, бұл екі куәлік берушінің көрсетулерінде де Аппақ ишанның қызметі ауылдағы кеңестік билікпен қатар балама билік жүргізу әрекеті ретінде бағаланды. Мәселен, Аппақ ишан төңірегі сайлау нәтижесінде ауылсовет төрағасы қызметіне партия мүшесі Ноғаев Жүністі өткізіп, ал ол өз ретінде «ишан мен оның жақтастарының, барлық молдалардың мүддесін қорғайтын болады». Тергеу ісі барысында Аппақ ишан мен оның бауырлары мен ұлдарының кінәлары дәлелденбесе де, 1930 жылы 11 шілдеде ОГПУ-дің Сырдария облыстық бөлім бастығы бекіткен қаулыда тұтқындағы ишандардың заң алдында кінәлі екендері толық дәлелденбегендеріне қарамастан, мынадай тұжырым жасаған: «Жоғарыда аталғандар ауыл мен қышлақтағы бай-ишандық элементтің жоғарғы бөлігінің өкілдері екені жеткілікті деңгейде әшкереленді. Өздерінің бұқараға ықпалын пайдалана отырып, олар ауылдағы саяси шаруашылықтық шараларды үзіп тастауға бағытталған антисоветтік насихатты жүйелі түрде жүргізіп отырған. Сейдахметов Аппақ ишан өзінің беделін тұрғындардың санасы төмен бөлігін қорқытып пайда табуға жұмсаған. Бұлар жергілікті кеңестік аппаратқа айтарлықтай ықпал жасап, оны өздерінің мақсаттарына пайдаланған». ОГПУ тергеушілері осыны негізге ала отырып, Аппақ Сейдахметов бастаған ишандарды 1927 жылы қолданысқа енген Қылмыстық кодекстің 58-10 және 59-7 баптары бойынша айыпқа тарту жөнінде шешім қабылдайды. Қаулы жазылған парақтың төменгі жағына үш ишан да «өзімді кінәлі ретінде мойындамаймын» деп көрсетіп, қолдарын қойған. «Айыптау қортындысында» да ишандарға негізінен жоғарыда баяндалған кінәлар тағылған. «Іс бойынша жауапқа тартылған Сейдахметов Аппақ-Мақсұм (яғни Аппақ ишан), Аппақишанов Бахабулла және Сейдахметов Сабыр өздерінің кінәсін мойындаған жоқ» деп көрсетілді. «Айыптау қортындысында» олардың кінәлі екенін куәлардың көрсетулері және басқа істегі құжаттар ақылы жеткілікті дәрежеде анықталды, соған байланысты бұл аталғандардың советтік қоғам тарапынан жеккөрінішті екенін, сондай-ақ бұл жағдайды ауылдық советтің анықтамасы мен батырақтардың көрсетулерінің қоштайтынын, Сейдахметовтер мен Аппақишановтың нағыз антисоветтік элемент екенін ескере отырып… бұл аталған азаматтардың ісі 58/10 және 59/7 баптарға сәйкес «ҚКСР бойынша ОГПУ-дің өкілетті өкілі жанындағы үштіктің соттан тыс қарауына жіберілсін» делінген. Үштіктің 1930 жылғы 18 тамыздағы қаулысында Ресей Федерациясы «Қылмыс Кодексінің 58-7-10-бабына сәйкес Сейдахметов Аппақ-Мақсұм антисоветтік насихат жұмысы және астық даярлау шарасын үзгені үшін округтен тыс аймаққа 3 жылға жер аударылсын» деп үкім шығарды. Осы қаулыда Сейдахметов Сабыр және Аппақишанов Бахабулла «Қылмыс Кодексінің 58-7-10 баптарына сәйкес антисоветтік насихат жұмысы және колхоздарды ұйымдастыру ісіне қарсылығы үшін 3 жыл еңбекпен түзету лагеріне (ИТЛ) жіберілсін» деп көрсетілген. Үштіктің үкімі шыққан соң Аппақ ишанды Шаянға алып келіп, алаңға халықты жинаған. «Міне, сендерді дінмен алдап жүрген адам. Пітір-садақаны желеулетіп еңбектеріңді қанаған. Енді жүзіне түкірулеріңе болады», – дейді шенді бірі екілене сөйлеп. Сонда олар Аппақ ишанның алдынан бастарын төмен салып, үн-түнсіз өтіпті. – Бұл халықтың оған көрсеткен ең соңғы құрметі екен де. Аппақ ишан 1931 жылы Ташкент түрмесінен Шымкенттегі абақтыға жеткізілді. Содан кейін Павлодар облысындағы түрмелердің біріне ауыстырылды да, сол жылы 67 жасында бақилық болды. Түрме түнегінде жарық дүниеден өткен Аппақ ишанмен бірге халықтың рухани шежіресінің тағы бір маңыз­ды парағы жабылғанын оның заман­дас­тарының бірлі-жарымы сезсе де, басым бөлігі, әрине, пайымдай қойған жоқ. Кеңестік билікке керегі дін ықпалынан ада, илеуге көнетін «жаңа кеңестік» адам еді. Солай Қазақстандағы ең ірі, беделді әрі белгілі мешіттердің бірі – Шаян мешіті өз жұмысын тоқтатты. Мешітпен бірге оның жанындағы мед­ресе де жабылды. – Әңгімеңізге рахмет! Аппақ ишан мешіт-медресесі мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің тікелей қолдауымен қайта қалыбына келтірілді.

 Сұхбаттасқан 

Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары