Тұлғасы бөлек, тегі бір

Тұлғасы бөлек, тегі бір

Тұлғасы бөлек, тегі бір
ашық дереккөзі
Адам шыр етіп дүниеге келгенде оған есім беру – ең алдымен жасалатын рәсім. Ал бізде азан шақырып, ат қоюдың өзіндік ерекшеліктері бар. Мәселен, бұрынғы кезде – сәби дүниеге келгенде оған елге аты шыққан ақынның не батырдың атын беріп жатса, бүгінде баланың ата-анасы өз ұрпағына әдемі, заманауи есім таңдайтын болған. Әрине, пайғамбарымыз Мұхаммед (салаллаһууәссалам) өсиет еткендей, «балаларға өскенде ұялмайтындай әдемі есім беруді» ата-аналардың бәрі қалайды. Кейбір ата-аналар тіпті, әлемге аты шыққан кісілердің есімін берсе, кейбірі қазақтың жақсы ұғым беретін әдемі сөздерінен ат таңдайды. Жалпы, бұл туралы айта берсек әңгіме көп, дегенмен байқауға тиіс жайларымыз да аз емес. Соның бірі – атымен де, тегімен де елге белгілі кісілерге ұқсау. Мысалы, Олжас Сүлейменов – елімізден тысқары жерлерге де аты белгілі ақынымыз, ал тағы бір Олжас Сүлейменов – күйші-домбырашы. Сафуан Шаймерденов – қазақтың белгілі жазушысысы болса, Сафуан Шаймерденов атты сатиралық образбен елге танымал болып жүрген жас әртіс жігіт бар. Бұларды қазір халық онша шатастыра қоймас, бірақ арадан жылдар өтіп, аттастардың соңғылары да атақты тұлғаларға айналғанда, кейбір жағдайда алдыңғыларынан айыра алмай, әуреге түсіп жатуымыз әбден. Сондықтан бұған бейжай қарау қиын. Негізі ат қоюдағы мұндай құбылыс – бізде өткен ғасырдың соңғы ширегінде пайда бола бастаған тәрізді. Өйткені атақтылармен аттас болу сол кезде дүниеге келгендердің арасында көп. Басқаны былай қойғанда, өз айналамнан осындай құбылыс жиі байқалып жатады. Мысалы, бір досымның баласының аты-жөні – Мұхтар Шаханов, тағы бір сыйлас ағамның баласы – Дихан Әбілов болса, бір курстасымның баласы Қасым Аманжолов болып жүр. Бұлардың ата-аналары, әрине, балаларына атақты адамдардың шарапаты тисін деген ниетпен қойған шығар, бірақ негізгі себеп тегінің ұқсас келуінде болса керек. Яғни балалары атақты адамдармен тегі ұқсас болғандықтан, атын да бере салған болуы мүмкін. Аттас болудың ауыртпалығы заман өзгерген сайын күрделеніп бара жатқаны байқала түсуде. Себебі бүгінгі күнді интернетсіз елестету қиын. Іздеу жүйелерінде, әлеуметтік желілерде аттас болудың өз қиындығы бар. Мәселен, сенімен аты-жөндес адамға қатысты кейбір мәселелерде аяқ астынан жазықты болып та қалуың мүмкін. Осыдан екі жыл бұрын еліміздегі телеарналардың бірінде мынадай сюжет көрсетілді: Алматыда тұратын орыс жігіті өз адресіне келіп тұрған айыппұлдардың не себепті, қайдан келіп жатқанын түсіне алмай дал болады. Сөйтсе, өзімен тегі, әкесінің аты және өз есімі бірдей, бір жыл, бір ай, бір күнде дүниеге келген тағы бір орыс жігіті Шымкент қаласында тұрады екен. Әлгі «аспаннан түскен айыппұлдарға» сол жігіт кінәлі көрінеді. Осындай жайларға қанықпыз деп жүрген өзіміз де кейде қателесіп жатамыз. Астанада тұратын Ғабит Мүсіреп атты кісі бар, бірнеше газетте бас редактор болған, кітаптары жарық көрген танымал журналист. Бірде ол Алматыға келіп, «Рухыңды түсірме, ұлым» деген алғашқы кітабын сыйлап, соны қолтықтап автобуста бара жатқанымда кітапқа көзі түскен жолаушылар бір-біріне: «Ғабит Мүсіреповтің жаңа кітабы шыққан ба, әлі басылмай жатқан шығармалары көп екен ғой» дегенін естігенде күлгем де қойғам, ал таяуда сол жағдай өзімнің басымнан өткені қызық болды. «Азаттық» радиосынан жаңалық қарап отырып, бір мақаладағы: «Белсенділер өтінішіне Ақтау қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Ғабит Мүсірепов жауап берген» деген жолдарға көзім түсіп кетіп, ақпараттағы адамның кім екендігін тексеріп те жатпай, Астанадағы әлгі кісіге қоңырау шалмаймын ба? «Ау, көке, мемлекеттік қызметке ілігіп жатқан екенсіз, енді естіп жатырмыз, құтты болсын...». «Қандай қызмет?». ««Азаттықтан» оқыдық қой атыңызды!». Ғабит күліп жіберді: «Менен басқа Ғабит Мүсірепов деген адам жоқ деп ойлайсың ба?». Сол кезде барып қауашағыма бірдеңе жеткендей болды. Расында оны қалай ойламағам? Бірде көптен хабарсыздау кеткен бір ініміз телефон соғып тұр: «Ахмет аға, баяғыдан бері ойнамаған баскетболды енді ойнап жүрсіз бе? Тіпті, Қазақстан құрамасында ойнайды деп тұр ғой интернетте». Аңғал інінің сөзіне бір күлуге тура келді, тал түсте Ахмет Өмірзақ атты баскетболшыны менімен шатастырып отырған адамға не дейсің? P.S. Қазақта «Аты бірдің – жаны бір» деген мақал бар. Сол сөз тегіннен тегін айтылмаса керек. Ертеректе ток соғып өліп-тірілген әйелдің ана жаққа барғанда, өзімен аттас басқа әйелмен шатасып кеткені, ажалы жетпегені үшін кейін қайтарылғаны туралы әңгімелер ел ішінде айтылып жататын. Оның қаншалықты шындыққа сай келетінін білмеймін, бірақ жоғарыдағы мақалдың астарында біз біле бермейтін талай нәрсенің жатқаны анық. «Атыңа затың сай болсын» дейді халқымыз. Демек, әр адамды өзгемен шатастырмайтын, көтеріп жүрген есіміңнің мәніне сай азамат болу да бір бақыт. Қалай дегенде де, миллиардтан асқан қытай емес, үнді емес, әлі күнге 15 миллионға жете қоймаған қазақта аты-жөннің бірдей қайталана беруі, осалдық демей-ақ қояйық, жетістік емес. Атымыз да, затымыз да дара болғанға, сара болғанға не жетсін!