ЕКІ СУРЕТТІҢ ТАРИХЫ

ЕКІ СУРЕТТІҢ ТАРИХЫ

ЕКІ СУРЕТТІҢ ТАРИХЫ
ашық дереккөзі
380

Тоқсанға келген де, келмеген де бар. Қазақ әдебиетінің көзі тірі классигі, Қазақстанның Халық жазушысы Әбді-Жәмил Нұрпейіс әдетте мерейтойын өткізбейтінін ел біледі. Бұл жолы да абыз қарт дағдысынан жаңылған жоқ. Бірақ Елбасы бастаған қалың қазақ торқалы тойды бастап кетті… Ғибратты ғұмырында қазақтың талай марқасқасымен дәмдес, қызметтес болған ақсақалдың қазыналы қоржынында талай сырдың ағытылмай жатқаны анық. «Түркістан» газетінің атынан жазушыға сәлемдесе барып, сарқылмайтын сырлы әңгімесінің бір парасын тыңдап жазып алған едік. 

ІЛИЯСҚА ІНІ БОЛДЫҚ

«1958 жылдың сәуір айында Солтүстік Қазақстан облысының обком секретары Ілияс Омаров Алматыға келді. Мен досым Зейнолла Қабдоловқа барғам. Ол − әдебиет пен өнер секторының меңгерушісі. Содан келсем, Ілияс Омар жүр, коридорда кездесіп қалдық. Ілиястың көзінің алды көкпеңбек, жүдеу екен, киімі де онша емес, ескілеу костюм киіп алыпты. Біз − ол кездегі әдебиет пен мәдениет маңында жүрген жастар − Ілияс Омаровты жақсы көреміз, оның өз қатарлары да керемет сыйлайтын. Бұл кез соғыстан кейінгі қиын уақыт еді. 1951 жылы «Қазақстанда национализм бар» деген желеумен Қаныш Сәтбаевты орнынан алды, союздың председателі Сәбит Мұқановты да орнынан алды. Солардың қатарында Ілияс Омаровты жай ғана орнынан алған жоқ. Арнайы қаулымен алынды. Сондағы таққан айыптары «ұлтшылдық, анау-мынау, пәлен-пәштуан» деген дүниелер ғана. Бәле Ермахан Бекмахановтың «Кенесары қозғалысы» жөніндегі әңгімеден басталған… Біраз адамдар түрмеге отырды. Содан Ілияс Омаровты Москваға төрт жылдық партия оқуына жіберді. Оның үйінде жұмыс істейтін адам жоқ, балалары жас, әйелі үйде. Үйіндегі іліп алар нәрсенің бәрін, тіптен қыздарға алған пианиноны да сатыпты. Өте қиын жағдай енді. Оқу бітіргесін Солтүстік Қазақстан облысының идеология жөніндегі хатшысы болды. Содан… бір шаруамен Алматыға келген екен…

Бірде Зейнолла Қабдоловқа айттым: «Ілекеңнің костюмы нашар екен. Сен мәдениет бөліміндегі Тахауи Ахтановқа айтып, бір пьеса алсаңшы, екеуміз аударайық. Олар бізге сенеді ғой. Ақшасын қазір төлесін, Ілекеңе костюм алып берейік», − дедім. Ол да қуанып кетті. Бір пьеса алдық, ақшасын қолма-қол төледі. Сол кезде дүкенде зат бар, жұртта ақша жоқ. Дүкенде бір боз − Англиянікі, екіншісі − қара көк, екі костюм ғана бар екен… Сонан Зейноллаға: «Ілекең саған келіп жүреді ғой, сенің қасыңда отырайын, костюм жайлы сен айтшы», − дедім. Ілекеңнің біздің ісімізге бірден көнбесі анық еді. Ақылдасып алдық. Зейнолла Панфилов саябағы жанындағы екінші қабаттағы кәбинетіне Ілекеңді шақырды. Мен: «Ілеке, сізге бір өтінішіміз бар, оны біз сізге айтпаймыз, алдымен сіз уәде беріңіз. Қандай өтініш болса да соған көнетін болыңыз», − дедім. Күлді. Ол: «Қызық екен, өтінішті айтпайсыңдар, ал мен ештемесін білмей неге келісуім керек», − деді. Сосын Зейнолла да: «Ілеке, келіссеңізші, бір өтініш», − деп өтінді. «Апырмай, ол не екен?» − деп отырды Ілекең. Мен: «Жоқ, онша жан қиналатын нәрсе емес қой», − дедім. Ілекеңнің шиқылдап күлетіні бар еді. «А-а-а, солай ма?» − деп күліп, сәл кідіріп барып: «Жарайды, көндім», − деді. «Көнсеңіз, онда сұрамаңыз, бізге еріңіз, қазір бес жүз метрдей жерге барамыз», − дедік. 

