АҒЫН СУ АРАМ ЕМЕС, БІРАҚ...
АҒЫН СУ АРАМ ЕМЕС, БІРАҚ...
Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданы, Ынтымақ ауылының халқы ауызсуды арықтан ішеді. Қыруар қаржы жұмсалып, құбыр жүргізілсе де бұл маңайдан су шығару мүмкін емес. Себебі жерасты су қорларын зерттеу жұмыстары атүсті жүргізілген, ал атқарушылар мұндай келеңсіздікті ескермесе керек. Ынтымақ ауылының тұрғындары амалсыздан арықтың суын тұндырып, ас ішуге жаратуда. Бұл судың өзі Өзбекстаннан келетіндіктен, кейде тоқтап қалатын көрінеді.
Ауылда ауызсу құбырын жүргізу жұмысы екі жыл бұрын басталған. Бір жылда ауызсу ауыздарыңа құйылады деп уәдені үйіп-төккен, бірақ тамшы суға да жарымағандарына екі жылдың көлемі. Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары Смайыл Тасқұловтың айтуынша, магистральға қаржы бөлінбеген. «168 миллион теңге бөлінуі керек еді. Құрылыс 2012 жылы басталған. Қазір қабылдау комиссиясы жүріп жатыр. Ішкі жүйелердің бәрі дайын», – дейді.
Су тапшылығы Сарыағаштың Төңкеріс, Құрама, Ынтымақ және Достық елдімекендеріне тән жайт. Бүгінде сол қыруар қаржы жұмсалған құбырлар қаңырап тұр. Ауданда жалпы 154 елді мекен болса оның небары 61-і құбыр суымен қамтылған. Таза ауызсу бағдарламасы шеңберінде 14 ауылға су берілгенімен, жұрт оны іше алмай отырған көрінеді. Аудандық прокуратура тексеріс жүргізіп, істің алға жылжуын жылдамдатқанын айтуда. «Мұның барлығына бүгінгі таңға дейін прокурорлық тексеру жүргізілді. Ол бойынша лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Одан бөлек, аудан әкімінің лауазымына толық сәйкес еместігі туралы тәртіптік жазаға тартылды», – деді Сарыағаш ауданы прокурорының аға көмекшісі Балабек Асанбеков.
Десе де сөзбұйдаға салынған су мәселесі тағы бір айға шегерілді. Су қыркүйек айында берілмекші. Жергілікті халық судың келетінін асыға күтсе де, сенімсіздік жайлап алған. Ал жерасты суы тапшы ауылдарға көрші елді мекендерден немесе тоғандардан су тарту тіпті қиямет-қайым. Себебі, бұл қосымша қаражат, құбыр құрылысы мен су айдайтын алып аппараттың жұмысына тіреледі. Ендеше жуық арада су тартып, шөлін қандырғанмен, ауызсудан артылмайтын су мөлшері көпшіліктің көсегесін көгертпесі анық.
Судың сұрауы халықтан болғаны ма?
Тамыздағы бір апталық демалысымызды пайдаланып, ауыл жаққа аттанған едік. Аулымыз алыс емес. Алматы облысы, Панфилов ауданының Әулиеағаш ауылы. Ауыл бәз-баяғы қалпында. Балалық шақта жүрген шаңдауыт жолдар, асфальты сылынып, топырағы борпылдаққа айналған көшелер. Онсыз да жөндеу көрмеген көшелердің көркін ауызсу құбырларын орнататын шұңқырлар кетіріп-ақ тұр. Бұл көрініске ауылға анда-санда бір баратын менің де көзім үйренген. Көшенің қақ ортасындағы үңірейген арықтарды осыдан екі-үш жыл бұрын қаза бастаған. Одан да әріректе ауылдың екінші жартысы созылып жатыр. Бүгінде ол жақта да беті берекесіз көміліп, үстіртін қойылған құбырлар орнатылды демесе, ауызсу әлі берілген жоқ. Алғашында ауызсу тарту үшін қойылған құбыр екенін білмесе, «жабулы құбыр жабулы күйінде» тұра берер ме еді?!
