2024 жылғы 23 қаңтарда Алматы қаласында жер сілкінісі кезінде алдын ала хабарлау жүйесінің жұмыс істемегеніне кінәлі адамдар жазаланды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бас прокуратураның мәліметінше, бұрын сатып алынған автоматтандырылған алдын ала ескерту жүйесі (ААЕЖ) өз деңгейінде жұмысын атқармау салдарынан халық уақтылы хабарланбаған.
«Мемлекет Басшысының және Бас Прокурордың тапсырмасына сәйкес Алматы қаласының прокуратурасы Алматы қаласы бойынша төтенше жағдайлар департаментінің қызметіндегі аталған жүйені сатып алудың заңдылығына тексеру жүргізіп, тексеру нәтижесінде бюджет қаражатын жымқыру белгілері анықталып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Тергеу барысында «TNS-INTEC» ЖШС бас директорының жеке пайда табу ниетімен сапасыз жабдықты жеткізіп, орындалған жұмыстардың жалған актілерін рәсімдегені және осылайша аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқырғаны анықталды.
Аталған қылмыстық іс бойынша Алматы гарнизонының әскери соты үкім шығарды.
Жабдықты қабылдау кезінде немқұрайлық танытқаны үшін Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаменті басшысының үш орынбасары, сонымен бірге, жеткізілген жабдықтың сапасы мен сәйкестігіне тиісті бақылау жүргізбеген авторлық және техникалық қадағалау өкілдері қылмыстық жауаптылыққа тартылды», - делінген хабарламада.
Сот барлық айыпталушыларды кінәлі деп танып, оларды бас бостандығынан айыру және мемлекеттік әрі квазимемлекеттік органдарда белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айыру жазасын тағайындады.