396
Сардаланың сұлуы –Самал
Сардаланың сұлуы –Самал
Самал Еслямова. Бұл есім бір күнде айдай әлемге жарқ етіп танылды. Әлем киногерлерін таңғалдырған қазақ қызы төрткүл дүние көз тіккен өнер додасында «Үздік актриса» атанды. Бұл – Самалдың ең үлкен жетістігі, тарихи жеңісі. Оның өнерінің жемісі, еңбегі ақталғанының айғағы.Бүкіл әлемнің ең үздіктері қатысқан 71-ші Канн кинофестиваліндегі Самал Еслямованың жеңісі бүкіл қазақ жұртының мәртебесін асқақтатты.
Халықаралық Канн кинофестивалінде үздік әйел бейнесін жеңіп алу екінің біріне бұйыратын бақ емес. Оның үстіне, фестивальдің негізгі байқауында жүлдегер атану тіпті қиын. Бірақ таланты мен талабы бар өнер иесі өзінің лайықты бағасын алары сөзсіз. 33 жастағы қазақ қызы Самал Еслямованың жеңісі осыны дәлелдейді. Самал бұл сыйлыққа ресейлік режиссер Сергей Дворцевойдың «Айка» фильміндегі рөлі арқылы қол жеткізді. Кинотуындыда Қырғызстаннан Мәскеуге келген қыздың тауқыметке толы тағдыры баяндалады. Сол тағдырды көрерменге шынайы көрсете білген актрисаны әлемдік кино саласының мықтылары үздік деп таныды. Бұл фильмнің түсірілім жұмыстары 7 жылға созылған. Фильмді Сергей Дворцевойдың «Кинодвор» студиясымен қатар Германия, Польша, Қытай, Қазақстанның кино компаниялары бірлесіп түсірген.
Айта кетейік, биыл 71-ші рет ұйымдастырылып отырған өнер додасында бұған дейін қазақ фильмдері де үздіктер қатарынан табылған. 1998 жылы қазақ кинорежиссері Д.Өмірбаевтың «Киллер» фильмі Канн фестивалінің жас кино бағдарламасына қатысып, «ерекше көзқарас» жүлдесін иеленді. Ал 2001 жылы жас кино бағдарламасына Қазақ ұлттық өнер академиясының түлегі, режиссер Н.Түребаевтың қысқаметражды «Антиромантика» фильмі қатысты.
Әуелде «үздік актриса» атанғанын Самалдың өзі де түсінбей қалған сыңайлы. Марапаттау рәсімінде өз есімін естіген қазақ қызының абдырап қалғаны байқалды. Сахна төріне ұлттық нақыштағы қазақы кәстөм киген Самал Еслямова көтерілгенде қазақ жұртының төбесі көкке бір елі жетпеді. Ал оның алғы сөзін қазақша бастауы тіптен қуанышымызды да, мақтанышымызды да еселеді. Ары қарай сөзін ағылшын тілінде жалғаған актриса өзінің өнердегі жетекшісіндей болған режиссер Сергей Дворцевойға алғысын білдірді. Ал қазақтың атын шығарған Самалға бүкіл ел разы. Қазір қазақ халқын марқайтқан Самалға тек қазақстандықтардың ғана емес, бүкіл әлемнің назары ауды десек, қателесе қоймаспыз.
Талғамы да, талабы да биік еуропалық киногерлердің жоғары бағасын алған Самал Еслямова 1984 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Аққайың ауданының Аралағаш ауылындағы қарапайым орманшы мен сауыншы отбасында дүниеге келген. Бала күнінен журналист болуды армандаған Самалға бұл мамандықтың иесі атану бұйырмапты. Мектепті бітіргеннен кейін жоғары оқу орнына тапсырған қыз грантқа қол жеткізе алмаған. Ал ата-анасының ол кезде қыздарын ақылы бөлімде оқытуға мүмкіндігі болмапты. Сондықтан Самал бала арманынан бас тартып, Қызылжардың Өнер колледжінде ашылған жаңа факультеттің студенті атанады. Әу бастан өнерлі қыз колледж қабырғасында жүргенде-ақ кино әлеміне қадам басады. Алғашқы кинокартинасы – «Тюльпан». Бұл фильмнің де режиссері – Сергей Дворцевой. Соған қарағанда, Дворцевой қазақ қызының бойынан талант пен талапты бірден байқаған болуы керек. Дәл осы фильмнен кейін Самал ел шетіндегі ауылда тұратын ата-анасын қалаға көшіріп әкеледі. Ата-ана алдындағы міндетінің бірін орындаған ару содан бері Мәскеудің тұрғынына айналған. Бірақ оның қарт ата-анасы қыздарының туған жерге оралып, ел игілігіне қызмет етеріне сенеді. Бірақ өнерде шекара жоқтығын, өнердің ұлтқа бөлінбейтіндігін ескерсек, талантты арудың шет жұртта өзін танытқанында еш айып жоқ.
