Бағаласаң, малшыларды бағала!

Бағаласаң, малшыларды бағала!

Бағаласаң, малшыларды бағала!
ашық дереккөзі
Қазақтың тұрмыс-салты төрт түлік малмен тығыз байланысты. Әсіресе, ілкіде көшпенді өмір сүрген халықтың әлеуметтік жағдайы қорасындағы мал санымен өлшенетін еді. Жаз – жайлауда, қыс – қыстауда мал басын аман сақтап қалған жұрттың еңсесі – биік, мақсаты – айқын. Себебі, «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» дегенді құлаққа құйып өскен елміз біз. «Мал баққанға бітеді» дейді қазақ. Адам баласы кез келген кәсіпке барын салса, нәтижесі де көңілге қонады. Әсіресе, мехнаты көп атакәсіп – мал шаруашылығын дамыту әуелі тәуекелді қажет етсе, екіншіден тынымсыз еңбекті талап етеді. Ал бейнетті істің рахаты қай кезде көрінеді? Бұған дейін малшылардың дүркіретіп өткізетін тойы туралы әдеби кітаптардан ғана оқығанбыз. Тәуелсіздікке дейін колхоз, совхоз ұжымының аты аспандап тұрғанда жазылған шығармалардың дені осы тақырыпты айналып өткен емес. Жазушы-драматург Дулат Исабековтің «Гауһартас» повесі есіңізде шығар. Сонда шаруаның үлкен ұлы, белді шопан Тастанның жыл сайын малшылар тойында жүлде алып, марқайып қайтатын кезі бар. Мінезі ауыр Тастанның малдан басқаға назар аудармай, бар мақсаты – 100 қойдан 180 қозы алып, малшы қауымының тойында абыройлы болуды ғана көздегені еріксіз ойға оралады. Әрине, Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында осымен төртінші мәрте ұйымдастырылған малшылар слетіне шақырту алғанда осы шығармадағы малшылар өмірі есімізге сарт ете қалған. Елге жетіп, тойды көзбен көргенше, құмарымыз басыла қойған жоқ. Сөйтсек, Қызылорда өңірінде төрт жыл қатарынан өтіп келе жатқан малшылар слетінің мақсаты – төрт түлік баққан еңбек адамдарына деген құрметті арттырып, атакәсіпті қайта жаңғырту екен. Ал марапат пен мақтауға ие болып жатқандар кәсібін қарапайым шаруадан бастап, бүгінде айтулы шаруа қожалығының иесіне айналған, сондай-ақ, асылтұқымды мал санын өсіріп, өңірге танымал болған кәсіпкерлер. Бір айта кетерлігі, малшылар слетінің 84 мың халқы бар Жаңақорған ауданында өткізілуі де тектен-тек емес. Себебі аудан мал өсіру жөнінен өңір бойынша алдыңғы орында екенін ескерсек, бүгінде 300 мың аналық бас қой болса, 28 мың ірі қара, 1500 түйе бар. Соның ішінде ірі қараны асылдандыруға ерекше көңіл бөлінген. Қазіргі кезде өңірде қазақтың ақбас сиыры, Әулиекөл, Әулиеата тұқымы ерекше қарқынды түрде өсім беруде. Тағы бір жайт, Жаңақорған ауданы жемшөптен де таршылық көрмейді. Себебі аудан жоңышқа, жүгері, бидай өсіру бойынша облыс сұранысының 80 пайызын  қамтамасыз етіп отыр. Айтпақшы, малшылар слетінен бір күн бұрын арнайы семинар өтті. Онда еліміздегі шаруа қожалық иелері мал өсіру, асылтұқымды мал санын көбейту жөнінде тәжірибелерімен бөлісті. Жаңақорған ауданы әкімі Ғалым Әміреевтің айтуынша, қазақта ежелден келе жатқан ерекше кәсіп бар, ол – мал өсіру. «Қазақтың өмірі төрт түлікпен байланысты. Ал біз мал шаруашылығы туралы айтқанда, неге шетелді тілге тиек етеміз? Тіпті, қайбір жылы шетелден асылтұқымды ірі қаралар әкеп, әбігерге түскен кезіміз болды. Бізде де шетелдегі асылтұқымды малдан кем емес тұқым жетерлік. Оны өзімізде баптап, өсіру де оңай. Сондықтан семинарға еліміздің жеті облысынан келген шаруа қожалық иелері бір-бірімен тәжірибе алмасып, білмейтін дүниесін толықтырды. Малшылар слеті мен оның қарсаңында өтетін семинардың осы тұрғыдан келгенде тиімді екеніне көз жетіп келеді», –  деді.