Содан… келе жатырмыз. Киров пен Панфиловтың бұрышында үш қабатты ғимарат әлі бар. Соның жертөлесінде жас ортасындағы еврей тігіншіге бардық. «Жаңағы тауарды бер» дедік. Оған алдында: «Біз кіреміз де, шығып кетеміз. Ілекеңді қалдырамыз, екі костюм тігіңіз» − деп, келісіп қойғанбыз. Содан… кірдік те, шығып кеттік. Содан екі костюм тіккізіп бердік… Ілекең жалпы халықтың қамын ойласа да, өз басын ойлай бермейтін қызық азамат еді… ». 

***

«… Ілияс Омаров сауда техникумын бітірген, бірақ аса зерделі, өнер мен мәдениетке бір табан жақын жүретін азамат еді. Солтүстік Қазақстан облысында идеология хатшысы болып жұмыс істейтін. Солтүстік облыстарда қазақ тілі мен қазақ мектептерінің жайы қиын екенін айтып жоғарыға хат жазып жүретін кезі. Ол кезде мұндай хат жазғаның үшін бас кетеді. Зейнолла екеуміз ол кісіні сол үшін жақсы көретін едік. Сәуірдің аяғы, мамырдың басында Алматыға келді. Мен ол кісіден: «Ілеке, Мұхан Иманжанов деген жазушы бар еді ғой, білесіз бе?» – дедім. Ол: «Білем ғой, білем, оның «Алғашқы айлар» деген повесін оқыдым ғой», – деді. «Сол азамат әл үстінде жатыр еді, көңіл сұрап барып қайтсақ», – дедім. 

Ілекең халық ағарту министрі Закариннің машинасын сұрап алды. Мұқаңның үйіне барып: «Ертең сағат онда Ілекең келеді», – деп ескерттім. Ілекеңмен келістік, мені Калинин мен Жамбыл көшесінің қиылысындағы үйімнен алып кететін болды. Бұған дейін Ілияс Омаров пен Мұқан кездеспеген екен. Ілекең оның шығармасын ғана біледі. Иманжанов мінезі ауыр адам болатын. Екеуі кездескенде, арасында делдал болып әңгімені қалай бастап жіберемін деп мазам қашты. Былай ойлаймын, олай ойлаймын, басыма ешқандай ой келмеді. Келдік. Мұқан арық, ұзын бойлы. Әл үстінде жатқан адам. Костюмін киіпті. Үстел жасап қойыпты. «Екеуін қалай тіл табыстырамын», – деп мен әлі қысылып отырмын. Ілекең отырып: «Жағдайың қалай, Мұқан?», – деп сұрады. Ол кісі ауырып жатқанын айтты. Содан ары сөзге-сөз жалғап, тілге тиек етіп айтатын түк жоқ, мен қарадай қысылып отырмын. Сол кезде, айналайын Ілекең: «Иә, біраз ауырып қалған екенсіз, менің де бір науқасым бар, өмір бойы сол науқаспен күресіп келе жатырмын. Науқас мені жеңе алмай жүр, мен науқасты жеңе алмай жүрмін. Әр адамның осындай бір-бір науқасы бар. Ол аңшының иті секілді, басынан теуіп жатса да, құйрығын қысып алып, қыңсылап, қожасына, иесіне тығыла түседі», – деп сөз бастап кетті. «Жақсы болды-ау», – дедім ішімнен. «Мұқан, мен сенімен бірінші рет кездесіп отырмын, жазушының шығармасындағы басты герой жазушының өзі деген ғой. Сенің бас кейіпкерің Жақып мен білгенде шыдамды, төзімді, қайсар, қайратты жігіт секілді еді. Саған да шыдам, төзім керек», – деп әңгімесін сабақтады. Әңгімеміз жарасып сала берді».

***

«Содан кейін мен Ілекеңді үйге шақырдым, Ілекең келе алмай жүрді. Ол үнемі: «Ой, курортқа барып жүрмін, ешқандай пайда жоқ», – дейтін еді. Содан, бір күні: «Біздің ауылға барып қайтайық. Шұбатпен емделесіз», – дедім. Ілекең: «Белгілі ғой, ауылға барсаң кілең шақырыспақ болады, сонда қандай демалыс болмақ», – деп әзілдеді. «Біздің ауыл орталықтан жиырма бес шақырым жерде, радио, телефон, электрі жоқ ауыл. Шақырмайды. Мен үйретіп қойғанмын», – деп жатырмын. Ілекең жымиып: «Өзі қазақ болса, өзі шақырмаса, кісілерің қызық екен», – деп қояды. Мен ауылды расында да сондай әдетке үйреткенмін. Шағын ауылдағы он тоғыз үйге жылына бір-екі рет келемін. Бәріне жағалай бір-бірден кіріп шығам, отырмаймын. Оларға: «Үй арасы жақын, сіздерге жақсы балық келген күні барам ғой», – деп қоямын. 

