2574
Памирді талай қазақ қылған мекен
Памирді талай қазақ қылған мекен
Тәжік-Қазақ достық қоғамының төрағасы, филология ғылымдарының докторы, профессор Абдусаттар Нуралиев Тәжікстандағы қазақтардың қоныстану, көшіп-қону тарихына талдау жасап, бізге беймәлім деректерді, материалдарды оқырманға ұсынған. Бұл тақырып алғаш рет қолға алынып, зерттелінген екен, оның құндылығы да осында. Екі ел тарихына қатысты тың мәліметтер оқырманды, зерттеушілерді сөзсіз қызықтырады. Екі елдің тарихи, мәдени, дипломатиялық байланыстарының арналары автор талдауына, зерделеуіне негіз болған.
1917 жылғы Қазан революциясынан кейін республика аумағына Ходжент уезі мен тағы басқа жерлердің қосылуы Тәжікстан халқының санын да арттыра түсті. Қазақтардың санының сол кезде қанша болғандығы жөнінде қолда нақты дерек жоқ. Өйткені түркі тектес халықтардың көбісін өзбек деп жазып көрсету барлық жерде де етек алды.
Кейбір ресми емес деректерге қарағанда, қазақтардың бұл аймақтағы саны 60-70 мың адам деп көрсетілген. Мысалы, «Тарихи Гүлшани» (1909) атты қолжазбада қазақтардың Шығыс Бұқара (қазіргі Тәжікстан) жеріндегі саны 15 мың отбасыдан кем болмағандығы айтылады. Ал Кеңес заманында қазақтардың бұл саны азая бастаған. Оған қазақтардың да бір тобын өзбек деп жазып көрсету себеп болса, екінші жағынан аз санды қазақтардың біразының Тәжікстандағы лақай, өзбекке сіңген қоңыраттар, құрамалар, наймандар, тағы басқа туыс тайпаларға біртіндеп сіңісіп кетуі. Осы аталған тайпалардың фольклорында, тілі мен әдет-ғұрыптарында қазақтың тілі, салт-дәстүрінің сақталынып қалуы. арнайы зерттеп, талдауды, зерделеуді талап ететін келелі іс деп ойлаймыз.
Осыған орай Б.Х. Кармышева былай деп жазады: «Хисар және Сұрхандария даласының орта бөлігін Юз (Жүз) тайпасы мекендеген (олардың Ходжент пен Ұратөбеде де иеліктері болған). Қабадиян дүрмендерге тиісті болған. Тәжікстанның тау етегіндегі жерінің едәуір бөлігінде көшпелі лақайлар орналасқан еді». Осы аталып отырған тайпалардың қазаққа туыстығы мәлім, ал қазақтардың арнайы аталмауы, сандарының аздығы және олардың сол түркі тайпаларының, әсіресе лақайлардың құрамына сіңісіп кетуіне байланысты болса керек.
Ал бүгінгі Тәжікстан жерін мекендейтін түріктердің шоғырланып тұратын бөлігінің тілі көп өзгермей, табиғи күйінде сақталып қалған. Тілі өзбектен гөрі қазаққа жақын қоңырат, лақай сияқты тайпалардың ұрпақтарын бүгінде өзбек деп жазып жүргенімен, олардың өздерінің де айтуынша, қазаққа жақын адамдар.
Тәжікстанды мекендейтін түркі тектес халықтардың көбісі Қорғантөбе облысында тұрған. Бұл өлкенің жергілікті тұрғындарының дені таулы аудандарды мекендеген.
Тәжікстанның оңтүстік аудандары тұрғындарының шығу тегін зерттеген Б.Х. Кармышева мұнда қоныстанған түркі халықтары жайлы мынадай пікір айтады: «Мен зерттеп жүрген аудандарда 1924 жылы тәжіктерге жақын мынадай өзбек тайпалары тұрады деген деректі таптым. Онда Мұсабазары (Қаратау ауданында – 140 адам), Балғалы (Қаратауда – 115 адам), Найман (Қаратауда – 335, Сариасияда – 100 адам), Тартулы (Балжуанда – 1540 адам) деп жазылған. Тексере келгенде, мен бұл өңірден Мұсабазары тайпаларына қатысты адамдарды ғана таптым».
ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында оңтүстік Тәжікстан халқының этникалық құрамын зерттеген ғалымдар тәжіктер мен түркі халықтарының тегін анықтауда үлкен еңбек еткендігі мәлім. Олардың жазбаларының осы жерді көптен бері мекендейтін тайпалардың қысқаша тарихын анықтауда маңызы бар. Олардың пікірінше, Шығыс Бұқараның өзбек тұрғындары ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында үш жікке бөлінген:
1. Тайпа, руларға бөлінбейтін отырықшы тұрғындар – шағатайлар, қожалар, қаршылықтар (Қаршыдан келгендер) деп аталатын топтар;
2. Көне тайпалар, яғни моңғолға дейінгі Мауереннахрды мекендеген түркі тайпаларының ұрпақтары және моңғолдардың қол астында болған, кейін жергілікті отырықшы халықпен сіңісіп кеткен, жартылай көшпелі тұрмыс-тіршілігін сақтап қалған түркі-моңғол тайпалары – түріктер, қарлұқтар, халачилер, моғолдар, мершикерлер және тағы басқалар;
3. Кейінгі тайпалар Дешті Қыпшақтан Мауереннахрға XV ғасырдың соңында Шайбани ханмен бірге келіп, осы жерге түпкілікті қоныстанып қалған өзбек тайпаларының ұрпақтары – қоңыраттар, жүздер (юз), лақайлар, семіздер, кесемірлер, қатағандар, дүрмендер және т.б.
