АУЫЛ ХИКАЯЛАРЫНАН

АУЫЛ ХИКАЯЛАРЫНАН

АУЫЛ ХИКАЯЛАРЫНАН
ашық дереккөзі
1055
Бөлімше бастығы Нәкең ашуға мінген. Шекесі тырысып, оқты көзімен ата қарап, тұлдана сөйледі. – Жаз! – Алдыма бір бет сары қағазды лақтырып жіберді. – Нәке, не жазамын? – Зіл тартқан басымды кеудемнен әзер көтеріп, түтіккен өңіне аңтарыла қарадым. – Нені болушы еді? Анау бейбақ екеуің жасаған қылмыстарыңды мойындап, қалай болғанына түсініктеме жаз. Клубтың есігін қалай сындырып кірдіңдер?.. – Бетін тыржитты. Жиреніп тұр. – Өй, өлеусіреген сиқың құрсын! Анау деп отырғаны «бөтелкелес» серігім – Жарас. Оның осыдан біраз жыл бұрын ауылдағы сегіз класты әупіріммен әзер бітіргенін, кітап-газет оқуға, жазуға жоғын бастық жақсы біледі. «Әй, сенің мұрныңа май құйса да адам болуың қиын-ау», – дейтін түңіліп. – Көке, жаз десеңіз жазайын. Бұйрық сізден, орындау бізден. – Қаламды қолыма алдым. – Әй, найсап, тіл мен жағыңа сүйенбей айтқанды істе. – Сұқ саусағын безеп, ескерту жасады. – Өтірік қосушы болма. Қалай болды, солай жаз. – Ой, көке, сізді қашан алдап едім? Бүгін ғазиз бастан не кештік, соны қағазға түсіремін да... Бастық тұлан тұтып ашуланғанда бізге «әй, найсап.., әй, жүгермек.., әй, пақыр.., әй, міскін.., әй, көксоққан.., әй, ноқай.., әй, қызталақ...» – деп, жекіретін әдеті. Оның бұл елірме атауларына құлағымыз үйреніп, етіміз өліп кеткелі қашан. Қазір міз бақпайтын болдық. Бар кінә өзімізден. Айтқанын істеп, бетегеден биік, жусаннан аласа болып, тып-тыныш жүре берсек мұндай атауларды естімес едік. Басқалар басқан ізін білдірмейді. Көзге түсіп қалатын екеуміз. Әй, тұзымыз жеңіл болған соң не керек. Түбінде осы қу арақ түбімізге жетеді-ау. Шыдамның да шегі бар. Бастық қашанғы кешіре берсін. Бір күні қызыл жағалыларды шақыртып, Шаянның абақтысына он бес күнге қаматып қоймаса деңіз. Өзімізге де обал жоқ. Ай сайын бір түсініктеме жазған соң ба, бұл өнерге де әбден машықтанып алғанмын. Алғашқыдай бастықтың жүйкесін тоздырып, қалай жазуды тәптіштеп сұрап жатпадым. Әдеттегідей қағаздың үстіңгі бұрышына «Бөлімше меңгерушісі, ардақты көкеміз Шалғынбаев Назарбекке осы ауылдағы пақыры Қойшыбаев Сәрсеннен түсініктеме» деп қойдым. Ары қарай болған жайды ретімен баяндауға көштім. «1988 жыл. Бүгін ноябрь айының 6-жұлдызы. Ертең Октябрь мерекесі. Көке, «Таңғы ас тәңірден» демекші, үйдегі келініңіз кешегіден қалған көжені жылытып берді. Ішке ел қонған соң үстіме күпәйкемді, бұтыма мақталы шалбарымды киіп, белімді кендір арқанмен шарт буып, сыртқа шықтым. Кәрі құда қыс та екпіндеп келіп қалыпты. Аспанның түсі суық. Шығыс жақтан будақ-будақ сұр бұлт қаптап келеді. Арыстанды-Қарабастың азынаған өкпек желінде бет қаритындай ызғары бар. Сол сәтте «Бүгін көкем қайда жұмсар екен?» деп сізді ойладым. Ауылдың орта тұсындағы ақ ордадай құт кеңсеңізді бетке алдым. Мына қырсықты қараңыз. Жолай дүкенге жақындай бергенім сол еді, мұрын шіркіннің қышып қоя бергені. Алақаныммен қайта-қайта олай бір, былай бір уқаладым. «Әй, кеше