ТҮРКІСТАНДЫ ТҮЛЕТУ –РУХЫМЫЗДЫ ГҮЛ ЕТУ

ТҮРКІСТАНДЫ ТҮЛЕТУ –РУХЫМЫЗДЫ ГҮЛ ЕТУ

ТҮРКІСТАНДЫ ТҮЛЕТУ –РУХЫМЫЗДЫ ГҮЛ ЕТУ
ашық дереккөзі
«Түркістан – екі дүние есігі ғой, Түркістан – ер түріктің бесігі ғой…» Мағжан Жұмабаев «Тұмар (Томирис) патшайым туралы тәмсіл «Шошақ бөрік киіп жүретін сақтар Сырдарияның орта ағы­сында, Тянь-Шаньда, Жетісуда тұрды. Киген киімі мен тіршілігі скиф­терге ұқсас, атпен және жаяу жүріп соғысады. Соғысудың екі түрін біледі. Садақпен, найзамен ша­й­қасады, сондай-ақ айбалтамен де қаруланған. Олар егіншілер емес, көшпенділер». Геродот одан әрі былай деп жазады. «Азия мен бүкіл Шығысты бағындырған Кир сақтармен соғыс­қа аттанды. Бұл кезде сақтардың әйел патшасы Томирис басқаратын еді. Оның Кирге қойған талабы: «Егер массагеттермен күш сынасуға қатты құмар болсаң, жарайды! Бір­ақ өзен жағасында тосып әуре болма, біз өзеннен үш күндік жерге кетеміз, сонда сен біздің жерімізге өтіп ал!» – дейді. Кир Аракс өзенінен сегіз күндік жер­ге ілгерілеп барып, Крездің кеңесін орындайды». «Ол шегінген қалып танытыпты. Соны көріп масаттанған Томиристің жал­ғыз ұлы Спаргапсисес, әлгі­лердің тастай қашқан қосынын қоршап алып, сауық-сайранды бас­тап жібереді. Ақыры қоршауға тү­сіп, өзін-өзі жарып өлтіреді». «Ол тау арасында алдын ала қос тосқауыл қойып, қалған әскер­лерімен Кирді шатқалға алдап алып келді. Сол жерде ол өз әскері­мен парсыларды қырып тастады. Тіпті осы масқара жеңіліс туралы пар­сыларға хабарлайтын жаушы да қалдырмады». Гректер Амударияны – ОКС, Сырдарияны Аракс деп атағаны бел­гілі. Грек сөздері осылай «с» әрпі­мен бітіп отырады. Мысалы, Томирис, оның ұлы Спаргапсисес, белгілі ділмәр Анахарсис тәрізді. Сырдарияның үш ағысы бар. Оларды ғылыми тілде «жоғарғы ағыс», «орта ағыс», «төменгі ағыс» дейді. Оның жоғары ағысы сулы, нулы жерге орналасқан. Төменгі ағысында Арал теңізі бассейні бар. Сусыз өлке – «орта ағыс» Қы­­зылорда облысының Шиелі, Жаңа­қорған аудандарының жер­леріне сәйкес келеді. Сырдария бұл жерлерде түстікпен төмендеген бетінде, Түркістан қаласынан өткен соң, бірте-бірте батысқа бұры­ла бастайды. Қазақтың ежелгі қалалары Сауран, Сығанақ сияқты қалалары осы аймақта. Бұл көнеден келе жатқан ескі сүрлеудің орны еді. Бұл – Сыр­дың ағысының бәсеңдеген жері. Екіншіден, қарт Қаратаудың өркешті шыңдарының жазылып, төбе-төмпешікке айнала бастаған маңайы. Одан ассақ болғаны «Су аяғы құрдым» жер – Шу бассейніне тап болады. Ары қарай ұзыннан-ұз­ын көлбеп жатқан белгілі Бет­пақдала. Егер тарихта айтылғандай, Кир­дің әскері анық Аракстан өтсе, онда оған жолығатын «тау шат­қалы» тек Қаратауда ғана бар. Үшіншіден, Геродот көрсеткен «үш күндік» жер, «сегіз күндік жер­дің» барлығы Аракс – Сырдарияның – қарт Қаратаудың – Бетпақдаланың бассейні екенін бай­қатады. Жоғарыдағы «құлағын құн­титып, мұрнын шұнтитып