Құдайға шүкір, ауылдың орналасқан жері тастақ та немесе шөлейт те емес. Жоңғар Алатауының бөктері. Ежелден-ақ ауыл халқы судан тарылып көрген жоқ. Кеңес одағы тұсында орнатылған колонколардан жергілікті тұрғындар ертелі-кеш су алып тұратын. Бертінде мұндай құрылымдар істен шығып, судың деңгейі тереңдеген сайын жарамсыз болып қалды. «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында әрбір көшеге су тартылып, әрбір үйге су кіргізіледі дегенді естігенде халықтың қуанышында шек болған жоқ. Бірақ құрылыс аяқталса да, ауызсу жоқ. Неліктен? Ауыл әкімі мен құрылыс жүргізген мердігерлерден сұрастырған ауыл тұрғындары ауызсудың жоқтығына өздері «кінәлі» екенін білгенде төбесінен тас түскендей күйде болды. Сөйтсе су тартатын насос, яғни движок орнату керек екен. Ол үшін әрбір үй 3 мың теңгеден жинаса, ортақ движокты қазір-ақ сатып алып, қондыра қоймақ. Ал әулиеағаштықтар бұл құрылғының Үкіметтен бөлінген ақшаға баяғыда алынып, тіпті ауылға жеткізіліп қойғандығын айтуда. «Тек бізден қосымша қаражат жинап алмақшы» дейді. Бүгінде ауыл әкімі қызметінен ауысқан, әлі жаңа әкім келе қоймапты.
Қазіргі таңда ауыл халқы суды өзен сағасындағы бастаудан немесе ауылдағы жалғыз водокачкадан тасиды. Бұл бала-шағаның міндетіне айналып, жаз баласы су тасумен уақытын өткізуде. Сабақ басталып, суық түскенде судың жыры тағы ұмытылатын сияқты. Әулиеағаштықтардың бар үміті жаңадан келетін әкімде. Алайда ол да берілген қаражаттың жұмсалғанын айтып, қалғанын өздері аяқтап алсын демесе болғаны…
Жуырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Павлодар облысында болды. Солтүстікке сапарында мемлекет басшысы бірнеше мәселенің басын ашып айтты. Соның бірі – әуресі жыр-дастанға айналған «Ақбұлақ» бағдарламасы. Баяғыда-ақ халықты таза сумен қамтамасыз етуі тиіс «Ақбұлақ» бағдарламасының орындалу барысы Елбасының да көңілінен шыққан жоқ.
«Біз «Ақбұлақ» бағдарламасына қыруар қаржы бөлеміз. Ал бұл өңірдегі отызға жуық елді мекенде таза су жоқ. Мұнда өзен де, жер асты сулары да жеткілікті. Бар болғаны жағдайды бақылауда ұстау керек. Таза су халықтың денсаулығының кепілі екендігін ұмытпаған жөн», – деді мемлекет басшысы. Сын пікір сан мәрте айтылғанмен, су тапшылығы республика өңірлерінің барлығына тән ауыр жараға айналған. Сонау 2007 жылдары басталған бағдарламаның тиімсіздігі мен нәтижесіздігін атап айту бір бұл емес. Тамыз айының басында Ақордада Президенттің қатысуымен өткен кеңейтілген отырыста «Ақбұлақтың» жыры тағы қозғалды.
«Ақбұлақ» бағдарламасының белсенді жүзеге асырылып келе жатқанына, осыған қаржының бөлінгеніне, медициналық тұрғыдан пайдалылығының дәлелденгеніне қарамастан, кейбір өңірлерде бағдарламаның орындалуы өте нашар. Мысал келтіремін. Оңтүстік Қазақстан облысында «Асар», «Қайнарбұлақ» су таратқыш жүйесінің құрылысына миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Бәрі тұрғызылған, бірақ ол насос станциясы құрылғыларының қойылмауынан жұмыс істемейді, – деді мемлекет басшысы. «Сарыағаш ауданы Жартытөбе ауылдық округі Ынтымақ елді мекеніндегі су жүйесіне облыста 300 миллион теңге бөлінген. Ішкі су жүйелері орнатылған. Су көзінің қайдан қосылатыны шешілмеген. Бұдан кейін қалай жұмыс болады? Үкімет ақша бөлді, жұмыс істету сендердің қолдарыңда», – деді. Осы жиында Президент өзі атап көрсеткендей, премьер-министрдің орынбасарына, ол министрлерге, ол орынбасарларына, осылайша тізбектеліп, «ит итті жұмсайдының» керін келтіретінін айтқан еді. «Мен премьер-министрге тапсырамын, ол орынбасарына жүктейді, орынбасар министрге, министр орынбасарына, ол комитетке, комитет департаментке, департамент басқармаға, ал, ол сарапшыға сілтейді. Айналып келгенде бәрін істейтін сарапшы» деген-ді. Сөйтіп, ең аяғы ауыл әкіміне тіреліп, олар тендерді облыстық басқарманың алғанын тілге тиек етеді.
Үкіметті қайта жасақтаған Президент екі-үш облыс әкімін орнынан тұрғызып, ескерту жасады. Енді шикіліктер ашылып, шиқанның қайдан шыққанын анықтау ғана қалды. Ал содан кейін қаржы бөлу мен тендерді тапсыру қитұрқысы қайта бастала ма деген қорқыныш та бар көпшілікте.
Ақниет ОСПАНБАЙ