Терминология - тіл саясатының маңызды бөлігі

Терминология - тіл саясатының маңызды бөлігі

Терминология - тіл саясатының маңызды бөлігі
ашық дереккөзі

 ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жанынан терминология институты ашылуы қажет. Бүгін депутат Оразкүл Асанғазы мәжілісте осындай ұсыныс айтты. Мемлекеттік тілімізді дамыту үшін терминология мәселелеріне баса назар аудару қажет. Өйткені, терминология кез келген елде тіл саясатының маңызды бөлігі болып саналады.

«Қазiр республикамызда жұмыс iстейтiн терминологиялық комиссия жылына 4 қана отырыс өткiзедi және министрлiктен бiр ғана жауапты маман бекiтiлген. Бүгінгі таңда қолданыстағы терминдер саны шамамен 367 мыңды құрайды, оның ішінде реттелген терминдер 4% шамасында. Сондықтан, қолданыстағы терминдердi 100% реттеу қажет десек, осы орайда елiмiздегi терминдердi бiрiздендiру үшiн, республика көлемiнде шығарылатын барлық сөздiктерге ғылыми сараптама жасап, мақұлдайтын, әлеуметтiк зерттеулер жүргiзiп, қазақ тiлiндегi терминжасамның ғылыми негiздерiн жаңғыртып, жаңартатын, көпшiлiкке қолжетiмдi болуы үшiн реттелген терминдер базасын құратын, оларды стандарттайтын, бiрiздендiрiлген жүйеленген салалық түсiндiрме сөздiктер, анықтамалар т.б. әзiрлеп шығаратын, сондай-ақ саланың өзектi мәселелерiне арналған iс-шараларды өткiзiп, қорытынды беретiн мемлекеттiк мекеме ашу – уақыт талабы», – деді депутат Оразкүл Асанғазы Үкімет басышысына жолдаған сауалында.

Қазақ лингвистикасында термин жасаудың сан түрлі әдістері болғанымен, мамандар бұл тәсілдерді дұрыс пайдалана алмай отыр. Халықаралық терминдерді өз тілімізге енгізу – термин жасаудың бір жолы. Ал біз қазіргі уақытта терминдерді қазақ тіліне аударғанда бастапқы мағынасы өзгеріп кетеді. Бұл үшін жауапкершілік арқалап жүрген нақты ешкім жоқ. Ал Ресей, Германия, Түркия, Норвегия сынды мемлекеттерде терминология комитетінің жұмысы жақсы жолға қойылған. Олар терминологиялық жмыстарды үйлестiру және ұйымдастыру қызметiн мемлекеттiк деңгейде жүзеге асырып қана қоймай, сонымен қатар терминологиялық жұмыстардың негiзгi салалық ғылыми-әдiстемелiк бағыттарын да айқындайды. Бұл қызметтердi iске асыру барысында нысаны жағынан да, мазмұны жағынан да ұлттық ерекшелiктердi сақтауға айрықша мән берiлетіндігін де атап өтті депутат ханым. Сөз соңында Мәжіліс депутаты Оразкүл Асанғазы:

«Жоғарыда айтылғандардың негiзiнде көтерiлiп отырған мәселенiң лингвистикалық, әсiресе, мемлекеттiк тiлде iс жүргiзудегi маңыздылығына баса назар аудара отырып, штаттық кестесiн көбейтiп, терминологиялық саланың теориялық және практикалық мәселелерiмен шұғылданатын ҚР Мәдениет және спорт министрлiгi жанынан терминология институтын ашу немесе осы министрлiкке қарасты Шаяхметов атындағы тiлдердi дамыту республикалық үйлестiру әдiстемелiк орталығын лингвистикалық институт қылып қайта құру қажет деп санаймыз», – деп өз ұсынысын білдірді.