646
Жұмыссыздықтан қалжыраған жаһан
Жұмыссыздықтан қалжыраған жаһан
Елімізде екі қолға бір күрек таппай жүрген жастардың саны артуда. Finprom.kz сайтында жарияланған деректерге сенсек, жұмыссыз жүрген жастардың саны 4,5 пайызға артып, 80 мың 500-ден 84 мың адамға көбейген. Бұл нені аңғартады? Ел болып жастарды жұмыспен қамтуға баса назар аударып жатқан шақта бағдарламалардың нәтижелі болмағаны ма? Әлде жастардың жұмыссыздығына олардың жалқаулығы әсер етіп отыр ма?
Finprom.kz сайты ұсынған мәлімет бойынша, үстіміздегі жылы жұмыспен қамтылғандар 1,1 пайызға (21 мың адамға) артып, 1,97-ден 1,99 миллион қазақстандыққа өсті. Олардың ішінде жұмыскерлер саны 3,8 пайызға, яғни 1,53 миллионды құраса, ал өз бетінше жұмыспен қамтылғандар саны 7,1 пайызға азайып, 459,3 мың адамға жетті. Жұмыссыз жастар саны бойынша республикада Алматы қаласы көш бастап тұр. Бұл шаһардағы екі қолға бір күрек таппай жүргендер саны 16 200 адам. Ол елдегі 15-28 жас аралығындағы жастардың 19,3 пайызы. Одан кейінгі орында – Оңтүстік Қазақстан облысы. Онда жұмыссыздық бір жыл ішінде 54,3 пайызға көбейіп отыр. Мұндағы жастар жұмыссыздығы 8 700 адамнан бірден 13 жарым мың адамға артқан. Үштікке тағы бір ірі өңір – Қарағанды облысы еніп отыр. Мұнда 7 300-дей адам жұмыссыз. Бұл да былтырғыдан 3,2 пайызға артық. Ал Астанада, керісінше, жұмыссыз жастар азайған. Өткен жылы 6800 адам болса, биыл бір мың адамға кеміген.
Мемлекет тарапынан жастар мәселелерін шешуге жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқаны рас. Бюджеттен қыруар қаржы бөлініп жатқаны да жазылып, айтылып жүр. Әсіресе, мемлекет жастарды жұмыспен қамтып, қоғамды мазалаған мәселенің шешімін табудың оңтайлы жолын сан мәрте қарастырып келеді. Жастарды жұмыспен қамтудың бір жолы – «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы. Жасыратыны жоқ, мемлекет іске қосқан мемлекеттік бағдарламаның аясында еліміздің барлық облыстары мен аудан орталықтарында жұмыспен қамту орталықтары ашылып, жастарға бос жұмыс орындарын ұсына бастады. Алайда аталмыш бағдарлама арқылы екі қолға бір күрек тапқан жас мамандардың жалақысы – 30-40 мың теңгенің көлемінде бекітілген. Алайда 30-40 мың жалақыға жұмыс істеуге құлықты жастар табыла қояр ма екен? Бүгінгі нарық заманында мұндай мөлшердегі жалақының ешнәрсеге жетпейтіні анық. Сондықтан, жастардың көпшілігі бағдарлама бойынша қызмет етуден бас тартып, өздігінше жұмыс іздеуге тырысады.
Жастар неге жұмыссыз?
