ШЫМКЕНТ ЕЛІМІЗДЕГІ ҮШІНШІ ҚАЛАғА АЙНАЛСА...
ШЫМКЕНТ ЕЛІМІЗДЕГІ ҮШІНШІ ҚАЛАғА АЙНАЛСА...
Шымкент қаласында атқарылған жұмыстар да, шешімін таппаған түйіткілдер де жетерлік. Ағымдағы жылдың 6 айында қалада өнеркәсіп өнімінің көлемі 3.1, инвестициялар 55.5, орташа айлық жалақы 4.2 пайызға өскен. Бюджеттің кіріс бөлігі 81 млрд. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 21 млрд. теңгеге ұлғайған. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов Шымкент қаласы әкімі Дархан Сатыбалдының 6 айда атқарған жұмысы туралы есебін тыңдап, осы және өзге де мәселелерді талқылады.
Шымкентте жыл басынан бері «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде 55 жоба жүзеге асырылыпты. Құрылыс жұмыстарының қарқыны өсіп, көлемі 83.3 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үйлер пайдалануға берілген. Ішкі орамдық ауыз су құбырын тарту бойынша 2,7 млрд. теңге бөлінсе, электрмен қамтамасыз ету бағытында 2,4 млрд. теңгеге тиісті жұмыстар жүргізілуде. 11 елді мекенде газбен қамту шаралары басталса, қаланың оңтүстік бөлігіндегі 1.92 шақырым магистралдық жылу жүйелері қайта құрылды. Жерасты жолдары мен жол өткелдері салынуда. Биыл 102 ауланы көріктендіру, спорт және ойын алаңдарын салу жұмыстары да жоспарға сай атқарылуда. Биыл 6 мектептің құрылысына 1,8 млрд. теңге бөлінген және «Қолжетімді тұрғын үй -2020» бағдарламасы бойынша 692 пәтерлі 12 тұрғын үйді пайдалануға беру көзделген. Сонымен қатар, «Қазақстан ипотекалық компаниясы» арқылы қалада 1 080 пәтерлі 15 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.
Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде ағымдағы жылы құны 55,2 млрд. теңгені құрайтын 24 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде, 16 жобаның таяуда іске қосылмақ. Нәтижесінде 1514 жаңа жұмыс орындарын ашылады деп күтілуде.
Тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесі де басты назарда. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы шеңберінде 11 әлеуметтік нысанды күрделі жөндеу және 11 жолды орташа жөндеу арқылы 334 жұмыс орындарын ашу жоспарланып, оның 262-сі ашылды. Сонымен қатар, 1490 азамат тұрақты жұмыс орындарына, 1264 азамат әлеуметтік, 1 058 түлек жастар тәжірибесі бойынша жұмысқа жолданған. Елбасының тапсырмасына сәйкес, мүгедек жандарды әлеуметтік қорғауға көңіл бөлінуде. Қазіргі таңда 314 мүгедек азамат әлеуметтік қорғауға алынып, оның 159-ы тұрақты жұмыс орындарына орналасыпты. Қала әкімі Дархан Сатыбалдының айтуынша, келесі жылы қаланы абаттандыру, көріктендіру жұмыстарына баса мән берілмек.
– Жалпы, қаланы дамытуда облыс әкімдігі мен басқармалардан үнемі қолдауды сезінудеміз. Өзара тығыз байланыста жұмыс атқарып келеміз. Жуырда үш ауданның әкімін Астанаға жібердік. Олар әріптестерімен кездесіп, тәжірибе алмасып қайтты. Бұл бастама басшылар үшін ел басқаруда оң серпін береді деген ойдамын. Қаладағы ірі жобалар, жол жөндеу, көшелерді жарықтандыру шаралары қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы арқылы жүзеге асырылады. Ал аулаларды көріктендіру, қоқыстан тазарту, спорт және ойын алаңшаларын салуға қаржыны үш ауданға бөліп береміз. Өздері бюджетке ие болып, жұмыс істейді. Әкімдік қызметкерлері арыз-шағым жиі айтылатын «ыстық нүктелерге» барып, тұрғындармен кездесіп, әрбір талап-тілек бойынша тиісті іс-шараларды қолға алуда, – деді қала басшысы.
Жиында бірқатар сын-ескертпелер мен кемшіліктер де сөз болды. Мәселен қала аумағындағы жер телімдері туралы дерек қоры әлі толық дайын емес. Сондай-ақ, мердігердің бас тартуынан тоқтап қалған және тендері кеш өткізілген құрылыс нысандарының мәселесі де өзекті. Қаладағы кейбір білім ұяларының жаңа оқу жылына толық дайын болмауы да жиында өткір талқыланды.
Өңір басшысы А. Мырзахметов: «Кәсіпкерлікті дамыту іс-шаралары облыстағы ортақ көрсеткіштен төмен. Қала дамуының негізгі қозғаушы күші – орта және шағын кәсіпкерлік. Сондықтан осы бағытта жұмыс жандандырылуы тиіс. Құрылыс нысандары да қатаң бақылауда болуы керек. Егер мердігер міндетін дұрыс орындай алмаса бірден келісімшартты бұзып, қаржысын басқа мердігерге берген жөн. Аурухана, мектеп және басқа да әлеуметтік нысандар салу туралы ұсыныс түсіп, қаржы бөлінсе, ғимарат салатын қолайлы жер бөліп, қаржыны игеру және құрылысты қадағалау – қала әкімдігінің тікелей міндеті»,–деді.
Сонымен қатар қала тазалығы мен жол қозғалысындағы олқылықтарға тоқталған облыс әкімі: «Қалада саябақтар жаңартылып, көптеген сәулетті нысандар бой көтерді. Бірақ, олардың бірқатары қамқорлықтың жоқтығынан қазірдің өзінде ескіруде. Сол үшін сол демалыс орындары мен гүлзарларды таза ұстап, олардың бұзылмауын қадағалау керек. Қаланы қоқыстан тазартуға тазалық қызметкерлерімен бірге тұрғындардың да жауапкершіліктері күшейтілсін. Біз ішкі істер департаментіне қажетті техника мен көліктерді әпердік. Бірақ, қалада әлі де кептеліс, әлі де тәртіпсіздік. Күн сайын жол-көлік оқиғасы орын алады. Қалада қашан тәртіп болады? Жол ережесін бұзғандардың айыппұлын өндіру де ойдағыдай емес. Егер тәртіп бұзса оның лауазымына қарамай жазалаңыздар. Мейлі ол әкім болсын, мейлі басқарма басшысы болсын ереже бұзса, тиісті шараны жүзеге асыруға тиіс. Заң алдында бәрі бірдей»,– деп тазалыққа жауапты мамандар мен жол-патрульдік полициясының қызметіне көңілі толмайтынын айтып өтті.
Осы және өзге мәселелер талқыланған басқосу соңында өңір басшысы: «Елбасы Шымкентті үшінші қалаға айналдыру жөнінде тапсырма беріп, тиісті қолдау көрсетуде. Сондықтан бізге ауқымды әрі маңызды міндет жүктеліп отыр. Осыны дұрыс түсінген жөн. Басқа қалаларға қарағанда Шымкенттің әлеуеті жоғары. Қаланың дамуы, өсіп-өркендеуі бәріміздің қолымызда»,– деп жиынды түйіндеді.