Қауіптің көзі – көне автобустар

Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында орын алған қайғылы жағдай елдің есінен кете қойған жоқ. Автобустан шыққан ақау елу екі адамның өмірін жалмағаны жанға батады. Осы оқиғадан кейін жауапты органдар еліміздегі қоғамдық көліктердің қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін тексеруге кіріскен. Тексеру нәтижесі көңіл көншітерлік емес. Бас прокуратура жариялаған деректер жолға шыққанда онсыз да жанын шүберекке түйіп отыратын жолаушылардың қорқынышын еселеді.

Қаңтар айындағы қайғылы оқиғадан соң Мәжіліс депутаттары үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдап, жолаушы тасымалына бақылауды күшейту бойынша бірқатар ұсыныс жасаған-тын. Төменгі палатаның жалпы отырысында сөз алған депутат Ержан Құдайберген елімізде жолаушыларды тасымалдайтын автобустардың қатысуымен жол-көлік апаттары жиілегенін, салдарынан жыл сайын тас жол бойына мыңдаған адам көз жұматынын айтты. Халық қалаулысының пікірінше, апаттардың негізгі себебі – салғырттық пен жауапсыздық. Адам тасымалдаумен айналысатын мекемелерге қатысты жауапкершілікті арттырмаса, жағдай одан бетер ушығуы мүмкін. Өйткені еліміздегі қалааралық автобустардың көбі әбден ескіріп, тозығы жеткен. Бақылау болмағасын арқаларын кеңге салып жүрген бизнесмендер өз қызметкерлері мен жолаушылардың қауіпсіздігіне жауапты екендерін естен шығарып алған сыңайлы.

«Жолаушы тасымалдаушылар ескі автобустарын жаңалау былай тұрсын, оны жөндеу шығынын да азайтатыны жасырын емес. Жолға шығуға жарамсыз күйдегі көлікпен жолаушыларды тасымалдап, олардың өмірін қауіп-қатерге тігеді. Осындай автобустар апатқа ұшырағанда жүргізуші ғана жауапқа тартылып, транспорттық компаниялар жауапкершіліктен басын алып қашып жатады. Осы жағдайларды ескере отырып, транспорттық компаниялардың жауапкершілігін арттыру қажет деп санаймыз. Алдағы уақытта жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жолаушылар тасымалдаушыларға республикалық, облыстық деңгейде жан-жақты іс-шаралар ұйымдастырып, автокөлік құралдарының техникалық жағдайына қатаң талап қою, автобустардың қолдану мерзіміне шектеу жасау, заманауи бақылау құралдарын пайдалануды міндеттеу, жүргізушілердің денсаулығын тексеріп, бақылауды күшейту қажет», ‒ деді Ержан Құдайберген.

Автобустың көбі  техникалық тексерістеп өтпеген

 Расында, елімізде қатынап жүрген автобустардың дені Кеңес үкіметінің қалдығы екенін жоққа шығара алмаймыз. Жолаушылар тасымалдайтын көліктердің көк түтінге орануының басты себебі де осында болса керек. Мәселен, Ақтөбедегі оқиғаның ізін ала Жамбыл облысында да қайғылы жағдай қайталана жаздады. 44 өзбек мигранты мінген автобус Жамбыл облысының Аспара ауылынан 15 шақырым жерде бұзылып қалған. Жамбыл облысы ТЖД-нің хабарлауынша, қақаған қыс ортасында олар ақауы бар автобуспен Шымкенттен Алматыға бағыт алған. Абырой болғанда, жедел жеткен көмектің нәтижесінде жолаушылар құтқарылды.

Шалғайға жолаушы тасымалдап, адам шығыны боп жатқан автобустар апатының басы бұл емес. Естеріңізге сала кетсек, 2012 жылы мамыр айында Қарағанды облысында Қырғызстан азаматтары отырған шағын автобус «КамАЗ» көлігімен соғысып, 16 адам тіл тартпай кеткен еді. Ол кезде 8 адамдық көлікке 18 адамның отырғызылғаны себеп болған. Олардың барлығы Ресейге қара жұмысқа бара жатқандар болып шықты.

2017 жылы маусым айында да Ресейге беталған өзбекстандық жұмысшылардың автобусы аударылып, 9 адам оқиға орнында қаза тапқан. Сұмдық жағдай Ақтөбе облысындағы Әйтеке би ауданында орын алған еді. 9 марқұмнан бөлек тағы 18-і түрлі дәрежедегі жарақат алған болатын. Олардың арасындағы екеуі – Қазақстан азаматы. Бұл апатқа не себеп екені сол күйі айтылмады.  Арада жарты жыл өтпей жатып, қазан айының ортасында Мәскеуден қайтқан өзбекстандық жұмысшылар отырған автобус Владимир облысында теміржолдан өтіп бара жатқан кезде пойызбен соқтығысқан. Оқиға орнынан 16 адам тіл тартпай кетсе, қалғаны ауыр жарақаттармен жақын жердегі ауруханаларға жеткізілді. Қаза тапқандардың арасында сол автобустың бір жүргізушісі де болған.

