422
Ақ халаттылар әбігерге түскен шақ
Ақ халаттылар әбігерге түскен шақ
Көктемнің екінші жартысы – ақ халаттылардың әбігері көбейетін шақ. Өйткені сәуірдің орта шенінен бастап қауіпті індет көзі – кенелердің белсенділігі басталады. Былтыр Қазақстанда 10 348 адамды кене шаққан. Олардың 35-і кене энцефалитіне, 12-сі кене боррелиозына шалдықты. Кене инфекциясын жұқтыру салдарынан көз жұмғандардың да қатары аз емес.
Кене шағу салдарынан көз жұму оқиғалары, әсіресе, еліміздің оңтүстік өңірлерінде жиі тіркеледі. Мәселен, өткен жылы Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Сұлутөбе ауылдық округіне қарасты 15-бекетте мал шаруашылығымен айналысқан шаруа кене энцефалитінен қайтыс болды. Қызылорда облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілген науқастың дерті асқынып кеткендіктен, ақ халаттылар ешқандай көмек көрсете алмады. Жалпы, өткен жылдың алғашқы төрт айының өзінде облыста 292 кене шағу жағдайы тіркелген.
Ал Жамбыл облысында безгек ауруын жұқтырған әйел көз жұмды. Қауіпті кеселді жұқтырған бес баланың анасына дер кезінде дұрыс диагноз қойылмаған. Басы ауырып, жүрегі айныған келіншек бірінші күні ауылдық амбулаториядан екпе алумен шектелген. Тек ертесіне аудандық ауруханаға барып, кеуде тұсы ауыратынын айтыпты. Сөйтіп оның асқазанында ойық жарасы бары анықталып, ем жасалады. Алайда сол күні кешке науқастың хәлі күрт нашарлап, жансақтау бөліміне жатқызылған. Ол арада бір сағат өтпестен көз жұмды. Өлгеннен кейін ғана оны кене шаққаны салдарынан безгек ауруына шалдыққаны анықталды.
Өткен жылы кене кеселдері Оңтүстік Қазақстан облысының дәрігерлерін де біраз сарсаңға салды. Өңірде Конго-Қырым қанды қызбасынан екі адам қаза тапты. Олардың бірі Бәйдібек ауданының 13 жасар тұрғыны болса, екіншісі – отырарлық әйел.
Конго-Қырым қанды қызбасы – кенеден таралатын қауіпті індеттердің бірі. Жұқпалы вирус кене шаққанда, кенені жалаң қолмен езу, жаншу, жануарларды сою, бөлшектеу кезінде және індетпен ауырған науқастың қанымен жанасу арқылы жұғады. Кеселге шалдыққан адамның дене қызуы көтеріледі, бас, буын және бел ауырады, қан сұйылып, қан (мұрын, тістің қызыл еті) кетеді, денеде қан бөртпелері байқалады. Ақ халаттылардың айтуынша, індеттің соңы көп жағдайда өліммен аяқталады.
Конго-Қырым қанды қызбасы мамыр, маусым және шілде айларында қозады. Оған себеп – жартылай шөлді және шөлді аймақтарда «көкала» ауруын тарататын H.аsiaticum кенесі наурыз айында шығады да, қыркүйекке дейін белсенді өмір сүріп, өсіп-өнеді.
Бұдан бөлек, қауіпті жәндіктер адамға кене энцефалитінің, иксодтық кене боррелиозының (Лайм боррелиозы), кене риккетсиозының және басқа да жұқпалы аурулардың қоздырғыштарын жұқтырады. Сондықтан мамандар табиғат аясына демалуға шыққанда, қора-қопсыда жұмыс істегенде сақтық шараларын сақтау керегін ескертеді. Барынша жабық киім киіп, дененің ашық жерлеріне арнайы медициналық заттарды сепкен жөн. Кене шаққан жағдайда шаққан жерге қарапайым әдіспен 2-3 тамшы сұйық майын тамызып, пинцетпен немесе қолғап киіп, кенені асықпай, мүмкіндігінше, тұмсығымен бірге денеден алу қажет. Кене шаққан орынды кез келген залалсыздандыратын медициналық (спирт, дезинфекциялық ерітінді) ерітінділермен сүртіп, тез арада медициналық көмекке жүгіну керек дейді дәрігерлер.
Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, биыл кенеден келген кеселге шалдығудың ресми фактісі тіркелмеген. Дегенмен бүгінгі күнге дейін ел емханаларына кене шаққан 850-ден астам адам жүгінген. Олардың 447-сі – балалар. ШҚО-да кене шағуы салдарынан 69 адам, Алматы облысында 552 адам зардап шекті. Алматыда мұндай 230 оқиға тіркелген. Ал Қызылорда облысында 22 адамды кене шақты. Мамандар олардың ешқайсысынан Конго-Қырым қанды қызбасы анықталмағанына шүкірлік етуде. Өйткені қауіпті дерт бір адамнан екінші адамға жедел жұғады. Биыл облыстағы 127 елді мекеннен аталмыш ауруды таратушылар ошағы анықталып отыр. Қазіргі таңда 21 бригада Жаңақорған, Шиелі аудандары тұрғындарының қора-қопсы, аулаларын дәрілеуге кіріскен. Бұл мақсатқа бюджеттен 202 миллион теңге қаржы қарастырылған.
Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми орталығының мәліметінше, Қазақстан тұрғындарының кене инфекциялары туралы білу деңгейі өте төмен. Соңғы жылдары вакцина алатын адамдардың саны азайып кетті. Егер 2000-жылдардың басында 49 мың адамға жыл сайын егілсе, ал 2017 жылы небәрі 16 279 адам ғана вакцина алған.
Көршілес Ресейде Қиыр Шығыс, Сібір мен Орал өңірлері кене энцефалитінің табиғи ошағы саналады. Ел тұрғындарын қауіпті індеттен қорғау үшін Ресейдің денсаулық сақтау министрлігі кене энцефалитіне қарсы егу жұмыстарын жыл бойы жүргізеді. Екпелер дәріханаларда қолжетімді. Тұрғындарды ақпараттандыру жұмысына да жіті көңіл бөлінеді. Бұған қоса, ресейлік сақтандыру компаниялары кене шағудан ерікті сақтандыруды ұсынады.
Біздің елімізде де қауіпті жәндіктің шағуынан сақтандырылуға болатынын көпшілік біле бермейді. Отандық нарықта мұндай қызметті әзірге «Номад Иншуранс» компаниясы ғана ұсынады. «Кенеге қарсы сақтандыру құны: 4 адамнан тұратын отбасы үшін – небәрі 500 теңге, бір адам үшін – 200 теңге. 500 мың теңге көлемінде сақтандыру төлемін шұғыл медициналық шаралар көмектеспегенде ғана және сақтандыруы бар науқаста кене энцефалиті, кене боррелиозы (Лайм ауруы), кене эрлихиозы, Конго-Қырым қанды қызбасы секілді аурулар байқалғанда ғана алуға болады. Әрине, сақтандыру кене шағуын немесе аурудың туындауы қауіптерінің алдын алмайды, дегенмен жапа шеккен адамға қосымша қаржылық демеу көрсете алады. Бұл қаражатты ол қосымша ем үшін немесе өзі қалаған басқа да істерге жұмсай алады», ‒ дейді «Номад Иншуранс» СК басқарма төрағасы Дәурен Иманжанов.
Мамандардың сөзінше, Қазақстанда мамандығына қарай қауіп аймақтарына баратын адамдарға екпе тегін салынады. Сонымен бірге, зардап шеккендерге кенеге қарсы иммуноглобулин ақысыз енгізіліп, ауру анықталғанда ем жүргізіледі. Өз еркімен егілгісі келетіндерге мемлекеттік емханаларда тек күз-қыс айларында тегін вакцина салынады. Шұғыл кесте бойынша егілгісі келетіндер вакцинациялау бойынша жеке клиникалардың қызметіне жүгіне алады. «Сақтансаң – сақтайды». Ем іздеп емхана жағалағанша, қай кеселдің де алдын алған жөн.