МӘСКЕУ САХНАСЫН СЕЛТ ЕТКІЗГЕН

Өнерге келуге қабілет қажет болса, оның мерейін көтеру үшін дарын керек. Бірақ дарын қуатының өрістеп, ол жасаған өнер мәнінің өнегеге айналуы – талай қиындықпен бетпе-бет келген кезде – өнерпаз жүрегінің қайсар­лығы мен тынымсыз төгілген терінің қайырлы қайтарымына да байланысты. Демек, маңдайға біткен бармақтай бақ – шын дарынның жұлдызын жарқыратып жаға салуы бір-ақ сәтте!

…2012 жылы қазан айының 20-21-інде Мәскеудің Крокус Сити Холл концерт залында Муслим Магомаев атындағы ІІ халықаралық вокалис­тер конкурсы өткен болатын. Оған әлемнің 10 елінен 17 опера әншісі қатысып, КСРО халық әртісі, Үлкен театрдың солисі, профессор Тамара Синявская төрағалық еткен, құрамына КСРО халық әртісі, Еңбек ері, профессор Елена Образцова, Латвия және Ресей эстрада жұлдызы Лайма Вайкуле, КСРО және Әзірбайжан халық әртісі, Баку музыкалық академиясының ректоры Фархад Шамсиоглы Бадалбейли, Ресей халық әртісі, «Геликон-Опера» театрының көркемдік жетекшісі, профессор Дмитрий Бертман, опера өнері Академиясының көркемдік жетекшісі Винценцо Де Виво (Италия) сияқты классикалық өнер тарландары енген әділқазылар алқасы алдында кілең «сен тұр, мен атайын» деп шиыршық атқан әр елдің таланттыларының ішінен ең мықтыларын таңдау міндеті тұрды. Конкурс-концерт Ресей мемлекеттік телерадио орталығының Ю.В. Силаньтев атындағы Академиялық Үлкен концерттік оркестрінің сүйе­мел­деуімен жүргізілді. Оркестр­дің көркемдік жетекшісі және бас дирижері Ресей өнер қайраткері, композитор А.Клевицкий болса, арнайы шақырылған дирижер Ресейге еңбегі сіңген артист А.Поляничко болатын. Конкурсқа жоғарыдағыдай атақты өнер алыптарының төрелік етіп, оны белгілі музыкатанушы, әдебиетші, тарихшы Святослав Бэлза жүргізіп отыруының өзі бұл өнер сайысының деңгейі қаншалықты биік екенін көрсетсе керек.

Конкурс бағдарламасына М.Маг­о­маев­тың репертуарынан сан түрлі жанрдағы әндер енген еді. Бас­ты мақ­саты әртүрлі жанрдағы классикалық әндерді шебер орындау­ға қабілетті жас таланттарды тауып, олардың өнеріне қамқорлық жасау болған бұл конкурстың деңгейі өте биік, талабы өте жоғары. Өйткені Муслим Магомаев секілді ұлы композитор-әнші өзінің сан қырлы дарынының арқасында опера мен романстарды, джаз бен заманауи эстрада бағытындағы әндерді бірдей шеберлікпен жоғары дәрежеде орындай беретін. Ал, сондай тұлғалы әншінің лайықты ізбасары болу, кімге болсын оңай еместігі анық.

Конкурсқа қатысуға ниет білдірген 200 әншіден 17-сі ғана бірінші турға жіберіліп, әншілер іріктелді. Онда АҚШ, Әзірбайжан, Өзбекстан, Ресей, Украина, Беларусь Грузия, Германия, Моңғолия, КХДР сияқты елдерден келген жас опера әншілері бақ сынап, кәсіби сыншы­лардың қатал сұрыптауынан 10 әнші ғана екінші турға жолдама ала алды. Сол іріктеуде өте жоғары балл алып (113 балл), өзгелерден оқ бойы алға шыққан, конкурсқа өзбек елі атынан қатысқан қазақ баласы Жеңісбек Пиязов болатын.

