Сингапур мен Қазақстанның дипломатиялық қарым-қатынасына – 25 жыл

Сингапурда Қазақстанмен дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдығы аталып өтті. Сингапурдағы Қазақстанның елшілігі екі елдің арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толуына орай мерекелік қабылдау шарасын өткізді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның Қытайдағы меншікті тілшісі. 

Шараға Сингапур үкіметінің, дипломатиялық корпусының, бизнес-құрылымдарының, мәдени және ғылыми ортаның, БАҚ өкілдерімен бірге аралдағы мемлекетте өмір сүріп жатқан Қазақстанның азаматтары қатысты. Қазақстандағы Сингапурдың елшісі Зулкифли Бахарудин кештің құрметті қонағы болды.   Өз сөзінде Сингапурдағы Қазақстанның елшісі Үсен Сүлеймен екі елдің арасындағы ынтымақтастықтың іргетасын қос мемлекеттің көшбасшылары – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Сингапурдың бірінші Премьер-Министрі Ли Куан Ю қалағанын атап өтті.   Қазақстандық дипломаттың айтуынша, екі мемлекет барлық бағыт бойынша, атап айтқанда қытайлық «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында екіжақты қарым-қатынасты бекемдеуде зор әлеуетке ие. Өз кезегінде Қазақстандағы Сингапурдың елшісі Зулкифли Бахарудин Қазақстан қазіргі таңда Сингапурдың Орталық Азиядағы ең ірі сауда-экономикалық серіктесі болып отырғанын, 2017 жылы екіжақты тауар айналымы 100 млн АҚШ долларынан асқанын атап өтті.   Оның айтуынша, екі елдің арасында авиахабарламаның тезірек жолға қойылуы сауда-экономикалық қарым-қатынасты дамытуда қосымша серпін болмақ. Сонымен бірге бұл қадам Сингапурдан Қазақстанға баратын туристердің санын арттып, екі халықтың достығын нығайтуға үлес қосары сөзсіз.

Back to top button