Нығматулин Сағадиевтен қыруар қаржы жұмсалған зерттеулердің нәтижесін сұрады

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтен әлеуметтік зерттеулерге бөлінген миллиардтардың есебін сұрады. 

«2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңының жобасы талқыланған бүгінгі отырыста мәжілісмендер Білім және ғылым министріне сұрақ қойған болатын. Ерлан Сағадиве мәжілісмендерге жауап бергеннен кейін Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин министрге қарата сөйледі.

«Сіз жауабыңызды апаттық мектептен бастасаңыз, өзіңіз айтқанда жұмысты қалай атқарып жатқаныңыз туралы мен де айтып өтейін. Республикада әлі күнге дейін 45 апаттық мектеп пен 127 үш ауысымды мектеп жұмыс істеуін жалғастыруда. Бұл бір. Екіншіден, біз шынымен де әлеуметтік зерттеу жұмыстарына және консалтинг қызметтерге мән беруіміз керек. Міне, қараңыз: 2018 жылға арналған бюджетке әлеуметтік зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін 17 мемлекеттік орган қазіргі дейін 7,2 млрд теңге салған. Бүгінгі айқындалған бюджетте әлеуметтік зерттеулер үшін тағы да 3,3 млрд теңге қарастырылып отыр», – деді Мәжіліс төрағасы.

Нұрлан Нығматулин бірқатар көрсеткіштер мен жағдайларды салыстырып көруді ұсынды. «Дәл осы бюджетте мүгедектерді бағатын адамдарға бөлінетін жәрдемақы үшін республикалық бюджеттен 2,7 млрд теңге қарастырылуда. Жуықта ғана болып өткен су тасқындарына байланысты ІІМ қазір осы бағытта 1,6 млрд теңге бөлгелі отыр. Бізде не – әлеуметтік зерттеу саласында су тасқындарынан да төтенше жағдай туындап отыр ма? Міне, Білім және ғылым министрлігі, Ерлан Кенжеғалиұлы жауап бере бастасаңыз (…) Депутат Жұмаділдаева бүгін атап өткендей, бөлінген 460 млн теңгеге қоса, тағы 800 млн теңге алу жоспарлануда. Сонда осы жылы аталған бағытта 1,3 млрд теңге бөлінбек. Міне, қараңыздар әріптестер. Бұл қалай жасалып жатыр?», – деді ол.

Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, өткен жылы БҒМ үшін бюджеттен әлеуметтік зерттеулерге дәл осындай сома – 1,3 млрд теңге бөлінген.

«Басында 770 млн теңге бөлінеді де, айқындалу кезінде тағы 540 млн теңге қосылады. Менің ойымша, сіздер бұған жоспар секілді қарайтын секілдісіздер. Осындай зерттеулерді қолдану былай тұрсын, жоқ дегенде бағалауға боларлық болса кім оған қарсы шығар еді? Міне тыңдаңыздар: қазіргі Қазақстанның жаңғыртылуы жағдайында мемлекеттік коммуникативтік саясатты сарапшылық-аналитикалық қолдау! Бұл зерттеу сонда қандай мәселені шешеді? Үлкен сұрақ. Осыған қарамастан, министрлік осы зерттеу үшін 0,4 млрд теңге сұрайды. Мұндай үлгілерді тек осы министрліктен ғана емес, өзгелерден де байқауға болады. Егер мемлекеттік органдарды тексеретін болсақ, ондай мысалдар жетіп жатыр», – деген Нұрлан Нығматулин осы мәселеге Есеп комитетіне назар аударуды сұрады.

 

Back to top button