Жастар арасындағы жұмыссыздықтың артуына себеп те аз емес. Солардың қатарында ең әуелі жоғары оқу орындарының нарық талабына сай маман даярлай алмауы, мамандарды әзірлеу үшін онда қажетті инфрақұрылымдардың болмауы, жұмыс берушілердің жас мамандарды жылы қабылдамайтындығы аталатыны анық. Оны ешкім жасыра алмайды. «Диплом бар, жұмыс жоқ». Қазір жұмыссыз жүрген жастардан тек осындай жауап алуға болады. Жоғары оқу орнын аяқтап, қолына дипломын алған көптеген жас маманның жұмыссыздық мәселесімен бетпе-бет келетіні жасырын емес. Жоғары оқу орнын бітірген түлектерді көптеген жұмыс беруші құшақ жая қарсы алмайтындығы да ақиқат. Ал кейбір мамандар жоғары білімді жастардың жұмыссыздығын олардың мамандықты дұрыс таңдамауымен байланыстырады. Яғни, сұранысқа ие мамандықтардан гөрі бүгінгі күннің «сәнге айналған» мамандықтарын таңдауға тырысады. Ауыл шаруашылығы, техникалық салаларда, медицинада мамандар тапшылығының сезіліп жүргеніне біраз уақыт болған. Алайда бұл олқылықтың орнын толтыратын жас мамандар әлі күнге дейін табылмай тұр. Түлектердің басым бөлігі мұндай салаларды таңдаудан бас тартып жүргенін өкінішпен айтуға тиіспіз. Ең сорақысы, жұмыс істеуге ниет білдірген, университетті енді ғана аяқтаған жас мамандардан жұмыс берушілер бірнеше жылдық тәжірибе талап етеді. Дипломын бүгін ғана қолына алған маманда қандай еңбек тәжірибесі болуы мүмкін?! Демек, жастарға тәжірибе жинақтау үшін студент кезінен бастап мамандық бойынша қызметке араласуы қажет. Бірақ тәжірибелі маман іздейтін жұмыс берушілердің студенттерді қызметке қабылдауы екіталай. Статистикаға жүгінетін болсақ, Қазақстандағы жас мамандардың 50 пайызы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Көпшілік жастар өз мамандығын жетік білмейді және оған селқостықпен қарайды. Жауапкершіліктің жөні бөлек. Сол мамандығын сүйіп таңдамағаны, дұрыстап білім алмағаны, жай диплом үшін оқығаны үшін ақыр-аяғында жұмыс іздегенде көптеген мәселелерге тап болады. Теориялық білімді емес практикалық білімді, яғни тәжірибені сұрағандықтан, қазіргі таңда жастар жұмыссыздығы күн санап артып келеді. Жоғары білімді жастардың жұмыссыздығы олардың мамандықты дұрыс таңдамауы, яки сұранысқа ие мамандықтардан гөрі бүгінгі күннің «сәнге айналған» салаларын таңдауға тырысатындығы шығар. Бірақ біржақты көзқарас қалыптастырмау жөн секілді. Себебі бір жағынан жоғары оқу орындарының нарық талабына сай маман даярлап, түлектерін, жас мамандарын жұмыспен қамти алмауы да бар. Сонымен қатар, жұмысқа орналасуға ниетті жас маманның міндетті түрде сынақтан өтуі керек. Дәл осы сынақтан өту мерзімі кезінде де заңға қайшы әрекеттердің орын алатынын бұған дейін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі де сынға алған болатын. «Еңбек кодексінде жаңа қабылданған қызметкерлер үшін сынақ мерзімі туралы норма бар. Алайда кейбір кезде ол ешбір қисынға сыймайтын жағдайға дейін жеткізіледі. Жоғары оқу орындарын бітірген жастар заңда белгіленген мерзім ішінде «сынақтан өтушілер» есебінде ешбір еңбекақысыз жұмыс істеп қана қоймай, сонымен бірге, оларды шамадан тыс жұмысқа салу жағдайлары да жиі кездесіп қалады. Оның үстіне сынақ мерзімі аяқталғаннан кейін 3-4 сынаққа алынушының біреуі ғана штатқа кіргізіліп, қалғандары шетке қағылады. Әсіресе, мұндай берекесіз тірлікке мемлекеттік емес мекемелер мен жеке құрылымдар, соның ішінде ірі банктердің филиалдары көбірек барады. Бұл дегеніміз – біздің жастарымызды қанаудың бір түрі емес пе!», – деп атап көрсеткен Елбасы өзінің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай жиырма қадам» атты мақаласында. Егер барлық жұмыс орындары осылай тәжірибе талап ететін болса, оқуды жаңа бітірген жас мамандар қандай қарекет жасауы тиіс? Олар тәжірибе жинақтау үшін де бір жерден жұмысты бастауы керек емес пе? Жұмыс берушілер осыны неге ескермейді? «Диплом бар, жұмыс жоқ». Қазір жұмыссыз жүрген жастардан тек осындай жауап алуға болады. Жастардың біразын әңгімеге тартқанымызда, ұққанымыз, олардың басым көпшілігі жалақысы мол жұмысқа орналасқанды қалайтынын аңғардық. Енді бірі «жұмысқа тек таныс-тамыры барлар ғана орналаса алады, диплом мен тәжірибеңе қарап жатқан ешкім жоқ» дейді. Жалпы, жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесінің уақыт өткен сайын өзектілігі артуда. Тіпті, ресми орындар да жұмыссыз жастар қатарының артқандығын жоққа шығара алмайды. Бірақ мәселені толыққанды шешу әзірге мүмкін болмай тұр. Қаншама мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылса да, нәтиже көңіл көншітер емес. Жай ғана бағдарламамен бұл мәселенің шешімі табылмайтыны түсінікті.Жұмыссыздық – ғаламдық дерт
Халықты жұмыспен қамту бағытында жасалып жатқан іс-шаралар жеткілікті. Олар өз нәтижесін де беріп те келеді. Ал жастарға мемлекет тарапынан жасалып отырған мүмкіндіктерді пайдалана отырып, жоғары жетістіктерге жету үшін тек алға ұмтылыс, талпыныс керек. Халықаралық еңбек ұйымы 2019 жылы жұмыссыздар қатары 212 миллион адамға жетуі әбден ықтимал деп отыр. Мамандардың есептеуі бойынша, 2015 жылы 3 миллион адам жұмыссыздар қатарын толықтырса, бұл көрсеткіш ары қарай тұрақты түрде әр жыл сайын 8 миллион адамға көбейіп отырады екен. Ал мұндай деңгейдегі жұмыссыздық мәселесін шешу үшін 2019 жылға дейін 280 миллион жұмыс орны ашылуы тиіс. Халықаралық еңбек ұйымының мәліметінше, әлеуметтік тұрғыда қорғалмағандардың көпшілігі 24 жасқа толмағандар. Олардың тек 13 пайызы ғана жұмыспен қамтылған. Ұйымның мәлімдеуінше, соңғы уақытта тіпті, жұмыс іздеуден үмітін үзгендер де көбейе бастаған. Экономикасы дамыған елдердегі жұмыссыздардың үштен бір бөлігі бірнеше жылдан бері еңбектен қол үзіп қалған екен. Еңбек ұйымы әлемдегі жұмыссыздық «дағдарыс деңгейіне» жеткендігін айтып, дабыл қаққанына да бірнеше жылдың жүзі болды. 2017 жылы күллі әлемде жұмыссыз қалғандар саны немесе жұмыссыздар саны бұрын-соңды болмаған рекордтық деңгейге жеткен. Нақтырақ айтқанда, әлем бойынша жұмыссыздар қарасы 192,7 миллион адамнан асып кеткен. Бұл 2016 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 5,6 пайызға (2,6 млн адамға) артқан. Бұл жайында Халықаралық еңбек ұйымы (Біріккен Ұлттар Ұйымының мамандандырылған мекемесі) жасаған баяндамада айтылған. Биыл, яғни, 2018 жылы аталған ұйымның болжамынша, әлемдегі жұмыссыздық деңгейі өткен жылдың деңгейінде қалмақ. Яғни, өзгеріс болмайды, жұмыссыздар азаймайды немесе көбеймейді. Ал 2019 жылы жұмыссыздар қарасы 193,6 млн адамға артады. Десе де 25 жасқа дейінгі жұмыссыз жастар қатары сәл де болса сирейді. Сарапшылар жұмыссыздық мәселесі, әсіресе, Африка құрлығының солтүстігінде ушығып тұрғанын жеткізді: аталған аймақта жастардың үштен бір бөлігі екі қолға бір күрек таппай сенделіп жүр. Дамудың даңғыл жолына түскен Еуропаны да алаңдатып отырған жұмыссыздық мәселесі жаһандық дамуда маңызды болып отыр. Еуропа елдеріндегі жұмыссыздық деңгейінің ортақ көрсеткіші 15 пайызға дейін жетсе, жастар арасындағы жұмыссыздық 25 пайыздан асады екен. Жұмыссыздық деңгейінің артуы күрделенген жағдайды одан сайын қиындата түсетін ғаламдық мәселеге айналуы мүмкін.