768
Қазақ мемлекетінің қалқаны
Қазақ мемлекетінің қалқаны
Әскер – мемлекеттің айбыны. Ал армияның қуаттылығы ондағы техниканың күшімен және сарбаздардың мықтылығымен өлшенеді. Өткен аптада қазақ әскерінің қуатын арттыратын жауынгерлердің бір тобы Отан алдындағы борышын адал атқаруға серт берді. Алматы қаласындағы 0111 әскери бөлімінде ҚР Мемлекеттік күзет қызметіне келген жас сарбаздар Әскери ант қабылдады.
Ант қабылдау рәсімінде Отан алдындағы борышын өтеу үшін келген жас сарбаздар қысқа мерзімде үйренген қарумен және қарусыз игерген саптық амалдарды көрсетіп, салтанатты маршпен жүріп өтті. Салтанатты шараға жиылған қонақтар ҚР Мемлекеттік күзет қызметі Объектілерді қорғау қызметіндегі әскери қызметшілердің шеберліктерін, кәсіпқойлығын және үйлесімдіктерін көрсетті. Сонымен қатар, шара барысында Президенттік үрмелі аспаптар оркестрі мен құрмет қарауыл ротасы концерттік бағдарлама ұсынды. Әскери антты салтанатты түрде қабылдау шарасына Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері, қоғам қайраткерлері, ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің ардагерлері, сарбаздардың ата-аналары мен жақындары қатысты.
Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары – обьектілер қорғау қызметінің басшысы генерал-лейтенант Мұхтар Аюбаев салтанатты шара барысында: «Құрметті жауынгерлер! Отанды қорғау – әр азаматтың қасиетті борышы әрі міндеті. Армия – біздің мемлекетіміздің қалқаны. Оны ұстап тұру – біз үшін борыш әрі үлкен мәртебе. Құрметті ата-аналар! Бүгін балаларыңыздың Отан алдындағы әскери ант қабылдауына куә болдыңыздар! Ер азаматтардың өмірінде есте қалатын және Отанын, елін, жерін қорғау үшін серт беретін тарихи күн. Баршаңызды осы атаулы күнмен шын жүректен құттықтаймын! Аспанымыз ашық, еліміз тыныш болсын!», – деп жас сарбаздарға жігер сыйлап, атаулы күнмен құттықтады.
Ал Алматы қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы Амантай Өсербаев қала әкімі Бауыржан Байбектің атынан сарбаздарға сәттілік тіледі. «Құрметті жас сарбаздар! Бұл әскери дәстүр – батыр халқымыздың ежелден келе жатқан дәстүрі. Әрқашанда Отан алдындағы борышын адал атқарып, Отанын, елін, жерін сүюге, қорғауға ант берілді. Осы шарада қала әкімінің атынан, жергілікті әскери басқару органдары атынан сіздерді осы қасиетті күнмен құттықтаймын. Осы сарбаздар бір жыл ішінде еліміздің қауіпсіздігін нығайтып, қолдарыңыздан келгенше Отанымызға қызмет етіңіздер!», – деді департамент басшысы.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында: «Біздің қоғамның идеалы – ол өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, бұл ретте заманауи, шетел тілдерін меңгерген, алдыңғы қатарлы және жаһандық көзқарасы бар қазақстандық болуы керек», – деген болатын. Сондықтан Мемлекеттік күзет қызметіне сарбаздарды іріктеу кезінде олардың денсаулық жағдайлары мен күш-жігерінен бөлек интеллектуалдық деңгейі де ескерілді. Осы әскерге шақыру науқанында ҚР Мемлекеттік күзет қызметі офицерлері Жолдауда аталған басым бағыттарды негізге ала отырып, үміткерлердің интеллектуалдық потенциалына баса назар аударды.
Айтулы іріктеуден өткен үздік сарбаздар арасында Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбырайымовтың да ұлы бар. Ұлымен бірге, барша жас сарбаздарға ақ жол тілеуге спортшының өзі арнайы келді. «Жас сарбаздар Отан алдында ант берді. Мен ұлым үшін өте қуаныштымын! Неге десеңіз, ол бір жыл бойы Отанды қорғау үшін, сіз бен біздің ұйқымыз тыныш болуы үшін қызмет етуге аттанып бара жатыр. Жолдарың болсын! Отан қорғауда батыл болыңдар! Шекараны қорғау – нағыз еркектің қасиетті борышы. Сондықтан мықты болыңдар! Біз де сіздерді күтеміз!», – деді боксшы Ермахан Ыбырайымов.
Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын Мемлекеттік күзет қызметі қатарына 285 жауынгер іріктеліп алынды. Кешенді іріктеуден өткен бұл сарбаздар үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Мысалы, жақсартылған казармалық үй-жай, жеке тәрбие жұмыстары бөлмесі, тұрмыстық қызмет көрсету бөлмесі, монша-кір жуу кешені, сондай-ақ, әскери бөлімнің демалу клубы бар. Ыңғайлы және заманауи киіммен қамтамасыз етілген, құрмет қарауыл ротасына түскендерге киім мен аяқ киім жеке тігіледі. Жыл сайын әрбір әскери қызметшінің киім-кешегіне 150433 теңге жұмсалады.Мерзімді қызмет әскери қызметшілерінің азық-түлігінің құны 1259 теңгені құрайды. Күн сайын үш рет құнарлы тамақ ішеді.
Әскери ант қабылдаған сарбаздар Астана мен Алматы қалаларындағы ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің әскери бөлімдері бойынша жөнелтілді. Онда жауынгерлер Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасының, басқа да күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ерекше міндеттерді атқаратын, Қазақстанға шетел мемлекеттері басшыларының ресми сапарлары барысында дәстүрлі рәсімдерді орындауға қатысатын, Мемлекеттік Ту мен Елтаңбаның эталондарын күзететін болады.
Өте жауапты міндеттерді мінсіз атқару үшін Мемлекеттік күзет қызметінде кешенді дене шынықтыру және сарбаздардың жауынгерлік даярлығына баса көңіл бөлінеді. Сарбаздар саптық амалдарды, жауынгерлік қарудан ату машық-дағдысын, сондай-ақ, жауынгерлік техниканы құрғақ жерде және суда жүргізуді меңгереді. Спорттық жетістіктері бар адамдардың әртүрлі деңгейдегі, оның ішінде әлемдік деңгейдегі спорттық жарыстарға қатысуға мүмкіндігі болады.
Армия жастарды өз Отанына адал қызмет етуге, патриоттыққа және Отанды қорғауға тәрбиелейді. Әскердегі тәрбие және дене жұмыстары сарбаздардың нағыз ер азамат болып шығуына мүмкіндік береді. Армиялық тыныс-тіршілік олардың өмірге деген көзқарасын өзгертіп, берік шыдамдылықты және өмірде айқын мақсатты иеленеді. Осы қасиеттер ғана ерліктің және батырлықтың, даңқ пен адалдықтың, бастысы, өз халқы мен өз Отанына адал болудың бейнесін қалыптастырды.