Лақайлардың «біз өзбек емеспіз, біздерді жеке, дербес түркі халықтарының бірі деп тану керек» деген дауы әр кездерде көтеріліп келеді. Айталық 2000 және 2010 жылдардағы халық санағы кезінде де: «біз тек лақай халқының өкілдеріміз», – деген адамдардың саны көп болды. Осыған орай, олардың ұлттық санасының өскенін де есепке алмауға болмас. Олардың қазақтарға қаншалықты жақын екендігін ауыз әдебиетінің мына төменде келтірілген үзінділерінен анық байқауға болады. Біздің бұл мысалды келтірудегі мақсатымыз – лақай тілінің де қазақ тілі сияқты өзбек, тәжік тілдерінің ықпалына оншалықты көнікпей, мейлінше таза сақталып қалғандығын оқырман қауымға ескерте кету. Сондықтан біз мысалдарды қазақ тіліне аудармай, сол лақайлар арасында айтылып жүрген қалпында келтіруді жөн деп таптық.
1. Мақал-мәтелдер
Жук авурын нар көтерер,
Елдиң авурын ер көтерер.
Журт жутаса – жöхчилик,
Журт байиса – тöхчилик.
Жети жилда – журт жаңа,
Еллик жилда – ел жаңа.
Жаманди яхши деме мали бар деп,
Ешекти тарлан деме жали бар деп.
2. Халық өлеңдерінен
Ешик алдида алма,
Алмаға назар сама.
Атам саңа бермейди
Жигіт жолыңнан қама.
Тақия тиктим тöрлама,
Һали яш деп хöрлама.
Бойим һали вöседи,
Көкейиңди кеседи.
Домбырамды алдыңиз,
Турли куйге салдиңиз.
Аламан деп ала алмай,
Вöбалыма қалдиңиз.
Бир деңгесе келинчек айтқан екен:
Туйип-туйип қойибем,
Туйме келин атандим.
Бурип-бурип қойибем,
Бурме келин атандим.
3. Келін сәлем
Жарда тұрған каптердей,
Мöлла сизған даптердей,
Қайнатасиға бир салем.
4. Ярабезен (жарапазан)
Ярабезен айтып келдик ешигиңе,
Қочқардай ул берсин Худай бешигиңе.
Ассалöму алейкум, бизлер келдик,
Изет-икрам минан салем бердик.
Шул уйдиң чаңғырағы чақ-чақ қана,
Шул уйде бир апам бар аппақ қана.
Ярабезен, Ярабезен, Ярабезен!
5. Жоқтау
Асмандағы булитти, атип алған
жан атам,
Адам боса перзентим, кун көремин
дегенде,
Кунниң кози тутилды.
Адам боса, жер басамин дегенде,
Жердиң баври сөтилди.
Ваһ, атажаним! Жан атажаним!
6. Бата
Қазаны тола көже бöсин,
Төгереги чөже бöсин.
Вöчағи тола күл бöсин,
Уйі тола ул бöсин.
Мақалдарда айтылатын мына лақайша сөздер қазақ мақалында да осылай айтылып жатады:
Авзи жаман елди булғайди,
Аяғы жаман торді булғайди1.
Жалқав қараб вöтириб чарчайди.
Еринчек етигіне суринеди.
Елиден безген ер емес.
Әрине, бұл келешекте арнайы зерттеуге тұрарлықтай келелі тақырып.
Түркі тектес халықтардың Оңтүстік Тәжікстан жеріне көшіп келуі, олардың көші-қон тарихы туралы Б.Х. Кармышеваның көзқарасымен келісуге болады. Ол айтқандай, «түркі тайпаларын ежелгі және кейінгі келгендер тобына бөлудің кейбір қиындықтары бар. Өйткені сол белгілі тайпалар мен халықтардың арғы аталарының бір бөлігі Дешті Қыпшақтан келсе, ендігі бір бөлігі Мауереннахрды ертеден мекендегендігі мәлім. Сонымен бірге олардың этникалық құрамының бірыңғай болмағандығы да белгілі. Керісінше, ортағасырлық түркі-моңғол халықтарының тарихында әртүрлі этникалық топтардың үнемі бір-бірімен араласып, сіңісіп, бөлшектеніп кетуі, жаңа сипатпен қайта бірігуі әр кезеңде болып тұрған құбылыс. Дешті Қыпшақ өзбектері ұрпақтарының құрамына көне түркі тайпаларының сіңіп кетуі түркі халықтары арасында болып тұратын алыс-берістің нәтижесі». (Кармышева Б.Х. Очерки этнической истории южных районов Таджикистана и Узбекистана. Наука. – М., 1976. – 73б.)