есімізден танғанша біраз сілтедік емес пе. Содан шыққан мүйіз қане? Бүгін көкемнің жұмсаған жағына барып, тапсырмасын орындап, көңілін табайын. Оның үстіне қалтамда зәкүскелік үш-төрт құрттан басқа бақыр тиын да жоқ қой». Осындай ойға табан тіреп, жан-жағыма алаңдамай жүре бергім-ақ келді. Бірақ мұрны құрғырдың ішіне құрт түскендей жыбырлағанын қоятын түрі жоқ. Есімді шығарып барады. Көке, тап дүкеннің алдында, сізге өтірік маған шын, аяғыма тас байланғандай ауырлап, алға қарай баспай-ақ қойғаны...». Түсініктеменің осы жеріне келгенде сарғыш қағаздың беті толды. – Көке, тағы бір парақ беріңізші, – деп өтіндім. Бастық қабағын шытып, орнынан тұрды. Мынау не жазып отыр дегендей үстелінің үстінен асыла, төбемнен төне қарады. – Әй, соншама үлкен айдақ әріптермен жазғаның не? Мынаны оқу үшін маған кішірейтіп көрсететін лупа керек шығар. – Көке, бала кезімнен осылай жазуға машықтанғанмын. – Сен-ақ көкелеп діңкәмді құртатын болдың ғой. – Шарасыздық танытып, құйрық басар гүпкі төсеніші ойылған көне орындықты сықырлатып, бар салмағымен отыра кетті. Тартпадан бір парақ алып, алдыма тастады. – Осы қағазбен бітір. Мен үзілген түсініктемемді жалғадым. «Көке, айтсам сенбейсіз. Бір тылсым күш кеудемнен кері қарай итеріп, басым дүкенге қарай еріксіз бұрыла берді. Сол кезде көзім бұлдырап, жүз қадамдай жердегі сіз отырған кеңсе түу-у-у көз ұшында тұрғандай алыстап кеткені. Өзімді қанша қинасам да кежегем кейін тартып, аяғы құрығыр алға қарай баспай қойса амал бар ма. Бір әзәзіл сиқырлы күш «Тым болмаса, дүкенде кім бар екен, көріп шықсайшы» деп өз дегеніне еріксіз көнбесіме қоймады. Сол-ақ екен екі аяғым жерге тиер-тимес дедектеп, дүкенге қарай құстай алып ұшты. Есігін айқара ашып, ішке енсем, Жарас тұр ербиіп. Үсті-басы ебіл-себіл. Май сіңіп теңбілденген күртешесінің алды ашық. Көріктей кеудесі бір көтеріліп, бір басылады. Басында тысы оңып, мыржиған көне құлақшын. Байқаймын, шақшадай басы шарадай. Шеке тамыры білеуленіп кетіпті. Суыққа тотыққаннан ба, әлде кешегіден кейін бе, қоңырқай жүзі сиырдың желініндей қабарып, ісініп кеткен. Кеше бәрімізден гөрі ол ащы суға есесі кеткендей өшігіп, көбірек сілтеп қойған еді. Талай жыл көрмеген жездесін жолықтырғандай жылмыңдап, екі езуі екі құлағына жетіп қарсы алды. Енді қайтсін байғұс?! Амандықтан соң: «Жұмысқа ма?..», – деді ұшы қызара бөрткен қоңқақ мұрнын күстеніп, тілім-тілім болған күректей қолымен бір жағына қарай қайыра тартып. Мен де құлықсыздау: «Иә», – дей салдым. Ол сөредегі көз жауын алып, қаз-қатар тізілген шөлмектерді иегімен меңзеп: «Сәрсен, жұмыс қайда қашар дейсің. Әуелі бас жазып, денеге қан жүгіртіп алсақ қайтеді», – деді. Мөлдіреп көз жауын алған жартылықтар жайнап тұрса, қалай аңсарың аумайды. «Жарас, мына суық күнде бой жылытқанға не жетсін. Бірақ...». – Сөз соңын жұтып, қалтамның түбін айналдырдым. Ол да шарасыздық танытып, күртешесінің тесік қалтасынан саусақтарын шығарды. «Жоққа жүйрік жетпейді». Еңсеміз