14 Маусым 2018, 23:26 870 0 Қоғам "Түркістан" газетінің авторлары

«Жасыл белдеу» жалғасып келеді

Еуропадан келген қонақтарға «Астананың маңайы бұрын топырағы шыққан тақыр жер еді. Ал мына айналамыздағы 70 мың гектар орманды алқапты осыдан 10-15 жыл бұрын ғана қолдан отырғызыла бастаған әртүрлі ағаштар құрап отыр» десек, сенбей қалуы әбден мүмкін. Өйткені Еуропада «70 мың гектарлық алқапты алып жатқан жасанды орман» деген ұғым жоқ. Кәрі құрлық жерінің құнарлылығы мен ылғалдылығы сондай, шыбық шаншысаңыз өзінен өзі қаулап өсе береді. Оның үстіне, Еуропада 70 мың гектарға орман отырғызарлықтай бос жатқан жер де жоқ. Ал біз үшін бұл батыл ой, болашаққа бағытталған бірегей іс. Өйткені бұл орманды біз үлкен еңбекпен қалыптастырдық. Сол үшін жүргізілген жұмыстарды көзіміз көрді. Бәрі де астаналықтардың көз алдында өтті. Міне, осыдан кейін қазақты арманшыл, жақсылыққа, жаңалыққа құмар халық демегенде не дейміз. Астананың жасыл белдеуін, оның айналасында жайқалған жасыл орманды көргенде, келген қонақтың да осылай демеске лажы болмас.

– Бір кездері біздің жоспарымызға күмәнмен қараған еді. Бірақ біз осы орманды болашақ ұрпақ үшін өсіріп, оны Қазақстанның таңғажайыбына айналдырдық. Соның арқасында қалада шаң-тозаң, жел азайды. Орманда арнайы жидек ағаштары отырғызылып, аң-құс пайда болды. Егілген ағаштар елорда тұрғындары мен қонақтарының демалысына қажетті жағдай туғызады, – деген еді журналистерге Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев осы орманды аралап көрген бір сәтінде.

Осыған байланысты Мемлекет басшысы орман шаруашылығы еңбеккерлеріне, ғалымдарға қажырлы еңбектері үшін ризашылық білдіре келіп, «жасыл белдеу» алқабын ұлғайту жұмыстары жалғасатынын айтқан болатын.

– Барған сайын ұлғайып келе жатқан Астана орманын біз мақтаныш етуімізге болады. 2020 жылға қарай оның көлемін 100 мың гектарға жеткізу міндеті қойылды. Ал қарағай отырғызылғаннан кейін ол сапалық тұрғыдан мүлде өзгеше болады. Осының бәрі Қазақстанның болашағы үшін жасалып жатыр, – деген еді Елбасы іштей ризалықпен.

Ал енді Астана маңайын орманға бөлеуге арналған осы «Жасыл белдеу» жобасының өзіне келетін болсақ, ол – Елбасымыздың тікелей тапсырмасы бойынша 1997 жылдан бастап жүзеге асырып келе жатқан ауқымды жұмыстардың бірі. Бұл жұмыстың басты мақсаты – қаланың өзінде және оған жапсарлас аумақтарда жасыл желек қалыптастыру және оны сақтау. 1997 жылдан отырғызылып келе жатқан ағаш көшеттерінің жалпы ауданы 2013 жылға дейін 70 мың гектарды құрап үлгерді. Олардың шамамен 15 мыңы қала аумағында, қалған 55 мыңы қала сыртында орналасқан. Соның ішінде «Астана – Бурабай» автожолының бойында 3,6 мың гектардан астам аумаққа ағаш егілген. Орманның ішінде алғаш отырғызылған ағаштардың биіктігі қазір 15-20 метрге жетті. Бұл, біріншіден, халықтың демалатын жері болса, екіншіден, жазда ыстықтан сая, қыста желден қорғаныш болып, қала климатының өзгеріп, оның жұмсара түсуіне әсер етуде. Жасыл белдеу ішінде сүйелді қайың, ұсақ жапырақты шегіршін, кәдімгі қарағай, көде, боз жиде, терек секілді ағаштар жапа-тармағай өскен. Олардың қолдан отырғызылғандығын кәсіби орманшы болмаса, былайғы көз ажырата алмайтындай. Жасанды орман алқабында жоғарыда аталған ағаштардан басқа неше түрлі жидектер де өсуде.

Астана қаласы маңындағы жасыл белдеудің жалпы аумағы 14 827 гектарды құрайды. Оның 11 502,2 гектарына екпе ағаштар отырғызылған. Бұл аумақта 9,6 миллион дана ағаш пен бұталар жайқалып тұр. 1998-2004 жылдар арасында негізінен жапырақ тұқымдас көшеттер отырғызылыпты. Олардың ішінде сары қарақат, ақ көріктал, шие, татар бөріжидегі, қаужапырақты шегіршін және басқалар бар.

2014 жылы көктемде тамыр жүйесі жабық 398 434 дана сеппе көшет отырғызылды. Оның 57 мыңдайы қылқан жапырақты болса, қалғаны орман құраушы ағаш тұқымдары болып саналатын емен, шегіршін және басқалар. Мұндағы өсімдіктердің шамамен 9,6 миллионы ағаштардан, 1,9 миллионы бұталардан тұрады. Жасыл белдеуде қазір қояндар өсіп-өніп, шілдер тіршілік етуде.

2010-2011 жылдары 125 бас құс жаңа орманға жіберілді. Қырғауылдар тез көбейетіндіктен, үш жыл ішінде инкубация арқылы 2 333 құс өсіп шыққан. Мұның сыртында қолдан отырғызылған орман ішінде басқа да неше түрлі аң мен құс бар. Марал, елік, қоян, түлкі, тіпті кейбір жойыла жаздаған аң түрлерінің басы көбейіп келеді.

2016 жылы Астананың жасыл белдеуінің аумағында «Көшеттерді қалпына келтіру мен орман өсірудің екінші кезегінің жобасы» бойынша ауданы 291,1 гектар жерге тамыры жабық жүйемен 353 560 көшет егілді. Оның 135 238-ін қылқан жапырақты ағаштар, 218 322-ін орман ағаштары құрайды. Бүгінгі таңда Астананың жасыл белдеуі аумағында «Көшеттерді қалпына келтіру мен орман өсірудің үшінші кезегінің» жобасы әзірленіп, қолға алынды. Мұның сыртында, Астананы жасыл қалаға айналдыру жөніндегі жұмыстар қала ішінде де жаппай жүргізіліп жатқандығын айтуымыз керек. Соның нәтижесінде соңғы жылдардың өзінде бірнеше бақтар мен скверлер пайда болды. Астананы гүлмен көмкеру ісі де қызу қолға алынуда. Кейбір деректерге қарағанда, Астана гүлзарлары қаланың әрбір шаршы метріне шаққанда жасыл қала Алматыдан да асып түскен. Осының бәрі – бізге берілген табиғат сыйы ғана емес, адам еңбегінің жемісі. Жайнай бер, жасыл Астана!

Сұңғат ӘЛІПБАЙ

Соңғы жаңалықтар