ке­сіп тастап», Дарийдің әскерін әуре-сарсаңға салатын Ширақтың да тарихта табан ізі қалған жер – Созақ даласы. Олардың өткен «өзені» – Сырдария. Міне, «біздің заманы­мыздан бұрынғы 330-327 жылдары аралығында Александр Македонский Соғда, Мараканда тұрағын алып, отырықшылар мен көшпенділердің шекарасы болып табылатын Сырдарияға аттанды». «Александрдың бұйрығымен Сырдария жағасында Александрия Эсхата «Шеткі Александрия» деген қала салынды». «Александр Македонскийдің Сыр­дарияның ар жағында тұратын сақ тайпаларын бағындыру үшін жасаған жорығы сәтсіз аяқталды. Сақтар ұлы жаулап алушының Шы­ғысқа қарай жүретін жолын бөгеді» («Ежелгі Қазақстан тарихы», «Алмты», «Рауан», 1994 жыл, 60-бет») деп жазылған. «Біздің заманымыздан бұрынғы 519-518 жылдары І Дарий сақтарға қар­сы жорыққа аттанады. Жер қайыс­қан қолды бастап, Дарий сақ жеріне кіреді. Бір күні оның отауына сақ малшысы Ширақ келе­ді. Оның бар денесі жараға толы. Құлақтары мен мұрны кесілген. Ширақ мұны істеген өз тайпасы екен­дігін, сол үшін кек алмаққа райы бар екендігін айтты. Ол парсыларға жол көрсетіп, оларды сақ әскерінің ту сыртынан алып шығуға келісті. Жеті күн арып-ашып жүргеннен кейін Ширақ оларды сусыз шөлге алып келді». «Бұл ұшқан құстың қанаты тала­тын» Бетпақдала еді. Сөз сорабынан Созақ даласының бір бөлігі болып табылатын осынау ұлан өлкені жазбай тануға болады. Тоғыз тараудан (кітаптан) тұра­тын, орыс тілінде 1972 жылы басылып шыққан Геродоттың сол «Тарих»-тың 1 және 4 бөлімдері сақ тайпалары тура­лы деректерге бай. Ол дерек-мәліметтер көбіне-көп Кир, Дарий де­ген патшалардың сақ елдеріне жүргізген шапқыншылық соғысына байланысты келтіріледі. Біздің эрамыздан бұрынғы 6 ғасырда өткен осы оқиғаны Геродот баяндауынан қазақшалап, оқырман назарына тұтас ұсынып көрейік. «…Кир массагеттерді бағындырып алмақшы болды. Бұлар, массагет дегендеріміз, әрі көп, әрі ер жүрек ел десе­ді. Олар күншығыста, Ар­акс дария­сының арғы жағында, ис­седондар елімен шектес жерде жас­ай­ды. Кейбіреулер бұларды да скифтерге қосады. Массагеттерді жесір қалған әй­ел­ пат­ша билеп тұрған-ды. Оны Тұмар (То-марис) деп атайтын. Кир оған өзінің үйленгісі келетінін ай­тып, жаушы жібереді. Алайда Томарис Кирдің ниеті үйлену емес, массагеттердің жерін иелену екенін жақсы түсінеді. Сөйтіп жаушыларды құр қайтарады. Қулығынан түк өнбеген Кир массагеттерге ашық шабуылға шығады. Әскерлерін дария­дан өткізбек болып, Аракстың үстінен қалқыма көпірлер (сал) құруға кірісті. Жау әскерлері осы іспен шұ­ғылданып жатқанда Томарис Кирге шапқыншы жіберіп, былай дейді: – Мидиялықтардың патшасы! Ниетіңнен қайт! Салып жатқан жаман көпіріңнің игілігін көрер-көрмесіңді өзің де анық білмейсің. Өнбес істі қума, өз патшалығыңа өз әміріңді жүргізе бер, бізді күндеме. Бірақ сен айтқан тілді алармысың, бейбітшіліктен басқаның