«Бетпақ шөлде Сыздық өлер, құм көмер...»

«Бетпақ шөлде Сыздық өлер, құм көмер...»

«Бетпақ шөлде Сыздық өлер, құм көмер...»
ашық дереккөзі
ХХ ғасыр басында қазақ поэзиясында үлкен серпіліс тудырған қайталанбас қазақ ақындарының бірі – Мағжан Жұмабаевтың туғанына биыл 125 жыл толады. Ақынның мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде тойланғалы отырғаны қазақ халқы үшін қуаныш. Небәрі 44 жыл ғана ғұмыр кешіп, артына өшпес мұра қалдырған Мағжан Жұмабаев – бүгінде қазақ әдебиеті және түркі әлемінде  шығармашылығы тереңнен зерттеліп, зерделеніп жатқан айшықты тұлғалардың бірі. Мағжан шығармашылығы ақталып, зерттеулер басталғанда, 1994 жылы «Мағжан Жұмабаев поэзиясындағы фольклорлық дәстүр» деген тақырыпта диссертация қорғаған «Мағжан шығармашылығының фольклорлық қырлары», «Жырымен жұртын оятқан», «Мағжан – символист», «Мағжан поэзиясындағы заман шындығы» деген монографиялар жазған, ақынның 1929 жылдан кейін жарық көрмеген «Сауатты бол» кітабын 2013 жылы жарыққа қайта шығарған белгілі ғалым, профессор Бақыткамал Қанарбаевамен сұхбаттасудың сәті түскен еді. – Бақыткамал апай, Мағжан шығармашылығының қазақ әдебиетіндегі орны қандай? Әсіресе, ақынның «Батыр Баян» поэмасына қандай баға берер едіңіз? – Мағжанның ақталуы, шығармаларының қайта оралуы қазақ әдебиеті мен тарихы үшін де маңызды болды.  Ең әуелі Шоқан Уәлиханов Баян батыр туралы жазған еді, бірақ оған көңіл аударыла қоймады. Мағжанның «Батыр Баян» поэмасымен танысқаннан кейін ғана жұртшылықтың қызығушылығы артты. Батыр Баянның шыққан тегі, ұрпақтары іздестіріле бастады. Алғашқы кино түсірілді, өкінішке қарай, сол фильмді түсірушілер елеусіз қалды. Еңбектері ескерілмеді. Баян батыр тарихта болған тұлға ма деген сауал көп толғандырды. Таңғаларлығы сол, Батырға байланысты тарихи деректер Қазақстаннан емес, Петербургтен табылды. Оны іздестіруде сол кездегі тарих институтының директоры академик Манаш Қозыбаев үлкен тер төкті. Ғалым аспиранттар жіберіп, Ресей архивінен деректер әкелді. Соның нәтижесінде Баян батыр тарихта бар тұлға екендігі дәлелденді. Оған мен де атсалыстым. «Жырымен жұртын оятқан» деп аталатын монографиямда батыр туралы мол мағлұматтарды келтірдім. Мағжан шығармашылығының ақталуы, тарихтағы тағы бір ірі тұлға Сыздық Кенесаринмен таныстырды. Оның да арамызға оралуына ықпал еткен ғалымдардың  бірі болдым. Мағжанның «Ертегі» поэмасын зерттеу барысында көп нүктелі ойлар әлде бір құпия сырды бүркемелеп отырғанын сездім. Әсіресе,  «Бетпақ шөлде Сыздық өлер, құм көмер... Жүректе  у... жарып қарар кім ішін...» деген сөздер мен «Өз әкесі Кенесары кім еді? Ойнаған от!», – деп келетін сөздер көңіліме күдік әкелді. Осыдан кейін тарихшыларға жолығып, Сыздық деген қазақ батыры болды ма деп сұрадым. Өкінішке қарай, көбі жауап бере алмады. Сөйтіп жүргенде, Әуезов атындағы институтқа Семейден бір зерттеуші келді. Әңгіме арасында Сыздық деген батыр бар ма дегенімде, «оны қайдан білесіз?» деп таңдана қарады. Мен оны білмейтінімді, бірақ сол есімді Мағжанның поэмасынан кездестіріп отырғанымды айттым. Сол кезде, «Марқұм-ай, Сыздық Кенесары туралы да поэма жазған екен ғой» – деп, есі шыға таңданды. Сонан кейін ол кісіден естіген мағлұматтарды ғылыми жетекшім Рахманқұл Бердібаевқа мәлім еттім. Ол кісі академик Манаш Қозыбаевпен  ақылдасты. Сөйтсек, Сыздық Кенесарин туралы деректер Қазақстан кітапханаларында жоқ екен. Ол кісі тарих институты арқылы Ташкенттен сұрау салып, көп мағлұматтар алдырды. Орыс тіліндегі