Кино саласындағы кедергілер көшпелі кеңесте талқыланды

Кино саласындағы кедергілер көшпелі кеңесте талқыланды

Кино саласындағы кедергілер көшпелі кеңесте талқыланды
ашық дереккөзі
Алматы қаласындағы Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында Парламент сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшелері отандық киногерлермен кездесті. Жиында «Кинематография туралы» заң жобасы сөз болды. Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрайымы Бірғаным Әйтімова бастаған депутаттар ең алдымен киностудияның бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты. Содан кейін арнайы кеңес өткізіп, Бірғаным Әйтімова сөз басында қазақ кинематографиясының сапасын арттыру, бәсекелестікке төтеп беру күшінің зерттеліп жатқанын тілге тиек етті. Ал қазақстандық кино саласындағы мамандар арнайы заңның қабылдануы қажеттігіне тоқталды. «Бүгінде «Қазақфильм» киностудиясы – ұлттық бренд және Қазақстан киноиндустриясының қозғаушы күші. Біз – Қазақстанның  кинематографистері еліміздің «Кинематография туралы» заңын күтіп жүргенімізге көп болды. Бұл заң кинематографистердің, кино өндірушілердің, прокатшылардың, дистрибьюторлардың жұмысын реттеп отырады, киноиндустрияның экономикалық тетіктерінің дамуын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар салықтық артықшылықтар,  кедендік жеңілдіктер және мемлекеттік субсидиялау механизмі сияқты  нарықтық механизмдер арқылы жағымды инвестициялық климат қалыптастырады», – деді Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ президенті Бақыт Қайырбеков. Ал КСРО халық артисі, белгілі актер Асанәлі Әшімов «Қазақфильм» киностудиясының жеке меншікке өтпеуі қажеттігін айтты. «Қазақфильм»  киностудиясына ұлттық компания мәртебесін қайтару турасында сөз  қозғады. «Бұл киностудия – еліміздің барлық киногерлерін  біріктіретін ортақ  бір шаңырақ. Осы жерге бәріміз жиналып кино төңірегінде әңгіме құрамыз. Сондықтан да кино­­сту­дияның территориясы тек мемлекетке ғана тиесілі  болып, жеке меншікке өтпеуі тиіс. Киностудияға ұлттық компания дәрежесін   қайтару керек», – деген ұсынысын білдірді Асанәлі Әшімов. Көшпелі кеңесте киногерлер саладағы түйткілдер туралы сөз қозғап, талай мәселелерін ортаға салды. Сенатор Бірғаным Әйтімова мамандардың барлық ой-пікірлері заң жобасында қарастырылатынын атап айтты. Айта кетейік, соңғы жылдары қазақ киносына деген қызығушылық артып келеді. Ресми деректерге сүйенсек, 2016 жылы отандық туындылар барлық кассалық табыстың 6 пайызын жинаса, өткен жылы бұл көрсеткіш 13 пайызға жетті. Атап айтсақ, 2017 жылы отандық кинотуындылар 44,5 миллион доллар жинады.