бәріне барсың ғой. Ал енді массагеттер жұртын қалай да шабуылдамақ бол­саң, өзен үстінен көпір салғызып әуреленбе, жерімізге алаңсыз кіре бер. Біз болсақ сендерге жол босатып, дария жағасынан үш күншілік жерге ше­гініп кетеміз. Кезегі келгенде сендер де өстерсіңдер… Бұл хабарды алысымен Кир пар­сы­ның игі жақсыларынан пікір сұрады. Кеңесшілердің бәрі Томарис қолын өз жерлерінде күтуге ұйғарысты. Осылайша пікірді тыңдап алған Кир әуелгі ұсынысты тәрк етті де, Крез пікірін қабыл алды. Сөй­тіп Томариске «уәделі жеріне ше­гінсін, патшалығына кіремін» деп шапқыншы жіберді. Уәдесіне берік Томарис айтқан жерінен табылды. Кир болса әскерлерін өзеннен өткізе бастады. Массагет жеріне кіргеннен кей­ін түнде Кир бір түс көрді. Пат­шаға Гистасп балаларының үлкені елес берді. Екі иығында екі қанаты бар секілді, бір қанаты Азия­ны, екінші қанаты Европаны бүркеп тұрғандай. Ахаменидтер ұр­пағынан тарайтын Арсамның баласы Гистасптың ең тұңғышы – ол кез­де жасы жетпегендіктен жо­р­ық­қа қатыстырылмаған, жиыр­малар шамасындағы Дарий болатын. Ояна келе Кир көрген түсі­нің мәніне ой жүгіртті. Патша мұны тегін емес деп жорыды. Артынша Гистаспты шақыртып алды да екеуі оңаша қалған соң, көзбе-көз отырып мына­ны айтты: «Гистасп! Сен­ің ұлыңның маған және менің мемлекетіме қас­тан­дық ойлағаны ашылды. Бұл жағдай айдан анық… саған оны қайдан білгенімді де айтып бере аламын. Тәңірі пірлердің үнемі менің қамымды жеп жүретіні және ал­дымды ашып отыратыны өзіңе де мәлім. Міне, солай, өткен түні тұң­ғыш ұлыңды түсімде көрдім. Екі иығында екі қанаты бар екен деймін. Қанатының біреуі Азияны, екіншісі Европаны бүркеп тұр. Қалай де­генде де, сенің тұңғышыңның менің өміріме қауіп төндіріп тұрғаны даусыз. Сол себепті дереу Персияға қайт­-тағы, мен мына жауды жеңіп, елге оралғанымша балаңды жауапқа дайындай бер». Кир бұлай еткенде Дарий өзіме қастандық ойластырып жүр деп топшылады. Бірақ, шынында, тәңір-пірлер осы түс арқылы патшаның ажалы осында болатынын, ал оның патшалығы Дарийдің қарамағына өтетінін аңғартпақ еді. Гистасп болса патшаға былай деп тіл қатты: «Әміршім! Сенің жаныңа жаулық ойлайтын парсылықтың ту­мағаны да игі еді! Егер ондай жау туа қалған күнде ертерек өліп кеткені абзал-ды! Парсылардың басын азат қып, басқаларға салық төлейтін жұрт­тан басқалардан алым алатын елге айналдырған бір сенің басыңа сая, дертіңе дауа бола алмасақ, біз не­сіне адамбыз? Түсіңде көргеніңдей баламнан басыңа қауіп ойласаң, бердім соны қолыңа, құрбан қып шал жолыңа»! Гистасп патшасына осылай деді де, дариядан ары өтіп, баласын тұт­қындап, Кирдің келуін күтіп отырмақ болып Персияға бет алды. Бұл екі арада Кир дарияның арғы жағында бір күншілік жол жүр­іп, Крездің дегенін істетті. Орнында аз-кем қосын қалдырып, негізгі жасағын дария жаққа әкет­ті. Шабуылға шыққан массагет