Қазақ мультфильмдері неден мүдірді?

Мультфильм – өзгеше әлем. Ол адамға мәнді өмір сүруге, дұрыс тәрбие беруге, ой салуға ұмтылады. Ғажайып толы ғұмырға, тылсым күштердің бар екеніне, ерекше жаратылыстардың өмір сүретініне сенім сыйлайды. Мультфильм мен ертегінің  ең ұнамды тұсы – олардың соңы жақсылықпен аяқталады. Ол кішкентай балаға да ересек адамға да ұнайды.

Әлемдегі ең алғашқы мультфильм қай жылы, қайда дүниеге келді? Бұл сұрақ әлі күнге дейін сарапшылар арасында толықтай шешілмеген. Алайда мультипликацияны алғаш болып Эмиль Коль мен Джеймс Стюарт Блэктон ашты. Ең алғашқы мультфильм деп «Фантасмагорияны» атауға болады,-дейді зерттеушілер.

Сарапшылардың пайымдауынша, 1900 жылға дейін Джеймс Стюарт Блэктон Томас Эдисоннің камерасы үшін «жанды сиқырлы сурет» ойлап тапқан. Бұл жақта кино техникасы мен графика өзара үйлесім тауып, мультипликацияға жол ашқан.

Осы тәжірибеден соң, Джеймс Стюарт Блэктон 1906 жылы «Юмористические фазы весёлых рожиц»  мультипликациялық фильмді шығарды. Ал 1907 жылы «Отель с призраками»  мультфильмі жарыққа шықты. Бұл мультфильм үлкен сұранысқа ие болып, кеңінен танылды. «Тірілу», «жан біту», «өздігінен қозғалу» сияқты техникаларды пайдалану арқылы мультфильм өте әсерлі болып шықты.

Мультфильмді Париж қаласында көрсеткенде, Gaumont француз фирмасы танымал туындының қалай түсірілгенін білмей, мультфильм құпиясын ашуға тырысты. Франция халқы бұл мультфильмді «Америкалық қозғалтқыш» деп атап кетті. Алайда, Блэктонның туындыларын мультфильм деп айтуға келмес. Туындыларда тек кино техника мүмкіндіктерін көруге болады. Сондықтан да, сарапшылар «Фантасмагория» мультфильмін алғашқы деп атайды.

Осылай Америка елінде  бастау алған мультфильм біздің елімізге  1967 жылы келді. ҚР Еңбегі сіңген өнер қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері, Ұлы Отан соғысының ардагері, Ұлттық өнер академиясының профессоры, режиссер-аниматор, қазақ мультипликациясының негізін қалаушы Әмен Қайдар Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтын үздік бітіріп шыққан соң, мультфильм шығаруға кіріскен болатын.

Алғашқы мультипликациялық туындысын шығармас бұрын, ол қазақ аңыз-ертегілері мен қиса-дастандарды оқып, қазақ ауыз әдебиетіне үлкен зерттеу жүргізген. «Қарлығаш ұясын бұзуға болмайды!» деген тыйым сөзді естіп өскен ол алғашқы туындысына халық ертегісін арқау еткен.

Мультфильм жасауға бес адамнан тұратын шығармашылық топ кірісті. Мультфильм музыкасы белгілі сазгер Нұрғиса Тілендиевке тапсырылды. Қазақтың тұңғыш мультфильмі ұлттық музыкалық аспап домбыра әуенімен әрленді. Ұзақтығы 10 минутқа жететін мультфильм жасауға бір жарым жыл уақыт кеткен.

Әмен Қайдардың ұлттық мультфильм түсіру туралы ойын сол кездегі «Қазақфильм» киностудиясының басшысы Камал Смайылов қолдаған болатын. Сол заманғы тәртіп бойынша, есеп беру мақсатында мультфильмді Мәскеуге жібереді. Алайда, Мәскеудегі «Қазақфильм» киностудиясының тікелей басшысы Цигеди шағын топтың жасаған үлкен жұмысына сене алмай, қарсылық білдірді. Алайда, Камал Смайылов қазақтың өз ұлттық мультфильмінің болу керектігін алға тартып, басшы наразылығына төтеп берді. Көп ұзамай Мәскеу қаласынан мамандар келіп, жұмыс барысын өз көздерімен көріп, шығармашылық топ еңбегін жоғары бағалады. Өз кезегінде, мультфильм жұмысы жалғаса берді.

Мультфильм жасау жұмыстары аяқталған соң, оны 1967 жылы арнайы топ тексерді. Туынды оң бағаға ие болған соң, экранға шығып, қазақтың тұңғыш мультфильмінің тұсауы кесілді.

«Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» тұңғыш қазақ мультфильмі жарыққа шыққан бойда, көрермендердің ыстық ықыласына бөлене бастады. Бүкілодақтық тұсауы кесілген сәттен бастап-ақ, мультфильм шетелдерге ұсынылып, 48 елдің экранынан көрсетілді.

Осы мультфильм жарыққа шыққан соң қазақ мультпликациясы бірте – бірте дамыды. Әмен Қайдар жыл сайын жаңа мультфилмьдерді шығара бастады. «Құйыршық» 1969 ж, «Жанар» 1972 ж, «Күн сәулесінен пайда болған көжек» 1975 ж , «Ақсақ құлан» 1968 ж, «Қожанасыр – құрылысшы» , «Қырық өтірік» 1978ж  экраннан көрсетіле бастады.