«Түйені – байлық, жылқыны – сәндік» санаған

Сонымен, малшы қауымының көптен күткен тойы да басталды. Қаратаудың етегіне тігілген 50 шақты ақшаңқан үйді көргенде, тойға деген дайындықтың қызу болғанын аңғардық. Таудың ұшар басындағы «Жаңақорған» деген жазу да «мен мұндалап» тұр. Сол күні аспан да жауынын аямай төксін кеп. Табиғаттың әр құбылысын жақсылыққа балаған малшы қауым «Жаңбыр емес, нұр жауып тұр!» деп жатты жамырасып. Биылғы дәстүрлі облыстық малшылар слетіне Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан облыстарының өкілдері, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының, «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингінің басшы қызметкерлері, республикамыздың белгілі ғалымдары, төрт түлік малдың республикалық палаталары, жабдықтаушы кәсіп­орындар мен жетекші шаруашылықтардың басшылары қатысты. ІV облыстық малшылар слетін ашқан Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев өңірдегі мал шаруашылығы жайында кеңінен мәлімет берді. «Халқымыз ежелден төрт түлік малды ерекше қастерлеген. Түйені – байлық, салтанат, жылқыны – сәндік, мақтан, сиырды – ақтық, қанағат, қойды – қазына, мырзалық санаған. Ішсе – сусыны, жесе – азығы, кисе – киімі, мінсе – көлігі болған. Балаларына мейірленсе, қошақаным, ботақаным, құлыншағым деп еркелеткен. Тыныс-тіршілігі төрт түлік малмен біте қайнасқан қазақ  әр түліктің қадір-қасиетін жетік білген. Бүгінгі күні ата кәсібіміз – мал шаруашылығының ел экономикасындағы салмағы азайғанымен, оның тұрмыстық-шаруашылық, тарихи-мәдени мән-мағынасы кеміген жоқ. Әсіресе, әлемде жылдан жылға халық санының өсуінен сапалы азық-түлік өндіру ғаламдық деңгейдегі өзекті мәселеге айналып отыр. Осы ретте, Елбасы айтқандай, «Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің болашағы зор. Көптеген  позициялар бойынша біз әлемдегі ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілер бола аламыз». Себебі мал шаруашылығын дамытуда біздің мүмкіндіктеріміз орасан. Жайылымдық көлемі бойынша Қазақстан әлемде 5-орында. 110 млн гектар жайылымдық жер асты суларымен қамтылған. Облыста жайылымдық қор жеткілікті. 11 млн гектар жайылымның 24 пайызы ғана пайдаланылып отыр. Сондықтан көп жыл ұмыт болып, бүгінде дәстүрге айналған малшылар слетінің негізгі мақсаты да – төрт түліктің жаңа замандағы алар орны жайлы ой салу. Осы кәсіпті кеңейтіп, оны дамытудың жолдары туралы пікір алмасу. Осы мақсатта төртінші жыл қатарынан Жаңақорған өңірінде облыстық малшылар слетін өткізіп отырмыз. Жеткен жетістіктерді саралап, өзекті мәселелерді талқылап, мал шаруашылығын ғылыми негізде дамытудың басты бағыттарын айқындап келеміз», – деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев. Айта кету керек, облыс тарихында алғаш рет ауыл шаруашылығы өнімдерін тарату нарығына маркетингтік зерттеулер жүргізіп, облыстың агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2020 жылға дейінгі «Агрокартасы» қабылданған. Нәтижесінде облыстық «Агрокартаны» іске асырудың 2018-2022 жылдарға арналған егжей-тегжейлі іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітілді. Жоспарға сай 2022 жылға дейін облыста ет өндірісін 13 мың тоннаға, сүт өндірісін 68 мың тоннаға ұлғайту міндеті тұр. Сондай-ақ, 2021 жылға қарай ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 5 есеге дейін арттыру мүмкіндігі бар. Облыстың географиялық жағынан тиімді орналасуы Қытай, Орталық Азия, Ресей, Еуропа мемлекеттеріне өнімді экспорттауға өте қолайлы. «Жезқазған-Сексеуіл-Бейнеу» темір