сарбаздарының үштен бір бөлігі парсы қосынында қалғандардың қатты қарсыласқандарына қарамастан, ол­ар­­ды жусатып салды. Жеңіс желік­тірген массагеттер жұртта қалған ішім-жемге кірісті. Тоя тамақ жеп, шарап ішіп алған олар ақыр ұйқыға бас қойды. Осы сәтті бағып тұрған парсы­лар бұларға тұтқиылдан шабуыл жасап, көбісін қырып-жойып жіберді, одан да көбін тұтқындады. Тұт­қындар қатарында Томаристің ұлы, массагеттердің қолбасшысы Спар­гапис де бар-ды. Томарис патша сарбаздары мен сүйікті ұлының қасіретті хабарын алған соң, Кирге шапқыншы жұмсатып, былай дегізді: «Қан­қор Кир! Жеңісіңе желікпе. Сен менің ұлымды қайтарып бер де, есен-сауыңда жөніңді тап. Егер бүйт­песең, массагеттердің Тәңірі – Күн атымен ант етіп айтайын, қанша бір қанға тойымсыз болсаң да, сені адам қанына сусының қанғанша бір той­дырармын!» Бұл кездері Спаргапис есін жиып, жағдайды түсініп, қол-аяғын шешуді өтінді. Ол сонан соң беліндегі қан­жарды суырып алып, өз-өзін жарып жібереді. Томарис болса, Кирдің өзі айт­қан ақылға тоқтамасын білді де, бар әскерін жинап ап, парсыларға шеру тартып шықты. Бұл бұрын-соңды көз көріп, құлақ естімеген жой­қын соғыс болған көрінеді. Осы ұрыс-соғыстың барысы жайлы ме­н­ің білгенім мынау болды: әуелі қарсыластар алыстан бір-біріне жай оқтарын жаудырысыпты. Саржалары тау­сылған соң найза, қанжар алысып, қолма-қол шайқасыпты. Екі жағы да аянбай алысып, ұзақ ұрысыпты. Екі жақтың да шегінгісі келмепті. Пар­сылар түгел дерлік қырылып, бас-аяғы 29 жыл патшалық құрған Кирдің өзі де өліп тыныпты. Томариске келсек, ол шарап құйылатын месті адам қанына толтырып, қырғын тапқан парсылардың арасынан Кирдің денесін іздеттіріпті. Кирдің өлігі табылған соң, оның бас сүйегін әлгі қан толы меске тоғытып: – Әйтеуір тірі жүрмін демесем, сені жеңіп шықтым демесем, жан дегендегі жалғыз ұлымды қулықпен қолға түсіріп, сен менің түбіме жеттің, жауыз. Берген сертімді берік ұстап, сені сусының қанғанша қанға бөктіргеннен басқа амалым қалған жоқ! –депті дейді. Парсы патшасы Кирдің қазасы жайындағы ұшан-теңіз кеңестің ішіндегі ең деректісі, менің білуімше, осы оқиға секілді». (Аударған Әсіл­хан Оспанұлы, филология ғы­лымдарының кандидаты. 1975 жыл) Тұр-Тұран – Түркістанның даң­қының әлемге жайылуына себепкер болған тағы бір мынадай ұлы шығарма бар. Шығыстың жеті жарық жұлдызының бірінен саналатын ұлы ақын Әбілқасым Фердоусиге саманидтердің патшасы Махмұд Газенави сұлтан «Шахнама» атты дастан жазуды тапсырады. Әр жолына бір тілләдан төлеуге ұйғарым болады. Оны ол 35 жасында қолға алып, 20 жыл­дай еңбектеніп, 994 жылы аяқ­тайды. Ол 60 мың бәйіттен, яғни 120 мың жолдан тұрады. Бұл салыстырмалы түрде айтар болсақ, А.