Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Мұқаш Ескендіров пен Гүлдара Нұрым Тараз қаласындағы М‑1 жылу магистралін жаңарту жобасының жүзеге асырылу барысымен танысты. 1990 жылы салынған бұл магистральдің пайдалану мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен. 2023 жылдың басында тозу деңгейі 80 пайызға жеткен еді, ал норматив бойынша – 25 жыл. Құбырлардың тозығы жетуі тұрғындарға жылу мен ыстық су беруде жиі кідірістерге себеп болды. Әсіресе, жүйе қысымын тексеретін жоспарлы жұмыстар кезінде тұрғындар ыстық сусыз қалатын.
Қазір Таразда жылу желілерін жаңарту жұмыстары жалғасуда. Өткен жылы 4602 метр құбыр ауыстырылса, биыл жыл соңына дейін тағы 1536 метрі жаңартылмақ. Мұқаш Ескендіровтің айтуынша, бұл – тек бір ғана магистральді жөндеу емес, сондай-ақ инфрақұрылымды жаңғыртудың жүйелі қадамы. «AMANAT» партиясы мұндай жұмыстарды өзінің басты басымдықтарының бірі ретінде қарайды.
– Адамдардың өмір сүру сапасын арттыру үшін ең алдымен үйлерде жылу, ыстық су және кәріз жүйесінің дұрыс жұмыс істеуі қажет. Таразда жылу желілері мәселесі ондаған жыл бойы шешілмей келген. Енді бұған көз жұма қарауға болмайды. Тұрғындар қысқы суықта жылудан тарықпайтынына сеніп өмір сүруі керек, – деді депутат.
Жобаның жалпы құны 10 миллиард теңгеден асады. Тапсырыс беруші – қала әкімдігі, мердігер – «Сарыағаш-Аман» компаниясы, ал техникалық және авторлық қадағалауды сала мамандары жүргізіп жатыр. Жоба толық аяқталғаннан кейін Тараздағы жылу желілерінің тозу деңгейі 67 пайыздан 51 пайызға дейін төмендемек. Бұл – оң өзгерістерге бастайтын маңызды қадам.
Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымның айтуынша, Жамбыл облысы партияның сайлауалды уәделері мен депутаттар дайындаған «Жылу энергетикасы туралы» заңның нақты жүзеге асырылуының үлгісін көрсетіп отыр. Бұл заң жылу жүйелерін орталықтандырылған, жергілікті және жеке жүйелер деп бөлуді, тариф саясатын жаңартуды, сондай-ақ сенімділік пен қауіпсіздікке қойылатын талаптарды қатаңдатуды көздейді.
– Адамдар мынаған көз жеткізуі керек: егер партия уәде берсе, оны орындайды. Біз құрғақ сөзбен шектелмейміз, әр аймақта — тұрғын үй-коммуналдық салада, медицинада, газдандыруда — нақты нәтижеге жұмыс істейміз. Таразда біз осының нақты мысалын көріп отырмыз: қаржы бөлінді, мердігер жұмыс істеп жатыр, құбырлар ауыстырылуда, тұрғындар нақты өзгерісті көріп отыр, – деді ол.
Жылу, су және электр жүйелерінің тозуы Жамбыл өңірінде әлі де өткір мәселе ретінде сақталып отыр. Әсіресе, кейбір шағын аудандарда жыл сайынғы тексеріс кезінде ыстық су жиі ажыратылады. Биыл Тараздың кейбір тұрғындары ыстық сусыз бір айдан астам өмір сүруге мәжбүр болды. Алайда жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, М‑1 магистраліндегі жөндеу аяқталған соң мұндай кідірістер болмайды.
Аймақ бойынша барлығы 9 жылу энергия кешені мен 593 автономды қазандық жұмыс істейді. Тараз қаласының өзінде 1025 көпқабатты үйдің 921-і жаз айларында ыстық сумен қамтылған. Қалған 104 үйге жөндеу жұмыстары аяқталған соң ыстық су беріледі.
2025–2026 жылғы жылыту маусымына дайындық кестеге сай жүргізілуде. 616 автономды қазандықта, 1831 көпқабатты тұрғын үйде және 1767 әлеуметтік нысанда дайындық жұмыстары атқарылып жатыр. Өңірдегі жылу желілерінің жалпы ұзындығы – 350,7 шақырым. Оның 54 пайызы тозған. Биыл 12,75 шақырым желіні жөндеу жоспарланып отыр. Сонымен қатар Жаңатас қаласында – 0,9 км, Қаратау қаласында – 2,7 км жылу желілері жаңартылуда. Кәсіпорындардың инвестициялық бағдарламалары аясында тағы 6,5 км желіге ағымдағы және күрделі жөндеу жүргізіледі.
Жалпы, 2027 жылға дейін Жамбыл облысында «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында 26,8 шақырым жылу және 1,2 мың шақырым электр желілерін жөндеу және жаңарту жоспарланған.