жолы Иран және Парсы шығанағындағы елдермен сауда-саттық жасаудың жолын ашқаны белгілі. «Буферлік аймақ» деген аттан құтылуды көздеген өңір өткен жылдың өзінде Иран, Моңғолия, Біріккен Араб Әмірлігіне 2,3 мың бас тірі қозыны етке өткізіпті. Қазір Иран, Қытай, Моңғолия, Еуропа, Ресей елдері Қазақстанда өндірілетін табиғи өнімдерге үлкен қызығушылық танытып, агросекторға инвестиция салуға, өндірілген ауылшаруашылық өнімдерді сатып алуға дайын екендігін білдірген көрінеді. Нәтижесі жаман емес. Соңғы 5 жылдың өзінде салаға тартылған инвестиция 23 есеге ұлғайды. Бүгінде облыста ет экспортын қамтамасыз ету басты назарда. «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламаларының аясында мал басы көбейіп, тұқым түрлендіру жұмыстары жетісті атқарылуда. Асылтұқымды мал шаруашылығымен айналысатын репродукторлық шаруашылықтар құрылып, тек соңғы 5 жылда 4,5 мың бас асыл тұқымды ірі қара, 36 мың бас қой сатып алынды. Жылына 23 мың бас мүйізді ірі қара малын бордақылайтын алаң құрылыстары тағы бар. Өңірдегі мал шаруашылығын дамыту мамандарының айтуынша, ендігі мәселе – халықаралық стандартқа сай келетін ет комбинатының құрылысы. Бұл жобаның құрылысына биыл кіріспек ниетте. Мұнымен қоса, сүт шаруашылығын дамыту мақсатында Шиелі ауданында 1200 басқа арналған тауарлы сүт кешенінің құрылысы мен ширек ғасыр шабандап қалған құс шаруашылығы да қолға алынды. Былтыр Шиелі ауданында жұмыртқа өндіретін тұңғыш құс фермасы іске қосылса, Қармақшы ауданында 1500 тонна құс етін өндіретін фабрика, Қызылорда қаласында екі құс фермасын салу жобалары іске асырылды. Ең бастысы, 800 мыңға жетеғабыл халқы бар Қызылорда өңірінен кезінде әлдеқандай қиындық салдарынан сыртқа кеткендер көптеп елге қайта оралуда. Себебі атакәсіп – мал шаруашылығы өркен жайса, халық та қол қуысырып отырмақ емес.  width=

Малшыларға құрмет – еңбектің еленгені

Облыс әкімінің марапатына ие болған шаруа қожалық иелерінің қуанышында шек жоқ. Қысы-жазы малдың қамын күйттеген мамандардың жылына бір рет мәртебесі көтеріліп жатса, еңбектің жемісі сол емес пе? Алғыс хат, құрмет грамоталары, омырауға тағылған төсбелгі. Сол күнгі құрметтің бәрі малшы қауымына арналды. Одан бөлек, 30 озат малшыға бағалы сыйлықтар табысталды. Біз әңгімеге тартқан ІV облыстық малшылар слетінде «Үздік ет бағытындағы ауыл шаруашылығы кооперативі» аталымы бойынша ІІ дәрежелі дипломмен марапатталған Сырдария ауданы, Ақжарма ауылының тумасы Болат Мақсат 2015 жылы «Сыбаға» бағдарламасымен 5,5 млн, одан кейін «Қаз­Агро» мекемесінен жеті жылға 7 пайызбен 30 млн теңге несие алған. Бүгінде 15 адамды жұмыспен қамтып отырған қожалық иесі мал етін Қызылорда қаласындағы әлеуметтік дүкендерге нарықтағы құннан төмен бағада өткізеді. Оның айтуынша, малшылар слетін өткізудің пайдасы көп. «Бұл салада білмейтініміз көп. Слетке келген басқа өңірдегі шаруа қожалық иелерінен үйренетініміз көп. Былайша айтқанда, тәжірибе алмасу ғой. Сондықтан малшылар слетінен қалмауға тырысамын», – дейді Болат Мақсат. Ал «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, Арал ауданының тұрғыны Файзолла Нағашыбайұлы атакәсіппен 2005 жылдан бастап айналысады. Аналық сиырын 80 бастан 140 басқа дейін жеткізген ол елімізде мал шаруашылығына айтарлықтай көңіл бөлініп жатқанына дән риза. «Әкем кезінде «оқы» дегенде мән бермеп ем. Жоғары білім алмасам да, бүгінгі күніме шүкір деймін. Әкем де мал өсірумен шұғылданды. Сол жолды өзім де қуып келемін. Әу баста түйе өсірумен айналыстым. Қазір 80 бас аналық түйе өсіремін.  