АҚ МАҚТА МАҚТАНЫШЫ БОЛСА ДА...

АҚ МАҚТА МАҚТАНЫШЫ БОЛСА ДА...

АҚ МАҚТА МАҚТАНЫШЫ БОЛСА ДА...
ашық дереккөзі
Бұрын Өзбекстанды «ақ алтынның отаны» атандырып, өзге одақтас республикалардан ерекшелеген мақта өндірісі болатын. Соған байланысты мақтаны көктемде егіп-баптаудан бастап, күзде теріп алуға дейінгі аралықтағы науқанға бүкіл Өзбекстан халқы жұмылдырылатын. Түрлі мекеме жұмысшыларын былай қойғанда, мектеп оқушылары мен жоғарғы және орта арнаулы оқу орындарының студенттері жазда (мамыр, маусым, шілде айларында) және күзде (қыркүйек, қазан, қараша) жарты жыл өмірін мақта алқаптарында өткізетін. Демек, өзбек елінде жылына миллиондаған тонна мақта өндірілсе, бұл миллиондаған адамның жарты жыл бойы тынымсыз еңбегінің нәтижесі екені айдан анық. Өндірістің қозғаушы күші болып табылатын адамдардың денсаулығы жөнінде көп айтыла бермейді. Өкінішке қарай, егістік жерде еңбек етудің адам өміріне тигізетін зияны мол. Себебі егіннен мол өнім алу үшін өсімдік зиянкестері мен арам шөптерді жоюға улы химикаттардың пайдаланылатыны жасырын емес. Ал химикаттар пайдалану – мақта егуде ерекше көп қолданылады. Кейінгі кезде көрші елдегі мақта өндірісінің адам денсаулығына тигізіп жатқан зардаптары жөнінде жиі айтыла бастады. Бұл мәселемен біраз жылдан бері айналысып жүргендердің бірі – Өзбекстан құқыққорғау альянс­ының жетекшісі Елена Урлаева. Өзінің айтуынша, 1998 жылдан бері құқыққорғау ісімен айналысып жүрген Елена өзбек еліндегі мақта өндіру ісін тереңдеп зерттей бастаған. Он жылдан бері мақта алқаптарының жағдайына мониторинг жүргізіп келе жатқан ол, бұл мәселеге Өзбекстанның ғана емес, халықаралық құқыққорғау ұйымдарының назарын аударуға қол жеткізген. Соның арқасында әуелі мектеп оқушыларын, соңынан колледж студенттерін мақта жиын-теріміне қатысудан азат етуге қол жеткізді. Қазіргі кезде Е.Урлаева халықаралық құқыққорғау ұйымдарымен бірге мақта өндірісі сол салада еңбек етіп жүргендердің денсаулығына қаншалықты зиянды екенін анықтау үшін ел басшылығымен келісімге келу жолында жұмыстар жүргізуде. Өзбекстан денсаулық сақтау министрлігінің мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау орталығының бас дәрігері Бахром Алматовтың айтуынша, Өзбекстандағы мақта алқаптарының 90 пайызына мақтаны жинап алудың алдында магний хлораты секілді қауіптілігі 3-4 дәрежелі улы дәрілер себіледі. Сондықтан мұндай алқаптарға дәрі себілген соң 10 күнге дейін адам кірмеуі тиіс және жасы 18-ден аспағандар мұндай жерде еңбек етпеуі тиіс екен. Себебі әлі буыны қатпаған жас адамдарға жартылай иіліп, 15-20 келі жүк көтеріп жүріп жұмыс істеу – түрлі ауруларға шалдықтыратын ауыр еңбек дейді дәрігер. Орталық Азия елдерінде еңбектің ауырлығынан аурулардың түрі көбейген. Негізінен егіншілікпен айналысатын бұл аймақтың халқының көбі әлгіндей түрлі улы дәрілер себілетін алқапта жұмыс істейтіндіктен, жасына жетпей мүгедек болып қалғандардың қатарын көбейтуде. Сондықтан болар, өзбек еліндегі мақта өндірісінде әлі күнге дейін жол беріліп келе жатқан кемшіліктер үшін Халық­аралық еңбек ұйымы өкілдері жиі ескертулер жасап жүр. Аталған ұйымның конвенциясының бірнеше бабында ауыр жағдайда еңбек ететіндердің жасы бойынша шектеу бар, сол сияқты олардың құқығын қалай қорғау жайында көрсетілген. Мәселен, конвенцияның 11-бабында «Мәжбүрлі және міндетті жұмысқа жасы 18-ден жоғары және 45-тен аспаған ер адамдар тартылуы тиіс» десе, 12-бабында «Әр жұмысшыға сондай ауыр жұмысқа жегілгені және істеген уақыт мерзімі көрсетілген арнаулы куәлік берілуі керек» деп, ал 13-бабында «Мәжбүрлі немесе міндетті ауыр жұмысқа жегілген барлық тұлғаларға аптасына бір демалыс күні белгіленуі қажет» деп көрсетілген. Осы жағдайларды есепке ала келіп, Өзбекстан құқыққорғау альянсы өзбек үкіметіне «уланған мақта алқаптарында жасы 45-тен асқандармен бірге балалардың еңбек етуіне жол беріліп отырғаны», «мақта терушілердің уланған алқапта еңбек етуге арналған арнайы киімдермен «жабдықталмағаны және демалыссыз, күніне 10 сағаттан аса уақыт жұмыс істейтіні», «мақта алқаптарында еңбек ететіндерге арнайы медициналық тексеру жасалмайтыны», «улы дәрілер себілген алқапта тамақ дайындалатыны» және «2017 жылы мақта терімі кезінде еңбек еткен екі жарым миллионнан аса адамның көпшілігі әйелдер екені» жөнінде ескертулер жасаған. Әрине, бұл жағдайлардан өзбек үкіметі де хабардар. Олар мүмкіндігінше бұл мәселені шешудің жолдарын қарастырып, түрлі шаралар қолданып жатыр. Мәселен, өткен жылдың соңында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев Қарақалпақстанға келген сапарында, негізінен, қазақтар қоныстанған Тақтакөпір ауданында алдағы кезде мақта егілмейтінін, бұл өңірдің халқы алдағы кезде тек мал шаруашылығымен шұғылданатынын айтқан болатын. Қалай дегенде де мақта өндірісі өзбек елінің басты байлығы. Кеңестік кезеңнен бастап бағалы талшықты дақыл өндіруге маманданған елге сырттан тұрып ақыл айту оңай болғанмен, оның экономикасын көтеріп беретін ешкім жоқ. Солай болса да, алдағы уақытта өзбек елі «ақ алтын» өндірудің адам денсаулығына зиянсыз жолын тауып, экономикасын одан әрі өркендетудің тиімді тетігін жасайтыны анық.