Кристина Новикова: Мемлекеттік тілді білу – азаматтық парыз

Кристина Новикова: Мемлекеттік тілді білу – азаматтық парыз

Кристина Новикова: Мемлекеттік тілді білу – азаматтық парыз
ашық дереккөзі
Бүгінгі таңда нәзік жанды аруларымыз қоғамдағы барлық жауапты қызметтерді ер-азаматтармен қатар атқарып жүргеніне куәміз. Әр салада өзінің ісін дөңгелетіп жүрген әйелдер еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлес қосуда. Соның бірі – әскери сала. Әдетте әскери қызмет тек ер-азаматтарға тән деп ойлайтындар көп. Алайда бұны теріске шығарып, әскерде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген қыз-келіншектер де аз емес. Осындайда, Елбасы Н.Назарбаевтың: «Қоғамның даму барысын  өмірде – нәзік, көңілде – биік, ал істе – мығым әйелдер қауымынсыз көзге елестету мүмкін емес!» деген сөзі ойға оралады. Қазіргі заманда әйел қауымы қоғам мен мемлекет ісіне келгенде ер азаматтардан кем белсенділік танытып отырған жоқ. Қазақстанда әйелдер тек отбасы төңірегінде ғана емес, сонымен қатар қоғамның барлық саласында аянбай тер төгуде. Соның бірі – Алматы қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті баспасөз қызметінің бастығы, майор Кристина Новикова. – Әскери қызметші болу бала кезімдегі арманым. Алайда сол арманымды жүзеге асыруға септігін тигізген балаларымның атасы, генерал-майор Павел Новиковтың ықпалы деп білемін. Өзіңіз де білетін шығарсыз, ол кісі көптеген жылдар бойы ҚР Қорғаныс министрлігінің АОСК басқарып,  әлемдік және xалықаралық жоғары деңгейде спортшылар тәрбиелеп шығарды. Әскери қызметші  болуға талпынғаным содан да болар. Ал шын мәнінде осы саланы таңдауыма ешкім қарсылық білдірмеді. – Бұл салада қызмет етіп жүрген қыз-келіншектер аз емес. Өзіңіз де талай сынақтан өтіп, тәжірибе жинақтаған шығарсыз... – Әскери қызметші болу абыройлы міндет деп білемін. Әскери салада қызмет істеп келе жатқаныма 15 жылдан асты. Осы жылдар арасында әскери қызметтің тыныс-тіршілігі мен саған сенім артқан xалықтың үмітін ақтауға тырысады екенсің. Форма киіп, сапта тұрып, Отанды қорғауға ант еткеннен кейін өзің де жауапкершілікті қатты сезінесің, басқаларға үлгі болуға тырысып келемін. Қазақстан Қарулы Күштерінің қатарында шамамен 8 мыңнан астам қыз-келіншек қызмет атқарады. – Әйел адамға қатал тәртіпке бағыну оңай ма, әлде көзге жас алдырар тұстары көп пе? – Қазақстан Қарулы Күштерінің сапында ерлермен қатар қыз-келіншектердің әскери қызмет атқарып жүргені ешкімге таңсық емес. Әскери қызмет ердің не әйелдің жұмысы деп бөлінбейді. Бүгінде әйел әскери қызметшілер қарулы Күштердің әскери тектері мен түрлерінде ерлермен иық теңестіріп, қолдарына қару ұстап, жауынгерлік міндеттерді атқаруда. Қазақстан тарихында тұңғыш рет әйел заты – Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің бұрынғы төрайымы Сәуле Айтбаева Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан генерал погонын алды. Осының өзі әйелдердің бүкіл қоғам өмірінің өзегі мен тірегіне айналғанын көрсетіп отыр. – Кейбіреулер «әскери сала – қыз балаға қол емес» деп жатады. Сіздіңше, әскери киім киген қыз-келіншекке қоғамның көзқарасы қандай? – Қазір ғылым, білім, техника, ақпарат, сауаттылық заманы. Ерлердің ісі болып есептелетін салада әйелдердің саны артып келе жатқандығын кім де болса мойындайды және қуанады. Әйел көлікті де жүргізе алады, ұшақты да басқарады. Оған ешкім де қарсылық танытып жатқан жоқ. Мұның барлығы адамның қабілетіне, іскерлігі мен алға қойған мақсат-мүдделеріне байланысты. Расында әйелде мейірім болмаған жағдайда өмірдегі тепе-теңдік бұзылады делінген. Бүгінде әйелдер мен арулардың әскери салада қызмет жасауына елдің көзқарасы оң. Айтар болсақ, кейбір жоғары оқу орындарында қыздарға арналған аудармашылар мен байланыс қызметшілерін даярлайтын әскери