Осы арада айта кететін тағы бір жайт, бүгінгі Тәжікстанда тұратын қоңыраттардың және Өзбекстанда тұратын қоңыраттардың арасындағы тіл ерекшелігі өте аз. Олардың жүз жылдан астам уақыт бір-бірінен жырақ тұрса да, жергілікті халықпен араласу негізінде тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрыптарында шамалы ғана өзгерістер болған. Мұндағы қоңыраттардың тілі мен өзбек тілінің синтезі сияқты. Тұрмыс-тіршілігі жағынан олар неғұрлым өзбектерге жақын болса, тіл жағынан, сөйлеу мәнерінен, сазды өлеңдері, әндері жағынан қазақтарға мейлінше жақын. Олардың жыр-дастандарды, ертегі-аңыздарды мәнерлеп айтқанда, домбырамен өлеңдеткенде қазақ та, өзбек те ұйып тыңдайды, жете түсінеді. Ал олардың бүкіл оқу-сызуы өзбек тілінде болғанымен, өзіндік ұлттық (тайпалық) ерекшеліктерін сақтап қалуы, өздерін қоршаған адамдармен, тайпалармен сіңісіп кетпеуі таңқаларлық жай. Біздің ойымызша, республикада қоныстанған бүкіл қоңыраттың жай-жапсарын жан-жақты салыстыра зерттеу қазақ халқының қалыптасу тарихы үшін де қажет сияқты.
Сонымен, қорыта айтқанда, Тәжікстанды мекендейтін түркі тайпаларының кейбіреуінің ата-тегінің кестесімен танысқан соң мынадай ойға келдік:
1. Кестеге ендірілген ру аттарының көбісі қазақ руларымен аттас, тектес келіп отырады. Оған жылантамғалы, балғалы, қара қоңырат, қазақ, төлеңгіт, қанжығалы, бесбала, ноғай т.б. көптеген ру аттары мысал бола алады;
2. Қоңырат, лақай руларының әрқайсысында «қазақ» деген атаға бөліну бар, олар да өзінше отбасы, туыстық, ағайындастық жағынан бөлініп жатады;
3. Бұл айтылғандардың осы жерде тіршілік ететін өзбек қоңыраттары деп аталатын үлкен рудың қазақтармен туыстығы, сөйлеу мәнерінің қазақтарға мейлінше жақындығының айғағы сияқты. Ертеректе келген қазақтардың біразы осы руларға сіңіп кеткен болуы да ықтимал. Олардың үлкен бір тобы бүгінде де Қорғантөбе облысының аудандарында тұрады.
Ал, семіздер мен кесемір тайпаларының Куляб аймағында тұратын бөлігінің рулық құрамында керей, таз, киікші, ноғай деп аталатын рулар бар. Бұл туралы Н.Маевтің («Очерки Гиссарского края» МСТК, 1879) кітабында Куляб бектігінен 1875 жылы жазып алған деректерінде кеңірек айтылған.
Тек қана өзбектерге қатысты деп жүрген дүрмен тайпасының да өзіндік тарихы бар. Бірақ дүрмендердің этникалық құрамын зерттегендер олардың басқа түркі тайпаларымен, сондай-ақ қазақтармен араласып, сіңісіп кеткендігін баса айтады. Бұған дүрмендердің ата-тегінің кестесі куә. Мысалы, қоңыр, жамантай, қият, аққойлы, қазақ, ноғай, борбай руларының қазақтарға тектес екендігіне күмән болмаса керек.
Тәжікстан қазақтарының қысқаша тарихын парсы-тәжік тіліндегі кейбір жазба деректермен тұжырымдасақ дейміз. Осындай шығармалардың бірі – «Тарихи Қипчақи» деп аталады. Осы «Тарихи Қипчақи» шығармасында жазылғандай, Абдул-Азизхан заманында (1645-1680) Захириддин Мұхаммед Бабыр ұрпақтарына қарсы Балх үшін болған соғыста (бүгінгі Тәжікстанның Хатлон облысындағы Пяндж және Қорғантөбе аудандары шекарасына таяу жерде) бір ләк (100 мың) қазақ атты әскері қатысқан.
Қыпшақ хан жазған сол соғыстың соңында түрлі себептермен шамалы қазақ жауынгерлері осы арада қалып кеткен. Олардың ішінде Балхтан тәжік жеріне көшіп кеткендері де аз болмаған. Осылайша Тәжікстан жерінде қазақтардың саны өсе бастаған. Оған ХІХ ғасырдың соңында жазылған Гулшанидің «Тарихи Хумаюн» кітабы куәлік береді. Осы кітап авторының айтуынша, Шығыс Бұқара жерінде 15 мың үй қазақ болған. Түрлі тарихи жағдайларға байланысты олардың біразы басқа түркі тайпаларына сіңіп кеткен сияқты.
Осы кітаптағы қазақтар туралы соңғы деректе былай делінген: «Шамамен ағайындылар (Субханқули хан мен Абдул-Азизханның) арасында болған қақтығыстар (дау-жанжал) төрт жылға созылған. Мауереннахр мемлекеттері және Балх хорезмдіктер мен қазақтардың шабуылы нәтижесінде ыдырап кету дәрежесіне жеткен».
Тәжіктер – қазіргі Орта Азияның ежелгі тұрғындарының бірі. Олардың тарихи отаны – Ұлы Хорасан (Соғды, Мерв, Тус, Бактрия, Герат, Мауереннахр), яғни ІХ-Х ғасырда билік еткен Саманилер империясы тұңғыш тәжік мемлекетінің жері болып саналады. ХІ ғасырдан ХІV ғасырдың бірінші жартысына дейінгі Орталық Азияда түркі-моғол әулеттері мемлекеттерімен қатар, тәжіктер мен парсылардың да өз мемлекеттері болған. Гурилер, Герат курдтары, Сарбадарлар және Мұзаффарилер сияқты тәжік мемлекеті Саманилер империясының дәрежесіне жетпегенімен, тәжік халқының қалыптасуы мен дамуында үлкен рөл атқарған.