Содан Ілекең екеуміз ауылға баратын болдық. Ауыл Аралдан үш жүз жетпіс бес шақырым, Шалқардан екі жүз шақырым. Шалқардың жолы жақсы. Сонымен келіп жеттік. Теңіз жағасындағылар қыста отырған тамнан көктемде бір-ақ шығады. Жарты шақырымдай жерде теңіз. Қамысты шомдап буған, сылақ жүргізбеген бір бөлме. Керемет демалыс болды. Орталықтан екі ат сұрап алдық. Кейде балықшылармен теңізге шығамыз, кейде қамыс жағалап, теңіз жағасында аңшылық жасаймыз. Құс атамыз, тигізе алмаймыз. Бір күні бір шағаланың қанатына Ілекеңнің оғы тиді. Суға құлады. Қанаты сыныпты. Ілекең соны емдеп әуре. Балық беріп емдеді. Иттер деген керемет, шағаланы аңдиды, Ілекең иттерді аңдиды. Содан ұшырып жібердік.

Мен жиырма тауық әкелгем теңіз жағасына. Ішінде әтеші бар. Күнде жұмыртқа береді. «Тауық өзі пайдалы нәрсе екен ғой», – деп Шоқыман ата қуанып жүр. Бір күні екі-үшеуін иттер жеп қойыпты. Шоқыман ата күн сайын тауықтың етін, кейде кереметтей етіп сазан асып қояды. Ілекеңде − польский кереует. Мен жиналмалы кереуетте жатамын. Күнде таңертең төсекте жатып бір-бір кесе шұбат ішіп аламыз. Ілекеңнің басында ши қалпақ, сүлгіні иығымызға салып, теңізге барып шомылып келеміз. Керемет демалыс болды.

Сол кезде Қызылордаға «Аралда Ілияс Омаров жатыр екен» деген хабар жетіпті. Облыстық газеттің редакторы Жарқынбаев пен Асқар Тоқмағамбетов, екінші секретарь, милиция басшысы бар, бізді іздеп шықпай ма. Аралдан күн шырадай тынық уақытта шықса керек. Мінгендері – қызыл ағашпен қаптаған қызметтік кеме екен. Теңізге шыққан адамдар көңілді. Өздері он шақты жігіт. Ішінде балық трестің бастығы бар. Бір қазанда – ет, бір қазанда – балық. Ет жеп, балық жеп, арақ-шарап ішіп, көңілді жетіпті. Күн батқан кезде ашық теңізде қара дауыл тұрып, кемені аямай шайқайды ғой. 

Бұл кезде біз төсектен тұра алмай жатқанбыз. Дала мұздай. Дауыл өкіріп тұр. Содан Седетбай деген моторист жігіт келіп: «Әбе, қолтыққа кеме келіп тоқтады, сіздерге келген болуы керек», – деді. Жағаға келсек, кеме тұр. Кемеден он шақты адам түсіп келе келе жатыр. Моторист жігіт Асекеңді − Асқар Тоқмағамбетовті жағаға арқалап алып шықты. Асекең толық кісі. Моторист шидей. Күліп жатырмыз. Мына сурет сол кезде түсірілген. 

Аралдың суы мен ауасы ем болған Ілекең екеуміз сол жолы елге көңілді оралдық».

ЕЛЕУ ДЕГЕН АЗАМАТ…

«Мына суреттің де өз тарихы бар» дейді Әбең. «Суреттегі Елеу Көшербаев деген азаматты Сыр бойының елі жақсы білсе керек. Өзі маған жақын туыс болып келеді… Өзім білетін кешегі көп-көп жайсаң көкелерімнің бірі Көшербай ағаның Елеуі әнебір тірі кездегідей, өзінің бар бітім-болмысымен көз алдымда тұр. Әкесін де білуші едім. Көшербай аға тарамыс денесіне ет жимаған, сақаға лайық киіктің асығындай сыптиған, шымыр да ширақ кісі-тұғын. Қашан көрсең де қаншырдай қатып жүретін шағын денелі Көшербай қарттың белінен жаралған осы баласы Тәңірі о бастан тумысынан мол пішіп, мол жаратқан олпы-солпылау болатын. Кәзір түгіл, баяғы жас кезде де үсті-басына зейін қойып, назар аудармай, иығына ілінгенді кие салар еді де, қырдағы ауылдың жабуы ауған сүт тайлағындай түктен кәперсіз жүре беретін. 

