7 Маусым 2018, 17:50 637 0 Білім Ахмет ӨМІРЗАҚ

ЕЛГЕ ЕҢБЕГІ СІҢГЕНДЕР

Таяуда белгілі этнограф-зерттеуші Тынышбек Дайрабай құрастырған «Ағайындылардың еңбек шежіресі» атты мақалалар мен естеліктерден тұратын кітабы жарыққа шықты. «Түркістан» газетінде ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, Сыр өңірінің рухани қазынасы жайында талай кітап шығарған Т.Дайрабай құрастырған бұл кітаптың өзіндік ерекшелігі бар.

Кітап – бір-біріне туыс болып келетін өнертапқыш-комбайнер Жамбыл Балбыров, ұлағатты ұстаз Жақсылық Майлыбаев және атақты жақаевшыл-күрішші Әбен Тоғызбаев туралы сыр шертіп, олардың елге еткен еңбектерін дәріптеуге арналған. Кітапта аты аталған үш адамға жеке-жеке тараулар арналып, олардың жазған кейбір мақалалары мен олар туралы баспасөз бетінде жарияланған материалдар топтастырылған. Сондай-ақ, әр бөлімнің басында Т.Дайрабайдың мақаласы беріліп, онда сөз болып отырған кітап кейіпкерінің өмірі мен еңбек жолы ықшам түрде баяндалады.

Кітаптың «Ағайындылардың еңбек шежіресі» деп аталуына келсек, мұнда еңбектегі жетістіктері баяндалатын Жамбыл Балбыров пен Жақсылық Майлыбаев аталас адамдар болса, Әбен Тоғызбаев – оларға жиен болып келеді екен. Яғни, бұлардың үшеуі де (алдыңғы екеуі ұлдан, соңғысы қыздан туған) Бекберген Дуанбекұлы атты ақсақалдан тараған ұрпақтар.

Кітапта беріліп отырған Жамбыл Балбыровқа арнаған атақты сатирик ақын Асқар Тоқмағамбетовтің, Темірше Сарыбаев бастаған бірталай ақындардың арнау жырлары, Жақсылық Майлыбаевтың өз өлеңдері, Әбен Тоғызбаевтың егіншіліктен басқа, спортшылығы туралы мақалалар – қызықты оқылады. Сондай-ақ, кітап кейіпкерлерінің өмір жолы мен еңбектегі жетістіктерінен сыр шертетін суреттер мен құжаттардың көшірмелері де олар туралы жан-жақты білуге мүмкіндік береді.

Не көрсем де өздеріңмен көрмекпін,

Қарапайым адамдары еңбектің, – деп Төлеген Айбергенов жырлағандай, өзі де бір кездері Сыр өңірінде аудан басшылығында қызмет етіп, қарапайым халықпен етене араласып, олардың мұң-мұқтажын шешуге атсалысқан Тынышбек Дайрабайдың бұл кітабы – елге еңбегі сіңгендерді ұмыт қалдыруға болмайтынын ұқтыратындай.

 

 

Соңғы жаңалықтар