ХVІ ғасырдың басынан ХІХ ғасырдың бірінші жартысына дейінгі заманда Мауереннахр мен Хорасан жерінде өте ірі-ірі саяси өзгерістер болған. Билік Темір әулеттерінің қолынан көшпелі өзбектер – Шайбаниларға өтті. Мұхаммед Шайбани хан бұл жердің көп бөлігін жаулап алып, өзіне қаратты. Темір ұрпағы биліктен ысырылды. 1500 жылы ешқандай соғыссыз-ақ Самарқанды өз иелігіне қаратып алғаны тарихтан мәлім. Сонымен қатар, ол Хисар уәлаятының әміршісі Хусравшахтың жігерсіздігін пайдаланып, ешқандай қиындықсыз-ақ бүгінгі Тәжікстан мен Өзбекстанның оңтүстік аймағын, Ауғанстанның солтүстік бөлігін жаулап алды. 1505 жылы Хорезмде де өз билігін орнатты. Міне, осы Шайбани ханның шерігімен бірге келген түркі халықтар тобының біразы, сондай-ақ қазақтардың сол кезде әлі өзбек-қазақ (М.Х.Дулати) деп аталатын бөлігінің талайы осында қоныс теуіп қалады.
1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін тәжіктер бұрын жойылып кеткен өзінің дербес мемлекетін қайта құруға мүмкіндік алды. 1920 жылдың 2 қыркүйегінде Бұқара әмірлігі түбегейлі жойылды. Сол жылдың қазанында Бұқара Кеңестік Халық Республикасы құрылды. Сол 1920 жылдың соңында Түркістан майданының әскери бөлімдерінен Хисар экспедициялық бөлімі (отряды) құрылды. Оның көмегімен 1921 жылы Хисар, Душанбе, Куляб және тағы да басқа аудандар Бұқар әмірінің әскерлерінен тазартылды. Әмір Әлімхан болса, бас сауғалап Ауғанстанды паналады. Тәжікстанның орталық және оңтүстік аудандарында революциялық комитеттер (ревком) ұйымдастырылды. Содан Тәжікстанның бүкіл аумағында азамат соғысы басталып кетті. Басмашыларға қарсы соғыс та осы аймаққа қарай ойысты. Осындай аласапыран заманда тәжіктердің біраз бөлігі атамекенін тастап, Ауғанстанға қарай ауа көшті.
1924 жылдың қазанында Тәжік Автономиялы Республикасы құрылғаннан кейін Хисар, Қорғантөбе, Гарм, Душанбе, Куляб алабындағы қамысты да батпақты жерлерді игеру науқаны басталып кетті. Ол кезде Тәжікстан жерінде, Кеңес өкіметінің басқа жерлеріне қарағанда, біршама тыныштық орнаған болатын. Сондықтан да Қазақстан және Қырғызстаннан қысым көріп қудаланғандар, байлар Тәжікстанның шекарасы арқылы Ауғанстанға өтіп кету қауіпсіз деп, осы аймаққа қарай ауа көше бастайды.
Солай болса да, өздерінің ата-жұртынан ауа көшіп келіп, қоныс тепкен осы шағын бір топ қазақтың жүздеген жылдар бойы көрші түркі тайпаларымен араласып өмір сүре отырып, оларға толық сіңіп кетпей, өздерінің табиғи қазақ қалпын жоғалтпай, тілін, салт-дәстүрлерін сақтап, ассимиляцияға ұшырамауының өзі таңқаларлық жай. Бұл өз заманында ұлт болып қалыптасып үлгерген қазақтардың бір шоғыры ғана деуге болатын құбылыс. Қалыптасқан ұлт қана тамырын үскірікке алдырмайды, оның бойындағы қасиеттер даралық сипат беріп, болмыс-бітімін жоғалтпайды. Ал салт-санасы, ұлттық тілі, мәдениеті, психологиясы қалыптаса қоймаған ел басқа түбі бір түркі халықтары немесе тәжіктермен араласу барысында, сіңісіп кететін жағдайлар тарихта болып тұратын құбылыс. Күні бүгінге дейін сол «жергілікті» қазақтардың осы елдегі тұрмыс-тіршілігіндегі ерекшеліктеріне байланысты тілі мен ділінде, дәстүр-салтында, ата кәсібінде болмашы ғана айырмашылық болғанымен, олар өздерінің қазақ қалпын мықтап сақтап қалған.
Әрине, бір елден екінші бір елге қоныс аударудың қиындығы мен мехнаты, әурешілігі көп болатыны белгілі. Бірақ та ХХ ғасыр басындағы дүрбелеңнен соңғы қысылтаяң шақта амалсыздан басқа елдерге қарай үдере көшкен қазақтардың бүгінгі тәжік жеріне келіп қоныстануы да тегіннен тегін болмаған шығар. Осы Тәжікстанға келген қазақтар ішінен шыққан Абдолла Ярмұхамедов, күйші Әлшекей, Бабай Ишан, ақын Шанайұлы, Сағидолла молда, белгілі мүсінші Көбей Жұмағазин, еңбекқор Рүстем Әбдиев, ғалым Шалбаев, дәрігер ғалым Ғалия Есенғалиева, ет комбинаты директоры болған Алмағамбетов және тағы басқа көптеген еңбек саңлақтарының еңбегі ұмытылмауы керек.