С. Пушкин жазған «Евгений Онегиннен» 20 есе көп боп шығады. Иранның ескі мифологиясына иек артқан Фердоуси поэманың басында Қаюмарстың патшалығынан сөз қозғайды. Сол мифтік ұғым бойынша, Қаюмарс Иранның бірін­ші патшасы болып саналады. Кітаптың елу шақты тарауында елу түрлі патшаның патшалық дә­у­ірі суреттеледі. Эпостың соңы араб­тардың Иранды басып алуымен аяқталады. Осы шығармада Иран елінің ең басты қарсыласы – Тұрлар-Тұран­дықтар – Түркі жұртының – Түр­кіс­танның патшасы, әрі алып батыры Афрасияп барынша суреттеледі. Тағы да поэмада ерекше сөз болатын тұлға Рүстемнің баласы Сухрап – Иранның ежелгі жауы Тұран елінің көрнекті батыры. Ол Тұран патшасының қызы Тахминадан туған. Бейбітшілік ке­з­інде Рүстем Тұранға аң аулауға келген жолы Тахминамен табысып, іште қалған бала. Әрине, Фердоуси Тұран жағының батырларын аса дара­лап көрсете қоймайды. Ол түсінікті нәрсе. Иран патшасының мұрагері Сиявуш әкесі Кей-Қауыс патшаның кейбір шешімдерімен келіспей, Тұран еліне өтіп кетеді. Фердоуси мұны іштей құптамаса да, сол Сиявушқа қамқор болған Пиран батырды ерекше суреттейді. Пиран жас Сиявушқа қызын қосады. Содан кейін ол Афрасияп патшаның қызын алғанда да, қорғаштап отырады. Сиявуш ақыр-соңы қайтадан Иранға оралғанда қатты қиналады. Фердоуси Тұран-Түркістанның батырларын жырлағанда қаһармандық сөздерді қолданады: «Биемад дамон тобари он се турк, Чи турк он! Диловар сегурги ситрук!» («Жүгіріп жетті, ол жалма-жан үш түрікке, Түрік емес-ау! Кілең, көкжал үш бөріге!») «Түркістанның ежелгі аты – Иасы. Археологтар ертедегі Иасының орны қазіргі Күлтөбеге сәйкес келетінін дәл­елдеп отыр. 7-12 ғасырларда Түркістан төңірегі Шауғар өңірі ат­ан­ған. Бұл өңір Түрік қағанатына қарады» («Оңтүстік Қазақстан» энциклопедиясы. 502-бет). Біз бұл арада «Түркістан» ата­у­ының шығуының түпкі мәніне жақындап қалғанымызды жасыра алмаймыз. Себебі ұлан-байтақ жер Батыс Түрік қағанатына қарағаны анық. «9-ғасырларда қарлұқтар мен оғыз­дардың қол астында болды. Бұл өңірге 809-819 жылдар аралығында Хорасан билеушісі әл-Мамун,10-ғасырдың соңында саманилік билеуші Наср жаулаушылық жо­р­ық­тар жасаған. 12-ғасырдың бірінші ширегінде қидандар шабуылынан Шауғар құлағаннан кейін, Иасы өл­кенің орталығына айналды» (сонда. 502-бет). Сыр бойында оғыздардан орасан зор рухани, мәдени, әдеби байлық қал­ды. «Дәдем Қорқыт» кітабы дүниеге келді. Дәл осы кездері Сырдың бойында моншақтай тізілген қалалар бір-бірімен иық тіресті. Көне тарих әңгімелері бізге Әму мен Сырдың бірнеше мәрте ар­насын өзгерткенін айтады. Тіпті Узбой арқылы Каспийге құйған кез­дері болған. Тіпті, басын Қырғыз Алатауынан алатын Шу өзені қарт Қаратауды қазіргі Шиелі ауданы тұсынан жарып өтіп, Сырға сарқырай құйылғаны да рас. Ал енді Аралдың талай рет құрғап, ол жерлерге қала сал­ынып, кейіннен ол су астында қалып, бертінде қайтадан табылып жатқан жағдаяттарын ел жақсы біледі. Бұны аса тәптіштеп айтып отырғанымыз, қазіргі Түркістан қа­ласын бір кездері