Түйелерді будандастырып, сүтті түйе шығардым. Кейіннен ақбас сиыр өсірдім. Қазіргі уақытта асыл тұқымды мал сатып, ет өндіремін», – деген Файзолла Нағашыбайұлы біраз қолбайлаудың бар екенін айта кетті. «Жем-шөпке шығын көп кетеді. Десе де, шығынды ақтау үшін еңбек етеміз. Қазір үкімет қаржылай көмектесіп жатыр. Арал ауданы құмды аймақ болғандықтан сүт өндіруге табиғаты қолайсыздау. Әрі малды ауданнан қашық жерде бағамыз. Сүтті арнайы пункттерге дер кезінде жеткізу қиын. Сондықтан әзірге тек ет өндіруге бет бұрдық. Және асылтұқымды сиырды өсіріп, өзім сияқты кәсіп бастағандарға сатамын. Қазір ақбас сиырдың бір жасар бұзауын 350 мың теңгеге саудалап жүрмін. Табысым жаман емес»,  – дейді ағынан жарылған шаруа қожалық иесі. Малшы қауымды сөзге тартқанда, мал өсірудегі бірден-бір қиындық – жем-шөптің жетіспеушілігі және етті өткізуде кедергілердің бар екенін ұқтық. Себебі бүгінде базар мен дүкеннің бәрін арнайы делдалдар жаулап алған. Біз бұл мәселе жайында сауалды Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Серік Қожаниязовқа қойған едік. – «Былтырға дейін біздің өңір «буферлік аймақ» делініп келді. Қызылорда облысы, тіпті Астанада өтетін дәстүрлі жәрмеңкеге ет өнімдерін апара алмай қалды. Өткен жылы Париждегі 85 елдің мамандарынан құралған экспертизалық бюро Қызылорда өңірі етінің өзгеден кем емес екенін дәлелдеді. Ол ол ма, мал шаруашылығымен аты шыққан Жаңа Зеландия, Канада, Аустралия сияқты елдердің өнімінен де таза екені айтылды. Сондықтан халықаралық стандартқа сай ет комбинатын салуды бастадық. Сатушы мен тұтынушының арасында байланыс болу үшін әр базардан малшыларға арналған арнайы сату алаңын, әр ауданнан бордақылау алаңын ашуды жоспарладық. Қазір Қазалы ауданында «Сыр маржаны» деген бордақылау алаңы жұмыс істеп тұр. Дәлірегінде, мал шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындарды ұйымдастыруымыз қажет. Бұл ретте ет, сүт, жүн, тері терең өңдейтін жаңа технологияларды енгізу аса маңызды. Былтыр «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы облыстық бюджеттен мал шаруашылығын дамытуға 1 млрд теңге қаржы бөлсек, биыл 1,3 млрд теңге қаржы қарастырдық», – деп жауап берді облыс әкімінің орынбасары. PS.Малшылар қауымын мерекесімен құттықтаған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жыл сайын облыстық малшылар слетіне басқа өңірлерден қатысушылар санының артып келе жатқанын ескеріп, осы тұрғыда Үкіметке, Ауыл шаруашылығы министрлігіне келер жылы облыста «Бірінші республикалық малшылар слетін» өткізу жөнінде ұсыныс жасады. «Келер жылы малшылар слетінің ұйымдастырылғанына – 5 жыл. Сондықтан шараны республикалық деңгейде өткізсек деген ниет бар. Ұсынысты Ауыл шаруашылығы министрлігі, қатысып отырған өңірлердің және республикалық палата өкілдері қолдайды деп ойлаймын», – деді ол өз сөзінде. Шынында да, еңбек адамын құрметтеуде өңір көш басында. Жыл сайын малшылар слетін, балықшылар слетін және күзгі жиын-терін кезінде «Алтын дән» мерекесін кең көлемде атап өтетін өңір ауыл тұрғындарын қуанышқа бөлеп жүр. ... Қызылорда қаласын бетке алдық. Бұрын Алаштың астанасы атанған қала жылдан-жылға көркейіп келеді екен. Оған дәлел – Сырдың сол жағалауынан 1530 гектар жерде жаңа қала бой көтеруде.   Бұл игіліктің бәрі Қызылорда қаласының 200 жылдығының жемісі. «Сыр елі – Алаштың анасы» деп тебіренген өңір халқы туған елде береке-бірлікте түтін түтетіп, төрт түлігін түлетіп отырудан асқан бақыттың жоқ екенін айтады.