Ал енді бір қызығы… сүйтіп жүріп былайғы жұртқа жер түбіндей көрінетін қияндағы Қарақұм қой колхозында өзімен бір мектепте оқыған балалардың бәрінен бұрын талпынып, институтқа түсті. Онан институт қабырғасында өткен табаны күректей төрт жылда бір қараған сырт көзге болбырлау көрініп жүріп те өздерінің курсына староста болды да шықты! 

Апырмай, үлкен қала үрдісінен аулақта өскен ауыл балалары қандай ұяң, ұялшақ. Не болса содан қысылып, тартыншақтап тұрып алғанда, бұған Құдай дес беріп, батылдана түсті. Өзі білмейтін, өзіне беймағлұмның бәрін білуге талпынып, ынта-жігерін сала ұмтылғаны сонша, кеше ғана құм арасындағы ауылдан шыққан әлгі болбыр бала, бұл жақта да баяғыдай қобырап-собырап жүріп, Жасаған Ие-ау, дем арасында оны-мұны бірдеңелерді бойына сіңіріп үлгерді… 

Сол ауылдың баласы мен білгенде Қызылордада үш ауданды басқарды. Елеу қай жерде қандай қызметке барса да, артында айтудай-ақ із қалатын еді. Мәселен ол Қазалыға екі рет басшы болып барды. Ол бірінші барғанында ешкім айтпай-ақ Ғани Мұратбаевқа мұражай ашып, бюстін қойды. Екінші барғанында саябақ орнатты. Ол кезде жас ағаштарды шыбықтай отырғызған екен. Кейіннен, сол жерге қайта соққанымда, Елеудің отырғызған ағаштары жап-жасыл алқапқа айналып, жайнап тұр екен. «Әкеден мал қалғанша, тал қалсын» деген сол. Бір күні облыстың басшысы Еркін Нұржанұлы Әуелбековпен бірге Қазалыға бара қалдық. Менен Елеу: «Қарақұмда болып па едің?», – деп сұрады. Бармағанымды айттым. Ол: «Кезінде Асан Қайғы бабамыз Қарақұмды көріп: «Қарақұм дегенше, қарағым десейші» – деген ғой деп, Қарақұм жайлы көп әңгімелер айтып берді. Қарақұм құмының құрамында кәдімгі алтын барын өз басым алғаш рет осы Елеу бауырымнан естіген едім. Содан ұшақпен Қарақұмға бардық. 

Сол секілді Елеу бауырым анау Қармақшыға хатшы болған кезінде ешкімнің айтуынсыз, көземелдеп көрсетпей-ақ Сырдың бойындағы тастақ төбенің басына Қорқыт атаға арнап ескерткіш орнатты. Онда үш қобыздың бауырына мыс түтік қойдырып, биік төбенің басын самал соққанда мыс түтіктерден қобыздың үні шығып сарнайтын еді. Қазір ол ескерткіш халықтық жәдігерге айналды. Анау Тереңөзекке Тұрмағанбетовтің музейін ашып, ескерткішін орнатты. Міне, Елеу осындай әдебиетке, мәдениетке жақын адам еді». 

***

«… Сосын… Елеу тағы бір әңгіме айтты. Соғыс кезінде өзі басқарған аудандардың бірінде ер-азаматтардың бәрі соғысқа кетіпті. Сол кезде ауданнан қырық қыз білек сыбана шығып, ерлердің жұмысын істеп, ауданды сақтап қалыпты. Елеу маған: «Әбе, солар туралы жазсаңшы», – деді. Мен: «Сол қырық қыздың көзі тірілерімен кездестір», – дедім. Сонан… оларды клубқа жинапты. Келсем, бәрі кемпір-сампыр болған екен. Мұхтар Әуезов кезінде: «Абайдың кіші әйелі Әйгерімді кемпір болғанда көрдім. Содан оның әжімдеріне қарап отырып, оның жас кезін еске түсірдім», – дейтін. Сол секілді мен де әлгі кісілердің әжімдеріне қарап отырып, сол бір соғыс жылдарын есіме түсірдім. Таныс бейнелер. Бірақ… Мұхаңның сөзі ойымнан кетсе-ші… Кейін қырық қыз жайлы хикаят жаздым. Машинкаға басқан нұсқасы бар. Бірақ өзім көңілім толмаған соң оны шығармадым…. Міне, Елеу әр кезде елдің елдігін көрсететін, елдің рухани жағын, жігерін көтеретін азамат еді… Бұл суреттің тарихы осы… » 

Жазып алған

Жәнібек ҒАЛЫМ 

Серіктес жаңалықтары