түсіп кетті. Дүкенші Нұрбектен қайыр жоқ. Ол мырзалығын тек әйелдерге ғана жасайды. Оларға айлыққа дейін шәй-пәй, сәтен-мәтенді қарызға беруден тартынған емес. Ал шөлмек сұраған бізге келгенде шекесі тырысып, беті бүрісіп, жалынып-жалпайсақ та көнбейді. Басымыз салбырап, сүйретіле басып сыртқа шықтық». – Көке, тағы бір парақ беріңіз. Сұрағаным құлағына түрпідей тиді білем, шарадай басын кеудесінен қақшаң еткізіп көтеріп алды. Ақиланған көзіндегі суық ызғардан тұла бойым тоңғандай мұздап, тітіркеніп кеттім. – Әй, жүгермек, жаңа саған осы қағазбен бітір дегенім қайда? – К-к-кө-ке. – Сесінен сескеніп, тұтығып қалдым. – Жаңа қалай болды, солай жаз дедіңіз ғой, – дедім күмілжіп. Ол үстел үстіндегі жиегі жидіп, дөңкиген бүктеме пәпкісінің үстін алақанымен басып тістене сөйледі. – Мынаның іші кеңсенің құжаттарына емес, сендердің жыл бойғы жазған түсініктемелеріңе толды. Енді он үшінші сыйлық ақшадан иектерің қышымай-ақ қойсын. – Үні зілді естілді. Үстел тартпасын құлықсыздау тартып, ішінен бір парақ сары қағазды тағы алды. – Осымен бітір. Басқа сұраушы болма. Мәшіңке басуға арналған қағаз онсыз да санаулы. Мен парақтың жоғарғы жағына 3 таңбасын салдым да, хикаятымды жалғастырдым. «Дүкеннің алдында бойы бір тұтам Түйетай шал тұр екен. Үстінде брезент плащ, басында жүні жидіген бөрік. Жанында жартылай толы қап қисайып жатыр. Иегіндегі сиректеу ұзын сақалын жел желпиді. Өздігінен күбірлей сөйлеп, әлденеге кіжініп қояды. Соған қарағанда әлдекімге ренішті сияқты. Екеуміз екі жағынан елбектей келіп: «Ассалаумалейкум», – деп жарыса амандастық. Шал бізге ит көрген ешкідей қабағын түксите қарап, еті қашқан тарамыс қолын самарқау созды. «Ақсақал, жол болсын! Неге ренжіп тұрсыз?», – деп жөн сұрадым. Ашудан жарылайын деп тұрған шал салған жерден: – Шымкенттегі немерелерім қызылсырап жүрген шығар деп алдыңғы күні жаз бойы байлаған ісекті сойып, бүгін үйден шыққан бетім еді. Кімдікі екенін қайдам, әлгінде ғана бір жеңіл көлікке қол көтеріп едім, шаңға көміп, қасымнан ағызып өте шыққаны. Шаянға дейін ала кетсе несі кетер еді кәззаптың, – деді ширығып. Ішкі қалтасынан шақшасын алып, көк бұйра насыбайын атып, аптығын басты. – Кеше кемпірім екеуміз зейнетақымызды алдық. Ердің құны болса да сұраған пұлын берер едім ғой. Енді маған анау үлкен жолға мына жүкпен жету қайда?» – Бәсеңсіген үнінде налу бар. Жарас белінен буылған қаптың салбыраған бос жағынан ұстап, салмақтап тұрды да: «Жақсы семіртіпсіз, ақсақал. Жиырма килодан артық болмаса, кем емес», – деді қуақылына жымиып. Мақтағанды кім жек көрсін. Шалдың лезде рең-басы өзгеріп, марқайып қалды. Артынша: «Сендердей тепсе темір үзетін жігіттерге мына етті көтеріп, анау күре жолға алып бару не тұрады? Ақыларыңды берер едім», – деп қолқа салды. Көктен іздегеніміз жерден табылды деген осы емес пе. Жарықтық бабаларымыздың «Жүргенге жөргем ілінеді» дегені бекер емес. Ауыл мен күре жолдың арасы бір шақырымнан сәл ғана асады. Қапты кезектесіп