Құм жиегіндегі «Бақ құсы»

Құм жиегіндегі «Бақ құсы»

Құм жиегіндегі «Бақ құсы»
ашық дереккөзі
«Ауылына қарап, азаматын таны» дейді қазақ даналығы. Расында да, әрбір азамат кіндік қаны тамған қасиетті мекеннің гүлденіп-көркейгенін қалайды. Осы орайда  Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы талай тындырымды тірліктерге түрткі болғанын айрықша айту керек. Әсіресе, «Туған жер» жобасы аясында белгілі азаматтар туған топырақтың тынысын кеңейтуге теңізге тамған тамшыдай үлес қосып, тағылым танытуда.  Міне, Жамбыл облысы, Көкше құмның жиегіндегі Талас ауданы,  Ақкөл ауылының мектеп түлектері ерекше тартулар жасады. Бұл күні аталмыш елді мекенде үш бірдей нысан ел игілігіне берілді. Ең алдымен ақкөлдіктер ауыл орталығынан бой көтерген «Бақ құсы» композициялық монументінің ашылуын тамашалады. Салтанатты шараны Талас ауданының әкімі Досмаханбет Алиев құттықтау сөзбен ашып, еңселі ескерткіштің бой көтеруіне демеушілік жасаған азаматтарға алғысын білдірді. «Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Туған жер» тақырыбы айрықша айтылды. Осы бастамаға ақкөлдік азаматтардың үн қосып отырғаны қуантады. «Бақ құсы» композициялық монументінің құрылысын «Пырақ құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 8,5 миллион теңгеге жүргізді. Ал, қаржылай қолдау білдірген Талғат Жолтаев, Әсет Ахатаев, Нұрлан Бердиев, Шәріп Әбдірасілов осы Ақкөлде туып-өсіп, бүгінде жеке кәсіпкерліктерін дөңгелетіп отырған бауырларымыз. Үлкен жүректі азаматтарға ағайынның алғысы шексіз», – деді аудан әкімі. Бұдан кейін сөз алған «Пырақ құрылыс» ЖШС-ның директоры Талғат Жолтаев туған өлкеге деген айрықша құрметін жеткізді. «Мемлекет басшысының «Туған жер» бағдарламасы ел игілігіне бағытталған құтты қадам екені сөзсіз. Ауылдың тумасы болған соң, бұл бастамадан қалыс қалуды жөн көрмедік. Мұндағы мақсат өткенге тағзым етіп, ертеңге елеулі із қалдыру. Бүгін көздеген мақсатымызға жеткендейміз. Жерлестерімді «Туған жер» бағдарламасына атсалысуға шақырамын!», – деді Талғат Базарбайұлы. Шара барысында монументтің ашылуына орай арнайы Германиядан келген Ақкөл ауылының тумалары Владимир Веннер мен Оля Стряпкинаға да құрмет көрсетіліп, сөз берілді. Олар жырақта жүрсе де, әрдайым ауылдарын сағынышпен еске алатындықтарын толғаныспен жеткізіп, туған топыраққа деген ыстық ықыластарын жасыра алмады. Және Талас ауданының, Ақкөл ауылының тарихында қалар осынау ескерткіштің ашылуымен көпшілікті құттықтады. Бұдан бөлек, ардагерлер де сөз алып, жақсы істің жанында жүрген азаматтарға ақ батасын берді. Айта кетейік, «Бақ құсы» ескерткішінің биіктігі – 7,5 метр. Монументтің композициясында жер шары, оның үстінде қалықтаған қыран құс және еліміздің символы қанатты барыс бейнеленген. Бұл күні ақкөлдіктерді тағы екі тосынсый күтіп тұрды. Оның бірі – Ақкөл және Ы.Алтынсарин атындағы мектептерді 20 жыл бұрын бітірген түлектердің демеушілігімен бой көтерген «Ақкөл спорт кешені». Нысанның құрылысына 15 миллион теңге қаражат жұмсалған. Сонымен қатар білім ордасын 30 жыл бұрын тәмамдаған түлектер де 5 миллион теңгеге жаздық мәдени-спорттық ашық алаң салып, игілікті іске мұрындық болды. «Құрылысты дер кезінде аяқтау үшін бұл жұмыстарға түлектердің өздері де жұмыла атсалысты. Қалтасы көтергендер 1 миллион теңгеге дейін демеушілік етіп, барымен бөлісті. Осыдан 10 жыл бұрын түлектер жиналып, ауылдық мешітке бір «Газель» автокөлігін алып берген болатынбыз. Енді міне, мәдени-спорт алаңын тарту етіп отырмыз. Бұның барлығы өзіміздің туған өлкемізге, тәлім-тәрбие берген ұстаздарымызға деген алғысымыз», – дейді 20 жылдық мектеп түлегі Айдар Болтаев. Ал жаңа спорт кешені барлық қажетті құралдармен жабдықталған. Мұнда күрес спортына арналған бозкілемдер төселіп, шынығуға керекті құрал-жабдықтар қойылған. Спорт мектебінің жалпы сыйымдылығы 30 балаға шақталып отыр. Ақкөл ауылындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Досан Қалаубековтің айтуынша, бұл спорт алаңшасы арқылы енді жастарды спортқа баулу жүйелене түспек. – Бұған дейін спорт мектебінде жаттығып жүргенбіз. Енді міне, күрес спортына арналған жеке кешен ашылып, жеткіншектер мүмкіндігі молайып отыр. Қазірдің өзінде қазақ күресін жанына серік еткен 50-ге жуық балғын бар. Олардың қатарында бәсі биік бәсекелерде жасындай жарқылдап жүргендері де аз емес. Міне, осы талантты жастардың шеберлігін шыңдау үшін спорт кешенінің көмегі көп болғалы тұр. Бұйыртса, осында екі бапкер жастарды қазақ күресіне баптап, келешекте талай толағайларды шығарамыз деген үміт зор, – дейді жаттықтырушы. Нысандардың ашылуынан кейін мұнда жастар арасында қазақ күресінен аудан біріншілігі қыза түсті. Балуандардың бағы мен бабын бағамдаған көпшілік шын таланттарға қошеметтерін білдіріп жатты. Ал жүзден жүйрік шыққан спортшылар арнайы марапаттарға ие болды. Бұдан бөлек, бұл күні ауыл ағайындарына ас беріліп, әруақтарға құран бағышталды. Жасыратыны жоқ, ақкөлдіктердің бұл бастамалары көпке үлгі екені даусыз. Оған қоса, түлектердің тартуы аталмыш елді мекенде атадан-балаға, ағадан-ініге мирас болып, үрдісін үзбеуде. Аға буынның мұндай игі істері, кейінгілерді де жасампаздыққа жетелейтіні сөзсіз. Сондықтан ақкөлдіктердің әрбір қадамына тек жақсылық тілейміз. «Туған жерге туыңды тік!» деген осы.  

Ерсайын Жолдыбек

Жамбыл облысы