Самалдың өнердегі алғашқы қадамы театр сахнасынан басталғанын біреу білсе, біреу білмес. Өнер колледжінде оқып жүргенде С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында тәжірибеден өткен болашақ актрисаның алғашқы рөлдері де осы театрда сахналанды. 2001 жылы «Пай-пай, жас жұбайлар» атты комедияда 1,5-2 минуттық эпизодта төбе көрсетсе, 2003 жылы Проспер Мерименің «Кармен» драмасында кішкентай қыздың рөлін сәтті алып шықты. Кейін Ресей еліне аттанған актриса 2011 жылы Мәскеу қаласындағы әйгілі Ресей театр өнері университетін (ГИТИС) актерлік мамандық бойынша бітіреді. Самалды білетін, жақын танитын әріптестері оның бойында екінің біріне беріле бермейтін шынайылық пен өнерге деген тазалықтың барын айтады. Расында да, оның бойында көп әртістерде кездесе қоймайтын даралық бар. Самалдың бүгінгідей жетістікке жетуіне осы қасиетінің септігі тигені сөзсіз.
Ата-анасы Самалды ешқашан бетінен қақпаған. Содан болар ол бала күнінен өте өткір, өжет қыз болып өсті. Ақпарат құралдарына сұхбат берген актрисаның әкесі Ілияс Еслямов Самалдың бала күнінде тентектеу болғанын да жасырмайды. Екі қыз тәрбиелеп отырған отбасының кенжесі Самал кішкене күнінде «әкемнің ұлы боламын» деп атқа мініп, мал қайырып, әкесіне қолғабыс бола білген. Қызының әрбір жетістігіне бірге қуанатын әкесі Самалдың бұл жолғы жеңісі – білім мен еңбектің жемісі екенін айтады. Бірақ жетпіс жасқа таяп қалған Ілияс Еслямовті жұрттың қызын «қазақ тілін білмейді», «орыстанып кеткен» деп өкпелейтіні қатты мазалапты. Қазақ мектебін бітіріп, отбасында тек ұлттық, қазақы тәрбиемен сусындаған қызының бойынан қазақилықтың ешқашан жоғалмайтынына сенімді.
Самал Еслямова Канн фестивалінде «үздік актриса» атанғаннан кейін алғашқылардың бірі болып Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов актрисаның ата-анасын құттықтады. «Өз атымнан және солтүстік қазақстандықтардың атынан сіздерді және Самалды осындай маңызды жеңіспен құттықтаймын! Жерлесіміздің тамаша сомдаған рөлінің әлемдегі ең беделді әрі бұрыннан келе жатқан кинофестивальдердің бірінің қазылар алқасын таңғалдырғанын мақтан тұтамыз. Бұған дейін мұндай жүлдені Қазақстанның ешбір актрисасы алып көрген жоқ. Самалға шығармашылықтың берекелі Солтүстік Қазақстан жерінде дарығаны қуантады. Ол осы жерде өсті, тәрбие көрді, мектепте оқыды, өнер колледжінде білім алып, театрда ойнады. Бүгін Самал өңіріміздің ғана емес, бүкіл еліміздің абыройын асқақтатты», – деді Құмар Ақсақалов.
Ата-анасының ғана емес, бүкіл қазақ халқының абыройын асқақтатқан актрисаға көрсетіліп жатқан құрмет пен қошемет шексіз болмақ. Қазақ қызы бұл құрмет-қошеметтің бәріне де лайық.