көтеріп, етегі желмен далақтаған шалды соңымыздан салпаңдатып ертіп жүре бердік». – Көке, – деп мойнымды соза бергенім сол еді, бастық: – Не? – деп қабаған иттей арп ете қалды. Шырт ұйқыдан шошып оянғандай селк еттім. Сонда да сыр бермегендей сыңай танытуыма тура келді. – Тағы бір бет қағаз беріңізші. – Әй, найсап, түсініктеме емес роман жазып отырсың ба? – Қайдағы роман, көке. Роман жазсам сіздің алдыңызда осылай отырамын ба? Алматыдағы жазушылардың қатарында жүрер едім ғой. Сіз...,– дей бергенімде бастық киіп кетті. – Әй, көксоққан, тіл мен жағыңа сүйеніп, әбден мезі еттің ғой. – Бір парақ қағазды маған қарай шиырып жіберді. – Сен түсінік жазып болғанша, менің шашым ағарып, жүйкем тозып кететін шығар. Мен үзілген оқиғаның желісіне қайта түстім. «Көке, әңгіме жол қысқартады емес пе? Ауылдан шыққан бойда Жарастың басынан өткен бір қызық жайды баяндамасы бар ма. Сол әңгіменің ұзын-ырғасы мынау. «Өткен аптаның басында Нәкең мені өзеннің арғы бетіндегі Қайып шопанға көмек беруге жұмсады. Бастық айтқан соң жаппарқұлда жан бар ма? Тұяқтары шорланып қайқайған көк есегіме мініп, салбыраған ұзын аяқтарым жер сызып, тепеңдеген жүрісімен ұлы сәскеде сонда бардым. Қайыптың қатқан қайыстай салпы етек, қара әйелі Шырынкүл дастарқанын жайып, жылы шырай танытты. «Қайным, бүгін істейтін жұмысың жетеді. Таңертең ағаңнан қалған боза бар еді. Әлі жып-жылы күйінде тұр. Соны ішіп, әлденіп ал». – Жеңшем үлкен табақ толы, беті көпіршіген қою сары бозаны алдыма қойды. Мен әзілге тарта бұра сөйлеп: «Жеңеше, бозаңыз бабында екен. Дегенмен бұдан гөрі күш беретін ащы бірдеңеңіз болса жарар еді», – дедім емексіп. Жеңгейдің талағы тарс айылып, табан астында көгеріп, сазарып шыға келгені. Шабына шыбық тиген қысыр биедей тулап, шайпау мінезін көрсетті. «Ой, құлқының құрығыр. Ішіп алып, іскірт шөптің ығында марғау мысықтай пырылдап ұйықтап, ерте күнді кеш қылып жатпақсың ғой. Жаның шығып кетсе де, саған осы бозадан басқа берерім жоқ», – деп тепсіне жұлқынды. Дастарқанның қарсы бетінде шөккен түйедей болып отырған Қайып әйелі бозаны ожаумен сапырып жатқанда маған бүйрек беті бұлтия жымиып, көзін қысып, «саспа» дегендей ишарат жасасын. Емеурінін түсіне қойдым да, жорта: «Қайеке, тілімнен қағынып нем бар еді. Жеңгейдікі жөн. Осы берген бозасын ішіп, жұмысқа кірісейін», – дедім дауысымды көтере сөйлеп. Сол кезде бөлменің бір жақ қапталындағы есігі ашылып, алма бет, аршын төс, қысқа етек көк көйлек киген бейтаныс жас әйел жарқ етіп шыға келді. Омырау түймелерін салып жатқанына қарағанда сәбиін емізіп шыққан беті-ау. Аузым ашылып, тамсанып тұрып қалдым. Жел тимеген ақша бет, қара көз, қыр мұрын, керме қас, оймақ бел қордың қызы ма дерсің. Қала түгілі ауылдан ұзап шықпаған мен байғұс мұндай сұлуды бұрын-соңды көрсем көзім шықсын. Есімнен танғандай аңтарылып, көркінен көзімді ала алсамшы». – К-к-көк-ке-е. – Тілім күрмеліп, тұтығып қалдым. – Әй, міскін, айтарыңды кекештенбей айтшы. Ішімді көгертіп, төзімімді