дарияның тармақтары арасында тұрғаны. Яссауидың аса талантты шәкірті Сүлеймен Бақырғани 1186 жылы қайтыс болған. Ол өз кітабында ұлы ұстазына арнайы жыр арнап, оның әлдеқашан дүниеден өткенін, «орны Дару с-саламда – пейіште» екенін мадақтаған. Міне, оқып көрелік: Йасы суының арасында, Гауһардың сынығы жатыр, Машайықтардың сарасы, Шайхым Ахмет Яссауи. Он сегіз мың ғаламда, Аты машһур (Алланың) сөзін (білуде) Орны-Дару с-салам пейішінде, Шайхым Ахмет Яссауи. Қыдырменен сұхбаттасқан, Ілияспен сыйласқан, Хақ қасында құрметті Шайхым Ахмет Яссауи… Шын сұлтан болған бабама, Мүрид болды күмәнсіз, Хаким Қожа Сүлеймен Шайхым Ахмет Яссауи. Түпнұсқасы былай: Йасы суының арасы, Йатур гауһар парасы, Машайықлар сарасы Шайхым Ахмет Яссауи. Он сегиз мың аламда, Аты машһур қаламда, Орны Дару с-саламда Шайхым Ахмет Яссауи. Хызыр бирла сухбатлық, Илийас бирла илтифатлик Хақ қашында хараматлиқ Шайхым Ахмет Яссауи. Бабама чын ол султан, Мурид болды бигуман, Хаким хожа Сулайман, Шайхым Ахмет Яссауи… («Ежелгі дәуір әдебиеті» хрес­томатия. Екінші кітап. Құрас­тырған А.Қыраубаева. Алматы. «Ана тілі», 1991 жыл. 152-153,166-167 беттер) Тағы да мынадай құнды дерек бар: «Посреди реки (на острове) Ясы лежит драгоценная частица – могила моего шейха-повелителя шей­хов Ахмада Ясави» (А.И. Пылев. «Ходжа Ахмад Ясави: суфиский поэт его эпоха и творчество» Атамұра, Алматы, 1997 29-стр.) Мұнан көріп тұрғанымыздай, көне замандарда Иасы қаласы «өзен ор­талығында (аралда)» тұрғаны белгілі болады. Мұны қалай түсінуге бола­тынын айтайық. Ұлы дария биік таулардан, жоғарыдан-төменге, оңтүс­тіктен-солтүстікке қарай жойқын күшпен ағып жатқан. Сол себепті де сол дәуірлерде Жейхун – Сейхун қа­зақ­­ша «жойқын» дария ретінде аталған. Ол тек Түркістанның тұсында ғана толастап,тоқырап тұрыңқырап барып, арнасына сыймай бірнеше жіңішке бөліктерге бөліне отырып, ағысы жылдамдап, сол­түстік-батыстан көтерілген жалдарға соқтығып, Түркістаннан сәл тө­менірек Шиелі ауданы аумағында түйенің мойнындай иіліп, бұрылып, Арал теңізіне біржолата бағыт ұс­танған. Міне, дәл осы қылтада қазақ даласын «Жиделі-Байсынмен» жал­ғастыратын ұлы өткел болған. Алек­сандр Македонскийдің, Дарийдің қос ті­гетін жері де осы ара. Бұл жер­ден «Қозы-Көрпеш – Баян сұлу» жырындағы Қарабайдың малы да өткен. Қаратаудан асқан бой­да «Балталы-Бағаналы ел аман бол, Бақалы,балдырғанды көл аман бол» деп Ай,Таңсық қыздардың қош­тасатын ұлы жұртқа жолығасыз.