АДАМЗАТТЫ АРБАҒАН АЙЛЫ АСПАН

АДАМЗАТТЫ АРБАҒАН АЙЛЫ АСПАН

АДАМЗАТТЫ АРБАҒАН АЙЛЫ АСПАН
ашық дереккөзі
226

Адамзат жаратылғалы көгілдір күмбезге көзін тігіп, жымыңдаған жұлдыздарға жасырынған жұмбақтардың сырын білуге асыққан. Құздағы қыранның қалықтаған құпия қылығына қызығып, қияға құлаш керуге құмартты. Қолдан жасалған қос қанатымен төбеден секірген алғашқы талпынысында талай мертіксе де, аңсары әрдайым айлы аспанға ауатын. 

Дарқан даланы дүбірлеткен байырғы бабаларымыз да ертегілер мен аңыздарды таным түсінігіне сай барынша байыта білді. Он екі айдың амалдары мен төрт маусымның айырмашылықтарын нақтылап, ұл-қыздарына аспан денелерінің атын еншілген ұлттық үрдіс те ұрпақ сабақтастығына жалғасты. Бүгінгі болмысымызда да табиғат тағылымдары терең тамырласқан. 

Қорқыт бабамызбен бірегей бай­ла­ныс­тағы эпоста оғыздар ханы шешесінің күн нұрына жүкті болуымен өмірге келгендігі ай­тылады. Оғызханның өзі аспаннан түскен ару мен су ортасындағы аралдан келген екі дүние­нің бойжеткеніне теңдей үйленіпті. Ал­ғашқы жары – Күн, Ай, Жұлдыз сынды үшем сыйласа, келесі жұбайы – Көк, Тау, Теңіз есімді ұлды дүниеге әкелген. 

Геродоттың жазбасына сүйенсек, скиф­тер­дің ортасына аспан әлемінен алтынмен апталған төрт түрлі тұрмысқа қажет зат түсіпті. Олар – соқа мен мойынтұрық, тос­таған және айбалта екен. Зерттеушілердің бар­лығы да осы дүниелердің идеалды ны­шандық мәні сол кездегі қоғамның үш әлеуметтік жіктелісін танитындығына тоқтаған. Тостаған – абыздықты меңзесе, айбалта – жауынгерлікті. Алғашқылары еңбекшілдік пен байлыққа қоса өнімділіктің белгісі. 

Күлтегіннің кезінде қолмен қашалған балбал тас біздің дәуірімізге дейінгі 646-738 жылдар аралығында қағанат құрып, жалпақ жұртын жауларынан қорғаған баһадүрлерімізден жеткен жақұтты жұрнақ. Орхон өзенінің бойынан табылған ескерткіш белгіде:

Биікте көк тәңірі,

Төменде қара жер тұрғанда, 

Екеуінің арасында адам баласы дүниеге келді, – деген тобықтай түйін сөз жазылғанын оқыды мәдени мұраны зерттеуші көрнекті ғалымдар. Текті тұлғаларымыздың бірегей бітімін білдіреді бұл. Сан ғасырлық ақыл ойы мен тағылымды тәжірибесіне қоса шынайы шеберлігінің негізінде қазақ халқы тамаша туынды түрінде құрастырмалы киіз үйді тіршілігінде тиімді пайдалана білгені мәртебелі мақтаныш. Сәулет өнерінің озық үлгісі санатындағы баспанамызда астрономия әліппесімен қоса геометрия ғылымының өлшемдері де қатар қабысқан. Төскейінде төрт түлігі өрген өрісті өлкеде көшіп қонуға қолайлы Һәм тасымалдауға да жеңіл мекен жай мәні мен мазмұны жағынан әлемнің шағын көшірмесін байқатады.