кішкентай ғана кітапша табылды. Тарихшылар аударды. Кітаптағы деректермен типологиялық салыстырулар жасап, зерттеу жүргіздім. Сөйтіп өзім де білмейтін, ешқандай қазақ тарихында жазылмай, айтылмай жасырылып келген Сыздық Кенесариннің тарихымен таныстым. Оқығанымды оқырмандарға да жеткіздім. Мағжан ертегі айтқан бола отырып, тарихта ұмытылып бара жатқан Кенесарының ұлы Сыздықтың көтерілісі туралы деректерді еске салып кеткен екен. Мағжанның жанын құрбан ете отырып, батылдықпен жазғаны жоғалтқанымызды тауып, тарихымызды түгендеуге мүмкіндік берді. Ал қазіргі қазақ тарихын жазушылардың  оны оқулықтарға кіргізуден жасқанып жүргендері таң қалдырады. – Себебі неден деп ойлайсыз? – Бұл империялық саясаттың ұзақ жылдар бойы санада қалдырған қорқынышы. Еркін ойлауға, батыл жазуға жібермей отыр. Көршілес орыс халқын ренжітіп аламыз ба деген үрей басым сияқты. Басқаша ойлау мүмкін емес. Сыздық Кенесариннің 10 жыл бойы орыс отаршылдығына қарсы көтеріліс ұйымдастырғаны тарихи шындық. Оны жоққа шығара алмаймыз. Біз қорқып жасырғанмен, орыс тарихында жазылып қалған. Орыс патшасы Романовтардың билігіне қарсы соғысқандар қазіргі саясат үшін кінәлі емес. Башқұрттар Саламат Юлаевтың есімін батыл айтып келеді. Оларға «қой» деген  ешкім жоқ. Ендеше бұл сананы билеген үрей ғана. Олай дейтін себебім, 2009 жылы Алтын қалам сериясымен жарық көрген Мағжанның өлеңдер жинағындағы «Пайғамбар» өлеңінің ішінен «Ентелеген кәдімгі Иван есалаң» деп келетін 24 жолы қысқарып кеткен. Мағжан бұл сөздерінде орыс ертегілеріндегі орыстардың өз сөздерін пайдаланған. Қазіргі орыстар туралы айтып отырған жоқ. Бұдан да өзге көптеген өлеңдері қысқартуларға, өзгертулерге  ұшыраған. Мұны да қорқыныштың салдары деп ұғу керек. Мұның қатері сол – Мағжан шығармашылығын зерттеуге кіріскен ендігі жас зерттеушілер қате пікірлер айтатын болады. – Зерттеу барысында қандай қиындықтарға кез болдыңыз?   – Мағжан ақынның «Өтірік ертек» поэмасына арқау болған сюжетті ұзақ іздедім. 1989 жылы жарық көрген шығармалар жинағындағы поэманың соңына, «Бұл ертек сұлу суретші Арлаудың «Мысық, тышқан» деген он төрт суреті бойынша жазылған (М.Жұмабаевтың ескертпесі)» деп сілтеме жасалған. Соған байланысты Ресейдің барлық музейлеріне сұрау салдым. Ондай сурет табылмады. Францияда Арлау деген суретші бар екен. Бірақ ол ондай суреттер салмаған. Ертегіге арқау болған сурет – 2014 жылы Ираннан табылды. Бұл ертегі ХІV ғасырда өмір сүрген ирандық суретші әрі ақын Обид Заканидің 16 суретінің желісінде жазылған екен. Уфадағы  «Медресе-Ғалияда» оқып жүргенде танысқан болса керек. Медреседе араб пен түрік және парсы тілдерін негізгі пән ретінде оқытқан. Сол кездегі оқулықтарға Обид Заканидің «Мысық, тышқан» деп аталатын дастаны балалар ертегісі ретінде енгізіліпті. 1917 жылғы Қазан төңкерісін қабылдамаған Иран мемлекеті жаңа өкіметпен дипломатиялық қарым-қатынастарын ұзақ жылға үзген. Сол себепті оған сілтеме жасау мүмкін болмаса керек. Керісінше, Ресей  мен Францияның арасында жақсы қарым-қатынас орнайды. Соған байланысты Франция суретшісінің атын пайдаланған болса керек. Мағжан осы поэманы жазған кезде Мәскеудегі әдебиет және өнер институтында оқуда жүрген. Арлауды содан білетін болар. Мағжан, Жүсіпбек айтқандай, бейнешіл ақын ғой. Сондықтан қазақ әдебиетінде ойды бейнелеп, образдап берудің тамаша үлгісін салған. Бейнешілдік кез келген ақынның пешенесіне жазыла бармейтін талант. Оның талабы да жоғары.