Тартысты өткен конкурстың финалдық бәсекесінде Жеңісбек классикалық жанр бойынша әйгілі композитор ДЖ. Россинидің «Севиль шаштаразы» операсындағы Дон Базилио ариясын орындағанда әннің иірімін құбылта ойнақшыта келіп, дауысты көтере шырқайтын жерінде әділқазылар алқасында отырған қызуқанды итальяндық Винценцо Де Вивоның да делебесі қозып, қосыла шырқап кетті. Андрей Вознесенскийдің сөзіне жазылған композитор А.Бабаджанянның «Верни мне музыку» атты салмақты да мәні терең әнін өзінің ерекше даусымен жеріне жеткізе шырқағанда қарапайым көрермен қауым ғана емес, Тамара Синявская, Елена Образцова секілді әйгілі опера әншілерінің өзі де тебірене тың­дап, жас дарынның өнеріне деген ризашылықтары жүздерінен айқын аңғарылып отырды. Ал, әділқазылар Жеңісбекке баға қойғанда таблодағы сандарды көріп, конкурс жүргізуші, анау-мынауға таңдана бермейтін Святослав Бэлзаның өзі «Рекорд! Рекор­дный балл!» деп тамсанып тұрды.

Конкурс жеңімпаздарын марапаттау кезінде Жеңісбекке бас жүлдені өз қолымен тапсырған Тамара Синявская жас дарынға ризашылығын білдіріп, табыс тілесе, Елена Образцова: «Осы бір бойында артық қырым еті жоқ, дауысы мықты жас бала бізді алғашқы іріктеу кезеңінің өзінде-ақ таңдандырған. Оның музыканы түйсінуі, сахна құдіретін сезі­н­уі табиғи әрі ғажап! Ол ешкімге ұқсамайды әрі ұқсауға да тырыспайды. Бұл сирек кездесетін құбылыс, сондықтан оған бірауыздан жоғары баға бердік», – деп ағынан жарылды.

2007 жылы алғаш рет үлкен сахнаға шыққан Жеңісбек Өзбекстан вокалис­терінің республикалық бай­қауы­на қатысып, 1-орынды жеңіп алып, Өзбекстанда талантты жастарға берілетін «Нихол» сыйлығының иегері болды. Одан соң, 2008-2009 жылдары Франция, Испания, Малайзия, Португалияда өткен фольклор фестивальдарына қатысып, өте жақсы нәтиже көрсетсе, ХII халықаралық «Казахская романсиада» байқауында және Мәскеуде өткен орыс романстарын орын­даушылардың халықаралық ХIII байқауында 1-орынды иеленді.

2010 жылдың тамыз айында осы жетістіктері ескеріліп, Өзбекстан мемлекеті жас опера әншісін «Шухрат» медалімен марапаттады. ТМД елдері музыкалық академияларының Минскіде өткен шеберлік көрсету (мастер-класс) сабағына қатысып, сол жылдың қараша айында Бакуде өткен Полат Бюлбюлоғлы атындағы вокалистердің 5-халықаралық бай­қауында М.Бурхановтың «Алишер Навои» операсындағы Хусейна Байкара ариясын орындап, жүлделі 2-орынды және «Әзірбайжан үміті» атты арнайы сыйлықты да жеңіп алды.

Жеңісбектің өнер әлеміндегі жеміс­ті жолы одан әрі де жалғасын тауып, Ресейдің Саратов қаласында өткен Собинов фестивалінде әділ­қазылар алқасы арнайы «Көрер­мендер көзайымы» сыйлығын табыстап, Берлин операсына жолдама берді. Сол себепті ол 2011 жылы Германияның Мюнхен қаласындағы опера фестиваліне қатысып, соңынан немістердің арнайы шақыруымен бір жыл бойы Германияда еңбек етті. 2012 жылы елге оралған соң, жоғарыда сөз болған, Муслим Магомаев атындағы жоғары дәрежедегі конкурста жұлдызы жанды. Сол жылы Спиваков концертінде, келесі жылы Мәскеудегі Чайковский залында атақты В.И. Федосеевпен бірге ән шырқау құрметіне ие болды.

2012 жылы жиырма төрт жасында «Қарақалпақстанға еңбек сіңірген әртіс» атағын иеленген Жеңісбекке М.Маго­маев атындағы байқауда гран-при алғаны үшін өзбек елінің басшысы Ташкент қаласының орталығынан үш бөлмелі пәтер сыйлады. Ал биыл 22 тамызда Өзбекстан президенті Ислам Каримовтің жарлығымен ел егемендігінің 23 жылдығына байланысты бірталай танымал тұлғалармен бірге жас опера әншісі Жеңісбек Пиязов та «Өзбекстанға еңбек сіңірген әртіс» атағымен марапатталды. Бұл енді, отызға тола қоймаған өнерпазға аз сыйлық болмаса керек.