кафедралар бар. Жақында Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Владимир Божко әскери салада қыздар мен әйелдердің санын арттыру керектігін ұсынды. «Қарулы Күштер саласында ғылымның рөлі артып келеді. Көбінесе мектептер мен жоғары оқу орындарында қыз балалар алтын медальмен тәмамдайды. Менің ойымша, осы зияткерлік құрамды әскери салаға тартуға тырысу керек. Ресейде десант қыздар құрамы пайда болды. Бұл өте ауыр мамандық. Әрине, бізде нәзік жандарға қатысты өзіндік ерекшеленетін моральдық-этикалық қатынастар бар, яғни біз қыздарымызды үнемі қорғап келеміз. Дегенмен де барша әлемдегі секілді бізге осы бағытта алға ілгерілеу керек», – деген-ді В.Божко әскери білім беруді дамыту жайында. Қазір бұл саладағы кейбір бағыттарда командир лауазымына әйелдерді іріктеу туралы бұйрық берілген. Бұл тұрғыда нәзік жандардың жоғары білімі мен 7-8 жылдық еңбек өтілі болуы тиіс. – Әскери қызмет – ауыр жол, салмақты міндет. Оның ыстық-суығына күйіп, темірдей тәртіпке көніп, онымен қоса отбасы мен қызметті қоса алып жүру айтқанға ғана жеңіл. Келісесіз бе? –  Әрине, әскери салада қызмет ету оңай емес. Алайда «Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» демекші, әрбір әйелге жаңа ұрпаққа өмір сыйлап, оларды тәрбиелеу секілді биік міндет жүктелген. Сондықтан да әскери қызмет пен отбасын бірге алып жүру қиын емес. Әскери саладағы нәзік жандар қызметпен қатар отбасына бар жанын салып жүгіреді. Жұмыстан кейін артынып-тартынып келе сала білекті сыбанып жіберіп, үй ішінің қамын ойлап ас әзірлейді, бала тәрбиелейді. Осының бәрі әйел жүрегіндегі шексіз махаббатқа байланысты-ау деп ойлаймын. Бұл әлемде әйел махаббаты – ең күшті махаббат. Еркектер әлімен күшті болса, әйелдер маххаббатымен мықты. «Ер – үйдің егесі, әйел – үйдің шегесі» дегендей, темірдей тәртіпті талап ететін әскери салада, нәзік жанды әскери қызметшілеріміз ұжымды ұйытып, ауызбіршілігін қамтамасыз етіп отыр. Әйел әскери қызметшілер өздеріне жүктелген жұмыстарды атқаруда кәсібиліктері мен тиянақтылықтарын көрсетіп, қызметтік міндеттеріне адалдықтарын танытып, әріптестеріне үлгі болып келеді. Осылай нәзік жандылар бүгінгі күні отбасының ұйытқысы ғана болып қоймай, елінің ертеңін ойлап, халқына адал қызмет етіп, ерлермен қатар үлкен міндеттілікті талап ететін ауыр қызметтерде жұмыс істеп, мемлекетіміздің дамуына өз үлестерін қосуда. Түйіндей айтқанда, әйел қоғамның тірегі, мемлекет дамуының тұғыры. Тәуелсіздік жылдарында тыныштық пен тұрақтылықты сақтауда әйелдер қауымының үлесі зор болса, бүгін де елдік саясаттың осы бағытында мемлекет  нәзік жандылардың ұдайы қолдауына сүйенеді. Өйткені ел болашағының барлығы, тыныштық пен тұрақтылық саясатының өзегі де әйел азаматтарының қолында. – Кристина, өзіңіз қазақ тіліне ағып тұр екенсіз. Мемлекеттік тілді білу – әр азаматтың міндеті. Алайда сіздің тілге жүйріктігіңіз қуантты. Бұл сізге ана сүтінен дарыған тіл ме? –  Қазақ тілін бала кезден білемін. Атырау облысында дүниеге келдім. Анам – қазақ, әкем – орыс. Сонымен бірге әжемнің тәрбиесін көріп, ол кісінің салиқалы әңгімелерін тыңдап өстім. Оқу орнын қазақ тілінде тәмамдадым. Меніңше, қандай ұлт болмасын мемлекеттік тілді білу – азаматтық парызы. Өзім қазақ тілімен қатар ағылшын және испан тілдерін жетік білемін. Қазақ «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» деп бекер айтпаған. Сол себепті Елбасының үштұғырлы тіл саясатын қолдаймын. – Мемлекеттік тілдің әскери саладағы орны қандай?  – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінде барлық құжаттар мемлекеттік тілде қолданылады. Қазіргі таңда мемлекеттік тілдің мәртебесі әскери салада өте жоғары. Барлық құжаттар мемлекеттік тілде болмаса, қабылданбайды. – Әңгімеңізге рахмет, Кристина!  

 Әңгімелескен

Динара Мыңжасарқызы