Бүгінде қазақтардың қашан, қай заманнан бастап қазіргі оңтүстік Тәжікстанды мекен ете бастағандығы туралы анық дерек, құжат, жазба мағлұматтардың аздығынан, біз кейбір тарихи оқиғаларға байланысты бағзы бір мәселелерді топшылап айтуымызға тура келеді. Қазақтар және қазаққа туыс түркі халықтары топтарының қазіргі Тәжікстан жеріне көшіп келуінің тарихын бірнеше кезеңге бөліп қарауға болатын сияқты.
Бірінші кезең: XVI ғасырдың басында Шайбани бастаған көшпелі өзбектердің Мауераннаһр мен Ауғанстанға жасаған шабуылы кезінде өзбек-қазақ болып аталатын тайпалар құрамында бірге келген қазақтар. Сондай түркі тайпаларымен араласу негізінде олардың кейбіреулері дүрмен, қатаған, найман, қоңыраттардың бір бөлігін құрап жатса, ал кейбір топтары лақай халқының құрамындағы тайпаларға сіңіскен, олардың 52 руының ішіндегі лақай – қазақ, қанжығалы, тағы басқа ру аттары осыны меңзейді. Аз топтың көпке сіңуі табиғи нәрсе деп білу керек. Бұған олардың бет-пішіні, антропологиялық жағынан жақындығы, тілінің бір-біріне мейлінше түсініктілігі, етене туыстығы куә бола аларлықтай. Бүгінгі күнде де лақайлар қазақша сөйлейді деуге болады. Олардың «Біз өзбек емеспіз, лақай деген дербес түркі тайпасының өкілдеріміз», – деп әлі күнге дейін өздерінің ұлттық дербестігін сақтау үшін күресіп жүргендігі мұның айғағы деуге болады.
Екінші кезең: 1723 жылдан кейінгі жоңғар жаугершілігі кезінде «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деп аталатын кезеңде бас сауғалап, үдере көшкен қазақтардың бір тобының осы жерге келіп қоныстануы. Мұны да кейбір шежіре білетін қарттар анық айта алмағанымен, жоққа да шығармайды. Оған Куляб өңірінде тұратын қазақтардың: «Біздің ата-бабаларымыздың мұнда көшіп келгеніне 300-ден астам жыл болған. Бұл әңгімені біз кезінде аталарымыздан естігенбіз», – деуі куә. Осы бір қысылтаяң заманда өздерінің байырғы атамекенін тастап, Бохтар, Вахш, Қорғантөбе, Ғиссар жеріне қоныс аударуға мәжбүр болған қазақтар аз болмаған көрінеді.
Үшінші кезең: Қазақ жерінде Кеңес өкіметі орнаған соң, 1920 жылдарда басталған ауқатты адамдарды, бай-кулактарды қудалау науқаны басталған кезде, жаны мен малын аман сақтап қалу ниетімен Ауғанстан еліне қарай көшін артқан қазақтар топ-тобымен осы Шығыс Бұқара – қазіргі оңтүстік Тәжікстан жерімен малын алдына салып айдап, тыныш мекенді іздеп ауа көшкен. Талай қиыншылықтармен олар Өзбекстан жеріне өтіп, Қорғантөбе, Вахш алабына келгенде ары қарай өте алмастан амалсыздан Тәжікстан жерінде қалып қойған. Олардың саны аз болмаған. Қызыл әскерлер Ауғанстан шекарасын жапқан соң, қазіргі Хатлон облысының жоғарыда аталған талай аудандарында қазақтар қоныстана бастайды. Олар осы аймақтың сар даласы мен батпақты жерлерін игеріп, өздеріне мекен, малдарына жайылым, егіндік жер еткен. Сол заманда көшіп келген қазақтар жайлы көненің көзі, жүзден асқан (1911 жылы туған) Салихов Мұрадәлі ақсақалдың айтуынша, 1924 жылдан кейін көп қазақтар түйелеріне жүгін артып, Қорғантөбе облысының Яван ауданына да көшіп келген дейді. «Олар ауқатты да бай адамдар еді, жоғының өзінде кем дегенде екі түйеден болатын», деп сипаттайды ақсақал бізбен 2012 жылғы болған әңгімесінде.
Төртінші кезең: 1929-1930, 1932 жылғы ашаршылық нәубеті Орталық Азия халықтары ішінде қазақтар үшін аса ауыр жағдайда өткені мәлім. Осы қолдан ұйымдастырылған қырғыннан өздерін, отбасыларын аман сақтап қалу үшін Ауғанстан, Қытай, Иранға қарай көшкен қазақтардың біразы Тәжікстанның Хисар алабына келіп жан сақтаған. Сол бір қысылтаяң кезеңде тәжіктер мен қазақтардың аштықтан жан сақтап қалуының себебі Тәжікстанның алуан түрлі жемістер өсетін бай таулары болған еді. Тауда жабайы өсіп жатқан тұт, долана, жаңғақ, інжір, тағы басқа миуалар мен жемістерді құрғатып, одан ұн жасап, нан пісіріп, өздеріне азық еткен.