Оны «Қызылжыңғыл» дейді. Белгілі академик Мұхаметжан Қаратаевтың кіндік қаны тамған жері. Тарих ілімінде «Қолында жағ­рапиясы жоқ ғалым көп адасады» дейтін қағидат бар. Бұл Түркістан тарихын түгендеген кездері де өз мән­ін жоғалтпайтынын ескерткіміз келеді. Ендігі әңгіменің ауанын «Иасы» қаласының қалай «Түркістан» атанғанына бұрайық. Бұл сөз жоқ, ұлы Қожа Ахмет Яссауи бабамызға байланысты. Оның толық аты – Құл Қожа Ахмет ибн Ибрагим, ибн Махмұд, ибн Ифтихар Яссауи немесе Хазірет Сұлтан Шейх-ул Ислам Қожа Ахмет Йассауи. Мынадай анықтаманы да қос­қанды жөн көріп отырмыз: «Титул «ходжа» (персид. «учитель, наставник мудрец») был присвоен Ахмаду суфиями братства хваджаган (ходжагон)-накшбандийа, старавшими­ся исползовать авторитет Яса­­ви своих целях (известно, что все уважаемые шейхи это­го братс­тва носили титул «ход­жа»(40.стр.61:50,стр.21) Нисба (т.е. произ­вище по месту рождения или житель­ства) «Ясави» происходит от названия города Ясы (ныне Туркестан в Казахстане), где жил, умер и был похо­ронен в грандиозном мавзолее шейх Ахмад. Город известен с ХІ века, название его происходит от реки, протекавшей некогда в пре­делах города» (А.И. Пылнев. «Ходжа Ахмад Ясави», «Атамұра».Алматы,1997. 29-стр) Қожа Ахмет Яссауи туралы ең алғашқы жазылған еңбек Ақсақ Те­мір­дің жорықтарын баяндаған ирандық Шарафаддин Ғали Иаздидың «Зафарнама» деген кітабы боп табылады. Ол біздің жыл санауымыз бойынша 1424-1425 жылдары жазылған. Онда Қожа Ахмет Яссауи туралы: «Темір Сейхуннан өтіп, Ахангаран, Шыназ төңірегінде қыстау үшін тоқтап, әскеріне арнап үй салдырды. Содан кейін «Иассы» ауылына барып, сондағы Иассауи бейітіне зиярат етеді. Иассауидің Мұхаммед Ханафияға туыстығы бар еді» дейді. Тағы бір құнды деректі Қожа Ахмет Яссауидің шәкірті, жолын қуушы, ұстазының жолымен софы­лық-дәруіштік поэзияны дамытушы Сүлеймен Бақырғани (Хакім Ата) қалдырыпты. Ол өзінің «Ақырзаман» кітабында былай дейді: Ысқақ бабтың жұрыны,(яраны) Ибраһим ата құлыны. Шайқылардың ұлығы, Шайқым Ахмет Яссауи! Мұнан бөлек Қазақстан Ұлттық кітапханасының қорында Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың үрім-бұтағын талдайтын шежіре «Нәсабнама» сақталынған. Оның соңында жапырақ тектес етіп жасалынған Қожа Ахмет Яссауидің өз мөрі соғылған. Осы шежіреде, орта тұсында «Мен Хасан Хожа Бабаның оғылы Ибраһим Ата» деген дерек жолығады. Осы шежіреде оның түп-тамыры былай берілгенін көреміз: «Ұлы атасы Әзірет Ғали (Әзірет-әлі), одан Мұхаммед-Ханапия» делінген. Шарафаддин Ғали Иаздидің «Зафарнамасындағы»: «Иассауидың Мұхаммед-Ханафияға туыстығы бар еді» дейтіні осы болса керек. «Нәсабнама» одан әрі былай дейді: «Хазірет Әли Шаһі­мар­данның» Хазірет Фатимадан үш ұлы болған. Бұдан басқа Хазірет Әли­дің Иамана (Иемен) патшасы Жафар ибн Қайс қызынан Мұхаммед-Ханапия туған». Осындай жарты әлемді жаулап алған ұлық патшаның көңілін өзіне аудара алған әулие көзі тірісінде-ақ «Пир-Туркестани»(Түркістанның Пірі), «Әзірет Сұлтан» деп атала бастады. Ол өзіне Иасы қаласын «Яссауи» деп ныспы етіп алғанмен де, былайғы жұртқа Иасыдан гөрі «Түркістан» деу түсініктірек еді. Бірте-бірте ұлы жаратылыс жатқан жер Иасыдан гөрі, Түркістан де­генге ойыса