Мұндай оқиғалар тас жол бойында күн сайын орын алады дейді төтеншеліктер. Алайда көбі тәртіп сақшыларының назарына іліне бермейтіндіктен, тасымалдаушылар жазадан сытылып кетеді. Өкініштісі, оларға жол бойында жиі тіркелетін кісі өлімі де сабақ болар емес. Бас прокуратура өкілдерінің мәлімдеуінше, еліміздегі қалааралық автобустардың үштен бір бөлігі техникалық тексерістен өтпеген. Соңғы 3 апта ішінде жүргізілген тексеру нәтижесінде 2,5 мыңнан астам заңбұзушылық анықталды. Өрт қауіпсіздігі ережелері сақталмай, 100-ге жуық автобус қайта жабдықталғаны белгілі болды. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарында 125 тасымалдаушы техникалық жарамдылықтың жалған құжатын пайдаланып келген. Тексеру нәтижесі жоғарыда аталған заңбұзушылықтар көбіне тасымалдаушылардың қызметіне жауапты құзырлы органдардың тиімсіз жұмысының нәтижесінен болатынын көрсетті.

Бас прокуратураның ресми өкілі Оксана Лоскутованың айтуынша, соңғы 2 жылда заңсыз тасымалдаушылардың қатысуымен 600-ге тарта жол-көлік оқиғасы тіркелген. Қалааралық бағдарларды орындау кезінде автобустардың жол апатына ұшырауына рейс алдында бақылаудан өтпеуі себеп дейді маман. Мәселен, жуырда Шығыс Қазақстан облысында Петропавловка ауылының мектеп автобусының жүргізушісі ұсталған. Мас күйінде 19 адамды, оның ішінде 15 баланы тасымалдаған жүргізуші сот үкімімен көлік жүргізу құқығынан үш жылға айырылды. Тасымалдаушылардың осындай салғырттығы, өз ісіне жауапсыздығы салдарынан  жыл сайын қалааралық бағдармен жүретін жолаушылар автобустары орташа есеппен 120 рет жол апатына ұшырайды, салдарынан 70 адам қаза тауып, 370 адам әртүрлі жарақат алады екен.

Рейд талай былықтың бетін ашты

Ел аумағында тұрақты негізде жолаушылар тасымалдайтын көлік құралдарының техникалық жағдайын тексеру және жолдағы жағдайды бақылауды күшейту мақсатында ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Көлік комитетінің инспекция қызметкерлері мен ІІМ қызметкерлері 22 қаңтар мен 18 ақпан аралығында бірлесе өткізген республикалық «Автобус» жедел-профилактикалық шарасы да біраз былықтың бетін ашты. Рейд барысында 4042 рейстік автобус тексерілген. Олардың жартысына жуығы Оңтүстік Қазақстан облысына тиесілі. Тексеру нәтижесінде 1546 заңбұзушылық анықталып, 1,7 млн теңгеден астам сомада айыппұл салынды. Заңбұзушылықтардың көпшілігі (260-қа жуық) – рейс алдында көлік құралының техникалық, ал жүргізушінің медициналық байқаудан өтпеуі.

Рейдтік шара қатаң жүргізілген нысандардың бірі – Қарағанды облысындағы «Рубеж» қарау-бақылау бекеті. Бұл бекет арқылы күніне мыңдаған жеңіл көлік, жүздеген автобус өтеді. Көлік ағыны бір мезет те саябырсымайды. Тексеру барысында бекеттен өткен әрбір үшінші автобустың  не құжаттары түгел емес, не техникалық жағдайы талаптарға сай емес болып шықты. Мәселен, Қырғызстаннан Түменге бара жатқан тәжіктер мінген автобусты тексеру нәтижесінде бірнеше заңбұзушылық анықталды. Біріншіден, алыс жолға шыққан автобус техникалық талаптарға сай емес. 42 адам мінген автобустың қосалқы есігі ашылмайтыны белгілі болды. Бетін әрі қылсын, бірақ көлік апаты болып немесе салоннан өрт шыққан жағдайда Ақтөбедегі жағдай қайталануы ғажап емес. Тәртіп сақшылары дер кезінде  қауіптің бетін қайтарды. Жүргізушіге автобустың қосалқы есігін сол арада жөндеу тапсырылды. Әйтпеген жағдайда, автобус айыппұл тұрағына қойылатыны ескертілді. Екіншіден, жүргізуші еңбек және демалыс режимін сақтамай, сегіз сағаттан артық уақыт көлік жүргізген. Жүргізушіге көлікті кезектесіп айдамағаны үшін 10 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Екі жүргізушінің біреуі Қазақстан азаматы екен. Халықаралық бағыттағы автобус болғандықтан, көлік бүге-шігесіне дейін тексеріліп, бекетте біраз уақыт бөгелді.