Бесінші кезең: 1930 жылдардағы тап күресі науқаны күшейгенде молда, ишан, бай деп қудаланған қазақтардың шағын тобының Тәжікстанға келіп қоныстануы. Бұл қатарға қазақ әулие деп атаған Әлі Мұхаммед төре Түркістани, тариқат жолындағы Ахун Ибраһим, Исмаил керуенбасы, Бабай Ишан, Сағидолла молда, Әлшекей күйші, зиялы Елеусіз Бұйрын, Қожагелді Исмаилов және аты-жөні әлі анықтала қоймаған көптеген адамдарды қосуға болады.
Ал Тәжікстан дербес одақтас республика болғаннан (1929) кейін жердің барлығын Кеңес өкіметі иемденген. Егістік жердің аумағы көбейіп, малға жайылымдық жерлер тарлық ете бастайды. Ғалым Б.Кармышева айтқандай, түркі тайпалары диқаншы тәжіктерді тау баурайына қарай ығыстыра бастайды. Өйткені аталған аудандарда түркі тектес халықтардың саны тәжіктерден біршама басымдау болған. Тәжіктер мен қазақтар арасындағы алыс-беріс нәтижесінде мал өнімдерін диқаншылық өнімдеріне айырбастап отырған. Олардың тату-тәтті тіршілік етуінің басты себебі осы болды деген дұрыс пікір. Сондай-ақ бір діндегі халық болғандықтан, мұсылман дінінің адамгершілікке, имандылыққа, бауырмалдыққа үндейтін игі қасиеттерінің де үлкен маңызы болды.
Тәжікстанға тағдыр айдап, ауа көшіп келген қазақтардың арасында сауатты адамдар, сондай-ақ Бұқара мен Самарқанд медреселерінде тәлім алған қожа, молда, зиялылар да көп болды. Арғы-бергі заманда бұл тәжіктер мен қазақтар арасында ешқандай талас-тартыс, қақтығыс болған емес. Тәжіктегі астық, бау-бақша өнімдерін, ет, сүт, т.б. алмастыру екі халық үшін де өте тиімді болған. ХХ ғасырдың 20-жылдар мен 30-жылдарының басында көптеген басмашылар тобының да ешқайсысы қазақтарға тиіскен емес деседі қарттар өз әңгімесінде. Осындай татулықтың нәтижесінде тәжіктер мен қазақтардың малы қорада қосылып, бірін-бірі ас-суына шақырып, бір мешітте намаз оқып, қыз алысып, қыз берісіп, екі ел етене араласып, алысып-берісіп жатты. Осындай ұзақ жылдар араласу нәтижесінде, қазақтардың кейбіреуі тәжіктеніп, ал тәжіктердің кейбіреуі түріктеніп жатқан жағдайлар да болған. Бүгін тәжіктер арасында біздің түбіміз түрік деген адамдар да жетерлік.
Осындай туыстық, жақындық тәжіктер мен осы елді мекендейтін халықтардың мәдениетіне де, әдебиетіне де өз әсерін тигізген. Мысалы, осы Куляб, Қорғантөбе аумағындағы тәжіктердің ән-күйіндегі қазақы әуеннің барлығы, музыкалық аспаптар ішінде халықтық өлең-жырлардың домбырамен орындалуында екі ел мәдениетінің үндестігінің барлығы сезіліп жатады. Ал Тәжікстанда тұрған қазақтардың киім кию, орамал тарту, шапан кию, түрлі тағамдар пісіру, той-думан, салт-дәстүрлерінде тәжіктік сарындардың болу себебін бүгінде ешкім этнографиялық тұрғыдан зерттеген емес, өкінішке қарай.Ал енді қазақтардың елдігіне келетін болсақ, бұрыннан ұлт болып қалыптасқан олар өздерінің ұлттық ерекшеліктерін, қасиетті дәстүрлерін әрқандай жағдайда да мейлінше сақтап келген. Тек қана заманына қарай, тіршілік ету ортасына, тұрмыс-тіршіліктеріне байланысты кейбір өзгерістерге ғана ұшыраған. Біздің байқауымызша, қазақтан басқа өзге түркі халықтарының көпшілігінде жергілікті халықпен араласып-құраласып, сіңісіп кету сияқты құбылыс көбірек байқалады.
Тарихи мәліметтер бойынша, бүгінгі Тәжікстан жерінде, әсіресе, оның оңтүстік аудандарында көне заманнан бері көптеген ұлттардың өкілдері тәжіктермен бірге тату-тәтті өмір сүргендігін жоғарыда айттық. Тәжіктің ХІХ ғасырдағы тарихшысы С.Гулшанидің жазуы бойынша, сол кездегі
Шығыс Бұқараға қарасты бұл ел тұрғындарының тең жартысына жуығы түркі тектес халықтар болған екен.
Хисар бектігінің (бүгінгі Хатлон облысы мен Қаратегін елді мекендері де оның құрамында болған) ХХ ғасырдың басына дейінгі тарихын мұқият зерттеген Мұхаммед-Садық Қарауылбегі (лақап аты – Гулшани Бухари) өзінің «Тарихи Хумаюн» («Ізгі тарих») деп аталатын шығармасын жазып, Бұқара әмірі Абдуллахадқа (1885-1910) тарту еткен. Гулшанидің осы қолжазбасын Саид Ахмад Васли деген кісі 1909 жылы қайта көшірген. Осы тарихнаманы зерттеген академик Ахрор Мұхтаровтың жазуы бойынша, ХХ ғасырдың басында Гулшанидің қалдырған мәліметі бойынша, Хисар бектігіне тиісті өлкеде бүкіл Бұқара әмірлігіне қарасты 7 млн. 400 мыңнан астам тұрғындардың жетіден бір бөлігі өмір сүрген. Сол замандағы Қорғантөбе, Қаратегін уәлаяттары Хисар бектігіне бағынышты болған. Ал Қорғантөбе – Хисар бектігінің ең үлкен уәлаяты екен. «Қорғантөбеге тиісті жердің ең атақтысы Сарайкемер деп аталған. Бірақ онда адам саны аз болған», – деп жазады Гулшани.