Жер жаннатындай жазиралы аумақтың биік тауы мен ну тоғайы жабайы жануарларға толы еді. Балығы таусылмайтын өзен-көлдерде сан алуан құс жұмыртқалайтын. Өсімдіктердің де мыңдаған түрі көркем келбетіне көрік қосты. Тәңірдің тартуы жанарын жаулаған жиһанкез жат жұрттықтар далалық дәстүріміздің ерекшеліктерін де екшеді. Шеңберлі шаңыраққа көлбеу орнатылатын бақанның темірқазық жұлдызына бағытталуымен бірге жердің кіндігін көрсететіндігін түсінгенде таңдай қаға таңырқасқан. 

Серікбол Қондыбай (1968-2004 ж.ж) қамшының қысқа сабындай қыршын ғұмырында артына мол мұра қалдырған қабырғалы қаламгер. Оның толық шығармалар жинағында кереге мен уық және шаңырақ ғаламның төменгі, орта, жоғарғы дүниені білдіретіндігіне негізделіп, үштасқан үштікке дем беретін төртінші қозғаушы күш тұтас ағаш қаңқамен киіз үйдің құрастырылғаны айрықша аталады. 

Құрылған керегенің жоғарғы және төменгі жағы қисық сызықпен жанама дөңгелене келіп, ортасы жазықтықпен шеңбер түрінде түйіскенде жердің кішірейтілген қалпын көресің. Ендігі екі басы қос шоқ жұлдызды нұсқап тұратындығымен таңдандырғандай. Үйдің сыртынан айналдыра тартылатын жалпақ құр аспан белдеуін білдіретін зодик шеңбері. Төсек басының солтүстікке қаратылуы жердің магниттік тартылыс күшін тұспалдаса, ортадағы ошақ пен оттың жылуынан күннің нұрлы шуағын сезесің. 

Жердің бетін жасанды серіктер арқылы зерттеулердің нәтижесінде, оның жүрекке ұқсас екендігі анықталған. Осыған орай – кардиоид атауы ұсынылды. Оңтүстік бөлігі сыртқа қарай шығыңқы болса, солтүстік беті ішке қарай сығылған. Адамзат баласы бесігінің бұл пішінін ғылыми тұрғыдан толық түсіндіретін ұғынықты уәж әлі табылмай тұр. 

Түркістан қаласы қилы кезеңде ер түріктің бесігіне айналғаны ақиқат. Екі дүниеге есік ашқан шырайлы шаһарда он бес ғасыр бойы қаз-қалпында сақталған зәулім кешен бар. Қожа Ахмет Яссауи есімін әйгілеген мұражайлық мазардың ортасында тарихи тайқазанның тұрғаны бәрімізге белгілі. Биіктігі тұғырымен бірге алғанда 2,62 метрді құрайтын ырысты ыдысқа 3 мың литр су сияды екен. Салмағы 2 тоннаға жететін диаметрі 2,45 метрлік алып қазанды шебер ұсталар 1399 жылы жеті түрлі (алтын, күміс, қызыл мыс, мырыш, темір мен қорғасын және қалайы) металл қоспаларынан құйған көрінеді.

Бұрын күмбездің төбесінде қазанның дәл ортасына келетін жуан жіп салбырата ілінгені айтылады. Сол арқанның ұшына салмағы бар шойын тас байласа, ол тынымсыз тербеліп тұрады екен. Қозғалыс жердің дәл кіндігінен айналатын заңдылығына сай жасалыпты. Қазанның бетіне қақпақ қойып, ізін түсіру арқылы тосын таңғажайыпқа кезіккен де қазақтың кемеңгерлері. Айнала шетіндегі бірегей белгілерден төрт құбыланың бағытын анықтай аласың. Демек бұл тәжірибенің тағылымы француздарға тиесілі мектептен мәлім маятниктен 452 жыл бұрын, біздің жерімізде алғаш жасалғанын айғақтайды. Фуко құрылғысының 1851 жылы жүзеге асырылғаны пән кітаптарына құрметпен кіргізілген. 

Тұран төсіндегі ғажайып ғимараттың сызбасын белгілеп, құрылысын жүргізгендер барлық сала мен ғылымды жетік меңгерген дүлдүл дарын һәм тума талант иелері екендігі талассыз. 