тауысып біттің ғой. – Тағы бір бет қағаз керек болып тұрғаны. Бастықтың ақшыл сары өңі сұрланып шыға келді. – Сенікі не деген бітпейтін түсінік? Саған жаздырып отырған менде де ес жоқ шығар. – Буырқанып, тұлданып бір парақ қағазды алдыма тағы да лақтырып тастады да, мұрнын тыржитты. – Өй, сүмірейген сиқың құрысын. «Жеңгей оны-мұны киім-кешектерді жинастырып жүріп: «Жұлдыз, мына қайныма боза құйып бер. Мен сарайдағы ошаққа кір-қоңымызды жуатын су жылытайын», – деп қайқайып сыртқа шығып кетті. Жұлдыз аяғын сәндеп басып, дастарқанның шетіне тізе бүкті. Қайып оны «балдай тәтті балдызым» деп таныстырғаны. Мереке қарсаңында теріскейдегі Созақтан қыдырып келген екен. Ал бажасы мал-жанға қарап қалса керек. «Қайеке, сізге балдыз болса, бізге құдаша ғой. Несін айтасыз, құдаша десе құдаша-ақ екен! Қара көздері сәуле шашып, алакөбең үйдің ішін жарқыратып жібергенін қарашы», – дедім жұтынып. Құдаша кесе толы бозаны ізетпен ұсынғанда шолақ жең көйлегінен жұмыр біткен ақ білегі жарқ ете қалды. Кесені алмақ болып, қолын еріксіз мына күстенген қолыммен сипай ұстағанымды өзім де сезбей қалдым. Құдаша жездем көріп қалды ма деп қымсынып, қолын шоққа қарып алғандай тез тартып алды. Дәл сол сәтте кер маралдай керілген сылқым у берсе де ішіп салуға бар едім. Кеседегі жылымық бозаны бір деммен сіміріп жібердім де: «Пай-пай, құдашаның бал татыған бозасы-ай!» – деп, тамсанып, ернімді жаладым. Қайып кетік тістерін ақсита: «Әй, Жарас, менің балдызымды көру үшін көз керек. Сендей аузының суы құрып, телмірген жаман-жәутіктер қанша мақтаса да пысқырмайды», – деп кеңк-кеңк күлді. Құдаша: «Жезде, бағамды асырдыңыз-ау!..», – деп жымиған, наздана сызылған үніне көңілім елітіп, жүрегім елжіреп сала берді. Ішке түскен екі-үш кесе бозаның буынан ба, әлде құдашаның көз тоймайтын көркінен бе, көңіл шіркін шарықтап, шалықтап, масаң тартқандаймын. Құдашаға іштегі алабұртқан жан сезімімді қалай жеткізерімді білмей дал болып тұрғанымда есік ашылып, сырттан оқ жыландай сумаң етіп жеңгей кіріп келді. Мен елге белгілі ақынның бір жол өлеңін өзімшелеп: «Су сұраса сүт берген, боза берген алтын жеңеше, домбыра бар ма?», – дедім жағына сөйлеп. Қайтейін, қайыстай жеңшемді мақтасам да жақпадым. Маған баждия қарап, сумаңдаған аузынан жалын атты. «Оны қайтесің?», – деп шап етті. Түрпідей дөрекі сөзі құлағымды қарып түскені соншалық, сол бойда не айтарымды білмей тосылып қалдым. Сәрсен, менде де дөңайбат мінез барын жақсы білесің. Зығырданымды қайнатса қара түгілі ханыңды да тыңдамай кететінім бар. Бірақ менің дымымды құртқан құдашаның айдай ажары ғой. Шошытып алмайын деп, тілім байланып, өзімді әзер ұстадым. Сонда да мән бермегенсіп: «Құдашаға ауылдың алты ауызын айтып, сый жасасам ба деп едім», – дедім зорлана. Ол миығынан мырс етті де, өңештей жөнелді. «Алда байғұсым-ай, қашаннан бері бұлбұлдай сайраушы едің? Түнеу күнгі тойда құдалар жағы ән сал деп қолқалағанда бүгежектеп, қатын-қалаштың артына тығылып