Ұлт саулығы – басты назарда

Ұлт саулығы – басты назарда

Ұлт саулығы – басты назарда
ашық дереккөзі
Ақмола облысы, Біржан сал ауданында өткен партиялық тыңдаулар барысында аймақтағы «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысы талқыланды. «Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетовтың төрағалығымен өткен партиялық тыңдауларға облыстық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Сәуле Кисикова, Біржан сал аудандық ауруханасының бас дәрігері Қайрат Тастанбеков, облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Серік Ақшалов, депутаттар мен қоғамдық ұйым мүшелелері қатысты. Отырысты ашқан Ғалым Бекмағамбетов денсаулық сақтау саласы мемлекеттік бағдарламалар ішіндегі негізгі маңызы бар құжат болып есептелетіндігін атап өтті. – Тәуелсіздік жылдары ішінде Елбасының көреген саясатының арқасында еліміздегі денсаулық саласы біршама ілгері жылжыды. Еліміздегі ірі саяси күш –  «Нұр Отан» партиясы да негізгі мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысын үнемі бақылауда ұстауда, – деді ол. Тыңдаулар барысында облыстық денсаулық басқармасының жетекшісі Сәуле Кисикова Ақмола облысында 2018 жылдың І тоқсанында атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Мәселен, 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы мен облыстық медицина ұйымдарының 5 негізгі жол картасын жүзеге асыру бойынша белгіленген   индикаторлардың орындалғанын айтты. Ана және бала денсаулығын қорғау бойынша 11 индикатордың бесеуі орындалса, инсульт категориясы бойынша 6 индикатордың  біреуі ғана орындалған. Онкология бойынша  5 индикатордың тек үшеуі ғана орындалған. Сонымен қатар, Біржан сал аудандық ауруханасының бас дәрігері Қайрат Тастанбеков аудандағы ахуал жайын  баяндады. Оның айтуынша, индикаторлардың орындалу сапасы бойынша ауданда бірқатар жұмыстар жүзеге аспай келе жатқан көрінеді. Бас дәрігер аудан тұрғындары үшін ең негізгі мәселе аудандық аурухана ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу немесе жаңа ғимарат салып беру мүмкіндігін қарастыру екенін жеткізді.  Біржан сал аудандық ауруханасы 1929 жылы салынып, ғимарат  соңғы жылдары күрделі жөндеу жұмыстарын көрмеген. Сондай-ақ, медицина  қызметкерлері аудан бойынша білікті дәрігерлердің тапшылығына алаңдаулы. Қазіргі уақытта облыс әкімінің арнайы стипендиясы бойынша 5 студент медицина жоғарғы  оқу орындарында білім алуда. Биылғы түлектердің ішінен де 5 оқушыны дәрігер мамандығына жолдау көзделген. Жиын барысында аудан тұрғындары медициналық көмектің сапасыздығына да шағымданды. Отырыс соңында партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов құзіретті мекемелерге тиісті тапсырмалар беріп, денсаулық саласындағы түйткілдерді шешуді міндеттеді. Тапсырмалардың орындалуы партияның қатаң бақылауында болмақ.