Өкініштісі, жұртымыздың жетістігі ілімдегі ізденістерді жүйелейтін әмбебап жинақтарға кірістірілмеген күйі қалтарыста қалды. Ілгері індете берсек қарапайым ғана құйма қазан адамзаттың ақылман абыздары атанған поляк астрономы Николай Коперниктің әйгілі еңбегі және өзі құрастырған телескоптың көмегімен көк күмбезіне көз тіккен Галилео Галилей тұжырымдамаларынан бұрын ел игілігіне пайдаланылып, көшпенділер күнкөрісінде кеңінен қолданылғанын . 

Египет пен Вавилон және Грекия мен Рим сынды мәдениеті гүлденген ға­жайып қалалардағы кереметтер қай кі­тап­ты парақтасаң да алдыңнан шығады. Мұхаммед Тарағай (лақап аты Ұлықбек) ма­тематикалық өлшемдерді дәл жүргізуі нәти­жесінде аспан шырақтарының өзара қоз­ғалыс тәртібін түзіп, жұлдыздардың орналасу картасын жасаған жетістігін жұртқа жар­намалауда қиянат пен қысастықты көп көрген. 

Ол (1394 жылғы наурыздың 23-інде дүниеге келіп, 1449 жылғы қазанның 27-інде өмірден өткен) жастайыннан білімге құмартып, бос уақытын кітапханаларда өткізетін. Темірдей билеушінің немересі алғашында поэзияны жақсы көріп, тарихтың тұңғиығына бойласа, кейін астрономиямен айналысып, мықты математиктігіне қоса жетік физик те атанды. Самарқанға майталман мамандарды жинап, алғашқы обсерваторияның қабырғасын қалады. Осы орталықта жүргізілген жұмыстардың құндылықтарына сол тұста тең келетін жаңалық жоқтығы мойындалған. Алайда, ағартушы ұстаздың ерлікпен еншілес ерен еңбегі кертартпа үстем тап өкілдеріне ұнамай, қызметіне қарсылар көбейді. Кейіннен оны азаптап өлтіргендер ра­сыт­ханадағы теңдесіз туындыларын тал­қан­даған. 

Дж. Бруноны итальяндағы христиан инквизациясы отқа өртеген еді. Әлемнің шексіздігін айтып, оны қоршаған заттарда есеп жоқтығын ескерткені үшін. Демек дәстүрлі діндердің бұрмаланған бағыттары қоғамдағы еркін ойға бұрыннан қатаң тыйым салғаны шүбәсіз шындық. Ғылымның көкжиегін кеңейтіп, толағай табыстарды толықтырған қайраткер құрметсіз қалмай, бағындырылған белес­тер биік бағалағанды. Әр жыл сайынғы наурыз айының 23-і халықаралық метерология – (өлшеу, өлшеудің біркелкілігі мен қажетті дәлдікке жету тәсілдері туралы ғылым) күні ретінде сала мамандарының айрықша атап өтетіндігімен елге етене. Ұлыстың Ұлы Күнімен қатар келетін осы үрдістен тылсым табиғат пен ғарыштық ғаламның үйлесімділігін ұғатындығымыз аян. 

Адамзаттың айлы аспанға ауған аңсары алғашында ауызекі аңыздардан басталып, ғылыми фантастикаға ұласуы дыбыстан да жылдам ұшатын әуе лайнерлері мен ғарыштық кемелердің құрастырылуына жол ашты. Жер серіктерінің көмегімен жаһан жұрты бірегей байланысқа бірігіп, салмақсыздық жағдайындағы талай тәжірибелердің нақты нәтижелерін тіршілігімізде тұтынудамыз. 

Келесі кезекте құл темірдің қызметі мен ағзаны ауыстыру және лазерлік сәуле сынды озық ойларымыздың да баршаның бейбіт болашағы мен ізгілікті ісіне парасаттылықпен пайдалану парыз. 

Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ 

Астана қаласы

Серіктес жаңалықтары