едің. Бүгін табан астында әнші бола қалдың ба?.. Ой, ынжық неме. Алдыңдағы бозаны сораптап ішіп, былжырап отыра бермей қорадағы жұмысты істе». – Кір киімдерді буып-түйіп, үйден шығып кетті. Жеңгейдің сөзі рас. Мен жұртты әнге қарық қылатын қайбір әнші едім. Құдашаның көңілін аулап, бетін өзіме қаратсам ба деген жан далбасалық қой. Жүнім жығылып, шалықтаған көңіл шіркін су сепкендей басылды». Көкемнен қағаз сұрауға батылым бармай үн-түнсіз отырып қалдым. – Әй, не ойлап отырсың? – Теке көзденіп тесіле қарағанда сұғы өңменімнен өтіп кетті. – Жазып болдың ба? – Соңына жақындап қалдым, көке. Тағы қағаз жетпей тұрғаны, – дедім жасқана міңгірлеп. – Не жаздың? Әкел бері. – Сенбеген сыңай танытып, қолын созды. Аттың сыры иесіне мәлім емес пе. Көкемнің осал жерін білемін. Әйел затына келгенде буыны босап сала беретіні бар. Мен сезімін селт еткізетін соңғы екі бет жазбамды ұстата қойдым. Оның көз жүгірткені сол еді, лезде сұрқай жүзінде қан ойнап, жайдары шырай танытып шыға келді. – Қайыптың қал-жағдайын білмегеніме де біраз уақыт болыпты-ау, – деп бәсеңсіген үнмен стол тартпасынан қағаз алып, алдыма тастай салды. – Көке, көріктіні көрмек үшін демей ме. Жарас кім, сіз кім? Бастық деген атыңыз бар. Қор қызындай құдашаға көз қиығыңызды тастап қойсаңыз... – Сөз соңын жұтып, көңілінің қыбын тапқандай қуақылана жымидым. Бірақ қатты қателесіппін. Нәкең шарт кетті. – Әй, ноқай, сөзді доғар да түсініктемені жазып бітір. Сазарған өңіне тура қарауға батылым бармай, қағазға үңілдім. «Қайыптың белінде құяңы бар екен. Ыңырсып орнынан әзер тұрды. Сыртқа шыққан соң қора сыртындағы іскірт шөпке бардық Ол іскіртті бойлай арқан бойы жүріп: «Жаңылмасам осы жерде»,– деп қолын шөпке сүңгітіп жіберді. «Қазір, қазір, – Олай-бұлай қарманып тұрды да: – Міне, таптым», – деп бір бөтелке «Пшеничныйды» қыл мойынан қыса ұстаған бойы суырып алды. Қақпағын тісімен ашып, қойын қалтасынан пиялай шығарып, ернеулете құйды. «Ал, Жарас, біздің қатынның сөзі көп. Нар тұлғалы жігітсің ғой. Көңіліңе алмай мынаны тартып жібер», – деп ұсынды. Қапа болып бәлсінгенде жеңгейден ұтарым қайсы. Абдырап тұра бермей сол бойда кесені аузыма төңкере салдым. Берген құртын қайта-қайта иіскеп, күтірлете шайнадым. Арқыраған ақаң лезде буыныма түсіп, көзім шырадай жанып, көңілім тасып шыға келді. Не керек бір шөлмекті екеуміз әп-сәтте қылдай бөліп ішіп алдық. Ол маған қорадағы үйілген қиды сыртқа таситынымды, өзі өрістегі шашырай шығандап кеткен отар қойды қайырып келетінін айтып, күрең атына мініп, сауырына қамшы басты. Қиды есек жеккен сықырлауық арбаның қорабына салып, көрсеткен жеріне төгіп келе жатсам, құдаша жуылған кірді қора ығындағы күншуаққа жайып жүр екен. Сұлу мүсінін айтсайшы! Қолдан құя салғандай бір міні жоқ! Тоқпақтай бұрым, оймақ бел, дөңгеленген бөксе, тоқ балтыр. Бір жолы мектепте сурет пәнінен сабақ беретін құрдасым Сабырдың қолындағы жуан кітаптан кеудесіне дейін ашық торғын түсті көйлек киген сұлу әйелдің