Түркістанға туристер ағылуда

Түркістанға туристер ағылуда

Түркістанға туристер ағылуда
ашық дереккөзі
646
Киелі Түркістан қаласын әлемдік деңгейдегі тарихи-мәдени орталық ретінде дамыту үшін әзірленген «Көне Түркістан» тұжырымдамасы 3 кезең бойынша жүзеге асырылуда. Көне шаһардың 99,6 гектар аумағын қамтитын концепцияның негізгі мақсаттарының бірі – туристік индустрияны дамыту. Жоба қазірдің өзінде оң нәтижелерімен қуантуда. Мәселен, биылғы жылдың алғашқы үш айының өзінде Түркістанға 300 мыңға жуық турист келген. Олардың 5 мыңы – шетел азаматтары. Қала әкімі Тәжібек Қалманұлының айтуынша, туризм саласында 1 млрд 689,3 млн теңге табыс түсіп, қала экономикасының ұлғаюына үлесін қосқан. Ал өткен жылы қасиетті қалаға 1 млн-ға тарта турист келді. Қазіргі таңда қала халқының саны 263 мыңнан асады. Тәжібек Мұсаев бұдан өзге жыл басынан бері шағын және орта кәсiпкерлiкпен айналысатын 13 405 субъект тiркелгенін атап өтті. «Бүгінгі таңда нақты жұмыс iстеп тұрған белсендi кәсіпкерлік нысандарының саны 13 мыңнан асса, жұмыспен қамтылған адамдар 34 мыңды құрап отыр. Ал аталған саладағы өнiм көлемi 19648,9 млн теңгеге жеткен. Қаладағы өнiм көлемi 2,6 пайызға артып отыр»,‒ деді Тәжібек Қалманұлы. Өткен жылы «Түркістан − түркі әлемінің мәдени астанасы» болып бекітілуі де туристер санының артуына септігін тигізді. Киелі шаһардың өзінен бөлек, қаладан жүз шақырым қашықтықта, теңіз деңгейінен 1300 метр биіктікте орналасқан сарқырама-үңгір «Жылаған атаға» келушілердің де қарасы артты. Сарқырама атаулыдан су үзілмейтіні мәлім, ал «Жылаған атадан» су белгілі бір уақыт көлемінде ғана ағады. Ешқандай уақытқа бағынбайтын тылсым, нағыз жұмбақ сарқырама. Сарқырамаға барған әрбір адам келген сәтінен судың аққан және тоқтаған мезеттерін көргісі келеді. Әсіресе, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан, Қытайдан және еліміздің барлық өңірлерінен келушілер көп. Жылына екі мыңға жуық адам «Жылаған ата» үңгірінің құдіретіне қайран қалып, табиғатын тамашалап қайтады. Егер жақсы жол салынса, келушілер саны мұнан да көп болар еді дейді жергілікті тұрғындар. Әзірге «Жылаған атаға» арнайы жол талғамайтын көліктермен ғана баруға болады. Табиғат таңғажайыбын көру үшін 3 шақырымдай жолды жаяу жүруге тура келеді. Жол қиындығына қарамастан жыл сайын табиғат тылсымын тамашалауға келетіндердің көбейе түсуі туристік сала үшін таптырмас бағыт екендігін дәлелдеп отыр. Сондықтан Түркістан қалалық әкімдігі жол-көлік инфрақұрылымын қалыптастыру бағытында жұмыс істеуде. Туризмді дамыту мақсатында қолға алынған «Көне Түркістан» тұжырымдамасы аясында әуелі қызмет көрсету сапасын арттыру үшін Түркістан қаласындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Гид-экскурсовод», «Мейрамхана ісі», «Мейрамхана даяшылары», «Туризм менеджері», «Қонақүй бизнесі» мамандарын қайта даярлау жұмыстары үйлестірілді. Сондай-ақ, «Нәтижелі жұмыспен қамту орталығы 2020» бағдарламасы арқылы туризм саласының аталған мамандықтары бойынша 32 азамат қайта даярлау курстарынан өткен. Түркістандықтар бейресми жүргізіп келе жатқан ерекше бір статистикалық мәлімет бар. Тәуелсіздік жылдарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістанға 13 рет келіпті, сондай-ақ, 6 мемлекеттің президенттерін осы қалада қабылдаған. Бұл деректердің маңызы терең екенін түркістандықтар жақсы біледі. Мемлекет басшысы «Қазақстанның рухани орталығы» деп бағалаған Түркістан қаласының дамып, өркендеуіне ерекше ықылас танытып келеді. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаудың нәтижесінде қала күн сайын көркейіп, әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсара түсуде. Мысалы, тәуелсіздік жылдары ішінде Түркістанда жаңадан 38 мектеп ғимараты салынды. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында 48 спорт нысаны пайдалануға берілді. Сондай-ақ, 50 балабақша ашылып, медицина саласында 23 денсаулық сақтау нысаны бой көтерді. Өткен жылдың соңында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Түркістан қаласына қарасты Шорнақ ауылдық округінің орталығындағы ауысымына 100 науқас қабылдайтын емхананы ашты. 231 млн теңгеге салынған емхананың ғимараты заман талабына сай жабдықталған. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы саласында да ауыз толтырып айтарлық жетістіктер көп. Қазіргі күні қала аумағында 3600 шаруа қожалығы тіркелген. Мал басының барлық түрін қосқанда 1991 жылдары 210 мыңнан асса, бүгінде 635 мыңға жетіп, 3 есеге артып отыр. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы құны 4465,7 млн теңгеге 18 жоба енгізілді. Өткен жылы құны 2493,0 млн теңге болатын 13 жоба іске қосылып, 574 жұмыс орны ашылды. Оларда 1610,2 млн теңгенің өнімі өндіріліп, жалпы өнеркәсіп өнімі көлеміндегі үлесі 11,8 пайызға жетті. Қаланың экономикалық-әлеуметтік ахуалының жақсарып, рухани орталық атануға лайықты болу мақсатында атқарылып жатқан істердің нәтижесі болар, Түркістанда өмір сүргісі келетіндер саны арта түсуде. Халықтың өсімі жоғары және ауыл-аймақтар мен тіпті көршілес облыстардан көшіп келіп жатқан тұрғындар да бар. Яғни, тұрғын үйге деген сұраныс жоғары. Қала бойынша тұрғын үй кезегінде 6 мыңнан астам азамат, үйіргелік жер алу үшін өтініш білдірген 25 мыңға жуық азамат кезекте тұр. Соңғы жылдары тұрғындардың өтініш-тілектерін қанағаттандыру мақсатында кешенді жоба қолға алынған. Атап айтсақ, соңғы 2-3 жыл көлемінде қаланың жаңа орталығын қалыптастыру үшін шығыс бөлігінен «Отырар» шағын ауданы құрылды. 2016 жылы облыс басшысы Жансейіт Түймебаевтың қатысуымен 300-ге тарта пәтер, яғни 9 қабатты екі үй және 5 қабатты екі үй пайдалануға берілді. Ал былтыр 60 пәтерлі 5 қабатты 8 үйде қоныстойы тойланды. Сондай-ақ, өткен жылы 150 коттедж және 20 көп қабатты үйлер салуға құжаттар рәсімделді. Келешекте бұл шағын ауданда 100 көп қабатты үй салу көзделуде. Демек, киелі Түркістанның ірі қалалар қатарына қосылатын күні таяу.

Бексұлтан Шөже

Серіктес жаңалықтары