Осы Сарайкемер мен Жылыкөл суының бойында тұратын түріктер мен қазақтардың саны енді бір деректе 75 мың шаңырақ шамасында болған екен. Бүкіл уәлаятта негізінен 110 мың шаңырақ, яғни 330 мыңнан астам халық өмір сүрген. Олардың көпшілігі мал шарушылығымен айналысқан ауқатты түркілер болған.
Гулшанидің жазуы бойынша, осы Хисар уәлаятының «Су бойы» («Лаби об») деп аталатын мекенінде 10 мың үй түрікмендер мен 5 мың (15 мың адам) отбасы қазақтар тіршілік еткен. Олардың барлығының да түйелері болған, егін салып, мал бағып, өз тіршіліктерін өздері толық қамтамасыз еткен.
Бұл жерде қазақтардың көп болғандығының тағы бір дәлелі – Мұрын жырау, Шәді ақын, Жүсіпбек Шейхулисламов сияқты қазақ ақындары ел аралап, ағайын-туыс іздеп, Хисар өңіріне келіп тұрған деген әңгіме ел арасында бар.
Осыған орай тағы бір айта кететін жайт, бұл тарихнамада ел билеушілерінің көпшілігінің мансабын «би» деп атаған. Ал «би» дегеніміз басқа түркі халықтарынан гөрі қазаққа неғұрлым жақын ұғым. Демек, ел басқару істерінде халықтың тіл ерекшелігіне қазақтардың да ықпалы болған. Ал шынында «би» атауының төркіні қазақта. «Би» деген қазақ ұғымында азамат ісінің соты. Бидің міндеті – дауласқан жақтың ісімен танысып, екі жақтың пікірін, өтініш-арызын айғақтар арқылы тыңдап, кесім, билік, шешім шығарады. Бидің шешіміне екі жақ та риза болып жатады. Бұл пікіріміздің дәлелін Гулшани тарихнамасынан іздестіріп табуға болады. Ол жайлы академик М.Ахроров былай деп жазады: «Мұнда қоныстанған көшпелі тайпаларды басқару билердің қолында болатын. Өйткені бұл елдің көпшілігі түркі тектес халықтар еді. Хисар бектігі қазынашысының дәптерінде 7 бидің аты жазылған екен: Базар би, Мұхаммед Якуб би, Болан би, Пірмұхаммед би, Дәурен би, Темек би, Катта би. Хисар бектігіндегі ауылдардың көпшілігін ақсақалдар басқарған. Осы қолжазбада 25 ақсақалдың аты жазылған» (М.Ахрори. «Хисар», Душанбе, 1992. – 62-б.).
Бұқара әмірінің тапсырмасымен бүкіл Шығыс Бұқара жерін аралап шығып, оның халқы мен мал-жанын есепке алған Садықжан Гулшанидің осы аталмыш кітабында түркі тайпаларының малын есептегенде біраз түйелердің барлығын да айта кетеді. Сол заманда да түйенің қазақтан басқаларда болмағандығын ескерсек, олардың осы өлкеде көптен бері тіршілік еткендігіне әбден сенуге болады.
Осы жерге қоныс аударған қазақтар өздерінің көшпенділік дәстүрін де сақтап отырған сияқты. Олар руымен, елімен қауымдасып, белгілі бір жерге орналасып отырған. Сондықтан оларды қазақ ауылы, қазақтар тұратын жер (Қазақон) деп дербес тіршілік ететіндігін атап отырған. Міне, осындай қауымдастық қазақтар тұрған ауылдарда, елді мекендерде мұқият сақталған.
Бұрынғы тарихи жағдайларға қайта оралсақ, XVI ғасырдың басында ұлы ғұлама тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулатидің Хисарда біраз уақыт болғандығын ескерсек, қазақтар үшін де бұл өлкенің бөтен емес екендігіне сенуге болады. Әрине, бұл арнайы сөз етуге тұрарлық дербес те келелі тақырып.
Тәжікстан жеріне түрлі себептермен қазақ зиялылары да келіп, ерен еңбек еткен. Қолда бар қысқаша мәліметтерге қарағанда, 1930 жылдары Душанбеде Темірбек Жүргенов және «Қазақ» газетінің редакторы болып істеген Елеусіз Бұйрын, тағы басқалар біршама уақыт осында қызмет атқарған. Бірақ олардың бұл жердегі қызмет атқаруы әлі күнге дейін толық зерттеліп, қарастырылған емес.
***
Тәжікстанның дербес республика болуы тәжік халқы үшін аса ірі, саяси әрі тарихи оқиға болғанымен, ол еліміздің аумағын толық межелеп бере алмағандығын тарихшылардың талайы өз еңбектерінде жазып отыр.