Таланттың тақыр жерден өсіп шықпайтыны әмбеге мәлім. Сол сияқты Жеңісбек те бір күнде ғайыптан пайда болған жоқ. Ең әуелі ол – ел арасында «Пиязовтар династиясы» аталып кеткен өнерпаз әулетбасы, Қарақалпақстан және Өзбекстанға еңбегі сіңген әртіс Зейнел Пиязовтың (1928-2011) немересі. Ал Зейнел аға болса 1955 жылы Ташкент театр және көркемөнер институтының актерлар дайындайтын факультетін бітірген соң Нөкістегі Станиславский атындағы мемлекеттік драма театрына жұмысқа орналасып, өмірі­нің ақырына дейін сол жерде 48 жыл бойы театр сахнасында түркі халықтарынан шыққан небір мықты драматургтерден бастап Шекспир, Мольерге дейінгі әлемдік драматургия классиктерінің шығармалары бо­йынша қойылған спектакльдердегі сан түрлі кейіпкерлер образдарын айта қалғандай шеберлікпен сомдап, актерлік өнердің биігіне көтерілген тұлға. 47 жасында жұбайынан айрылса да, бес қыз, төрт ұлды өзі тәрбиелеп жеткізген қайсар өнерпаздың отбасында әке жолын қуып, өнер жолын таңдаған перзенттері аз емес. Солардың ішінде, қарақалпақ елінде: ұлы Бүркіт Пиязов музыка мектебінде оқытушы, қыздары Азиза мен Роза театр актрисалары болса, Қазақстанда тұратын Лиза («Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты) мен Марал да әке жолын қуып, бірі Ғ.Мүсірепов атындағы жастар театрында, бірі Алматы қуыршақ театрында әртіс болып жемісті еңбек етіп жатыр. Ал, ұлы Бүркіттің отбасынан шыққан өнерпаздардың өзі бір төбе. Бұл отбасында (Жеңісбекті айтпағанның өзінде) Бүркіттің әйелі Інжігүл Сабурова белгілі қобызшы, Қарақалпақстанға еңбегі сіңген мәдениет қызметкері, қыздары Бақыт әнші, Айнұр биші. Ұлдары: Нұрлыбек – мәдениет колледжінде оқытушы. Ақылбек – күйші-домбырашы, Жәнібек – қобызшы, мемлекеттік «Нихол» сыйлығының лауреаты.

«Кез келген адам дүниеге келген жеріне, соның табиғатына тартып туады» деген сөз бар, сол сияқты Жеңісбек Пиязов та бүгінде, музыка тілінде «бас-баритон» деп аталатын өзінің биік те әдемі даусымен әлемді таңдандырып жүрсе, ол – әншінің туған өлкесінен сіңірген қасиеті дер едік. Жеңісбектен бұрын шыққан өзбек операсының мерейін көтерген екі сахна жұлдызы Муяссар Разақова мен Кеңесбай Сержанов та осы қарақалпақ өлкесінің тумасы. Сондықтан болар, Өзбекстанның президенті Ислам Каримов Нөкіс қаласына кеп, өнер адамдарымен жүздескенде: «Бұл елден зор дауысты, күшті әншілер шығады», – деген-ді.

Әлгі, өзі бас жүлде алған конкурстың салтанатты жабылуы кезінде Моцарттың «Дон Жуан» операсынан Лепорелло ариясын орындауға сахнаға көтерілген Жеңісбекке көрермендер қол шапалақтап, өнеріне риза екендігін сездірген-ді. Сол кезде оркестрдің дирижері микрофонға кеп: «Друзья, он же гран-при получил, ну, по громче аплодируем…», – деді онсыз да жас әншіге құрмет көрсетіп жатқан көрерменге базына айтып. Халық қайта ду қол шапалақтады. Өзге елдің сахнасында тұрып осыдан артық қандай құрметке ие болу мүмкін?!.

Ахмет ӨМІРЗАҚ

Back to top button