түрлі түсті бояумен салынған суретін көргенмін. Сабыр бұл пәленше деген суретшінің «Мадонна» деп аталған туындысы деп еді. Сол шебер суретшінің әйел затының бар көркін ашып көрсеткен «Мадоннасы» осы құдашадай-ақ болар. Сиқырлы бейнесі өзіне қарай еріксіз тартып барады. Сол сәтте орайы келіп, тілімнің ұшына өзім білетін ән жолдары орала кеткені. «Шиқ-шиқ етер өкшесі, Бүлк-бүлк етер бөксесі...» деп әуенге сала жөнелгенім сол еді құдаша жалт қарап: «Не болды сонша үздігіп. Бөксесі бүлкілдеген бір шүйкебас үйіңде де отырған жоқ па?», – деді қуақы үнмен езу тартып. Маржандай аппақ тістері күнге шағылысып, жарқ ете қалды. Байқаймын, іші әзіл-қалжыңды теріс көрмейтін сияқты. Мен: «Ол бөксе басқа, бұл бөксе басқа болып тұр ғой, құдаша-ау», – деп үздіге қарап, сөз ләмін әзілге бұрдым. Құдаша: «Дәмеңнің зорын, басқаныкіне телміргенше, өзіңдікіңнің қадірін білгенің жөн болар», – деді сықылықтай күліп. Сол-ақ екен, жер астынан шықты ма, жоқ әлде аспаннан түсті ме, кесірлі жеңгейдің көстеңдеп келе қалмасы бар ма. «Қап, мынаны-ай!.. Енді ғана әзіліміз жарасып тұрғанда бүлдіргенін қарашы бетпақтың». – Ішіме шоқ түскендей күйіп кеттім. Әбжыландай ысқырған неме қос бүйірін таянып, тәмпіш танауы делдиіп, салған жерден зілденіп сөйледі. «Әй, сен басқаның бөксесіне көз салып қайтесің, аузың аңқимай анау лаққан арбаңа қара», – деп діңк етті. Сонда ғана байқадым. Құдашамен қалжыңдасып тұрғанымда есек арбаны бұра тартып, тас лақтырым жердегі жемханаға барып қалыпты. Етек-жеңім делбеңдеп, артынан тұра жүгірдім. Құдашаның жыры осымен бітті». Жарас хикаятын аяқтағанда біз де жүргінші көліктер ағылған күре жолға жеттік. Шал алғысын айтып, 5 сом берді. Алақанымызға шырт түкіріп, құстай ұшып, дүкенге келдік». Көкемнің қолында көлемі етектей газет. Бірінші бетіне Генсектің суреті жарияланыпты. Басқаны білмесек те, Құдайдың құтты күні теледидардан түспейтін, көпіріп көп сөйлейтін мыжыманы білетін болдық қой. Газеттің төменгі жағын оның сөзі тұтастай алып жатыр. Коммунист көкем шұқшиып оқып отырған секілді. «Шыдамы қай уақытқа дейін жетер екен? Осы неме сексен бесінші жылы арақтың орнына жемістің шырынын ішіңдер деп пәрмен беріп еді. Онысы іске аспай қалды. «Ақаң» шіркін арқырап келіп, дүкен сөресінен қайта орын тепті ғой». Бастық шұқшиған басын көтерер емес. Тамағымды қайта-қайта кенедім. Сіркесі су көтермей тұрған ол қабағының астынан қадалған жерінен қан алатын жандай тесірейіп қарады. – Жазып болдың ба? – Аз қалды, көке. Бастықтың талағы тарс айырылды. – Әй, жүгермек, – деп маған қолын ербең еткізгенде жаза тайып, газеттегі Генсектің суреті қақ айырылды. Мен орнымнан сопаң етіп атып тұрдым. – Ойбай, көке, байқаңыз. Қазір ауылдағы екі арызқойдың бірі ойда жоқта кіріп келсе, аудан, облыс, одан әрі республикаға жіберген шағымдарының астында қаласыз. Мұны мен айтпасам да өзіңіз жақсы білесіз ғой. – Жалма-жан жыртылған газетті бірнеше қабаттап бүктеп, ішкі қалтама салып алдым. – Қазір үйге барған