Режиссер-суретшілер Ж.Дәненов пен Ұ.Қыстауовтың “Алпамыс батыр”, “Айдаһар аралы”, Е.Әбдірахмановтың “Тапқыштар”, “Бозторғай”, Б.Омаровтың “Үш шебер”, “Қаңбақшал”,Т.Мұқанованың “Жібек шашақ”, “Қайшы”, Қ.Сейденовтің “Тігінші мен ай”, “Қадырдың бақыты” атты мультфильмдері – қазақ мультипликациясы тарихында жоғары бағаланған шығармаларға айналды.

Ия қазақ мультипликациясының негізін қалаушы, дүниеге әкелуші осы азаматтар. Бірақ олардың еңбектері бүгінде балалар көреді ме деген сұрақ туындайды. Әрине өткен уақыттарға қарағанда қазақ мультфильмі едәуір алға жылжыған. Сапасы жақсарып, көруге көз қуантарлықтай болып келеді. Қазіргі уақыттарда балалар сүйіп көретін «Алдар көсе» мультсериялы 2010 жылдан бері шығып келеді. Ол бүгінгі күні  балалар сүйіп көретін қазақ мультфильмдерінің алды болып тұр.

2013 жылы жарық көрген «Ер Төстік және АйдаҺар», «Мақтаншақ қыз» атты мультфильмдер біршама көрермен жинады. Ал 2012 жылы «Қошқар мен Теке» атты мультфильмнің 1- бөлімі теледидардан көрсетілген еді. Оны тек балалар емес, ересектер де көріп  қуанған болатын.  Араға 2 жыл салып бұл мультфильмнің 2- ші бөлімі шықты. Ол бөлімі де халық арасында зор қошеметке бөленген болатын.

Ресей, Қытай, АҚШ секілді алпауыт мемлекеттердегідей қыруар қаржы бөлініп, анимациялық фильмдердің дауына айтарлықтай күш салмасақ та, қазақ мультфильмінің көші жанданып келеді. Осы тұрғыдан кішкентай балаладың ата – анасының ойын білейін деген едім.

5-жасар Ануар есімді жігіттің анасы: «Балама бос уақықында мультфильм қосып беремін. Қазақша мультфилмьдерді көп қарайды. Әсіресе «Алдар көсе», «Қошқар мен Текені»  қойып беруімді сұрайды. Сонымен қатар «Маша и медведь» атты мультфильм  көріп жүреді. Қандай мультфильм көретінін қадағалап жүремін, себебі қазір шетелдердің шығарып жатқан сан түрлі жанрда, әр түрлі жасқа арналған мультфильмдері бар. Сондықтан өз елімізде шығарылып жатқан мультфилмьдерді көбірек көрсетемін ,- деп қазақ мультфильмдеріне жоғары баға берді.

Ал 6-жасар Диананың анасы: «Қызым мультфильм көретін кезде, шетелдік «Уолт Дисней», «Dream World» компанияларының шығарған дүниелерін қарайды. Неге десеңіз олардың сапасы өте жоғары, көрген кезде көзің қуанады. Кейде қызыммен қосылып, өзім де көріп отырамын. Осы компаниялардың 1,2 туындыларын қазақшаға аударған версиясын қарадық. Ол қызыма ұнады. Қазақша мульфильмдерді мүлде қарамайды деп айта алмаймын. Бірақ жоғарыда атап өткен компаниялардың туындыларын көп көреді,- деді.

Ия Wold Disney мен Dream World мультфильм мен фантастикалық кино өндіру саласында әлемдегі ең ірі компаниялар. Олардың туындылары дүние жүзінде зор сұранысқа ие екені мәлім.

Біздің еліміз де олардың туындыларын қазақ тіліне ауарып, балаларға ұсынылып жүр. Алайда қазақшаға аударған түрін, көпшілік көре бермейді. Дұрыс аудармаған, сөздері үйреншікті емес, жасанды деген шағымды көп естиміз.

АҚШ, Германия, Франция, Жапония, Қытай сынды мемлекеттер анимация­лық фильмдерге мемлекеттік тұрғыда үлкен мән береді. Ресейде балаларға арналған анимациялық фильмдерді идеологиялық құрал ретінде пайдаланып, оған қыруар қаржы бөлуде. Нақты айтсақ, олар анимациясына  жыл сайын 300 млн. АҚШ долларын жұмсайды. Ресей аниматорлары ұлттық құндылықтарды балалардың санасына сіңіру мақсатында алдарына жан салмай тер төгуде. Олар көбінесе Крыловтың мысалдарын немесе тарихта болған батырларын кейіпкер ретінде алып, тамаша толықметражды анимациялар жасап шығарды.

Біздің елде анимацияның дамымай тұрғандығының бір себебі, осы қаржы тапшылығынан деп айтсақ, өтірік емес. Мәселен, АҚШ-та анимациялық мықты туынды жасауға қыруар қаржы жұмсалады. Толығырақ  айтсақ, алдыңғы жыл  жарық көрген «Рио» мультфильміне 90 миллион АҚШ доллары бөлінсе, балалардың ғана емес үлкендердің де сүйіспеншілігіне бөленген, «Мадагаскар» мультфильміне 75 миллион АҚШ доллары, ал  олардан атағы кем емес «Рапунцель» анимациялық киносына 260 миллион долларды құрайтын рекордтық мөлшерде қаржы бөлінген екен.

Біздің ел де ұлттық құндылықтарды баланың санасына сіңіре отырып, тарихтағы батырларымыз бен хандарымыз жайлы танымдық, құнды туындылыр жасауға жете көңіл бөлсе, ол үшін қаржы бөлінсе  қазақ мультипликациясы да өркендеп, шет елден қалыспауы әбден мүмкін.

       Тоғжан Нарбай,

  әл–Фараби атындағы ҚазҰУ

 Журналистика факультетінің

 4- курс студенті 

Back to top button