«Рубеж»  бекеті арқылы көбіне Ресейге қатынайтын халықаралық автобустар өтеді. Жалпы «Автобус» жедел алдын алу шарасы кезінде 400-ден астам автобус жүргізушісінің ереже бұзғаны анықталды, оның көбі көлік тізгінінде отырып телефонмен сөйлескен. Сондай-ақ, 35 факті маневр ережелерінің бұзылуына қатысты, тағы 30 ереже бұзушылық автобустардың техникалық тексерістен өтпегеніне байланысты», – дейді Астана қалалық ІІД ЖПҚ ЖППҚ бөлім бастығы, полиция подполковнигі Рүстем Өмірбеков.

Көлік өрті жиі тіркелетін Қостанай облысында да арнайы рейд ұйымдастырылып, көліктердің қауіпсіздік талаптарына сай жарақтандырылуы, жүргізушілердің медициналық ережелерді орындауы қатаң тексерілді. Өткен жылы өңірде 140 көлік өртке орынған еді. Ал биыл жыл басынан бері осындай 12 дерек тіркелген.

«Көлікте орын алатын өрттің негізгі себептерінің бірі – жүйе мен механизмнен шығатын ақаулар. Құзырлы органдармен бірігіп өткізген «Қауіпсіз автокөлік» шарасының негізгі мақсаты да осы олқылықтарды уақытында анықтау. Жыл сайын ұйымдастырылатын шара барысында жергілікті полиция қызметімен бірігіп, көліктің барлық түрін тексереміз», ‒ дейді Қостанай облысы ТЖД аға инженері Ерлан Бисен. Маманның айтуынша, рейд барысында қоғамдық көлік тізгіншілерінен 181 заңбұзушылық анықталған. Олардың көпшілігі жолда ұялы телефонды пайдаланғаны үшін, техникалық және медициналық тексерістерге немқұрайлы қарағаны үшін жазаланды.

Осы орайда, ҚР Ішкі істер министрлігінің техникалық байқау құжаты жоқ болған жағдайда жолаушылар автобусын лицензиядан айыру туралы ұсынысы орынды секілді. «Заңды және заңсыз тасымалдаушылардың қызметін реттеу мақсатында «Автомобиль көлігі туралы» заңға тиісті өзгеріс енгізу қажет. Жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын, техникалық байқаудан өтпеген, рұқсатсыз қайта жабдықталған автобустар анықталған жағдайда олардың лицензиясын кері қайтарып алу не оның әрекетін тоқтата тұруды заңнама жүзінде енгізуді қажет деп есептейміз», ‒ деген еді Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов.

Министрдің пайымдауынша, Инвестициялар және даму министрлігінің Көлік комитеті атынан жолаушыларды көлік арқылы тасымалдауды реттеп отыратын бір мемлекеттік орган болуы тиіс. Сондай-ақ, министр ол органға құжаттарды және тасымалдаушылардың тасымал кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтауды тексеру үшін автобустарды тоқтату құқығын беру қажет деп есептейді. 2014 жылдан бастап «Жол қозғалысы туралы» заңы полиция қызметкерлеріне көлік құралдарын себепсіз тоқтатуға тыйым салған болатын. Ішкі істер органдарының қызметкерлері автобустарды және өзге көлік құралдарын тексеруді жедел-профилактикалық іс-шараларды жүргізу кезінде полицияның стационарлық бекеттерде, сондай-ақ, көлік құралдары жүргізушілерінің жол қозғалысы қағидаларын бұзған жағдайда ғана тексере алады. Бұл шектеу жол қауіпсіздігі ережелеріне атүсті қарайтын, адам өмірін қатерге тігуден тайынбайтын кейбір тасымалдаушыларды жүгендеуге кедергі. Сондықтан ұзақ жолға шығатын, қаншама жолаушының өмірі үшін жауапкершілік арқалайтын қоғамдық көліктерді үнемі бақылауда ұстайтын арнайы мемлекеттік орган керек-ақ.

Back to top button