«Бейбітшілік көші» Қазақстанға келеді
«Бейбітшілік көші» Қазақстанға келеді
Жарылыстың жойқындығы сонша, Хирошима шаһарының ортасындағы кісілердің денесі бірден көмірге айналып, әуеде ұшқан құстарға дейін өртеніп кеткен. Эпицентрден 2 шақырым жердегі қағазға дейін жанған. Ең мығым деген бірді-екілі ғимарат болмаса, қалған үйлердің бәрі тып-типыл болып, 19 шақырым қашықтықтағы мекемелердің терезелері қираған. Жарылыстан тірі қалғандар өмірінің соңына дейін жазылмайтын ауруға шалдыққан. 2009 жылғы санақ бойынша, Жапонияда 235 мың хибакушя (Хирошима мен Нагасакидегі жарылыстан зардап шеккендер) бар екен. 2009 жылғы санақ бойынша, радиация әсерінен көз жұмғандар 413 мың адам.
Сол оқиғаны көзімен көргендердің айтуынша, бұл жер бетінде бұрын-соңды болмаған жойқын жарылыс. Бомба тасталғанға дейін Нагасаки Жапонияның маңызы зор өндірістік қаласы болатын. 1945 жылдың 1 тамызында қаланың оңтүстік батысына бірнеше бомба тасталған. Жарылыс болған уақытта қалада 200 мың адам тұрған екен. 9 тамызда жергілікті уақыт бойынша 11:02-де күші 21 килотонна болатын жарылыс болған. Нагасаки префектурасының есебі бойынша, жарылыс эпицентрінен 1 шақырым қашықтық аумақтағы жан-жануарлар бірден өліп кеткен. 2 шақырым радиуста орналасқан үйлердің барлығы дерлік қираған. 1945 жылдың соңына дейін Нагасакидегі жарылыс салдарынан 60-80 мың адам көз жұмса, 1960 жылға дейін 140 мың адам мерт болған.
Осындай зұлмат қайталанбасын деген тілектен туған бейбітшілік көші Күншығыс елінен Қазақстанға арнайы келмек. Нагасаки қаласының Ұлттық мемориалды кешенінде сақталған фотосуреттер, тарихи заттар, жарылыстан зардап шеккендердің жазған күнделік дәптерлері, т.б. экспонаттар мен деректі филиьмдер Астана, Алматы, Семей қалаларының тұрғындарына көрсетілмек. Хирошима мен Нагасаки қасіретін еске түсіруге арналған бұл шара кезінде жарылысты көзімен көрген (хибакушя) адамдар жұртшылықпен кездесіп, естеліктерімен бөліспек. Сондай-ақ, бейбітшілік символы ақ тырналарды қағаздан жасауға арналған дәрістер де өткізіледі. Көрмеге келуші әр қонақ қолдан осындай тарту жасап, Нагасаки меп Хирошима қалаларына жолдай алады.
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі, Жапонияның Қазақстандағы елшілігі және Қазақстан-Жапон адам ресурстарын дамыту орталығының қолдауымен ұйымдастырылатын көрме 6-25 тамыз аралығында Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өтеді. Ал Семей қаласында 29 тамыз бен 3 қыркүйек аралығында Тарихи-өлкентану мұражайында жалғасын таппақ. Көрме Алматы қаласындағы Орталық мемлекеттік мұражайда 10-19 қыркүйек аралығында қанат жайса, 22-30 қыркүйекте Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің ғимаратында көрерменге ұсынылмақ.
Шарафат Жылқыбаева