БЕЛГІЛІ ӘУЛЕТ – БИГЕЛДИЕВТЕР
БЕЛГІЛІ ӘУЛЕТ – БИГЕЛДИЕВТЕР
Сәдуақас Бигелдиев әбден төселген журналист еді. Кеңес дәуірінде күн сайын дерлік шығатын аудандық газетте, қаламыңның желі болса, бауырыңды жазып шабасың. Әйтпесе, қарқынға ілесе алмай шаң жұтасың. Не аламанда саяқсып, айналымнан мүлдем шығып қаласың. Оған қоса С.Бигелдиев, ең маңыздысы, адуын мінезді, азулы журналистердің санатынан. Балаң жігіт шағында бақташы болып жүріп-ақ «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетіне сыни материалдар жазып танылған. Соның арқасында Алматы облысы, Жамбыл аудандық «Екпінді еңбек» газетіне жұмысқа шақырылған. Біз өзіміз де Алматы облысы, бұрынғы Күрті аудандық «Шұғыла» газетінде қызметтес болған жылдарда талай мәрте куә болдық, шаруашылығында бәлен жүз мыңдаған малы бар, атағынан ат үркетін совхоз директорлары Сәдуақас Бигелдиевті көрсе жалы жығылып сала беретін. Турасы – санасатын. Санасуға мәжбүр ететін. Қазір басқаны қойып, тіпті республикалық басылымдардағы қызыл иек жазармандарды көргенде, қайран Сәдуақас Бигелдиев сынды азулы ағаларым еске түседі.
Сәкең Жамбыл ауданы, Бұрған ауылының тумасы. Әкесі Бигелді қарт елге әйгілі ұста болған. КСРО-ның Мәскеу, тағы басқа қалаларында өткен көрмелерге қатысқан. Отызыншы жылдардағы ашаршылықта бытырап кеткен етжақын тумаларын жинап, Алатаудың баурайынан қоныстануға оңтайлы жер қарастырады. Сөйтсе, қазық қаққан жерлерінде су жоқ. Жігіттерді бастап барып, шың-құздардың етегіндегі күркіреген өзенді бұрып, арық тартады. Су бұрып әкелгесін ауыл Бұрған аталады.
1996 жылы Жамбыл ауданында Жамбыл Жабаевтың 150 жылдық мерейтойы дүркіреп өткен күндерде Сәкеңнің ауылында бір апта қонақта болдық. «Қазығын әкем өзі қаққан осы шағын ауылымды көркейтсем» деген арманын ақсақал сол жолы жиі қайталағаны есімде.
Ештен кеш жақсы, арманы іске асты. Бұрғанда Сәдуақас Бигелдиев атындағы мектеп-балабақша бой көтерді. Мектеп-балабақша Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Махаббат Бигелдиев, Ақмола облысы Еңбекшілер ауданының әкімі Абай Бигелдиев бастаған Сәкеңнің бала-шағасының жеке қаржысына салыныпты.
Бір ғасырға жуық мектебі, балабақшасы болмай келген ауыл қуанбағанда қайтсін?! Бұрғандықтардың көзінен, сөзінен шынайы разылықты көрдік. Халық мәре-сәре. Тағы бір туғандары «Газель» көлігін, Махаббаттың достары жеңіл көлік сыйлады мектепке. Мектеп-балабақша басымен мемлекет меншігіне берілгені де айтылды.
Осы орайда әулеттің тірегіне, елдің еңселі азаматына айналған Махаббат Бигелдиев жайлы аздап тоқтала кеткенді жөн көрдік. Махаңа «өзім деген кісіге қоң етін кесіп берер» ер көңілдік тән. Әкесіне тартқан еркіндікті, турашылдықты көреміз бойынан. Мектеп-балабақшаның ашылу салтанатынан кейінгі ас беру кезінде сөз алған Мейрамгүл Жәбиева есімді Іле ауданының тұрғыны: «Махаббат менің інімнің досы еді. Қиын кезде соған үй салып, ішін жиһазға толтырып берді. Нағыз достыққа адал азамат», – деді көзіне жас алып.
Қазақтың өмірден ертерек өткен талантты айтыс ақыны Айтуған Шәйімовтың бала-шағасына да айтарлықтай қолғабыс жасағанын білеміз. Махаңның мұндай қайырымдылық істері тізе берсек, өте көп. Дұрысы ол туралы бөлек жазған абзал. Соның бәрін көріп-біліп жүргендіктен төмендегідей өлең арнаған едім:
Ұстадан текті жаралған,
Ұстасы сөздің қара шал.
Шүкір,
Көп ұрпақ таралған,
Болған жоқ, мәлім, бәрі осал.
Көріктің шоғын қоздатып,
Аталық арман сөнбеді.
Әулеттің шамын маздатып,
Айнымай қалған тентегі.
Шындықтың елі – мекенің,
Біздерге аян, –
талғамың.
Тумысы бөлек әкенің,
Турашыл сертін жалғадың.
Бойламас ойға надан көп,
Қаймана жұртта жақыным.
Әкім боп туған адам жоқ,
Ақын боп туған әкімім.
Шығарған маған оңды үкім,
Тағдырға тәуба қыламын.
Топшысы берік,
Шоң бітім,
Ақшиден ұшқан қыраным.
Қызғанса біреу «үгіт» дер,
Оңтайы кеп тұр одаға.
Жүнжіген жылым мігіттер,
Өзіңдей ерден садаға.Түсемін жиі сабама,
Жақсылар жалқы қайда да.
Сусабын сынды замана,
Бізден де сусыр,
Әй, Маха!
Кінәмшіл күндер зулаған,
Биікте тұрсын нар басың.
Кесек те кесек тураған,
Пейілді Құдай алмасын.
Айласы жүрмес құр тілдің,
Парызы іспен өтелген.
Жамырап шықса жұртыңның,
Жалауы сен бол, көтерген.
Сөзіңе дала, тау ұйып,
Лауласын үміт шырағың.
Самғайтын көгің зау биік,
Ақшиден ұшқан қыраным.
Жомарт та,
білім-білікті,
Көңіл-шат,
Жүрек дүрсілдеп,
Тілеймін –
Атан жілікті,
Жігіттер аман жүрсін деп. Иә, ата-анасын қарттар үйіне апарып тастайтын безбүйректер көбейген заманда, әкесінің арманын аялап, елінің есінен кетпес іс жасаған ұл-қыздан айналасың. Әрі бұл еліміздегі талай қалталыға үлгі боларлық іс.
Дағжан БЕЛДЕУБАЙҰЛЫ