Қыз алып қашу қылмыс емес пе?

Қыз алып қашу қылмыс емес пе?

Қыз алып қашу қылмыс емес пе?
ашық дереккөзі
963

Қыз алып қашу – үйлену салтының бір түрі. Ертеден бастау алған бұл дәстүр қазақпен бірге жасап келеді. Кейбір жандар мұндай дәстүрді қазіргі уақытта қажетті салт деп есептесе, енді біреулер мұны ескіліктің қалдығы дейді. 

Бүгінгі күні бұл салт түрі қылмысқа айналды. Қыз баланы  еркінен тыс алып қашу Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 125-бабы бойынша айыпталады. Бұл қылмыс адам ұрлаумен тең есептеледі. Мұндай қылмысқа барған азаматтар жеті жылдан он екі жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Кез келген елде адам ұрлау үлкен қылмыс болып есептеледі. Сондықтан, оның тарттырар жазасы да ауыр болмақ. Дегенмен, ауылды жерлерде жиі орын алатын мұндай оқиғаға заң орындары көбіне қауқарсыздық танытып жатады. Осыдан екі жыл бұрын көршілес қырғыз елі «қыз алып қашқандарды жазалайтын заң жобасы қажет» деп шулаған еді. Өйткені Қырғызстанда бойжеткендерді еркінен тыс алып қашу өте көп орын алған. Бұл елде де қазір қыз баланы алып қашу қылмыс деп есептеліп, мұндай әрекетке барғандар жеті жылдан он жылға дейін түрмеге тоғытылады. Қыз алып қашу мәселесіне қатысты заңға өзгерістер енгізу туралы үстіміздегі жылдың алғашқы айында біздің елімізде де сөз болған. Қыз ұрлағандарды 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру туралы ұсыныс айтылған сол кездегі мәжіліс отырысында.

Қыз балаларды алып қашқан соң, бойжеткендер іштен тынып, келген жерден қайта кете алмай амалсыз босаға аттайтын жағдайлар бүгінгі қоғамда да жиі кездеседі. Екі жақтың келісімінсіз, күштеумен құрылған отбасылардың көпшілігінің ажырасып кететіні де жасырын емес. Ал бұрынырақта мұндай салтпен үйленгендер үлгілі отбасылар қатарына қосылған. Себебі, ол кезде ортада келісім, ата-ананың рұқсаты болған. Қазір келісіммен алып қашу өте сирек кездеседі.

Қыз алып қашу дәстүрінің  түрлі жағдайда орын алатынын да айта кеткен жөн. Кейбір жігіттер мұндай әрекетке қыз баланың келісімімен барады. Ата-ананың рұқсатымен, батасын алғаннан кейін шаңырақ көтергеннен артық не керек? Мұндай жағдайда бұл дәстүрді қылмыс санап, одан бас тартудың қажеті жоқ. Қанша айтқанмен де, қыз баланың еркімен болсын, еркінен тыс болсын, ежелден келе жатқан қыз алып қашу салтын дәстүрлі үрдіске айналдырудың керегі жоқ дейді көптеген зерттеушілер. 

Бұл дәстүр енді өткеннің еншісінде қалды. Қазіргі жастар ата-аналарымен келісіп, құда түсіп, сырға салып, бірі қызын ұзатып, бірі келін түсіріп үлкен тойын өткереді. Бұл да қазақтың салт-дәстүрлері. Алып қашудан бас тартқанымызбен,  қазақтың салтынан, әдет-ғұрпынан қол үзгеніміз жоқ. 

«Бір жаманы – қыздарын малға сатқан,

Бір жақсысы – қыздарын алып қашқан», – деп жырлаған Қадыр ақын. Ақын сөзіне сүйенсек, бұл салттың еш әбестігі жоқ. Дегенмен адамды еркінен тыс мәжбүрлеу оның құқығын таптау болып есептелетіндігін де естен шығармаған абзал.

Әсел МАҚСАТ

Серіктес жаңалықтары