бастады. Біріншіден, бір кезгі Түркістан-Түркі жұрты атанған ұлан-ғайыр аймақ жоқ болғанымен халық жа­ды ол атаудан айырылғысы кел­мей­тін. Мұндай мысалдар өте көп. Мәселен, Қарғалық – Ба­ла­дж – Бабата, Талас – Тараз – Әу­лие­ата атанды. Ал Түркістаннан бас­қа­лар Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Үндіс­тан, Пәкістан мемлекеттік дәрежесін сақтай алды. Әрине, мұның санаға салмақ салатынын ең алдымен Алаш ардагерлері аңғарды. Кезінде жаңа мемлекет – 1456 жылы құрылған Қазақ хандығы еңсегей бойлы ер Есім­нің уағында 1598 жылдан бастап Ұлы Ордасы болған жердің атаусыз қалғанына жүректері сыздады. «1918 жылы 6-9 қаңтар аралығында Түркістанда Сырдария облы­сының қазақтарының сьезі өтті. Сьезде Сырдария облысының Алаш автономиясына қосылу мәселесі қаралды. Онда Сырдария қазақтары Алаш автономиясына қосылған жағдайда Түркістан қаласы Алаш Астанасы болады деген Шешім қабылдады» («Оңтүстік Қазақстан» энциклопедиясы. 503-бет) Алты Алаштың ардағы Сұлтан­бек Қожанов алғашқы астана болған Орынбор қаласынан қазақ жұрты қапылыста айрылып қалғанда, Түркістанға ту тігуге жүрегі дауаламай, сәл де болса жақын­дай түссін деген ниетпен Ақмешітке-Қызылордаға ұлы көшті аз-кем кідірткен болды. Кейіннен Алматыға ауыстырғанда «Әулиені аттаған оңбайды деуші еді, мен екі ұлы әулие – Қожа Ахмет Яссауи мен Әулиеата қаласын аттап өттім. Енді солардың қаһарына қалмасам етті!» – деп қатты опық жеген көрінеді. Ол ол ма, Әулиеата қаласына өз есімі берілгенін радиодан естіген Жамбыл «Атыңнан айналайын, Әулие ата, Атыңды тартып алдым, болма қапа!» – деп кешірім өтінді. Осылайша, замана ағымы – Түркі әлемінің ту тіккен ордалы ор­­нын «1928 жылы Түркістан ау­данының әкімшілік орталығы» атандырды. («Оңтүстік Қазақстан» энциклопедиясы.503-бет) Қазір Түркістан қаласы «Рухани ас­тана» деп құр сөзбен күм­­пит­­кенімен жәй ғана қала­шық­тың қатарында. Барлық экономикалық жағдайы алақандай «Қошқарата» бұлағына шоғырланған облыс ор­талығы Шымкентке тәуелді. Соңғы кездері биік-биік мінбер­лерден «Мәңгілік Ел» болудың мәсе­лесі көтеріле бастады. Басқа жұрт Рим, Париж. Берлин, Лондон сияқты ұстындарға сүйенсе, біз неге Түркістанды таяныш етпейміз. Бүткіл түркі жұрты Түркістанды Ата жұртымыз деп танығанда, ол қа­лайша «аудан орталығы» боп қала бермекші?! Әлде біздің өреміздің тек соған жеткені ме?! Өсетін, өнетін қай халық, мем­лекет болмасын өз жәді­гер­леріне аса мұқият қарайды. Өзбектер Самарқан, Бұқараның т.т. бағын басы­нан аудырмас үшін оларға «облыс» деген статус беріп қойған. І Петр заманында «Еуропаға ашыл­ған терезе» атанса да, орыстар Санкт-Петербургтен орталықты Мәс­кеуге көшірді. Көптеген хандардың, билердің, бүткіл қазақ даласының қасқасы мен жайсаңдарының Түркістаннан топырақ бұйыруын бір Алладан тілеуін не деуге болады?!.

 Жарылқасын БОРАНБАЙ