Бәсекелестік осылай болғаны да

Бәсекелестік осылай болғаны да

Бәсекелестік осылай  болғаны да
ашық дереккөзі
120

Қазақстандағы  туристік маусымашардың немен басталып, немен тынғаны баршаға аян. Демалысқа жиналған қазақстандықтардың жолы болмай, жалған билеттің иесі атанғаны туралы газетіміздің әр санында жазып келеміз. Әсіресе «Гүлнәр турдың» құрбанына айналғандар туралы әңгіме өз алдына бір жыр. Газетіміздің өткен санында «Туристік операторлар тудырған дау» (7 тамыз 2014 жыл) атты мақала басылған еді. Мұнда Қазақстан нарығын кеңінен жаулаған «Гүлнәр турдың» өз тұтынушыларын алдап, бүгінде «Алаяқтық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтқан едік. Осынау даудың күн санап жаңа құпияларының ашылып жатқанын ескерсек, «Гүлнәр турды» нарықтан құлату жарты жыл бұрын дайындалып, алдын-ала ойластырылған операция сияқты.  

Түркияға сатылған жолдамалардың бағасы өте арзан болғандықтан, көктем айларында жаппай сатылып кетеді. Бұл «Инвест авиа» компаниясының электронды билеттері болса керек. Жалпы осы оқиғада жапа шеккендердің барлығы дерлік – электронды билет иемденгендер. Ал осы электронды билеттерді нарыққа шығарып, ең ірі туристік операторға ұсынған кім? Бұл орайда «Гүлнәр турдың» берер жауабы жоқ. Себебі, жоғарыда айтылған «Инвест авиамен» де, электронды билетті жасаушылармен де ешқандай келісімшарт жасалмаған. Ең таңданарлығы, жаппай сатылған электронды билеттердің ақысы «Гүлнәр турдың» есепшотына түспеген. Олай болса қолды болған 30 миллион теңгеден астам қаражат кімнің қалтасында кетті? Отандық ірі туроператорды қасақана арандатып, тұтынушыларын зар қақсатқан кімдер? «Ratel.su» сараптамалық сайтының жүргізген зерттеуіне назар салсақ, электронды жолдамада мәліметтің дұрыс көрсетілмегені айтылады. Біріншіден, билетте ұшу құны көрсетілмеген, екіншіден, билеттің тұрақты және чартерлі рейс екені бірден көрсетілген. Негізі билетте ұшудың бір түрі (чартерлі немесе тұрақты) ғана көрсетілуі тиіс. Осыған байланысты форс-мажорлы жағдайда жолаушыны тегін немесе ақылы жеткізу қарастырылады. Бұл халықаралық авиация заңдылықтары. Ал «Atlas jet» әуе компаниясы өз есепшотына ешқандай қаражаттың түспегенін айтып бағуда. Жалпы, туризм төңірегіндегі даулы мәселелерге орай Қазақстан туроператорлары ассоциациясы жауапты органдарға хат жолдап, сыбайлас жемқорлық пен алаяқтықтың иісі аңқып тұрғанын ашық айтқан. Басты кінә Азаматтық авиация комитетінен дейді ассоциация өкілдері. 

Жуырда Бас көлік прокуратурасы Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Бекен Сейдахметовке ведомство тарапынан орын алған заңбұзушылықтарды жою туралы жарлық шығарды. Себебі, «Гүлнәр турдың» Түркияға сатқан жолдамалары бойынша Түркияға жеткізу «Atlas jet» арқылы орындалса, қайтар жол қырғызстандық және болгариялық ұшақпен жүзеге асырылып келген. Ал осы ұшақтардың отандық рейстерді орындап, белгісіз компания атынан қызмет көрсетуіне рұқсат берген кім? 

Жалпы, Қазақстан нарығына ресейлік компанияның кіргені туралы айтылғаны есте. Көпшіліктің көкейінде ең ірі туроператордың орнына орыс агенттігі келді деген қауіп ұялады. Дегенмен Үкімет отандық туризмді қолдау үшін, отандық операторлар қызметін жетілдіруді мойнына алатынын айтып, жұртты тыншытқандай болды. Десек те ресейлік компанияның тура «Гүлнәр турдың» құлауымен тұспа-тұс келуі тегін емес. Оның үстіне ресейлік туризм нарығындағы жағдайдың ушыққаны ресейлік компаниялардың Қазақстан нарығына ағылуымен тынбай ма деген қауіп те бар. Ресейде де оңып тұрған ештеңе жоқ. Бірінен соң бірі банкротқа ұшыраған ресейлік операторлар шетелдік демалыс орындарында 40 мыңға жуық азаматын сандалтты. Бұл бір ғана компаниядан жолдама алғандар. Ал ресейлік рубльдің күрт құлдырауы монополистен бастап, ірілі-ұсақты операторлардың бәрін тұқыртары сөзсіз. Олай болса, Қазақстан нарығында олар не оңдырмақ?

Директоры қашып кеткен оператор тұтынушыларының мәселесі біртіндеп шешіліп келеді. Бүгінде 1100 турист «Гүлнәр турдан» алған 1100 билетті қайта рәсімдеп, көптен күткен сапарға аттануға мүмкіндік алды. Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Индустрия комитетінің мәліметінше, «Atlasjet Airlines» компаниясымен келіссөзден кейін 7 тамызда Астана  қаласынан 150, Алматы қаласынан 270 турист демалыс сапарына аттанған. Ал аталмыш әуе компаниясы басқа да билеттерді қабылдап, қонақүйдің ақысы төленгені туралы түбіртек болса, ұшаққа жолдама беруде. 

Абай болыңыз! 

Таяуда Индустрия және туризм ко­митеті туристерге арналған ескертулер дайындады. Яғни туристік фирма қонақүйдің ақысын төлемеген жағдайда қандай шара қолдануға болатынын көпшілік қауымның назарына ұсынды. 

Естеріңізде болса, «Almaz tourizm» компаниясынан жолдама алған қазақстандықтар Түркия қонақүйлерінен қуылып, айдалада сан соғып қалған болатын. Себебі жолдама сатқан оператор қонақүйдің ақысын есепшотына аудармаған екен. Екіортада демалуға барып, далада қалған отандастар туроператорларға сенуден қалды. 

Осы жағдайға орай комитет бірқатар ескертпелер жария етті. Оған сәйкес, шетелдік қонақүйлер бөлменің ақысы төленбеген күнде де азаматтардың құжатын немесе өзін күштеп алып қалуға құқы жоқ. Мұндай жағдайда дереу агенттіктің өкіліне немесе консулдыққа хабарласу керек. Өз қалтасынан төленген қаржы елге келген соң агенттіктің немесе сақтандыру полисі есебінен төленеді. Сондай-ақ ұшу билетінің бағыт көрсететін квитанция еместігіне көз жеткізу керек. «Гүлнәр турдың» электронды билеттерін алғандардың көпшілігі осы жағдайға ұрынып отыр. 

Ақниет Оспанбай

Серіктес жаңалықтары