Үлкен білімділікті, ептілікті керек етеді. Мағжан осы жағын шебер меңгерген. Тек Мағжан ғана емес, парсы әдебиетін зерттеуші Ресей ғалымдары да Обид Заканидің аты-жөнін бұрмалап, зерттеулерінде Убейд Закани деп жазған екен. Сондықтан екі түрлі аталып жүрген фамилияны тексеруге тура келді. Екеуі бір адам екендігі анықталды. Оны да саясаттың салқыны деуге болады. Сюжет табылғаннан кейін аударманың  дұрыстығын ирандық бірнеше мамандарға тексерттім, суреттер мен Мағжанның поэмасына типологиялық салыстырулар жасадым. Сөйтіп ұзақ іздеу өз нәтижесін берді. 2014 жылғы «Мағжан поэзиясындағы заман шындығы» деп аталатын монографияма «Өтірік ертек ақиқаты» деген тақырыппен зерттеудің қорытындысын енгіздім. – Мағжанның шығармалары әлі де көптеп табылып жатқан болар? Бұдан бөлек, ақынның ұсталуына қатысты да жаңа деректер айтылып  қалып жүр… – Иә, әсіресе, Мағжанның өзі өскен жерінен мол деректер табылып отыр. Өзім де біраз тың деректер таптым. Соны жарияладым. Ташкенттегі еңбектері әлі де іздеуді керек етеді. Соның бәрінің басын біріктіру керек. Сондықтан шығармаларының толық жинағын шығаруды қайта қолға алған жөн. Ал Мағжанның өліміне байланысты айтылған ойларды естідім. Өлер адам өліп кетті. Оны енді қайта тірілте алмаймыз. Ол сол заманның құпиясы. Қазбалай берудің қажеті жоқ болар. Бірақ зерттеу барысында бәрі де айқындалатыны анық. Мағжан шығармашылығын зерттеуге кедергілердің жасалатыны содан. Оған тосқауыл қою  мүмкін емес. Бірақ қандай  пікір айтылса да, ол дәлелді болу керек. Бос сөз  бәрімізді қажытты. Оған мән бермеген жөн. Мағжанның шығармашылығын 1990 жылдардан бастап зерттеп келемін. Сондағы көзімнің жеткені, соңына қуғын салатындай артық ештеңе бүлдірмеген. Мағжанның ақындық таланты мен білімінің молдығына замандастары қызғанышпен қараған. Ең бастысы, өтірік айта алмайтындығы. Мағжанның шындықты жасырмай бетке тура айтатыны, бірбеткейлігі басына сор болған. 1921-22 жылғы қолдан жасалған аштықты кеңес үкіметі әлемнің  назарынан жасырып отырғанда Мағжан мен Сәкен, Бейімбет пен Жүсіпбек әшкерелеп айтып қойған. Қызыл империя сол істерін «кешіре» алмаған екен. – Мағжан шығармашылығындағы модернизм туралы да айтылып жүр…  –  Көп жылдардан бері Алматыдағы «Қайнар» университетінде «Мағжантану» пәні бойынша арнайы курстан сабақ беремін. Бір студенттің «Символизм қайдан бастау алады?» деп сұрақ қойғаны бар. Шынымды айтсам, ыңғайсызданып қалдым. Жауап бере алмадым. Оған алдағы уақыттарда жауап беремін деп уәде еттім. Бұл маған ой салды. Зерттеуді қайтадан бастадым. Сөйтсем, модернизм барлық ағымдардың бастауы екен. Символизм де сонан тарайды. «Қазақ әдебиетіндегі модернизм» атты зерттеуімнің себепкері сол. Ағымдардың бәрінің арнасы біреу – бәрі де модернизмнен тарайды. Ал фольклор төңірегіндегі пікірге келер болсақ, «Қазақтың наным- сенімдерінің фольклордағы көрінісі» докторлық жұмысым болатын. Сол кезде М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының фольклор бөлімінде аға ғылыми қызметкер едім. Тақырып ұжымдық зерттеу жұмысымызбен тікелей байланысты болды. Зерттеудің толық аяқталғандығына қарамастан, «Қазақтың наным-сенімдері» деген атына келіспеушіліктің салдарынан қорғауға жіберілмеді. Бүгінде модернизмнің жалғасы постмодернизмді зерттеудемін.  Бұл Мағжаннан ығысу емес. Мұнда да Мағжанның шығармашылығымен байланысты тараулар бар. – Сұхбатыңызға көп рахмет. Ғылымдағы ізденістеріңізге сәттілік тілейміз!  

Сұхбаттасқан Абай САДУАҚАСОВ,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың

оқытушысы