1022
Қалаға көрік берген көркем мешіт
Қалаға көрік берген көркем мешіт
Қазақстан – зайырлы мемлекет. Алайда Қазақстан тұрғындарының басым бөлігі ислам дінін ұстанады. Сондықтан мемлекетіміз мұсылман елдері қатарынан саналады. Осы орайда айта кетер бір жәйт, соңғы мәліметтерге қарағанда Қазақстанда мұсылмандыққа бет бұрған жандар мен Алланың жердегі үйі – мешіттер саны жылдан жылға артып келеді.
Ал мешіттің көбеюі халқымыздың имандылық ишаратының бекіп келе жатқандығын көрсетеді. Жалпы, мешіт салудың сауаптылығы жөнінде Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с) заманынан бізге мынадай әңгіме жеткен. «Осман ибн Аффаннан (р.а) риуаят еткен хадис шарифте Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) «Кім Алланың дидарын қалап, оның жердегі үйін тұрғызса, Алла тағала оған жәннатта сондай үй тұрғызады» дегенін естідім» деген екен. Мешіт салу сауабының зор екенін осыдан-ақ байқауға болады. Ең бастысы, Астана халқының көбеюі мен имандылық парызын өтеуге бет бұрғандар санының артқандығы тағы бар.
Қасиетті Рамазан айы қарсаңында Астанада сәулеті ерекше жаңа мешіттің тұсауы кесілді. Алла үйінің ашылу салтанатты рәсіміне ҚР Президенті Әкімшілігі, Үкімет пен Парламент мүшелері қатысты. Мешітке Ырыскелді қажының аты берілді.
Салтанатты шарада сөз алған Бас мүфти Серікбай қажы Ораз: «Бүгін – күллі мұсылман қауымының рухани өмірінде тарихи күн. Қасиетті Рамазан айының қарсаңында елімізде тұңғыш рет постмодернизм стилінде салынған мешіт есігін айқара ашты. Баламалы энергия көздерімен қамтамасыз етілетін нөмірі бірінші құтханамыз құтты болсын, ардақты ағайын! Біз мұндай нығметке елдігіміз бен ерлігіміздің, бірлігіміз бен тәуелсіздігіміздің арқасында жеттік. Аллаға сансыз мақтаулар болсын! Осы мешіттің салынуына қамқорлық танытқан, ел қамында жүрген Елбасы мен ел ағаларына Алла разы болсын!
Халқымызда: «Азаны бар ауыл азбайды», – деген нақыл бар.
Мешіт – сүйіспеншілік пен бауырмалдықтың, игілік пен ізгіліктің, бірлік пен мейірімділіктің, барша жақсылықтың тоғысқан құтты мекені. Мешіт – Алланың үйі. Адамзат баласының рухани тұрғыдан дамуы мен пенденің тұлабойына адамгершілік құндылықтарды ұялатуда мешіттің орны қашан да маңызды. Бұл мешіт құлшылықтың ғана ордасы болып қалмай, рухани һәм мәдени-ағарту, қоғамдық келісім мен бірлік пен берекенің ошағына айналады деген сенімдемін. Жаңа мешіт, сонымен қатар салт-дәстүріміздің, тағылымға толы тарихымыздың насихатшысы, діни һәм ғылыми жаңалықтардың әрі қайырымдылықтың орталығы болады.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің қасиетті хадис-шарифінде: «Мешіт салған адам үшін Алла Тағала жәннатта сарай тұрғызады». Мешіт салу – сауабы үзілмейтін сауапты іс! Осы құтхананың құрылысын қолға алған дініміздің жанашыр азаматтарына, Алла үйінің бой көтеруіне тілеулестік білдірген жамағатқа Алла разы болсын», – деді.
Бас мүфтиден кейін сөз алған ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев жамағатты жаңа мешіттің ашылуымен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Айта кету керек, мұсылмандардың қасиетті Рамазан айының қарсаңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа мешітке арнайы атбасын бұрып, мінәжат еткен еді.
Есілдің оң жағалауынан орын тепкен мешіттің құрылысы 2016 жылы басталды. Жаңа мешіт қайырымдылық мақсатпен жиналған қаражат есебінен тұрғызылды. Мешіт ғимараты дәстүрлі өрнектер мен декоративті элементтер қолданыла отырып, постмодернизм стилінде салынған. Негізгі ғимарат күрделі әрі жартылай сфералық нысанды елестетеді. Оның қабырғалары үшбұрыштана сүйірленіп, диаметрі 26 метрлік күмбезбен жалғасқан. Мешіттің сыртқы дизайны гүлді әрі алмастың қырларын еске салады. Астананың 20 жылдығына тарту болған мешіттің халық арасында «Алланың гүлі» деп аталуы тегін емес. Осы тәрізді нысандар Малайзия, Германия мемлекеттерінде бар.
Мешіттің басты ғимаратының солтүстік жағында орналасқан мұнараның биіктігі – 43,5 метр. Ол «қалам» – «қасиетті қауырсын» түрінде бой көтерген. Ғимараттың сәулетшісі – Сағындық Жанболатов. Белгілі сәулетші – Қазақстанда тұрғызылған бірнеше мешіт жобасының авторы. Осы жолы автор дәстүрден алыстап, мешітті заманауи символизм және авангард стилінде тұрғызуға күш салды. Бұған дейін Сағындық Жанболатовтың жобасымен Астанадағы «Хазірет Сұлтан» мешіті бой көтергені белгілі. «Бұл мешіттің формасы Қазақстандағы ешбір мешітке ұқсамайды. Іші де өзгеше. Миxрабы қабырғадан бері қарай орналасқан. Ал энергия тұтыну жағынан әлем бойынша бірегей нысан болып саналады. Себебі энергияны толығымен күннен алады. Артық энергияны да өндіруге мүмкіндік бар. Оны қалаға сатып, жылына 4 млн теңге пайда көруге болады. Бұның барлығы – Астанадағы ЭКСПО көрмесінің нәтижесі», – дейді С.Жанболатов. Оның айтуынша, жаңа мешітке бір мезгілде 750 адам құлшылық ете алады. Дегенмен намаз кезінде қатарға тұрғанда, оған бір мыңнан астам адам сыйып кетеді. «Еденді арнайы жылыту жүйесі тартылған. Ішкі сәулеті де айрықша, авангард үлгісінде жасалған. Біз оны «жаңа қазақ» стилі деп атаймыз. Қабырғалары әппақ, көп жазулар жоқ. Күмбездің айналасында ғана Алла тағаланың тоқсан тоғыз аты жазылған. Басқа жерінде адамның ойын алып кететін ешқандай әшекей де, ою-өрнек те жоқ. Ол да – жаңа мешіттің ерекшелігі», – деді сәулетші.