Кәсіпте көп нәсіп бар

Кәсіпте көп нәсіп бар

Кәсіпте көп нәсіп бар
ашық дереккөзі
234
Бейресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда соңғы екі жылдың ішінде 3 миллионнан астам адам бизнес тренингтерге қатысқан. Олардың арасында тәуекелге бел буып, бизнес бастап кеткендер шамамен 5 пайызды құраса, 25 пайызының көп ұзамай бойын енжарлық билейді екен. 50 пайыздан астамы тек мотивациямен қанағаттанады. Қалғандары өздерінің бойындағы қорқынышпен әлі күнге дейін алысып келеді. «Кез келген адам кәсіпкер бола ала ма?» деген сұраққа бизнес тренерлер түрліше жауап беріп жүр: «Адам жасағанды, адам жасайды», «Кәсіпкер болма, мастер бол», Осы екі ой бір-біріне мүлдем қарама-қайшы. «Бизнес мектептер деген не? Олар халыққа қандай білім үйретіп жүр? Тренингтерге барудың пайдасы қандай?» деген сауалдар көпті мазалайды. Білімнің қай кезде де артығы болмайды. Ең азы жаңа ортамен танысасың. Ой өрісіңді кеңейтесің, жаңа идеялар келеді. Қазақстандағы бизнес мектептер тұсауын жаңа кескен баладай. Әлем халықтары бұл орайда бізден көш ілгері. Ірі бизнесмендердің бәрінің бизнес тренерлері бар. Әлі күнге дейін сабақ алады. Осының арқасында болуы керек, кәсіптері өрге домалап тұр. Әйгілі Энтони Роббинс, Брайан Трейси, Игор Манн сынды неше түрлі бизнес тренерлер, мотиваторлар өмірлерін осы салаға арнаған. Олардың бір сағаттық кеңесінің өзі бірнеше жүз мың АҚШ долларын құрайтын көрінеді. Тұңғыш бизнес мектептер Құрама Штаттарда пайда болды. Бостонда 1908 жылы құрылған Гарвард мектебі алғашқылардың бірі. Аты әлемде асқақтап тұрған бұл мектепте оқу үшін ойлау жүйең елден ерек болуы шарт. Қазақ жеріндегі бизнес мектептер саны да күн санап артып келеді. «Бизнес Бастау», «Q4 Business school», «Versus» тағысын тағы. Отандық бизнес мектептер үйретіп жатқан негізгі білім – заманауи үлгілер. Маркетинг, менеджемент, таргетинг, SMM, осылай жалғасып кете береді. Сондықтан да болар бұл салалар заманауи бизнестің алтын діңгегі ретінде кең қолданылып келеді. Басынан бастайық, маркетинг – сату. Қолда барды көркемдеп, дұрыс сөйлеп, дұрыс жеткізу. Бардың бағасын арттыру. Бизнесте қажетті басты құрал. Келесі айтылған менеджмент басқа-басқа біздің қазаққа керек нағыз құрал, яғни басқару. Жөн жосығын білмесе де, «басшы болу» десе біздің қазақ ішкен асын жерге қояды. Ал мұнда барлығын «соқырға таяқ ұстатқандай» етіп үйретеді. Таргетинг – аудиторияны таңдау. Әлеуметтік желілерде ақылы жарнама жіберу. Өйткені Facebook желісіне күн сайын 100 миллион видео көріледі екен. Snapchat- та тәулігіне 10 млрд видео қаралады. Мұның өзі көпті аңғартады. Ал соңғысы әлеуметтік желілерде қалай жұмыс істеуді үйретеді. Әңгімеге тұздық болсын, Батыс Қазақ­стан облысында Алтын Аманғалиқызы есімді зейнеткер бар. Үкіметтен алатын зейнетақысы 40 мың теңге екен. Әлеуметтік желілер көмегімен Алтын апамыз өткен жылы екі ай ішінде 500 000 теңге тапты. Әр қимылын бақылап отырдық. Қосып аларымыз жоқ, бәрі де болған іс. Кәсіпте көп нәсіп бар екендігінің бір айғағы. «Егер сен өзіңді бай адам ретінде көре алмасаң, ешқашан байлыққа қол жеткізбейсің» депті Роберт Киосаки. Байлыққа ие болу бар да, оны тұрақты ұстап тұру бар. «Мақсат байлар қатарын толықтыру емес, жақсы өмір сүру» деген қағиданы көп мотиватор алға тартады. Расымен де үйде отырып керекті қаржыңызды таба аласыз. Шағын және орта бизнесті мемлекет қолдап жатқан тұста неге өркендетпеске? Сәуірдің басында Шымкентке барған сапарымда бір кәсіпкер отбасымен таныстым. Меценат Қайрат Құдайберген жетекшілік ететін «Q4» бизнес метебі «[Ж]Етістік» жобасын бастады. Осы отбасы үкіметтің қолдауымен құс (тауық) фермасын салыпты. Алдын-ала келісім бойынша құс етінің келісін 550 теңгеден алатын болып келіскен тапсырыс берушілер жеме-жемге келгенде ойларынан айныпты. Бағаны құлдыратып, 350 теңгеге түсірген. Бұл оқиға, Амансио Ортеганың басынан өткен қиын сәтін есіме салды. Әйгілі «ZARA» компаниясының негізін салушы Амансио жалдамалы жұмысынан шығып, әйелі екеуі азын-аулақ киім тігіп сатып жүреді. Күндердің күні көз көріп, құлақ естімеген мөлшерде тапсырыс алады. Тапсырысты орындау үшін қолда барды сарп етіп, тіпті қарыз да алады. Тауар дайын болған кезде тапсырыс берушілер тауардан бас тартады. Алған қарыз, қолда тұрған тауар мойынға жүк болғасын дүкен ашып, жекелей сатуға бел буады. Қазірде Амансио мырзаның дүние жүзі бойынша 1895 «Зара» дүкендер желісі бар. Ал өзге брэндтері әлемнің 88 елінде 6750 дүкенге жетті. Бизнес сырын білушілер «Амансионың тапсырыс берушілері сол кезде айнымаса, қазір оның атын әлем түгілі туған ауылы білмеуі мүмкін еді», – дейді. Шымкенттегі отбасы да, тосын іске мойынсұнбай кәсіптерін жалғастырып жатыр. Айтуларынша, әр отыз бес күн сайын бес мың құс шығаратын тауық фермасы еттің келісін 550 теңгеден өткізсе, 2-3 жылдың ішінде кеткен шығынды ақтайды екен. Өздері өсіріп отырған тауық етінен бұқтырма ет жасап жатыр. Кім біледі, бәлкім болашақта Қазақ атын әлемге танытар брэнд болуы мүмкін. Ауылда отырып, жақсы кәсіп бастап отырған жандарға қалай тәнті болмасқа?! «[Ж]Етістік іссапарында «доктор Марат» атымен Оңтүстік жұртшылығына таныс Марат Құдайбергенұлымен таныстық. Ресейде біліктілігін арттырып келген дәрігер осы күні таптырмайтын маман. Адамның он екі мүшесінің орнына протез салатын көрінеді. Еуропаның біршама елінен шақырту алған дәрігердің «Отаным, туған өлкем деп келдім, барлығынан бас тарттым» дегенін естіп патриоттығына шексіз риза боласың. Елге келіп, қазір айтарлықтай аурухана ашып, көпке пайдасы тиіп отыр. Бір жағы кәсіп, бір жағы нәсіп. Айтар ойдың түйіні «Берсең аласың, ексең орасың» деген сөзбен сабақтас...

Арман Құдайберген

Серіктес жаңалықтары