соң пешке жағып жіберемін. Бастықтың тағы бір осал жері осы. Екі арызқойдан жүрегі әбден шайлығып қалған. Мен сақтандырып жатқанда күдіктеніп, есік жаққа жалтақ-жалтақ қарағыштай бергені сол. Үлкен пәледен құтқарып, жанашырлық танытқаным үшін пәті қайтқандай шырай танытты. Енді оның осы бір босаңсыған оңтайлы сәтін қалайда пайдаланып қалуды көздеп: – Көке, қағаз беріңізші, – дедім өзімсінген жайдары үнмен. Ол ләм деп жақ ашпай тартпасынан бір бет қағазды шығарды. Мен жазуға отырдым. «Дүкенші Нұрбек «Пшеничныйды» қолымызға ұстатты да, екеумізді ала көзімен атып: «Бүгіннен бастап дүкеннің ығында тұрып ішкенді қойыңдар», – деп қатаң ескертті. Сыртқа шықсақ жел күшейіп, суық үдей түскен. Қардың демі бар. Қайдан пана табарымызды білмей дел-сал тұрып қалдық. Ол пәленшенікіне, мен жоқ төленшенікіне барайық дейміз. Солай қайдан сая табарымызды білмей ары тарт та, бері тартпен келісе алмадық. Жарас: «Нәйеті бір жартыны басқалармен бөлісіп қайтеміз. Рахатын өзіміз көрмейміз бе?», – деді. Жөн айтса, қалай келіспейсің. Жарас бір дем аңтарылып тұрып, кенет жерден жеті қоян тапқандай: «Оһ, есіме түсті, – деп алақандарын шарт еткізді де, біреу қуып келе жатқандай ентіге, екпіндей сөйледі. – Анау атқораның бір жақ қапталындағы есігі жыл бойына жабық тұратын көзге күйік клуб бар емес пе. Есігіндегі қара құлыпты бекіткен шегесін суырып аламыз да, ішіне кіріп, жылы жайда шаруамызды тындырайық. Қайтарда суырылған шегесін орнына тыға саламыз». Оның бұл ұсынысы көкейіме қона кетті. Қара құлып бекітілген шеге біз ойлағандай емес екен. Жуандығы саусақтай сымнан жасалынып, есіктің жақтау ағашына терең сіңіріліпті. Не істеу керек? Күшке салып, есікті бұзғаннан басқа амалымыз қалмады. Мен қораның ішін тінтіп жүріп, көң арасынан тотыққан кеспелтек темірді тауып алдым. Сүйір басын құлыпты ұстап түрған жалпақ белдеу темірдің астыңғы жағына соққылай тығып, бар күшіммен өзіме қарай ырғай тарттым. Жақтау ағаш опырыла сынып, есік сықырлап ашылды. Клубтың іші алакөлеңке екен. Жайдақ тақтай орындықтарға бес елі шаң қоныпты». – Қап әттеген-ай! – Бастық жалт қарады. – Не болды? Нені бүлдірдің? Қанын ішіне тартып, зірк етті. – Көке, тағы бір парақ... – дей бергенім сол еді бастықтың қаны басына шапты ма, ашуға булыққан көзі қанталай шатынап, столды жуан жұдырығымен қойып қалды. Дүлей соққыдан үстіндегі газет-журналдар, телефон, сия сорғыш, қалам сауыты секілді кеңселік заттар секектеп, дөңкиген ауыр пәпкісі орнынан қозғалып кетті. – Түсінігің де, өзің де құрып кет! Жоғалт көзіңді! – Дауысы елді көшірердей қатты шығып, қолымен есік жақты шалт нұсқады. Бойыңды үрей билегенде үкідей де салмағың болмай қалады екен. Орнымнан қалай ұшып тұрғанымды өзім де сезбей қалдым. Жан ұшырып: – Көке, жаз дедіңіз жаздым, енді кет десеңіз кетейін, – деп жазғандарымды апыл-ғұпыл жинап, жан қалтама салдым да, «қашпақ болсаң зымыра» демекші есіктен атып шығып, алды-артыма қарамай безе жөнелдім.    

Серіктес жаңалықтары