«РКФСР ОАК-нің 2-ші сессиясы Орта Азиядағы ұлттық межелеудің маңызын тағы бір сатыға көтерді. Тәжік халқы автономиялы облыстан автономиялы Республика мәртебесіне қол жеткізді. Түркістан Республикасының Сырдария және Жетісу облыстарының қазақтар мекендейтін аумақтары Қарақалпақ автономиялы облысымен бірге, Қазақ АКСР-на өтті. Тәжік АКСР-на келер болсақ, Түркістан Республикасының және Бұқара Республикасының басшы мемлекеттік органдары Тәжікстанды ылғи Өзбек Республикасы құрамындағы автономиялы облыс ретінде қалдырып отырды. Шынында, тәжіктер – Орта Азиядағы ең ежелгі ұлттардың бірі. Бірақ олар өзбектермен етене араласып жатты, экономикалық жағынан Өзбекстанға тартылып тұрды, тәжіктердің жалпы экономикалық-әлеуметтік жағдайы төмен еді. Бірақ РК(б)П ОК-ті тәжік ұлтын автономиялы Республикаға лайық деп тауып, оларға АКСР құқығын берді». (Ғ.Маймақов. «Қазақ жері тұтастығының қалыптасуы», алматы, 2005ж. – 77 бет)
Ұлттық межелеу кезіндегі таласты мәселелердің бірі құрамалардың қайсы ұлтқа тиісті екендігі болды. Қазақстан жағынан «құрама» этникалық тобы туралы түсінігі және бағыты былай болды: (Ғалым Маймақовтың жоғарыдағы аталмыш еңбегінің 124 бетіне назар салайық.)
«Көп айтыс-тартыс «құрамалардың» қай этникалық топқа кіретіндігіне байланысты болды. Қазақстан өкімет органдары «құраманы бірыңғай қазақ топтарының бірі» деп санады. «Құраманы» өз алдына бөлек халық, болмаса бөлек түркі немесе моңғол тайпасы деудің де еш негізі жоқ. «Құрама» сөзі қазақ тілінде әр түрлі аралас бөліктерден құралған деген ұғымды білдіреді. Қазақтар арасында түрлі топтардан тұратын Кіші жүздің «жетіру», болмаса «қырықру» ұғымдары бар. Егер «Құраманың» құрамды бөліктеріне назар аударсақ, онда оның құрамында түрлі тайпа, ру және аталар өкілдерін көрген болар едік. Оның құрамына Ұлы жүзге кіретін үйсін, дулат, ысты, қыбырай, жалайыр, қаңлы, шанышқылы, тұтамғалы, сіргелі т.б., Орта жүзге кіретін найман, арғын, қоңырат т.б., Кіші жүзге кіретін шекті, шөмекей, табын, тама, т.б. ру, тайпалар толып жатыр. Осыдан барып «Құрама» этникалық тобы құрылған. Шынында да, ол аты айтып тұрғандай қазақтың үш жүзінің бөліктерінен құрылған топ, сондықтан да құрамалар қазақ болып табылады. Олардың тұрмысы, тайпалық-рулық құрамы жағынан қазақтармен бірлігі анық көрініп тұр».
Ғалым Ғаппар Маймақов өзінің «Қазақ жері тұтастығының қалыптасуы» деген монографиясында «құраманың» қай этникалық топқа жататындығы ұлттық мемлекеттік межелеу барысында (1924) көп қайшылықтардың көзі болды дейді. Ең бастысы «құрама» ерекше этникалық топ ретінде санға кіріп, санатта жүрді. Даулы аймақтарда «құрамалардың» саны мен олардың еркі шешуші рөл атқарып кеткен кез де аз болмады. «Құрама» атауы ұлттық белгі ретінде жүріп, аумақтың қай республикаға қосылатынына едәуір әсер етті», – деп көрсетеді Маймақов аталмыш еңбегінде.
Ал бүгін сол сынды құрамалардың дені Тәжікстанда өзбек болып жазылып жүр.
Осыған орай айта кететін жайт, 1929 жылы Тәжікстан Республикасының құрамына Ходжент уезінің кіруіне байланысты бұл өлкедегі қазақтар саны да ұлғая түсті. Бірақ, біздіңше, Ходжент уезінің Өзбекстанда қалған жерінде қазақтардың саны көбірек болған сияқты. Ал біздің қолымызда сол Тәжікстанға қосылған жердің ұлттық құрамы жайлы нақтылы дерек жоқ. Бұл деректерді нақтылап зерттеу жарқын келешектің ісі деп ойлаймыз.
Біздіңше, тағы да біздің жұмысымызға септігі тиерліктей деректердің бірі – Қазақ аумақтық қосалқы комиссиясының Бұқар Республикасындағы қазақтар үшін Өзбек Республикасы құрамындағы Қазақ автономиялы облысын құру туралы қойған талабы. «Ол облысқа қазақтар тұратын Кермене және Нұрата уәлаяттары толығымен және Бұқар уәлаятының Аютерек тұманы және Орта шөл ауданы кіруі тиіс. Облыс орталығы ретінде Кермене қаласы ұсынылды».
Тәжікстанға қарай бет алған қазақтар көші осы жерден өткендігі, Сыр бойынан көшіп келіп, Тәжікстан жеріне келген қазақтар еді.
Тәжік халқы Тәжікстан мемлекетін нығайтуда, халықтың бейбіт, тыныш өмір сүруі үшін Абдолла Ярмұхамедовтың еткен еңбектерін ешқашан да ұмытпайды және мұны бауырлас елдеріміздің рухани, тарихи байланыстарының жақсы бір мысалы деп біледі.
Дайындаған
Мұхтар Қазыбек,
жазушы, зерттеуші